Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет5/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
4. Шатырдағы кішкене бөлме
Жиенін алғаш көргенде, мисс Полли оны қарсы алу үшін орнынан да тұрмады. Бірақ оны түсінуге болады: Нэнси мен қыздың қонақ бөлмеге жақындағанын көріп, ол оқып отырған кітабын қоя тұрып, Поллианнаға қолын созды, оның әрбір саусағы «борышымды өте жоғары деңгейде орындаймын» дегенді білдіріп тұрғандай.
– Поллианна қалай жеттің? Мен...
Осыдан басқа мисс Полли ештеңе айтып үлгермеді, өйткені Поллианна оқтай ұшып келіп, оның тізесін құшақтай алды.
– Полли тәте, Полли тәте! Сіздің маған осында келіп, сіздермен бірге тұруға рұқсат бергеніңіз үшін сондай қуаныштымын, – деді ол. – Мұның қандай керемет екенін сіз көз алдыңызға да елестете алмайсыз. Енді менің жанымда сіз және Нэнси бар, әкем қайтқалы мен тек «Әйелдер көмегіне» ғана арқа сүйеп қалған едім.
– Мен «Әйелдер көмегінің» не екенін білмесем де, саған сенемін, – деді мисс Полли оның құшағынан құтылғысы келіп.
– Нэнси, сенің маған қажетің жоқ, – деп ол мұздай суық көзімен үй қызметшісіне қарады да, былай деп жалғастырды: – Ал сен Поллианна, өзіңді дұрыс ұстай білуің қажет. Тұра ғой, өтінемін, мен саған дұрыстап қарай да алмадым ғой.
Поллианна бірден аяғына тік тұрып:
– Иә-иә, сіз мені ешқашан көрмеген едіңіз ғой, тәте, – деп сөйлей жөнелді, – бірақ менің бәлендей ерекшелігім жоқ. Бетімді секпіл басқан... Мен сізге қызыл тор көзді көйлек пен қара түсті көйлектің жоғарғы жағы туралы түсіндіріп беруім керек екен ғой. Бұл туралы мен Нэнсиге айтып бергенмін, әкем айтқандай...
– Иә, қалқам, – деп оның сөзін бөлді Полли тәтесі. – Әкеңнің не айтқаны маған маңызды емес. Сенің шабаданың бар деп ойлаймын.
– Әрине, Полли тәте. Менің керемет шабаданым бар. Маған оны «Әйелдер көмегі» сыйға берген. Оның ішінде менің киімдерім аз болғандықтан... шынында, ол бос. Түсінесіз бе, қайырымдылық қорына соңғы рет әкелген заттар ішінде қыздарға арналған киімдер болмады. Бірақ шабаданымда әкемнің кітаптары бар. Миссис Уайт ол кітаптарды өзіммен бірге ала кеткенімді дұрыс санады. Менің әкем...
– Поллианна, – деп қайтадан оның сөзін бөлді мисс Полли. Оның дауысы алдыңғысына қарағанда қатқылдау шықты. – Сенің бірден түсініп алғаның дұрыс болар деп ойлаймын, менің көзімше әкең туралы айтпағаныңды қалаймын. Болашақта да бұлай істеме деп өтінемін.
Қыз терең дем алды.
– Бірақ. Полли тәте, сіз қалайсыз ба, қалам...
– Қазір біз сенің бөлмеңе көтерілеміз, – деді үнсіздікті пайдаланған мисс Полли. Сенің шабаданың сол жерде деп ойлаймын. Сенде шабадан болса, бірден бөлмеңе апарып қоюын мен Тимотиге үйден шықпас бұрын айтқанмын. Артымнан ілесе ғой, Поллианна.
Поллианна оны тыңдап, артынан жүрді. Ол өкіріп жылап жібермеуге тырысты, бірақ көзіне жас іркілді. Бірер секундтан кейін ол басын көтеріп, бойын тіктеп алды. «Әкем туралы айтуға тиым салғанына қуаныштымын, – деп ойлады ол. – Мүмкін ол туралы аз айтсам, өзіме жеңіл болатын болар. Міне, сол үшін де тәтем маған тиым салған шығар». Тәтесі өзі туралы ойлайды деген сеніммен Поллианна көз жасын сүртіп, қызығушылықпен айналасын тамашалай бастады.
Олар баспалдақпен екінші қабатқа көтерілді. Жібек белдемшесі сусылдап, Полли тәтесі алдында келе жатты. Полли тәтесінің артынан алыста ашық тұрған есікті байқады, Поллианна ол жерде еденге жайылған кілем мен атласпен қапталған жиһаздарды байқап қалды. Баспалдақтағы кілемнің жұмсақтығы мен түсі оған ормандағы мүкті есіне салды, қабырғада үлкен алтын жалатқан бұрыштамалары бар суреттер ілінген, ал күннің сәулесі оймақталған перденің арасынан түсіп тұрған.
– Полли тәте, Полли тәте! – деп таңғала сөйледі ол. – Сіздің үйіңіз сондай керемет! Сіз осындай бай болғаныңызға қуанатын боларсыз?
– Поллианна! – деді ол ашулана артқа бұрылып. – Сен мені мазақ қып тұрсың ба? Осындай ойлар қалай басыңа келеді?
– Мен соншама не айтып қойдым? – деп сұрады қыз, шындығында не масқара сөз айтқанын түсінбей. – Полли тәте, шынымен сіз разы емессіз бе?
– Әрине, жоқ, Поллианна. Мен ешқашан астамшылықпен күнә жасау дәрежесіне түспеймін деп ойлаймын. Маған Құдай берген байлықпен қалай мақтана аламын?! Болашақта есіңе сақтап ал, қалқам, байлықпен мақтану – наданның ісі, –деді абыройлы түрмен ханым.
Ол бұрылып жүрісін жалғастырды. Олар холл жанынан өтіп, алда тұрған баспалдаққа қарай бет алды. Осылай жауап берген мисс Поллидің өз-өзіне көңілі толып, марқайып қалды. Жиенін шатырдағы бөлмеге орналастырғанының екі себебі болатын: біріншіден, ол өзін баладан алыс ұстағысы келсе, екіншісі, дүние-мүлкін қору мақсатында еді. Ол балалардың әдемі заттарды көргенде өздерін қалай ұстайтыны жайлы көп естіген. Поллианнаның байлыққа қызыққанын байқаған мисс Полли өзінің шешімін өте дұрыс деп тапты, шатырдағы қарапайым бөлме қызды «қатерлі даңғойлықтан сақтайды» деп ойлады.
Поллианна тәтесінен қалмауға тырысқанымен, оның көгілдір көздері үйдегі барлық жағдайды байқап, мына үй одан сайын ұнай бастады. Ол қай есіктің артында өзінің бөлмесі болар екен деп жүрегі дүрсілдеп күтті. Көз алдына еденіне қалы кілем төселген, қабырғасына суреттер ілінген, әдемі перделері бар өз бөлмесін елестеткен. Ойлаңызшы, ол тек өзінің бөлмесі, өзіне ғана тиесілі бөлме! Міне, Полли тәтесі есік алдына тоқтады.
Есік артында тағы бір баспалдақ бар екен. Бірақ бұл жерде ол қызығатындай ештеңе жоқ. Олар бос қабырғалардың қасынан көтерілді. Баспалдақ оларды үй бұрышы бойымен күңгірт кеңістікке алып шықты. Ол жерде сансыз сандықтар мен қораптар тұрған. Бұл жердің ауасы тар болғандықтан Поллианна мұрнын тыржитып тұрып қалды. Бірнеше қадам жасаған соң, тәтесі тағы бір есікті ашты.
– Бұл сенің бөлмең, Поллианна, – деді ол. Шабаданың осы жерде. Кілтің өзіңмен бірге ме?
Поллианна абдыраған жанарымен тәтесіне қарап, үнсіз бас изеді. Тәтесі қабақ шытып:
– Поллианна, мен саған сұрақ қойғанда, басыңды иземей, адам құсап үн қатқаныңды қалаймын.
– Жарайды, Полли тәте. Кілт өзіммен бірге.
– Міне, енді дұрыс болды, қалқам. Осы жерден өзіңе қажетті барлық затты таба аласың, – деп қосты ол, ілініп тұрған таза орамал мен қол жуғышта толып тұрған суға көз тастап. – Мен қазір Нэнсиді жіберемін. Ол саған киімдеріңді жинастыруға көмектеседі. Кешкі ас сағат алтыда, – деп сөзін аяқтаған мисс Полли, бөлмеден шығып, төменге түсті.
Біраз уақыт Поллианна Полли тәтесі шығып кеткен есіктен көз алмай, бір орында тұрып қалды. Кейіннен ол бос қабырғаға, еденге және терезеге мұқият қарады. Содан соң оның көзі біраз уақыт бұрын Алыс Батыстағы бөлмесінде тұрған кішкентай шабаданына түсті.
Ол шабаданға жақын келіп, тізерлеп отырып, бетін қолымен жапты. Осылай отырған кезде оның жанына Нэнси келді.
– Менің байқұс қозым-ай, – деп ол қыздың жанына отырды. – Ол сені жылататынын біліп едім.
Ол басын көтеріп, басын шайқады:
– Жоқ, Нэнси. Жай өзім. Мен сондай жаман, мейірімсіз адаммын, – деді бетін жас жуған Поллианна. – Мен... Мен әкемнің маған қарағанда Құдай мен періштелерге көбірек керек екеніне сенгім келмейді.
– Оларға оның қажеті де жоқ, – деп құптай кетті Нэнси.
– Нэнси, олай айтуға болмайды, – деп қорқып кетті Поллианна. Үй қызметкерінің мынандай қорқынышты сөздерінен кейін ол жылауды да доғарды.
Нэнси оған ұяла жымиып қарады да, Поллианнаның көзін қолымен ысқылап-ысқылап, жасын сүртті.
– Қойшы соны, мен саған жаман нәрсе айтқан жоқпын ғой. Маған кілтіңді бер, тездетіп киімдеріңді жинастырайық.
Әлі де жыламсыраған түрімен ол сөмкесінен кілтті алды.
– Ол жерде тіпті ешқандай зат жоқ, – деп ұяла жауап берді.
– Тіптен жақсы, тезірек бітіреміз.
Аяқ астынан Поллианнаның беті нұрланып шыға келді.
– Ойыма бірден неге келмеген, – деп қуанып кетті ол. – Шынында, көп киімді жинауға ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан мен киімдерімнің аз болғанына қуануым керек.
Мұны естіген Нэнси орнынан қозғала алмай, тұрып қалды. Басында ол не деп жауап берерін білмеді. Кейіннен әзер тілге келіп: «Енді... жалпы... шынында, сен дұрыс айтасың», – деді. Сөйтіп, ол Поллианнаның шабаданын аша бастады. Ол шабаданнан кітаптар, көктелген іш киім мен бірнеше көйлек шығарды. Поллианна сабыр сақтап, күлімсіреп тұрды. Ол бөлмесін ретке келтіре жүріп, көйлектерін ілді, кітаптарын үстел үстіне қойып, іш киімдерін тартпаға салды.
– Енді жақсырақ байқай бастадым. Бұл керемет бөлме екен! – деді ол. – Сізге де солай көріне ме, Нэнси?
Бірақ Нэнси ештеңе деп жауап бермеді. Ол шабаданнан киім алып жатқандай кейіп танытып, басын көтермеді. Поллианна айна ілінуге тиіс бос жерге көңілсіз қарады.
– Жоқ, әрине, мен мына жерде айна болмағанына қуаныштымын, – деді қыз. – Енді мен бетімдегі секпіл үшін де ренжімеймін.
Нэнси қызық дыбыс шығарды, Поллианна ол дыбысқа елең еткенде, Нэнси қайтадан шабаданға сүңгіп кетердей басын көтермеді. Поллианна терезенің қасына келіп, далаға көз тастады, сонан соң қолын қатты шапалақтады.
– Нэнси! Мен бірден байқамаппын ғой. Бұл жерден ағаштар мен үйлер, шіркеудің әдемі төбесі, күмістей жалтыраған өзен керемет көрінеді екен. Нэнси! Менің бөлмемнен осындай әдемі көрініс көрінеді деп ойламаппын. Тәтемнің осы бөлмеге мені орналастырғанына сондай қуаныштымын. Енді маған ешқандай да сурет қажет емес.
Осы кезде Нэнси өксіп жылап жіберді.
– Нэнси! Нэнси! Не болды? – деп жұбата бастады оны Поллианна. Содан соң ол қорқа сұрады: – Әлде бұл бөлме бұрын сіздікі болды ма?
– Менің бөлмем? – деп қайта сұрады Нэнси. – Егер сен періште болмасаң, – деді ол жыламсырап, сонан соң сөзін жалғастырды, – егер сен аспаннан бірден бізге түспегеніңде және кейбір арам адамдар жерді басып жүрмесе, егер...о, құдайым, бұл, ол маған қоңырау шалып жатыр.
Осылай Нэнси түсініксіз сөйлеп, ойын аяқтамастан, есіктен жүгіріп шығып, баспалдақты тарсылдатып төмен қарай түсіп бара жатты. Жалғыз өзі қалған Поллианна тағы да терезеге жақындап, өзі «сурет» деп ат қойған көрініске жанарын қадап тұрып қалды. Терезеге қарап тұрып, ол бөлмедегі қапырық ауаны желдетіп алу үшін терезені ашты. Бақытына орай, терезені жоғары көтеріп қалып еді, ашыла кетті.
Поллианна терезеден басын шығарып, саф ауаны құшырлана жұтты. Тездетіп келесі терезеге жүгіріп барып, оны да ашты. Үлкен шыбын танауының түбінен зу етіп бөлмеге кіріп, ызыңдап ұша бастады. Оның артынан тағы бірнеше шыбын ұшып кірді, бірақ Поллианна оған мән бермеді. Оның есіл-дерті екінші терезе жанында өсіп тұрған ағаштың жуан діңгегі еді, ол діңгек оны төменге түсші деп шақырып тұрғандай. Ол қатты күліп жіберді.
– Бұл қолымнан келеді деп ойлаймын, – деді ол.
Поллианна абайлап шатырдың жиегімен өтті де, ағаштың ең жақын бұтағына қиындықсыз секірді. Кейін ол маймыл сияқты бір бұтақтан екіншіне өрмелеп, ең төменгі бұтаққа дейін жетті. Бірақ әлі де біраз биікте еді, ағашқа өрмелеу тәжірибесі көп болса да, бұтақтардан мықтап ұстап алыпты. Бір кезде ол турникке тартылғандай ілініп тұрды да, қолын жаза салды. Солай жұмсақ шөпке топ ете түсті. Орнынан тұрып, жан-жағына қарады. Ол қарт бақташы жұмыс істеп жатқан бақта тұр еді. Гүлдер біткен жерден өріс басталған, белестің ең шыңына жететін, үлкен жартастар арасында жалғыз шырша ағашы көрінеді. Қуанғаннан жүрегі алып ұшты. Ол бұрын ешқашан осындай көрікті мекенді көрмеген еді.
Поллианна асқан жылламдықпен гүлзардың қасынан зу етіп жүгіріп өтіп, аздап алқынса да, жоғарғы соқпаққа қарай ұмтылды. Ақиқатында, ол жоғарға көтерілу оңай емесін тез түсінді. Ол үйден шыңға көз салғанында, қол созым жер сияқты көрініп еді. Жүріп келеді, жүріп келеді, тек шың жеткізер емес. Осыған қарамастан ол жартасқа міндетті түрде жетем деп, алға ұмтыла берді.
Мисс Харрингтонның холлындағы сағат алтыны көрсетті. Сағаттың тілі соңғы секундқа жеткенде, Нэнси қоңырау соғып кешкі астың уақыты болғанын хабарлады. Мисс Полли асханаға келді. Ал Поллианна әлі келмеген еді. Үш минут күткен мисс Полли ашуланып, сабырсыздықпен аяғын тыпырлатып, орнынан ақырын тұрып, холлдағы баспалдаққа келіп тың тыңдады. Ол табандылық танытып, кері бұрылып, қайтадан асханаға кірді.
– Нэнси, – деді қатқыл үнмен, ол асханаға кіргенде. – Менің жиенім кешкі асқа кешігіп жатыр. Оны шақырудың еш қажеті жоқ, – деді Нэнсидің холлға қарай жылжығанын байқаған ол қатаң ескертіп, – мен оған дастархан басына қаншада жиналатынымызды алдын-ала ескерткенмін. Өз обалы өзіне. Осы жағдай оны тәртіпті, ұқыпты болуға, уақытылы жүруге үйретеді деп үміттенемін. Өтінемін, ол төменге түскенде, оған асүйден нан мен сүт қана бере салшы.
– Жарайды, мэм, – Нэнсидің бақытына қарай мисс Полли оның түрін көрмеді. Кешкі астан кейін қолы қалт еткенде, Нэнси шатырдағы бөлмеге көтерілді.
– Иә-иә, қазір мен оны нан мен сүт беріп тамақтандырамын! – деп ызалы үнмен күбірледі ол. – Жоқ, құрметті мисс Полли, жылап, ұйықтап қалғаны үшін бейшара баланы аш қалдырғаныңызға қарап отыра алмаймын. Нэнси бөлмеге кіріп келіп, аузына сөз түспей, көзі бақырайып кетті. Өйткені Поллианна жоқ еді!
– Қайда кеттің? Қайдасың сен? – деп қайталай берді. Ол шкаф ішін, содан кейін төсек астын, одан соң шабадан ішін, тіптен құмыра ішін де қарап шықты.
Бұл бөлмеде қыз тығылатын басқа орын болмағандықтан, ол бөлмеден атып шығып, бақта әлі жұмыс істеп жүрген қарт Томға қарай бар күшімен жүгірді.
– Мистер Том! Мистер Том! – деді ентіккен қыз. – Бағанағы керемет бала жоғалып кетті. Ол келген жағына кетіп қалған сияқты. Менің байқұсым қазір жұмақта ғой, рас па, мистер Том! Менің бақытсыз кішкентай қозым! Ал анау... ал анау маған оны нан мен сүтпен асүйде тамақтандыр деп тапсырды. Байқұс Поллианна періштелермен тамақтанып жатқан болар! Менің бейшара періштем!
Қарт орнынан тік тұрды.
– Жоғалып кетті? Періштелер жаққа? – деп батып бара жатқан қызыл күнге қарап тұрып, таңдана қайталап сұрады. Біраз уақыт бойы ол бір нүктеге тесіліп қарап тұрды. Содан соң күлімсіреп Нэнсиге қарады:
– Е, айналайын, менің ойымша да ол Құдайға жақын болуды ойлаған сияқты, – деп қисайған саусағымен белестің шыңын көрсетті.
– Қане, ана жаққа қарашы.
Нэнси қарт нұсқаған жаққа қарады. Поллианна тас жартаста тұр екен, оның кішкене денесі батып бара жатқан күн шапағымен айқын көрініп тұр.
– Егер ол осылай жұмаққа жетемін деп ойласа, бүгін оның айтқаны орындала қоймас, осы сөзімді есіңізге сақтаңыз, мистер Том, – деді Нэнси. – Мен туралы қожайын сұрайтын болса, айта салыңызшы: тәрелке жайын ұмытпадым, тек біраз өзіммен-өзім қалып, демалып келейін, – деп өріс жолына қарай жүгіре жөнелді.


5. ОЙЫН

– Менің бақшасы бар үйім! – деді жар басына аптыға жеткен Нэнси, ол қатты шошығанда осылай дейтін. – Поллианна бикеш, сіз мені қорқытып жібердіңіз ғой!


– Қорқыттым ба? – деді таңғалып. Жар басынан түскісі келмей, бұған қарай құлықсыз келе жатты. – Кешіріңіз, сізді қорқытайын деген ойым болған жоқ. Әкем мен «Әйелдер көмегі» де алғашқыда қорқатын, бірақ кейін олар да үйренісіп кетті. Менде бәрі жақсы екенін біліп, уайымдауды қойды.
– Бірақ мен сенің кетіп қалғаныңды білмей де қалдым, – деді де, Нэнси оның қолынан шап беріп ұстап алды, қашып кетпесін дегені. – Аспанға ұшып кетті ме дедім. Біресе шатырдан құлап кеткен болар деп ойладым. Расымен солай ойладым, Құдай ақы! – деп, ол баланы жетелей, сөзін бірнеше рет қайталап, таудан тезірек түсуге тырысты.
Поллианна қуанғаннан секіріп-секіріп алды.
– Мен дәл сіз айтқандай жасадым! – деді ол мақтанышпен. – Алайда мен жоғары емес, төмен қарай ұштым. Терезе жанындағы ағаштың бір бұтағынан біріне өрмелеп, жерге түстім.
Нэнси бір орнында сілейіп тұрып қалды.
– Қалай-қалай? – деп қайталап сұрады Нэнси.
– Тереземнің тұсында өсіп тұрған ағаштың бір бұтағынан екіншісіне секіріп, одан басқасына ауысып, солай жерге қарғып түстім, – деп қайталады Поллианна.
– Сұмдық-ай! – деді Нэнси ілгері басып. – Бұл тірлігіңізге Полли тәтең не дер екен?! – деді қорқытқан кейіп танытып.
– Не дейтінін білгіңіз келе ме? – деді Поллинна асқан қызығушылықпен. – Үйге барған соң, тәтеме бәрін айтып беремін. Сіз сонда оның не дейтінін естисіз.
– О не дегенің?! – деді Нэнси шошып кетіп. – Жо-жоқ, өтінемін! Айтпашы!
– Полли тәтеме бұл ісіміз ұнамайды деп ойлайсыз ба? – деді Поллианна ренжи қарап.
– Жоқ, шындығында ... иә, – деді Нэнси шатасып. – Негізі, мен қалжыңдадым. Шынымды айтсам, бұл ісіміз жайлы тәтеңнің не ойлайтынын білгім келген жоқ еді...
Нэнси айтқан сөзі үшін қатты ұялды. Өйткені ол Поллианнаны бәрінен қорғаймын демеп пе еді!
– Бізге асығу керек, – деді Нэнси әңгімені басқа жаққа аударып. – Маған әлі ыдыс жуу керек.
– Мен сізге көмектесемін, – деді қуанып кеткен Поллианна.
– Жоға, о не дегенің, Поллианна бикеш! – деді Нэнси ұялыңқырап.
Олар үнсіз кетіп бара жатты. Күн ұясына батты, тез қараңғы түсе бастады. Поллианна Нэнсиге жақындай түсіп, қатарласа жүрді.
– Сізді қорқытқаным жақсы болған екен. Әйтпесе, менің артымнан келмес едіңіз.
Поллианна иығын қиқаң еткізді. Ол қараңғыда жалғыз жүруден қатты қорқатын.
– Ақ лағым менің! Сүйкімдім сол! – деді Нэнси мейірлене қарап. – Сенің қарның әбден ашқан шығар? Бүгін сені тәтті-дәмділермен қуанта алмаймын. Кешкі асқа тек нан мен сүт қана, оның үстіне сен бүгін асүйде менімен тамақтанасың. Себебі сенің тәтең кешкі асқа уақытылы түспегенің үшін ызаланды, сені осылай жазалайын деді.
– Мен тауда жүрген соң келе алмадым.
– Иә, бірақ ол сенің жарға кетіп қалғаныңды білген жоқ қой, – деді Нэнси күлкісін әрең ұстап. – Тауға кеткенің үшін жазалап, сүт пен нан ғана беру дұрыс емес қой! Бірақ амал қанша? Өкінішті-ақ!
– Ал мен өкінбеймін. Керісінше қуаныштымын.
– Қуаныштымын? Не үшін қуаныштысың?
– Мен сүт пен нан жегенді ұнатамын және сізбен тамақтанған да ұнайды. Көрдіңіз бе, маған қуану түк те қиын емес!
– Саған қуану аса қиындық тудырмайтынын білемін, – деді Нэнси, Поллианнаның шатырдағы бөлмесін қатты ұнатқанын есіне алып.
Поллианна сықылықтап күлді де:
– Ойынның бар қиындығы осында, – деді.
– Ойын?
– Иә. Әрдайым қуанып жүру деген ойын бар.
– Бәрі дұрыс па? – деді Нэнси таңырқап.
– Әрине! Ол сондай қарапайым ойын. Бұл ойынды маған әкем үйретті, – деді Поллианна қуанып. – Біз бұл ойынды менің кішкентай кезімнен бастап ойнай бастадық. Сосын бұл ойынды «Әйелдер көмегіндегілермен» де ойнадық. Бәрі емес, тек бірен-сараны ғана ойнады.
– Ол қалай? Мен ойынның түбін түсірем деп айта алмаймын, десе де, айтып берші. Мен «қуаныш ойынын» ешқашан ойнап көрмеппін.
Поллианна күлді, одан соң күрсінді, оның көздеріне мұң ұялады.
– Ол ойынды ойнау бізге балдақты алып келгенде басталды, – деді Поллианна салтанатты түрде.
– Балдақ?
– Иә. Мен қайырымдылық шарасы кезінде қуыршақ аламын деп күткен едім. Әкем қайырымдылыққа өткізілген заттарды жинайтын апайға қуыршақ алып келуін өтінген. Бірақ ол апай қуыршақтың орнына кішкентай балдақ алып келді. «Бұл да бір кәдеге жарап қалар» деп жазып жіберіпті.
– Әзірге, мен ешқандай қызықты байқамадым. Бұл не ойын өзі? Ақымақтық сияқты.
– Сіз түсінбедіңіз. Біздің ойынның негізі сол – қуануға келмейтін нәрселерге қуану. Сол балдақтардан басталды бәрі.
– Менің бақшасы бар үйім! Қуаршақ күтіп отырғаныңда, балдақ алып келіп тұрса, оның несі қуаныш?!
Қуанғаннан Поллианна шапалақтап жіберді.
– Болады! Қуануға болады! Болады! Болады! – деді ол ішек-сілесі қата күліп. – Мен де басында сіз сияқты ойладым. Бірақ әкем маған бәрін түсіндіріп берді.
– Маған да ойыңды түсіндіріп жіберші, – деді Нэнси сәл жабырқап. Бір сәт Поллианнаның айтқандары оған қалжың болып көрінгендей.
– Әрі қарай тыңдаңыз, – деді Поллианна жеңісті түрмен түсіндіруге көшіп, – балдақтар маған керек болмағаны үшін қуануым керек! Бар қулық – осы! Бұл ойынның шартын білсеңіз, ойнау оп-оңай.
– Сандырақ! – деді де Нэнси Поллианнаға үрейлі көзбен қарап тұрып қалды.
– Сандырақ емес, өте жақсы ойын. Біз сол кезден бастап әкем екеуміз бірге ойнадық. Бірақ... Тек... Бұл ойынды ойнау кейде қиынға соғады. Мысалы, жаныңдағы ең соңғы жақының – әкең де ана өмірге аттанғанда, «Әйелдер көмегінен» басқа жақын адамдарың қалмағанда, қуаныш табу қиындау.
– Дәл солай! Сені ең жақын туысқаның ішінде жиһазы жоқ шатырдағы үйшікке қамап қойғанда да, – деді Нэнси Поллианнаның сөзін іліп әкетіп.
Поллианна ауыр күрсінді.
– Алғашқыда менің көңілім түскені рас. Жалғыздығым үшін… Ал кейін мен осыншама әдемі дүниенің ортасында өмір сүрудің бақыт екенін түсіндім... Нэнси, түсінесіз бе, мен бөлмеме кірген мезетте өз ойынымды ойнай алмай қалған сияқтымын. Бірақ сонан соң бетімдегі сепкілді жек көретінім есіме түсіп кетті де, қатты қуандым. Өйткені бетімдегі секпілді көретін айнам да жоқ қой. Содан кейін терезеге қарадым. Маған терезеге қарағандағы көрініс қатты ұнап қалды. Қуануға себеп іздегенде, басқа дүниелер туралы аз ойлайсың. Баяғы қуыршақ оқиғасындай.
Нэнсидің көзіне жас келді. Жауап ретінде кхм-кхм деп тамағын кенеп қана қойды.
– Негізі бұл ойын менің көп уақытымды алмайды. Кей кездері өздігінен ойналады. Жылдар бойы ойнағасын ба, жаттығып алғам. Көп ойнаған сайын, көп әуестенемін. Ә... – дауысы дірілдеп, – әкем бұл ойынды жақсы көретін. Енді маған бұл ойынды ойнау қиынға түсетін шығар. Әкем жоқ қой, ал жалғыз ойнаған оңай емес. Мүмкін... – сәл кідіріп барып, тез сөйлеп кетті: – Мүмкін Полли тәтем менімен ойнауға келісетін шығар? – деді.
– Қап-ай... – деді Нэнси ішінен. Сәлден соң дауыстап:
– Поллианна бикеш, мен керемет ойнаймын деп айта алмаймын, бірақ талпынып көрейін. Солай. Талпынып көремін. Талпынамын дедім.
– Нэнси! – Поллианна абыржып тұрған Нэнсиді құшақтай алып, бар дауысымен саңқ етті. – Біздің қолымыздан бәрі келеді! Сіз де солай ойлайсыз ғой, иә?
– М…мүмкін, – деді Нэнси сенімсіз, – бірақ сен маған қатты сенбе. Мен ойын дегенді жақсы ойнай алмаймын. Бірақ талпынып көрейін дедім... Енді сенің ойнайтын серігің бар. Мен бармын. Бармын ғой, иә? – деді Нэнси. Олар ас үйге кірді.
Поллианна сүт ішіп, нан жеп, жүрек жалғап алған соң, Нэнси одан тәтесіне жолығуын өтінді. Кішкентай қыз қонақ бөлмеге қарай аяңдады. Полли тәтесі кітап оқып отыр еді. Жиенін көрген тәтесі мөлиген қызды ызғарлы жанарымен бір шолып шықты.
– Поллианна, сен кешкі ас іштің бе?
– Иә, Полли тәте.
– Бәрі осылай болғаны өкінішті-ақ. Бірінші күннен бастап саған сүт пен нан берейін деген жоқ едім.
– О не дегеніңіз, тәте, мен қуаныштымын. Мен сүт пен нанды жақсы көремін. Біз Нэнси екеуіміз кешкі асты қуанып отырып іштік.
Полли тәтесі орындығына шалқайыңқырап:
– Поллианна, қазір саған ұйықтау керек. Бүгінгі күн оңай болған жоқ. Ертең сенімен бірге отырып тізім жасаймыз. Саған қандай киім-кешек алу керек екенін де анықтаймыз. Қазір Нэнсиге барып, майшам сұра. Байқа, майшамды жөндеп ұста. Таңғы ас сағат жеті жарымда. Уақытылы келесің деп үміттенемін. Ал, қайырлы түн!
Поллианна нағашы әпкесімен жылы қоштасты. Оны құшақтады да:
– Сіздің үйіңізде өзімді өте жайлы сезінемін! – деді. Оның түрінен бақыт лебі есіп тұрды. – Осында сізбен тұратыным қандай жақсы! Бәрі жақсы болатынын жолда-ақ сезгенмін, – деді де, есікке қарай аяңдады. Қонақ бөлмеден шығып бара жатып:
– Қайырлы түн, Полли тәте, – деді.
Жиені шығып кеткен соң:
– Иәә, – деді ойлы үнмен Полли бикеш, – бұл өзгеше бала сияқты.
Полли бұрышқа қарап ойланып отырды.
– Мен оны кешкі ассыз қалдырдым, жазаладым, ал ол болса қуанып жүр! – деді Полли бикеш өз-өзіне, – Тіпті, уайымдамауымды өтінді. Менімен тұрған жақсы деді. Ғажап! Бұл ғажап! – деді де қайтадан кітапқа үңілді.
Он бес минуттай уақыт өтті. Жалғыз қалған кішкентай Поллианна шатырдағы үйшікте жастығының астына басын тығып алып, үнсіз жылап жатты. Оның денесі дір-дір етіп, ішінен тынып жатты.
– Әкетай, – деді сыбырлап. – Мен қазір біздің ойынымызды ойнай алмай жүрмін. Мүлде қолымнан келмейді. Кішкентай, қорқынышты бөлмеде жалғыз жатқанымды көрсең, сенің өзің де маған не үшін қуану керек екенін айта алмас едің. Қазір мен ең болмағанда Нэнсиге немесе Полли тәтеме, тым болмаса «Әйелдер көмегіндегілерге» жақын болғанымда ғой. Мүмкін сонда қуанар ма едім?
Нэнси бұл уақытта ыдыс-аяқты жуып болып қалған еді.
– Егер мен қуыршақ орнына балдақ сыйлағанына қуанатын есер ойынды ойнауға бел бусам, – деді сүттің табағын қырғыштай жуып жатып, – егер ойнауға бел бусам, мен бұл ойынды өзімше ойнаймын. Бейшара қыз мені сүйеніш көрсе болды. Талпынамын. Тырысып бағамын. Солай дедім. Тырысамын!


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет