3. Поллианнаның келуі Біраз уақыт өткен соң жедел хабар келді. Ол жерде келесі күні, яғни жиырма бесінші маусымда, күндізгі сағат төртте Поллианнаның Белдингсвильге келетіні жазылған. Жедел хабарды оқыған мисс Полли шатырдағы бөлмеге көңілсіз көтеріліп, бөлмені бір қарап шықты. Бөлмеде ұқыпты жиналған кішкентай төсек, екі қатты орындық, айнасыз сандық, кішкене үстел қойылыпты. Терезеге перде ілінбеген, қабырға да бос болатын. Күні бойы шатырдан күн түскендіктен, бөлме іші қапырық. Қорғаныш тор жоқ болғандықтан, жәндіктер кіріп кетпеуі үшін терезе жабық тұр, бұл тынысыңды одан сайын тарылта түседі екен. Ызылдаған үлкен шыбын сыртқа шыққысы келгендей әлсін-әлі барып терезеге соғылады.
Мисс Полли терезені көтеріңкіреп ашты да, шыбынды бір қойып өлтіріп, далаға лақтырып жіберді, терезені қайтадан қымтап жауып алды. Содан соң үстелді түзеп, көңілсіз кейіпте бөлмеден шығып кетті.
Біраздан соң ол асүйдің алдына келді де:
– Нэнси, – деді. – Мен мисс Поллианнаның бөлмесінде болдым, ол жерге шыбын кіріп кетіпті, біреу терезені ашқан ғой. Жәндіктерге қарсы қорғаныш торға тапсырыс бердім. Олар дайын болғанша, мисс Поллианнаның бөлмесінде терезе ашылмауын қадағалауыңды сұраймын. Ол ертең күндіз сағат төртте келеді, өзің барып темір жол бекетінен күтіп алғаныңды қалаймын. Тимоти ашық күймені дайындайды, сен бірге барасың. Жедел хатта: «Шашы сары түсті, қызыл тор матадан тігілген көйлегі бар және қамыстан жасалған қалпақ киген» деп жазыпты. Бұған мен ештеңе қоса алмаймын. Сен оны тез танисың деген ойдамын.
– Жарайды, мэм, бірақ сіз...
Нэнсидің түсініксіз күлбілтелегенінен мисс Полли оның не айтқысы келгенін сезді:
– Жоқ, – деп кесіп айтты: – мен бармаймын. Ешқандай қажеттілік жоқ. Сен бәрін түсіндің деп ойлаймын.
«Өз борышымды орындадым» деп ойлаған мисс Полли бұрылып, асүйден шығып кетті. Өз ойында жиенінің келуіне жақсы дайындалған сияқты.
Ол асүйден шығып кетісімен, Нэнси алдындағы орамалды бар күшімен қатты басып үтіктей бастады.
– «Шашы сары түсті, қызыл тор матадан тігілген көйлегі бар және қамыстан жасалған қалпақ киген». «Бұған мен ештеңе қоса алмаймын». «Бұған мен ештеңе қоса алмаймын» деп қожайынның сөзін мазақтап айтты. – Сіздің орныңызда болсам, ұяттан жерге кіріп кете жаздаушы едім, мисс Полли. Жалғыз жиені алыстан ат арытып келе жатыр, ол туралы дым ештеңе білмейді, сөйте тұра оны қарсы алуға бармаймын дейді ғой! Қандай ұят! Міне, мен солай айтамын: ұят!
Қатты ашуланған Нэнси біраз уақыт өз ренішін кінәсіз орамалдарға айтып жатты.
Келесі күні тура төртке жиырма минут қалғанда Тимоти мен Нэнси ашық күймемен үйден шықты. Тимоти қарт Томның баласы еді, қалада «қарт Том мисс Поллидің оң қолы болса, ал Тимоти сол қолы» деп айтатын. Ол сондай мейірімді де келбетті жігіт. Нэнсидің мисс Поллиде жұмыс істегеніне аз уақыт болса да, Тимотимен достасып үлгерген еді, әр кездескен сайын олар жақсы әңгімелесетін. Бірақ қазір Нэнси өзіне тапсырылған міндеттен қатты толқығандықтан бекетке жеткенше үндемей барды, оның үнсіз отырғанына Тимоти таңғалды. Олар жетер жеріне жеткен кезде, Нэнси күймеден секіріп түсіп, платформаға асықты. «Шашы сары түсті, қызыл тор матадан тігілген көйлегі және қамыстан жасалған қалпағы бар, – деп, Поллианнаның қандай екенін көз алдына елестеткісі келіп, ішінен қайталай берді.
Тимоти Нэнсиді платформада қуып жетті.
– Білесің бе, – деді оған Нэнси, – Поллианнаның пышақты еденге түсіріп алмайтын, есікті қатты жаппайтын, тыныш, ақылды қыз болғаны жақсы болар еді.
– Поллианна басқаша болса, бәріміз үшін не болатынын білмеймін, – деп күлді Тимоти, – көз алдыңа елестетші, Нэнси, мисс Полли мен бұзық бала бір шатырдың астында! Иә! – деп саңқ етті ол: – Пойыз жақындап қалды! Ысқырықты естіп тұрсың ба?
– Білесің бе, Тимоти, меніңше, оның жиенін қарсы алуға өзі келмей, мені жібергені – өте ұят сияқты! – деп Нэнси бір бұрқылдап алып, платформаның ар жағына кетті. Ол кішкене бекеттегі пойыздан түсетін жолаушылар сол жерден жақсы көрінеді деп есептейді.
Біраз уақыттан соң Нэнси баланы көрді. Екі жаққа өрген шашы, секпіл беті, айналаға мұқият қарап тұрған көзі... және де қызыл тор матадан тігілген көйлегі мен қамыстан жасалған бас киімі бар. Бұл, сөзсіз, Поллианна ғой!
Нэнси дірілдеген тізесін ұстап біраз уақыт бір орында тұрды. Ұялғанын білдіртпей ол қызға жақындады.
– Сіз мисс Поллианнасыз ба? – деп сұрады ол. Келесі сәтте оның мойнын қызыл тор жеңі бар екі қол құшақтап алған еді, Нэнси оның құшақтағанынан тұншығып қала жаздады.
– Мен қуанып тұрмын! Сізді көргеніме сондай қуаныштымын, – деп Поллианна Нэнсидің құлағына айқайлады. – Әрине, мен Поллианнамын! Мені қарсы алуға келгеніңізге сондай қуаныштымын! Мен осыны армандаған едім!
– Армандадың ба? – деп қайта сұрады Нэнси. Поллианна оның бар екенін қайдан білгенін және оны қарсы алуын неге армандағанын түсіне алмады.
– Сен армандадың ба? – деп қайыра сұрады Нэнси, оның ұшып кете жаздаған бас киімін түзеп жатып.
– Әрине! Осы жерге жеткенше сіздің қандай екеніңізді көз алдыма елестетіп келдім, – деді қыз. Аяғының ұшымен тұрып, бойын биіктетіп, Нэнсиді дұрыстап қарай бастады. – Міне, енді сізді көрдім. Енді сіздің қандай екеніңізді білемін! Мен сіздің осындай екеніңізге қуаныштымын!
Нэнси ұялғанынан кірерге тесік таппады. Осы кезде олардың жанына Тимотидің келгені мұндай жақсы болар ма?!
– Бұл біздің Тимоти, – деді ол естілер естілмес қылып: – Поллианна сенің шабаданың бар ма?
– Әрине, бар, – деді қыз маңғазданып. – Маған оны «Әйелдер көмегі1»сатып алып берді. Жап-жаңа шабадан. Шындығында, қымбат сыйлық емес пе? Олар әуелі шіркеуге кілем сатып алмақ болған! Шабаданның орнына қанша қызыл кілем алуға болатынын білмеймін, мүмкін жартысына дейін жететін шығар деп ойлаймын. Сіз де солай ойлайсыз ба? Менің сөмкемде кішкене қағаз бар. Мистер Грей оны «сізге беретін түбіртек» деп еді, сол қағазды көрсетіп менің шабаданымды ала аласыздар. Мистер Грей – миссис Грейдің күйеуі. Олар пастор Карраның туыстары. Біз Алыс Батыстан бірге келгенбіз. Олар сондай керемет адамдар екенін білесіз бе?! Мінекей, түбіртек та табылды! – деді ол сөмкесінен қағазды алып жатып.
Осы кезде Нэнси терең дем алды. Ұзақ әңгімеден кейін біреу терең тыныстауы керек сияқты болды. Кейін ол Тимотиге ұрлана қарады. Бірақ ол басқа жаққа қарап тұрғандықтан, көздері түйіспеді.
Осыдан соң олар Поллианнаның шабаданын алып, күйме тұрған жерге келді. Шабаданды күйменің артына салып, Нэнси мен Тимоти Поллианнаны ортасына алып отырды. Осылай жайғасқанша әр нәрсені сұраған Поллианнаның аузы жабылмады. Басында Нэнси жауап беруге тырысқанымен, кейін жауап беруге үлгермегендіктен үндемей қалды.
– Қандай әдемі! – деді Поллианна. – Баратын жеріміз алыс па? Мен күймемен жүргенді ұнатамын. Егер баратын жеріміз жақын болса да, мен ренжімеймін, өйткені баратын жерімізді неғұрлым ерте көретініме қуаныштымын. Иә, қандай әдемі көше! Мен бұл жердің өте әдемі болатынын білгенмін! Маған әкем айтқан...
Осы сөзге келгенде тамағы кеберсіп, даусы өзгеріп, үндемей қалды. Нэнси оған қарап, қыздың көзінде іркілген жасты байқады. Бірер секундтан соң қыз өз-өзіне келіп, қайтадан жаңа күшпен сөйлей бастады:
– Әкем сіздің қалаңыз туралы айтқан, ал миссис Грей сіздерге неге мен қызыл тор көйлек кигенімді түсіндіруім керек екенін айтты. Ол «сіздер үшін менің киімім біртүрлі көрінер» деді. Бірақ соңғы қайырымдылық шарасына келген киімдердің ішінде бір де бір қара көйлек болмады. Ол жерде тек қара барқыт көйлектің үстінгі жағы ғана болды. Пастор Карраның әйелі ол көйлектің шынтағы мен бүктелген жерлері желініп қалғандықтан, маған жарамайды деді. Осыны көрген «Әйелдер көмегінің» бір бөлігі ақшаларына маған қара көйлек және бас киім сатып алып бергісі келген, ал қалғандары ақшаны шіркеуге қызыл кілем сатып алуға жұмсағысы келді, ал миссис Уайт қайта «осылай болғаны жақсы болар» деді. Өйткені оған балалардың қара көйлек кигені ұнамайды екен. Тағы да анықтап айтайын, оған балалар ұнайды, тек балалардың қара киім кигені ұнамайды екен.
Поллианна демін алды. Осыны пайдаланған Нэнси:
– Меніңше, көйлек қандай түсті болса да, сондай бір маңызды деп ойламаймын, – деп айтып үлгерді.
– Мен сияқты ойлайтыныңызға сондай қуаныштымын, – деді Поллианна, оның тамағы тағы да құрғап қалды. – Бірақ қара көйлек кисем, қуану да қиын болар еді, – деп қосты ол көңілсіз...
– Қуану? – деп сұрады Нэнси. Поллианнаның сөзі таңғалдырғаны сонша, Нэнси оған сөзін аяқтатпады.
– Иә, қуану, – деп қайталады Поллианна, – мен әкемнің жұмақта екеніне қуаныштымын. Қазір олар: әкем, анам, басқа бауырларым – бәрі бірге. Әкем маған үнемі қуанып жүру керек екенін айтқан. Бірақ маған қуану қиын. Мынандай қызыл көйлегім болса да, қуану қиын. Маған әкем әлі де керек еді ғой! Анамның, басқа бауырларымның ол жақта Құдайы мен періштелері бар, ал менің «Әйелдер көмегінен» басқа ешкімім қалмады. Бірақ енді маған да жеңіл болатынына сенімдімін. Өйткені жанымда сіз барсыз, Полли тәте! Сіздің болғаныңызға сондай қуаныштымын!
Осы кезде Нэнси кішкентай бейшара қызды аяп кетті:
– Құрметті Поллианна! Сен қателесіп тұрсың. Мен сенің Полли тәтең емеспін! Мен жай ғана Нэнсимін!
– Сіз Полли тәтем емессіз бе? – деді абдырап қалған қыз.
– Жоқ, мен Нэнсимін. Мені тәтеңмен шатастырып аласың деп ешқашан ойламаппын. Жалпы екеуіміздің арамызда ешқандай ұқсастық жоқ.
Осы кезде Тимоти оған жұдырығын көрсетті, бірақ Нэнсиді бұл оқиға қатты құлазытқандықтан, әзілге уақыты жоқ еді.
– Сонда сіз кімсіз? – деп сұрады Поллианна. Сіз «Әйелдер көмегіндегі» жандарға ұқсамайсыз.
Шыдай алмаған Тимоти қарқылдап тұрып күліп жіберді:
– Мен Мисс Поллидің қызметшісімін. Мен үйдегі кір жуу және үлкен заттарды үтіктеуден басқа барлық жұмысты атқарамын. Ол жұмысты миссис Дерджин істейді.
– Полли тәтем өмірде бар адам ба? – деп қорқа сұрады қыз.
– Бұл туралы қам жеме, – деп сендірді оны Тимоти. – Болғанда қандай! – Поллианна тынышталып қалды.
– Олай болса, бәрі жақсы, – деп қуанды ол.
Олар бір минуттай үнсіз жүрді. Содан соң Поллианна қайтадан сөз бастады:
– Оның мені қарсы алуға келмегеніне қуаныштымын. Өйткені оны әлі білмеймін. Содан соң қазір қасымда сіздер барсыздар.
Нэнси қызарып кетті. Тимоти оған бұрылып қарады:
– Жас бикеш саған қошемет білдірді! – деп күлімсіреді. – Сенің орныңда болсам оған рақмет айтар едім. Сен неге үндемей тұрсың, Нэнси?
– Мен тек мисс Полли туралы ойлап тұрмын, – деп жауап қатты ұялған Нэнси.
– Мен де сол кісі туралы ойлаймын, – деп қуана сөзін жалғастырды Поллианна. – Маған сондай қызық. Ол менің өмірімдегі жалғыз ғана тәтем екенін білесіз бе, ал мен оның бар екенін де ұзақ уақыт бойы білмеппін. Кейіннен әкемнен естідім. Жотадағы үлкен әдемі үйде тұратынын да айтты.
– Дұрыс айтасың, – деп жауап қатты Нэнси. – Қарашы, ана үлкен жасыл тұрағы бар ақ үйді көріп тұрсың ба?
– Қанда керемет үй! Оның айналасын ағаштар мен көк шалғын көмкерген екен! Мен ешқашанда осындай жасыл алқапты көрмеппін! Нэнси, менің Полли тәтем бай ма? – деп сұрады Поллианна.
– Иә, мисс.
– Мен сондай қуаныштымын! Ақшасы көп болса, керемет болар, солай ма? Бізде ешқашанда көп ақша болып көрмепті. Таныстарымыз да қалталы емес еді. Тек Уайттар ғана бай болатын. Олардың үйінің әр бөлмесіне кілем төселген, ал жексенбі сайын балмұздақ жейтін. Ал Полли тәтемнің үйінде жексенбі сайын балмұздақ жей ме?
Нэнси басын шайқады. Ол көз алдына Полли тәтесінің жексенбі сайын балмұздақ жеп отырғанын елестетіп, езуіне күлкі үйіріліп, Тимотиге қарады.
– Жоқ, мисс, сіздің тәтеңіз балмұздақ жегенді жақсы көрмейтін сияқты. Мен бір де бір рет оның дастарханынан ондай тамақты көрмеппін.
Таңғалғаннан Поллианнаның жүзі өзгеріп сала берді.
– Ол оны жақсы көрмей ме? Өкінішті. Балмұздақты қалай жақсы көрмеуге болады? Аа, жарайды, есесіне енді менің ішім ауырмайды, жақсы болды! Мен миссис Уайттың үйінде балмұздақ көп жеп қоятынмын, содан соң менің ішім ауыратын. Ал Полли тәтемнің үйінде кілем бар ма?
– Кілем бар, – деді Нэнси.
– Әр бөлмеде ме?
– Иә, барлық бөлмеде, – деді Нэнси тұнжырап. Оның есіне төбедегі кілемі жоқ кішкентай бөлме түсті.
– Мен сондай қуаныштымын! – деді Поллианна. Мен кілемді жақсы көремін. Бізде кілем болмаған. Тек екі кішкене ғана кілемше болды. Оларды бізге қайырымдылық қоры берген. Біреуінің бетіне көп қара дақ сіңіп қалған еді. Тағы да миссис Уайттың үйінде қабырғада суреттер ілініп тұратын. Сондай әдемі суреттер! Ол суреттерде тізерлеп отырған кішкентай қыздар, мысық, қозылар мен арыстан салынған. Әрине, олар бірге емес, бөлек-бөлек салынған. Құдай кітабында ғана арыстан мен қозылар бір мезетте қатар жүреді деп айтылады, бірақ миссис Уайттың үйіндегі суреттерде олар бөлек салынған. Меніңше, әдемі суреттерді жақсы көрмеу мүмкін емес, рас қой?
– Мен... Мен білмеймін, – деді даусы дірілдеген Нэнси.
– Ал мен суреттерді жақсы көремін, – деп жалғастырды қыз. – Біздің үйде суреттер болмаған, өйткені, қайырымдылық қорынан ондай заттар сирек келетін. Тек бір күні бізге екі сурет тап болды. Бір сурет сондай керемет болғандықтан, оны әкем сатып, маған бәтеңке алып берді. Ал екіншісін қабырғаға іліп үлгермей-ақ жиектері бөлініп қалды. Мен қатты жыладым... Ал қазір мен үйімде әдемі заттар болмағанына қуанып тұрмын. Өйткені енді Полли тәтемнің үйіндегі заттар маған ұнайтын болады. Мен оларға үйренісіп үлгермеп едім. Қайырымдылықтан келген түрлі-түсті жаңа баулардың да түсі өңіп кеткен болатын. Иә, бұл керемет әдемі үй екен! – деп ол тақырыпты ауыстырды, дәл сол кезде Тимоти жотадағы үйге қарай бұрылған еді.
Олар тоқтап, Тимоти шабаданды түсіріп жатқанда, Нэнси жақындап, жайменен сыбырлады:
– Сен енді осы жерден жұмыстан кетемін деп аузыңа да алушы болма, Тимоти Дерджин. Маған басқа жерде екі есе артық ақша төлеймін десе де, енді мына үйді тастап кетпеймін.
– Жұмыстан кету? Ешқашан! – деп жауап берді де, жас жігіт көңілді күлді. – Енді мені ешкім бұл жерден кетіре алмайды. Кино көргеннен гөрі мына қызбен әңгімелескен қызық болатын сияқты.
– Саған тек көңіл көтерсе болды, – деп ренжіді Нэнси. – Меніңше, тәтесімен бірге тұрған алғашқы күннен-ақ байқұс қызға оңай болмайды. Оған жақсы қорған керек. Мен оған қамқор болам! – деп сеніммен айтты ол.