Реферат қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң қалыптасу тарихы



Дата14.10.2022
өлшемі32,91 Kb.
#43110
түріРеферат
Байланысты:
Реферат аза стан Республикасы арулы К штеріні рылу тарихы м


М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақмола колледжі

РЕФЕРАТ

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң қалыптасу
тарихы


Орындаған: Кенжебек Жанбота
Қабылдаған: Көпбосын Б.
Группа:9р АТУ 22-1к

Астана, 2022

Мазмұны

Кіріспе
Негізгі бөлім
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қалыптасу тарихы
Кіріспе
Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқару әрбір қазақ азаматының аса маңызды әрі құрметті міндетінің бірі болып табылады. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету- Отанымызды қорғаудағы қасиетті борышыңды өтеу деген сөз.
Отанды қорғауды біздің елімізге шабуыл жасаған сыртқы жаулармен қарулы күрес деп қана түсінбеу керек. Біз Отанымыздың күш-қуатын нығайта отырып, оны бейбіт уақытта да қорғауға ат салысамыз.
Қазір енді Отан қорғаушылар қатарында Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ұлдары мен немерелері тұр. Олар әкелері мен аталарының үлесіне тиген қатал сыннан өткен жоқ. Әйтсе де олар армиямыздың, халқымыздың қаһармандық дәстүрлеріне адал, Еліміз қауіпсіздігінің, бейбітшілікті қорғаудың мүдделері талап еткен, агрессия құрбандықтарына көмектесу керек болған әрбір сәтте қазақ жауынгері дүние жүзінің алдында қандай да болсын қиыншылықтарды жеңуге әзір тұратын, қалтқысыз, әрі ержүрек патриот, интернационалист ретінде көрінеді. 
Қазіргі армия жауынгердің ерік-жігері мен психологиялық төзімділігіне үлкен талап қояды. Ол әскери техникаларды, оның ішінде өте күрделі әскери машиналарды, ракета комплекстері мен радио электрондық жүйелерді, атомдық сүңгуір қайықтары мен дыбыстан жылдам ұшатын әуе кемелерін шебер меңгере білуі керек. Бұл жерде жауынгердің ұйымшылдығы мен тәртіптілігі қажет. Ал әскери тәртіпті білу, оны орындауға әзір тұру - өзіңнің жеке басыңды қалыптастыру мен әскери қызметке дайындалу жолындағы маңызды қадам деген сөз.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 36-бабында былай деп жазылған: “ Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады”. Бұл сөздердің мәні қандай екендігі жайында өздеріңе ұсынылып отырған библиографиялық құралдағы материалдардан білулеріңе болады.
Қазақстан армиясы

Қазақстанның егемендігі күрделі геосаяси процестер жағдайында қалыптасты. Бұрынғы КСРО–ның оңтүстік шекаралары тұрақсыздық белдемі әрі әскери қақтығыстар болуы мүмкін аймақтар ретінде сипатталды. Ауғанстандағы соғыс мемлекеттік шекараларды аттап өтіп, айқын әскери қатерге айналды.
Қазақстан территориясында КСРО–ның оңтүстік-шығыс шекараларын қорғауға арналған КСРО Қарулы Күштерінің жалпы саны 200 мың адамнан тұратын әсекери топтары орналасты. Оның құрамында стратегиялық ядролық күштердің, 40 жалпы әскери армияның бірлестіктері, құрамалары және бөлімдері, 73 әуе армиясының, 37 әуе шабуылынан қорғаныс күштері корпусы, 56 аралас авиациялық әскеи-әуе күштері корпусы, сондай-ақ тыл және техникалық жабдықтау құрамалары мен бөлімдері болды. Қалыптасқан жағдай Қазақстанда орналасқан әскерге жақсы жолға қойылған қатаң бақылау орнатылуын талап етті. Ел басшылығы бұл үшін барлық қажет шараларды қолданды. 1991 жылы 21 тамызда Қазақстан Президентінің “ Қазақ КСР- інің Қауіпсіздік кеңесін құру туралы” Жарлығы шықты.
Жарияланған егемендікті қорғау үшін, сондай-ақ, елдегі және республикадағы әскери саясатқа іс жүзінде ықпал ету үшін республикалық қорғаныс мекемесін құру обьективті қажеттілікке айналды.
Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның мемлекеттік саясатын біртіндеп жүзеге асыра отырып, 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президенті “ Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы” Жарлық шығарды. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып генерал-лейтенант С.Қ. Нұрмағамбетов тағайындалды.
Қазақстанның мемлекеттік Қорғаныс комитеті Азаматтық қорғаныс штабы мен Қазақ республикалық әскери комиссариатының негізінде құрылды. Оған “әскери жасақтарға бақылауды” жүзеге асыру, сонымен бірге әскерлердің орын алмастырып, әр түрлі әскери жаттығулар жүргізуін, әскери мүліктердің республикадан тысқары жерлерге тасымалдануын, армияның әскери қызметіндегі басқа да бағыттарды “назарда” ұстау міндеті жүктелді.
Қазақстанның Мемлекеттік қорғаныс комитеті әскери-кадрлық саясатын КСРО Біріккен Қарулы Күштері Бас қолбасшылығының келісімімен жүргізіп отырды. Мысалға, Қазақстанда тұрған бөлімдер мен құрамалардағы полк командирінен бастап жоғары қызметтерге офицерлердің тағайындалуы міндетті түрде республика басшылығымен келісілуі керек болды.
Тәуелсіз Мемлекекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы 1991 жылғы 21 желтоқсандағы ортақ әскери-стратегиялық кеңістікті және бірыңғай қолбасшылықты сақтау және қолдау туралы сөз болды. Алайда, сол жылғы желтоқсанның ортасында Украина президенті, одан соң Әзербайжан мен Молдова президенттері өздерін стратегиялық күштерден басқа, өз республикаларының территориясында тұрған әскердің бас қолбасшысы етіп жариялады. 1992 жылдың басында бірыңғай қолбасшылықты сақтау ғана емес, ТМД елдері Қарулы Күштерін біріктірудің өзі мүмкін емес екендігі белгілі болды. Бұл басқа да бұрынғы одақтас республикаларды дербес армия құруға мәжбүр етті.
1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы”, “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы” және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ.Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды.
Республика армиясының негізгі құрамында бірнеше (оның ішінде бір танк) дивизиясы бар 40 жалпы әскери армия, авиация корпусы, радио және радиотехникалық барлау бөлімшелері, жабдықтау бөлімшелері және Байқоңыр ғарыш айлағын, Семей сынақ алаңын және Сарышағандағы, Ембідегі, Арал теңізінің Барсакелмес аралындағы сынақ алаңдарын арнайы жабдықтау бөлімдері, базалар, арсеналдар, қоймалар және басқа да бөлімдер мен мекемелер құрады. Қазақстанда барлығы 200 мыңнан астам әскери қызметшілер болды, олардың қарауында стратегиялық қарудың аталған түрлерінен басқа 1200 танк және брондалған машиналар, 1500 артиллериялық жүйе және 370 әскери ұшақ бар еді.
Бұрынғы Кеңес Армиясының аталған бірлестіктері, құрамалары және бөлімдері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің негізін құрады.
Тәуелсіз Қазақстан армиясын құруда қорғаныс мәселесі бойынша құқықтық негіз қалаудың маңызы зор болды. Бұл жұмысты Президент, Үкімет, Қорғаныс министрлігі белсенді әрі мақсатты түрде жүргізді. Жас республиканың Отан қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдары өз уақытында және тиісті деңгейде дайындалды. 1992 жылы 22 қыркүйектің өзінде-ақ Жоғары Кеңес “ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Қорғаныс туралы” Заңды қабылдады. Төрт айдан кейін – 1993 жылы 19 қаңтарда “Жалпыға бірдей әскери міндет және әскери қызмет туралы”, ал екі аптадан кейін – 1993 жылы 1 ақпанда “ Әскери қызметшілердің және олардың отбасының мәртебесі әлеуметтік қорғалуы туралы” Заңдар күшіне енді. Сондай-ақ, 1993 жылы 11 ақпанда Президент бекіткен Қазақстан Республикасының алғашқы әскери доктринасы ұжымдық түрге дайындалды. Ол соғысты болдырмау, қорғаныс қуатының жеткіліктілігі, ТМД елдерімен өзара көмек одағы принциптеріне негізделді. Доктрина ережелері мемлекеттің сыртқы саяси және әскери қызметінде кеңінен пайдаланылды.
1992 жылы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) қатысушысы болды, ал сол жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданды. Кеңестер Одағының шарттары мен міндеттемелерінің құқықтық мұрагерлігін мойындайтынын мәлімдей отырып, Қазақстан өзі қол қойған шарттар мен келісімдерді, оның ішінде қаруды шектеу мен қысқарту мәселелері жөніндегі міндеттерін де адал орындап келеді. Орташа және шағын радиусты аумақта әрекет ететін ракеталар келісімдерде көрсетілген мерзімдер ішінде біртіндеп жойылды. Стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқарту және шектеу жөніндегі шарт негізінде құрлықаралық баллистикалық және қанатты ракеталар кезекшіліктен алынып, 1995 жылдың ортасына қарай Ресейге жеткізілді, бұл қарумен жабдықталған құрамалар біртіндеп республика аумағынан шығарылды. 1998 жылы 109 жауынгерлік және оқу шахталық іске қосу құрылғысы, 16 оқу және командалық пункт таратылды. Сол мерзімде Байқоңыр сынақ алаңында 10 сынақтық шахтаның іске қосу құрылғысы, Дегелең тауларындағы 12 құрылғы, 187 штольняның 181-і және Семей сынақ алаңының Балапан алабындағы 13 ұңғыма жойылды. 1991 жылы 29 тамызда жабылған ядролық сынақ алаңының негізінде 1992 жылы мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылып, Курчатов қаласы республиканың ядролық физика және экология проблемаларын зерттеу саласындағы ғылыми әлеуетін шұғыл көтерді.
Қарулардың бір түрлерін жойып, енді біреулерін қысқарту жөніндегі шаралар шет ел бақылаушыларының қатысуымен немесе әскери техника мен қару орналасқан аудандарды одан әрі бақылауға алу арқылы жүзеге асырылды. Қазақстандық нысандарда инспекциялық сапармен 16 мемлекеттен келген 33 инспекторлар тобы болды. Өз кезегінде қазақстандық өкілдер Германия, Польша, Италия аумағындағы шарттарды жүзеге асыру жөніндегі көп ұлтты инспекцияларға қатысты.
Республиканы ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру идеясын республика жұртшылығы әр түрлі қабылдады. Ядролық қуатты сақтау идеясын жақтаушылар да табылды, онсыз елдің қауіпсіздігі мен территориясының тұтастығына кепілдік жасау мүмкін емес деп сендірді олар. Президент Н.Ә.Назарбаевтың, Сыртқы істер министрлігінің және Қорғаныс министрлігінің күш-жігерімен оларды тыныштандырып, оңтайлы нұсқаны таңдап алуға қол жетті. Біздің жерімізде сақталып келген ядролық қуаттан бас тарту 1994 жылы желтоқсанда Ресей, Англия және АҚШ-пен бірге “Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа Қазақстан Республикасының қосылуына байланысты Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы меморандумға” қол қойылуы арқылы заңдастырылды. Біздің еліміздің қауіпсіздігіне кепілдікті Қытай мен Франция да берді.
Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасы шет елдермен қарым–қатынасқа үнемі көңіл бөліп келеді. Ол ешбір елді жау ретінде санамайтынын және оларға территориялық та, басқа да ешқандай талап қоймайтындығын мәлімдеді. “Шанхай бестігі” Үкіметтерінің – Ресей, Қазақстан, Қырғызстан,Тәжікстан және Қытайдың біріге күш жұмсауымен ҚХР-дың солтүстік көршілерімен арадағы шекарасы туралы ондаған жылдар бойы сақталып келе жатқан түсініспестік жойылды. Оның ішінде Қытайдың Қазақстанмен шекарасы делимитацияланды, одан соң бүкіл шекара бойында демаркация жүргізілді. Қазақстан Республикасының Ресеймен, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарасын делимитациялау басталды. Соның өзінде аталған мемлекеттер ортақ кедендік кеңістікті және адамдардың, көлік құралдары мен тауарлардың еркін қозғалысын сақтауға тырысып отыр. Тек қана есірткі заттарын, қаруды тасымалдауға және діни, саяси экстремизмге бөгет қойылады.
Барлық билік тармақтарының күш жұмсауымен Қазақстан өзінің бүкіл шекарасы бойында қауіпсіздік белдемін жасауға қол жеткізді. Республикадағы тұрақтылық жағдайы бүкіл әлемдегі өзгерістерге әсер етуде. Блоктардың бір-біріне текетіресі аяқталуымен бірге қырып жоятын ядролық және басқа да қару түрлерін қолдану арқылы дүниежүзілік соғыс тудыру қатері азайды. Қару-жараққа бақылау орнату жүйесі кеңінен өрістеуде, мемлекеттер арасындағы жанжалдарды болдырмау және өрістетпеу шаралары жиі қолданылуда. Алайда теріс бағыттар да жоқ емес. Ядролық қаруға тыйым салу ісі бәсеңдеп қана қалған жоқ, сонымен қатар, республикаға жақын орналасқан Пәкістан мен Үндістан – жаңа ядролық мемлекеттерге айналды. Мұның бәрі мемлекеттің өз армиясына үнемі көңіл бөлуін талап етті және талап етеді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзі құрылған күннен бастап Құрлықтағы әскерден, Әскери - әуе күштерінен және Әуе шабуылынан қорғаныс әскерінен тұрды.
1993 жылы 2 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің “ Қазақстан Республикасының әскери–теңіз Күштерін құру туралы” Жарлығы шықты. Республиканың Әскери-Теңіз Күштері құрамына 1- рангілі капитан Исламовтың басшылығымен алғашқы болып кірген 8 теңіз офицері басты база ретінде Ақтау портын таңдап алды. 1- рангілі капитан Р.А. Қомратов әскери – теңіз базасының командирі, кейінірек Әскери–Теңіз күштерінің қолбасшысы болып тағайындалып, тұңғыш қазақ контр-адмиралы болды.
1995 жылы 6 америкалық катер, бір жылдан кейін Германиядан әкелінген 4 шағын күзет кемесі суға түсірілді. Флотты кемемен қамтамасыз ету ісіне республика өнеркәсібі қосылды, жетекші рөлді Оралдың “Зенит” зауыты өз мойнына алды. 1998 жылы кәсіпорын ұжымы елдің және ТМД-ның басқа қалаларынан қосылған салалас мамандармен бірлесе отырып, алғашқы күзет кемесі “Сұңқарды”, көп өтпей екіншісі “Батырды” суға түсірді. Қазақстан Республикасының Әскери Теңіз Күштері өзінің бесжылдығын 500 матрос, старшина және Офицері бар 17 кеме мен катер құрамында атап өтті.
1997 жылы 17 қарашада Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үш жақты құрылымға ауыстырылды Жалпы әскери күштер ( оған Құрлықтағы әскер және Жедел қимыл күштері енді), Әуе қорғанысы күштері ( Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылынан қорғаныс күштері біріктірілді) және Мемлекеттік шекараны қорғау күштері (олар Шекара әскерлерінің заставалары мен бөлімдерінен, Қазақстан Республикасының Әскери-Теңіз күштерінің кемелері мен жағалау қызметінен тұрады). Сонымен бір уақытта Бас штаб Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Штабы болып қайта құрылды. Көп өтпей, алайда, Шекара әскерлерінің Қорғаныс министрлігіне бағынуының негізсіздігі айқын болып, 1999 жылдың 2 шілдесінен бастап олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына қайтарылды.
ТМД-ның әрбір елінде Қарулы Күштер құрылған кезден бастап, олардың басшылары өз қорғаныстарын ұжымдық негізде құрғысы келетіндерін мәлімдеді. Алайда, 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚШ) тек 6 ел ғана – Армения, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойды. Келесі жылы оған Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Небәрі бес жыл өткеннен кейін, 1999 жылы 4 ақпанда Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан ҰҚШ-ға мүшеліктен шығу туралы шешім қабылдағанын мәлім етті. 2-3 аптадан кейін бұл үш елдің бірінің қабылдаған шешімінің қате болғанын сезінуіне тура келді. Ташкенттің орталығында ислам оппозициясы күштері ұйымдастырған жарылыс болды. Діни уағыздармен бүркемеленген мұндай күштер Тәжікстан және Қырғызстан Республикаларында жанданды. Ауған талибтерінің, Усама бен Ладеннің және басқа да халықаралық экстремистердің қолдауына сүйенген олар Ферғана жазығында және Тәжікстанның, Қырғызстанның оған көршілес аудандарында, Өзбекстанның Сурхандария облысында ислам мемлекетін құру идеясын көтерді. 1999 жылы үкімет әскерлерінің күшінен жеңіліске ұшыраған олар 2000 жылы өздерінің арандату әрекетін қайталап, бірақ тағы да қуылды. Алайда бүкіл ортаазиялық республикаларға, оның ішінде Қазақстанға да елеулі қатер төнгені айқын болды.
Біздің көршіміз – Қытай Халық Республикасы үшін де қауіп күшейді. Бұл бұрынғы КСРО-ның ортаазиялық республикалары мен Қытай кіретін “Шанхай бестігінің” қызмет ауқымын кеңейтуге негіз болды. Шекара мәселелерін және шекаралық белдемдердегі сенім шараларын шешуге негізделген “Шанхай бестігі” терроризм қатерімен күресте де бірлесе әрекет етуге шешім қабылдады. Осы мақсатпен олардың арасында әскери-саяси ынтымақтастық кеңеюде, халықаралық террористердің қауіпті әскери қимылдарын тойтару жөнінде біріккен жаттығулар өткізу, бітімгершілік шараларға қатысу көзделуде. Осы және басқа мәселелер бойынша келісімдер 2000 жылғы наурыздың соңында Астанада өткен Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қорғаныс министрлері кеңесінің қорытындысына негізделген Бірлескен коммюникеден өз көрінісін тапты.
Бір айдан соң Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, және Өзбекстан президенттерінің екі күндік кездесуінің қорытындысы бойынша, саяси және діни экстремизмге, транс-ұлттық ұйымдасқан қылмысқа және тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін басқа да қатерлерге қарсы күрестерге бірлескен қимылдар туралы шартқа қол қойылды. Көршілес мемлекеттер басшылары мұны “Қорғаныс Одағы” деп атады. Көрші елдегі “Баткен соғысы” деп аталған жағдайлар, оның біздің мемлекетіміздің оңтүстік аудандарына өтуінің тікелей қатері “қорғаныс одағы” – ҰҚШ-ға қатысушы елдердің өзара қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, сонымен бірге бұрын басталған әскери реформаны жеделдетуді талап етті. 2000 жылы 10 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жаңа Әскери доктринаны бекітті. Ол бұрынғыша қорғаныс сипатына ие және әскери қақтығыстарды болдырмауды, оларды дипломатиялық жолдармен шешуді басты міндеті санайды. Геосаясаттағы өзгерістер терең талдана отырып, жаңа әскери доктринада жаңа қауіп қатерлердің өскені, әсіресе, оның халықаралық терроризм, саяси және діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз тасымалдау тарапынан болып отырғаны мәлімделді. Осыларды, сондай-ақ, қарулы күрес құралдары мен әскери өнердегі өзгерістерді ескере отырып, жаңа доктрина соғыстың сипаты, құрылымы және әскерлердің әскери іс-қимылдары туралы мәселелерді жаңаша түсіндіреді. Әскери қауіпсіздікті экономикалық жағынан қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен қарастырылды. Әскери доктрина негізінде, 2000 жылы 7 шілдеде “Әскери реформа тұжырымдамасы” және “Әскери құрылыстың 2005 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы” бекітілді.
Қабылданған құжаттар толығымен іске асырылуда. 2000 жылы 7 тамыздағы ел президентінің нұсқауымен Жаңа әскери-әкімшілік құрылым - әскери округтер құру басталды. Қазіргі кезде округтерде құрамалар мен бөлімдерді толықтыру, оларды орналастыру жұмыстары аяқталуда, гарнизондар ретке келтірілуде, барлық керек жарақпен қамтамасыз ету жолға қойылуда, облыстық және жергілікті өкімет органдарымен байланыс орнатылуда.
Қазақстан армиясында бөлімшелердің, бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік оқулар Ауғанстандағы соғыстың, сондай-ақ әлемнің басқа елдерінің соңғы онжылдықтағы қарулы қақтығыстарының тәжірибелерін ескере отырып жүргізіледі. Оқу сыныптарындағы сабақтар далалық-роталық және батальондық жаттығулардағы жауынгерлік атыстармен, әр түрлі ауқымдағы командалық-штабтық жаттығулармен толықтырылады.
1994 жылы 14 мамырда Әуе шабуылынан қорғаныс және Әскери-әуе күштері әскерлерінің республикалық әуе кеңістігін қорғау кезіндегі олардың өзара біріккен қимылдары мәселесі бойынша командалық-штабтық жаттығуы болды. Сол жылдың 15 тамызында Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен гвардиялық гарнизон бөлімдерінің кешенді командалық-штабтық жаттығуы өтті. 1995 жылы 3-7 қыркүйек аралығында Гвардейский поселкесінде кешенді жазғы-тактикалық жаттығу болды. Бір жылдан соң, 1996 жылы 13 қыркүйекте Әскери-әуе күштері бөлімдерінің жауынгерлік дайындығын тексеру және авиацияның, әскердің басқа түрлерінің бөлімдерімен өзара үйлесімді қимылдарын байқау мақсатында жаңа жаттығу өткізілді. Оларға қатысқан Н.Ә.Назарбаев тиісті қолбасшыларға Қазақстан Республикасы Әскери-әуе күштерінің туын және Әуе шабуылынан қорғаныс күштерінің жауынгерлік туын тапсырды.
1998 жылы 28 тамызда Жоғарғы Бас қолбасшының қатысуымен тылды қамтамасыз ету бөлімдерінің кешенді жаттығуы өтті. Жаттығуға қатысушылар үлкен жауынгерлік дайындығы барын көрсетті, тәртіпті әрі шешімтал әрекет етті. 2000 жылы сәуірде Қарулы Күштер басқармасы органдарының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшелерінің және Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы өтті. Онда контртеррористік операциялар жүргізудегі негізгі іс қимылдарды қалыптастыру тәсілдері жасалып, келісілді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзі құрылған күннен бастап Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚШ) қол қоюшы елдердің армияларымен ынтымақтастықты, өзара іс-қимылды және тәжірибе алмасуды ұйымдастыруға көп көңіл бөліп келеді. Бұл істегі алғашқы қадамдардың бірі ТМД мемлекеттері басшыларының шешімімен 1993 жылы маусымда Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын күзету үшін көмек ретінде жеке құрама атқыштар батальонының құрылуы болды.
1995 жылы 10 ақпанда “ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Әуе шабуылынан қорғаныс жөніндегі біріккен жүйесін құру туралы” келісімге қол қойылуы ТМД өмірінде үлкен мәнге ие болды. Оның негізінде Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украина әскери салада ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру бойынша нақты шараларды жүзеге асырды.
Қазіргі кезде ТМД әуе шабуылынан қорғаныс жөніндегі біріккен күштері бірлескен жауынгерлік кезекшілік, әуе жағдайы жөніндегі ақпараттар алмасу жүйесін қалпына келтіруге қол жеткізді. Жекелеген елдердегі, оның ішінде Қазақстандағы, Ресейдегі және Өзбекстандағы жүйелердің көпшілігі мұндай алмасуды автоматты режимде жүзеге асырады, бұл әуе шабуылынан қорғану күштері мен құралдарының дайындығын тиісті деңгейге дер кезінде көтеруге мүмкіндік береді. Әуе шабуылынан қорғаныс әскерлері, күштері және құралдарының бірлескен оперативті және жауынгерлік дайындығының жүйесі жолға қойылып, жетілдірілуде.
Қазақстан Республикасының Әуе шабуылынан қорғаныс күштері жойғыш авиация бөлімдерінің қарулары құрамында аэродинамикалық, ұшу және жауынгерлік сипаттары жөнінен шын мәнінде әлемдегі ең таңдаулылар қатарына қосылатын МиГ-29, МиГ-31, Су-25, Су-27 ұшақтары бар.
Көршілес елдер армияларының жауынгерлік ынтымақтастық тәжірибесіне 1995 жылы құрылған Орталық Азия батальоны (Ортазбат) ықпал етеді. Оның міндеті – Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен бейбіт жасампаздық іс-әрекеттерге қатысу. Батальон құрамына үш мотоатқыштар ротасы, зениттік-ракеталық взвод, минометті батарея, байланыс взводы, медициналық пункт және материалдық-техникалық жабдықтау взводы кіреді. Жалпы саны – 553 адам. Ресей, АҚШ, Түркия және басқа мемлекеттердің бітімгершілік күштерінің қатысуымен, жыл сайын бұл батальонның жаттығуы өтіп тұрады. Жаттығу ауданында қатысушы елдер бөлімдерінің десанттары террорға қарсы әрекеттер мен гуманитарлық тапсырмаларды орындайды.
Біздің республикамыз да қосылған НАТО-ның “Бейбітшілік жолындағы бағдарламаларын” жүзеге асыру тұрғысында, 1996 жылдан АҚШ әскерлерімен Қазақстан аумағында (“Жәрдем-99”) және АҚШ-та (“Наггет-97 кооперациясы”, Форт-Пол), түрік (“Бейбітшілік көпірі-98”), фин (“Ортазбат-99”, Тампа қ.) әскерлерімен бірлескен жаттығулар өткізіліп келеді. Олардың ішіндегі ең үлкені НАТО-ның 23 елі мен ТМД-ның 6 елінің күштері қатысқан “Бейбітшілік қалқаны-2000” жаттығуы болды.
Біріккен жаттығулар жауынгерлік қимылдардың тактикалық деңгейдегі дағдыларын жетілдіреді, барлық деңгейдегі басқару органдарының дайындық пен жаттығу жүргізу жөніндегі тәжірибелерін байытады, сондай-ақ, армиялар мен әр түрлі елдер халықтары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың артуына ықпал етеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет