Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы


ҚЫЗЫЛ РАУШАН ЖӘНЕ КЕСТЕЛІ ОРАМАЛ



бет16/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   33
16. ҚЫЗЫЛ РАУШАН ЖӘНЕ КЕСТЕЛІ ОРАМАЛ

Поллианна Пендлтон мырзаға барып келгеннен кейін арада апта өткенде Тимоти Полли ханымды «Әйелдер көмегінің» кезекті жиналысына алып барды. Сағат үшке таман тәтесі үйге қайтып оралды. Үйге кіргенде екі беті қып-қызыл екен. Сол күнгі қатты жел шашының ұйпа-тұйпасын шығарыпты. Түйреуіштері босап кеткен бе, шашы бұйраланып, құдды теңіздің толқындарына ұқсап қалыпты.


Поллианна тәтесінің шашы толқынды екенін білмеген екен.
– О-о, Полли тәте! – деді ол қонақ бөлмеге кіріп келген тәтесіне қарап шаттана секіріп. – Мен сіздің шашыңыз бар екенін білмеппін!
– «Шашыңыз бар екенін білмеппіні» несі?
– Шын айтамын, ешқашан мұндай деп ойламаппын. Осынша әдемілікті қалай жасырып жүрсіз, тәте? Менікі де осындай бола ма? Жұмаққа барғанға дейін менікі де осылай бұйралана ма? – түп-түзу шашын тартып-тартып қойып, Поллианна тәтесіне қарады. Көздерінен үміт оты көрінді. – Менікі мұндай болғанның өзінде де қара болмайды ғой бірақ, иә? Сары шашты өзгерту мүмкін емес қой!
– Не деп тұрсың, Поллианна? – деді тәтесі қалпағын шешіп, шашын түзеп жатып.
– Жо-жоқ, Полли тәте, өтінемін, тарамаңызшы! – деді жиені жалынған үнмен. – Шашыңыз қандай әдемі! Қап-қара, бұп-бұйра. Қандай әдемі, Полли тәте!
– Бос сөзді қой, Поллианна. «Әйелдер көмегіне» барып, анау кішкентай қайыршыға көмек сұрап жүргенің рас па? Мұның ақымақтық екенін қалай ғана түсінбейсің?!
– Бос сөз емес, – деді Поллианна алдымен алғашқы сөйлемге жауап қатып. – Қандай әдемі екеніңізді өзіңіз де білсеңіз ғой! Полли тәте, қане, сіздің шашыңызды мен тарап берейінші. Қолымды қайтармаңызшы! Сноу ханымдікіндей етіп тарап, сосын шашыңызға гүл қадап берейін. Гүлдей жайнап шыға келетініңізге сөз беремін. Тіпті, Сноу ханымның шашынан да әдемі болатынына сөз беремін.
– Поллианна! – Полли ханымның дауысы қатал да нық шықты. Әсілі, ол жиенінің сөзіне қатты қуанып тұрған еді, бірақ онысын білдіргісі келген жоқ (соңғы рет шаш үлгісіне қатысты мақтауды қашан естігені есінде жоқ, тіпті, оның әдемі болып жүргені де ешкімге керек еместей еді). – Поллианна, – деді Полли ханым алдыңғысынан да нық дауыспен, – сен менің сұрағыма жауап берген жоқсың. «Әйелдер көмегіне» барып, өзіңді сондай ақымақ етіп көрсетудің қажеті қанша еді? Сірә, мұнан асқан бассыздық болмайтын шығар!
– Иә, тәте, бірақ мені де тыңдаңызшы. Ол жерге барғанға дейін өзімнің қандай ақымақтыққа барып тұрғанымды білген жоқпын. Егер олар үшін Жиммидің қалай өсіп жатқанынан гөрі, есеп-қисаптары маңыздырақ екенін білсем, бармас та едім. Есесіне, мен бәрін де түсіндім. Сосын өзіміздің «Әйелдер көмегіне» жүгіндім. Жимми олардан жырақ қой, сондықтан есеп-қисаптарына кедергі келтіре қоймас деп ойладым. Полли тәте, мен сіздің үнді қызыңыз болдым емес пе, солай ғой? Ал енді маған шашыңызды тарауға рұқсат беріңізші! Қолымды қайтармаңызшы!
Полли ханым бұл кезде шарасыздықтан не істерін білмей дағдарып тұрған еді.
– Поллианна, «Әйелдер көмегіндегілер» сенің отырысқа кіріп келгеніңді айтқанда, мен ұяттан жерге кіре жаздадым, білесің бе?! Мен...
Поллианна қуанғанынан секіріп жіберді.
– О-о, сіз шашыңызды тарауға болмайтынын айтқан жоқсыз. Яғни, тарауға болады деген сөз ғой! – деді ол шаттанып. – Қазір, тоқтай тұрыңыз, мен жүгіріп барып тарақ алып келейін!
– Поллианна! Поллианна! – Полли ханым кішкентай жиенін райынан қайтармақ ниетпен артынан жүгірді. – Поллианна!
– Поллианна! – Полли ханымның даусы қарлығып шықты. Ол жиенін дәл жатын бөлменің алдында әзер қуып жетті.
– О-о, бөлмеңізге келдіңіз бе? – деді Поллианна бағанағыдан бетер қуанып. – Тіпті жақсы болды! Міне, тарақ менің қолымда. Ал сіз мына жерге отырыңыз.
– Поллианна, бірақ... Мен... мен...
Полли ханым әрі қарай сөйлей алмай қалды. Бір жұмбақ күйге енді де, ендігі жерде ерікті жиеніне бере қойды. Қалаған-қаламағанына қарамастан, енді бір мезетте ол айна алдындағы орындықта отырды. Ал бұл кезде Поллианна әпкесінің шашын сәндеуге кірісіп те кеткен еді.
– Шашыңыз не деген әдемі! – деді Поллианна. – Тура Сноу ханымдікі сияқты. Тіпті, сіздікі Сноу ханымдікіне қарағанда қалыңырақ екен. Солай болғаны дұрыс та. Сіздің деніңіз сау әрі анда-мұнда көп жүресіз. Ал мынадай әдемі шашыңызды жұрт көруі керек. Мұндай әсемдікті тығып жүргеніңізге елдің бәрі таңғалатын болады, айтпады демеңіз. Қазір сіз хор қызындай құлпырып шыға келесіз, Полли тәте. Жұрттың бәрі сізге қызыға да қызғана қарайтын болады.
– Поллианна! – жайылған шаштың арасынан тәтесінің даусы құмығып естілді. – Қайдан ғана саған шашымды тарата қойып едім, түсінсем бұйырмасын.
– Полли тәте, қойыңызшы! Ел-жұрттың қызыға қарағаны сізге ұнамай ма сонда? Мен, мысалы, әдемілікті жақсы көремін. Сіз жақсы көрмейсіз бе? Айналаңыздағы адамдардың әдемі болғаны жақсы ғой. Ұсқынсыз болған қандай қиын!
– Поллианна, бірақ...
– Мен шаш сәндегенді сондай жақсы көремін, – деп Поллианна қуана кірісіп кетті. – Өзіміздің «Әйелдер көмегіндегі» ханымдардың талайының шашын тарағанмын. Бірақ олардың ешбірінің шашы сіздікіндей әдемі емес еді. Иә, Уайт ханымның шашы әдемі болатын. Бірде ол күндегісінен де құлпырып шыға келді. Өйткені, мен оған... О-о, Полли тәте, таптым, таптым! Бірақ әзірге бұл құпия. Міне, шашыңызды сәндеп те болдым. Қазір мен тез қайтып келемін. Ал оған дейін сіз қозғалмай отыруға және айнаға қарамауға сөз беріңіз! Қане, келістік пе? Яғни, келістік, – деп Поллианна жүгіре жөнелді.
Полли ханым үндеген жоқ. Бірақ іштей қазір кішкентай жиенінің жасаған шаш үлгісін бұзып, өзінің қалауымен тарап алуға бекінген еді. Ал айнаға қарағаннан бірдеңе өзгере қояды деп ойламады.
Алайда дәл осы сәтте Полли ханымның көзі айнаға кездейсоқ түспесі бар ма! Айнадан өзін-өзі көрген Полли ханым жанын қоярға жер таппады. Өзінің жаңа кескінін көргенде қызарып кеткенін байқады, мұны ойлауы мұң екен, екі беті одан бетер нарттай болып жанып шыға келді.
Айнадан сондай сұлу адамды көрді. Уылжыған жас емес шығар, бірақ алып-ұшқан әрі өзі күтпеген бір бейнені көрді. Екі бетіне қан жүгіріп, көзі шоқтай жанды. Осы кескіні Полли ханымға сондай жарасымды көрінді.
Бүгінгі бораннан кейін ұйпа-тұйпасы шыққан шашы толқынданып келіп маңдайына түсіп тұр екен. Поллианна бұйра-бұйра шаштарын әдемілеп тарап қойған екен, бұл да өзіне жараса кетіпті. Полли ханым өз-өзіне сүйсіне қарады. Сосын өзінің жеңілтектігіне қысылып та қалды. Тек Поллианна бөлмеге қайтып келгенде ғана есін жиды. Алайда, ә деп үлгерген жоқ, Поллианна көзін жауып, оны орамалмен байлай қойды.
– Не істеп жатырсың, Поллианна! – деді Полли ханым. – Қане, қысқарт енді! – Жиені сыңғырлай күлді.
– Алдын-ала көргеніңізді қаламаймын, Полли тәте. Шыдамай айнаға қарап қоясыз ба деген ой келді, көзіңізді сол үшін байлап қойдым. Ал, енді тыныш отырыңыз. Тек сәл ғана шыдасаңыз болғаны.
– Жоқ, Поллианна! – Қарсылық білдірген Полли ханым орнынан тұруға әрекеттенді. – Қане, шеш көзімдегі орамалды! Тағы не ойлап таптың? – деді сосын иығына жабылған әлденені сезе қойып. Поллианна жауап орнына тағы да сыңғырлай күлді.
Ол тәтесінің иығына шілтерлей тоқылған әдемі шәліні жапты. Толқығаннан ба, қолы дір-дір етеді. Сандықта ұзақ уақыт жатып қалған шәлі сарғая бастапты. Лаванданың иісі бұрқырап қоя берді. Поллианна бұл шәліні өткен аптада Нэнси үй жинап жүргенде тауып алған. Тәтесінің шашын Уайт ханымдікіндей етіп тарап жатқан кезде осы шәлі ойына сап ете қалды. Поллианна сәл ғана артқа шегініп, сыни көзбен тағы бір қарады. Өзіне ұнап тұр. Тек бірдеңе жетіспей тұрған сияқты. Ойламаған жерден ол тәтесін қолынан жетектеген күйі террасаға алып шықты. Қол созым жерде раушан гүлдері өсіп тұрған еді.
– Не істеп жатырсың, Поллианна? Қайда апара жатырсың мені? – орнынан қозғалғысы келмеген сыңаймен Полли ханым қарсылық танытты. – Мен...
– Бар болғаны бір минутқа террасаға шығамыз, – деп тәтесін бар күшімен тартқылай жөнелді. – Қазір-қазір, дайын боп қалды, – деді де, раушан гүлін жұлып алып, әпкесінің шашына қыстыра қойды.
– Міне, болды! – деді шаттана қуанған Поллианна тәтесінің көзіндегі орамалды жұлып алып, сосын оны әрірек лақтырып жіберді де: – Полли тәте! Қараңызшы, сізді қандай әдемі етіп сәндедім! – дегенді де қосып қойды.
Осы сәтте айналасына және өзіне таңдана қараған Полли ханым, күтпеген жерден есі шыға жүгірген күйі, өзінің жатын бөлмесіне кіріп кетті.
Поллианна тәтесінің көзі бақырайып кеткенін ғана көріп үлгерді. Полли ханым есік алдына келіп қалған арбаны көре салысымен алды-артына қарамай зытқан еді. Поллианна сол жаққа жалт қарағанда, арбадағы адамды бірден таныды.
– Чилтон мырза! Дәрігер Чилтон! – деп қуана айғайлады ол терезеден басын шығарған күйі. – Маған келдіңіз бе? Мен қазір...
– Иә-иә, саған келдім, – деді әлденеге абыржыған дәрігер жымиған болып, – бері келе қойшы.
Дәрігерге бара жатып Поллианна алдымен Полли ханымның жатын бөлмесіне кірді. Қып-қызыл болып кеткен мисс Полли жиеніне ашулана қараған күйі оның жаңа ғана жасаған шаш үлгісін бұзып жатыр екен.
– Поллианна! Мұның не сенің? – деді мисс Полли дағдарған кейіппен. – Мені осынша сәндегеніңмен қоймай, жұрттың алдына шығарып!
Поллианнаның бұл сөзге жаны ауырып, көзіне жас үйірілді.
– Бірақ сіз сондай әдемі болып кеттіңіз ғой, Полли тәте...
– Әдемі деймісің?! – Полли ханым жиеніне ызалана қарады. Иығындағы шәліні лақтырып тастап, дір-дір еткен қолымен шашын жинай бастады.
– Полли тәте, жалынамын, шашыңызды бұзбаңызшы! – деп жалбарынды Поллианна. – Сізге жарасып тұр ғой! Тәте, өтінемін, бүлдіре көрмеңізші?!
– Бүлдірме деймісің! Жо-жоқ! – Полли ханым шашын түк болмағандай жылмита тарап, жаңағы әдеміліктің ізін де қалдырған жоқ.
– Өкінішті... Өте әдемі болып тұр едіңіз, – дегенді ақырын ғана айтқан Поллианна табалдырыққа бір сүрініп барып, сыртқа шығып кетті.
Төменде дәрігер арбадан түспеген күйі күтіп отыр екен.
– Бір науқасыма дауа керек болып, саған жіберді, – деді дәрігер. – Барасың ба?
– Дәріханаға барып келуім керек пе? – деді Поллианна түсінбеген кейіппен. – «Әйелдер көмегіндегілер» мені дәріханаға жиі жұмсайтын.
Дәрігер езу тарта күлді де басын шайқады:
– Жоқ, айтайын дегенім басқа еді. Жон Пендлтон мырза бүгін сені көргісі келетінін айтты. Егер келіссең, қуанып қалар еді. Бүгін бірнеше рет жаңбыр жауғандықтан, саған өзім келдім. Егер келіссең, ала кетемін. Науқастарды аралап болғаннан кейін қайтадан әкеліп тастаймын, кешкі алтыдан кешікпей үйіңде боласың, – деді.
– Әрине, қуана-қуана барамын! – деді Поллианна. – Тек Полли тәтемнен сұранып шығайын.
Арада аз уақыт өткенде қолына қалпағын ұстаған Поллианна дәрігердің алдында тұрды. Өзі көңілсіз. – Не болды, тәтең жібермеді ме? – деді дәрігер.
– Жо-жоқ, жіберді, – деді Поллианна жеңіл күрсініп. Сосын дәрігер Чилтонға ойлана көз тастады да: – Тіпті, тәтем қатты қуанғандай көрінді, – дегенді қосып қойды.
– Қатты қуанды деймісің?
Поллианна тағы да күрсінді.
– Иә, ол менің үйде қалғанымды қаламайтын сияқты. Сұранып едім: «Иә-иә, әрине. Бар, бара бер! Ертерек кеткеніңде, тіпті жақсы болар еді!» – деді.
Дәрігер жымиған болды. Бірақ оның да көзінде мұң бар еді. Сәл үнсіздіктен кейін:
– Жаңа террасадан көргенім тәтең бе? – деп сұрады.
Поллианна тағы да күрсінді.
– Иә, дәл өзі. Бар бәле содан басталған секілді. Мен ол кісінің шашын кереметтей етіп сәндеп берген едім. Иығына шілтер шәлі жауып, шашына раушан гүлін қадап қойғанмын. Ол құлпырып шыға келген. Сіз де байқадыңыз ба, Чилтон мырза?
– Иә, Поллианна, – деді дәрігер естілер-естілмес сыбырлап. – Кереметтей құлпырып кетіпті!
– Рас айтасыз ба? Солай деп ойлайсыз ба? Мен мұны әпкеме міндетті түрде айтамын!
– Жоқ, айтушы болма, Поллианна! – деді дәрігер үзілді-кесілді қарсылық танытып. – Бұл әңгіме екеуміздің арамызда қалғаны дұрыс болар деп ойлаймын.
– Неге олай дейсіз, Чилтон мырза? Неге арамызда қалуы керек? Меніңше, сіз қуануыңыз керек, өйткені...
– Мен қуанғанмен, тәтең қуанбаса ше? – деді дәрігер оның сөзін бөліп. Поллианна ойланып қалды.
Дұрыс айтасыз, Чилтон мырза, – ол қуанбауы мүмкін. Өйткені тәтем сіздің келе жатқаныңызды көре сала алды-артына қарамай жүгіріп бөлмесіне кіріп кетті. Сосын сіздің көріп қойғаныңыз үшін ұялатынын айтты.
– Өзім де солай ойлап едім, – деді дәрігер.
– Түсінсем бұйырмасын, неге өйтеді? – деді Поллианна таңданысын жасырмаған күйі. – Ол сондай әдемі еді ғой!
Дәрігер үн қатпады. Сол үндемегеннен үлкен тас үйдің ауласына келгенге дейін тіс жарған жоқ. Міне, осылай олар аяғы сынып төсек тартып жатқан Жон Пендлтон мырзаның үйіне де жетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет