Оқушылардың әмбебап технологиялық мәдениетін қалыптастыруға даярлау бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу нәтижелері мынадай қорытындылар жасауға мүмкіндік берді:
-Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің орын алуы технологиялық білім беру мазмұны мен құрылымының өзгеруіне алғышарттар болғандығын көрсетеді. Технологияны түрлендіруші іс-әрекет ретінде оның ғылыми негіздерін және басым бағыттарын зерделеуге арналған, кіріктірілген, арнайы сипаттағы жаңа оқу пәні мектепте пайда болғандығын айғақтайды.
-Оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастыру үдерісі мектепте педагогикалық үдерістің ішкі жүйесі ретінде белгілі психологиялық, дидактикалық теорияларға негізделеді. Зерттеу барысында анықталған оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары мұғалімдерді даярлауға бағдар беру қызметін атқарады.
-Болашақ мұғалімдерді оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастыруға даярлаудың тұжырымдамасы жүйелік тұғыр тұрғысынан зерттеуді және оқыту үдерісін ұйымдастыруға бағыттайды.
-Мектептегі еңбекке дайындық бағытындағы пәндер (оның ішінде «Технология») мазмұнын оқу құралдарын дайындау арқылы жетілдіру, оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастыруда мектеп мұғаліміне көмектеседі және жоғары оқу орындарында оқытуда оқу-әдістемелік құрал болып табылатынын көрсетті.
-Технология оқу пәні мазмұнындағы қарастырылатын тақырыптарды оқытуда оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық тапсырмаларды педагогикалық үдерісті проблемалық талдауға сәйкес әзірлеу қажет және оларды жоғары оқу орындары оқыту үдерісінде кеңінен пайдаланған жөн.
Оқушылардың әмбебап технологиялық мәдениеті белгілі ортада қалыптасады. Сол себепті де, біріншіден технология пәні мұғалімдерін даярлаудағы оқу жоспарына «Оқу-материалдық база және оны жабдықтау» пәнін міндетті түрде енгізу керек; екіншіден, «Технология пәнін оқыту әдістемесі» міндетті пән ретінде оқытылуы тиіс.
Зерттеу жұмысы күрделі де көпжақты мәселені толығымен шешуді мақсат тұтпайды. Төмендегідей зерттеу тақырыптары жеке зерттеу жұмыстарын жүргізуді алға тартады: оқушылардың әмбебап технологиялық мәдениетін қалыптастыру (бастауыш сыныптарда, жалпы білім беретін мектептің орта буынында, жоғары сыныптарында); болашақ технология пәні мұғалімдерінің кәсіби-педагогикалық іс-әрекетіндегі технологиялық мәдениетін қалыптастыру; мұғалімдердің өндірістік іс-әрекеттеріне тән технологиялық мәдениетін қалыптастыру және т.б.