ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
«ТҰРАН» УНИВЕРСИТЕТІ
РЕФЕРАТ Пәні:Кәсіби қазақ тілі
Тақырыбы: Таза сөйлеу – мәдениеттіліктің белгісі
Орындаған:Жунусова А.
Тексерген: Каршигаева А.
АЛМАТЫ 2022
ДАНА ХАЛҚЫМЫЗ ҚАШАННАН АНА ТІЛІНІҢ ҚАСИЕТІН СЕЗІНІП, БАҒАМДАП-БАҒДАРЛАП, СӨЗ ӨНЕРІН «ӨНЕР АЛДЫ – ҚЫЗЫЛ ТІЛ», «ТІЛ ТАС ЖАРАДЫ, ТАС ЖАРМАСА, БАС ЖАРАДЫ», «ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗДІҢ ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНІ БАР» ДЕП СӨЗДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫНА БАСА МӘН БЕРЕДІ. Расында «Қазақ тілі – рухани байлығымыздың қайнар бұлағы» деген сөз де бекерден бекер айтылмаған. Ана тіліміздің қадір-қасиетін өзімізден бастап насихаттауымыз керек. Осы тұрғыда ана тіліміздің жыртысын жырытып, тіл мәдениетін көтеруге атсалысып жүрген от ауызды ақындарымыз бен қарымды жазушыларымыз, орақ тілді шешендеріміз де жетерлік.
Еркін сөйлеп, көкейкесті ойларын толық жеткізіп, қазақ тілінің байлығын тілге арқау еткен олардың еңбектері еселі. Десек те аты айтып тұрғандай өз анасындай етіп ана тілінің қасиетін, кейбіреулер құрметтемейді.
Көбінесе бірінші орынға орыс, ағылшын тілдерін қойып, қазақ тілі жәй қарапайым тіл ретінде қараушылыққа жол беріліп келеді. Тіл мәртебесін көтеру, өзге ұлттарға үлгі көрсету кейінгі біздің парызымыз. Өйткені тілсіз білім жоқ, ал білім - өмірдің шырағы.
Соған орай қазақта “Білім кілті - тіл” деген мақал бар. Бұл әдебиетті, ғылым-білімді, мәдениетті өркендетеді деген ұғым.Одан бөлек мемлекеттік тіл – татулық пен бірліктің тірегі.
«Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып – қымтырылу, ерін ұшынан шүлдірлеп былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да аузын толтырып айтады. Қазақ сөзі қашан да даланың қоңыр желіндей еркін есіп тұрады.
Жалпы халықтық қасиеті күшті, жатық та түсінікті қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның сазындай. Асқақ әуенділігі шырқап салар әніндей. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады. Өзінің тыңдаушысын бірден баурап әкететін осы үндестік пен әсем ырғақ қазақ тілін сұлу да сиқырлы етіп көрсетеді. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің», - дейді жазушы Қабдеш Жұмаділов айтқандай “Тіл тағдыры – ел тағдыры” деп қарастыруымыз қажет.
Көз қарашығындай қорғап,орынсыз шұбарлануына жол бермей тіліміздің абыройын асқақтату борышымыз. Негізінде ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт - санамыз бен дініміз де осы ұлттық мәдениет пен тілімізге тәуелді. Себебі егеменді елдің болашағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, ұлтжанды тұлғаға айналдыруда мемлекеттік тілдің рөлі зор.
Тіл мәртебесіне келгенде зиялыларымыз бір сәтте тыныш таппаған. Оған дәлел жиырмасыншы жылдары тіл мәртебесін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс та айғақ бола алады.
Қол жеткізген ата-баба мұраты тәуелсіздіктің арайлы таңы да атты. Елбасының «Мен жастарға сенемін» деген сөзі ұлттық рухы, түсірмей, мәдениеттіліктің басты арқауы тіл дәрежесін өз тұғырына қондыру. Ол үшін әрине достық пен ынтымақ болуы керек. Өзге ұлттар мен ұлыстар достасқан қазақ елінде тек менің ғана тілімді біл деп ешкімді мәжбүрлей алмайсың. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биік екендігің де рас. Бірақ, ең әуелі туған еліңнің мемлекеттік тілін білу міндетің.
Кеңестік дәуірден келе жатқан азаматтарға еш өкпе жоқ. Десек те қазіргі таңда жастарымыздың да орыс тілінде сөйлеп, өз тілін жатырқауды шығаруы ойландырады.
Өз анасынан жерінгендей ана тілінің неліктен шетке ысырылуы тиіс. Шоқан Уәлихановша айтсақ «Тілімізді кристалдай таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиіспіз».
Әй, қайдам. Айтқанды тыңдар құлақ болса, деп кейде отырып налитынымызда өтірік емес. Ауызекі сөйлесу тілі орыс тілі болып үстемдік құрып келе жатқандығы ащы да болса ақиқат. Өзге қалаларға қарағанда Сарысу ауданы қазақылығы басым деп жатамыз. Бірақ кейінгі кезде балабақшаға бара жатқанда көбіне былдырлаған сәбине орысша шүлдіреп бара жатқан қандастарымызды көп көретін болдым. Кейбір отбасыларда ана тілінде сөйлейтіндер қатары азайып келе жатқандығы да шындық. Осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндердің қатары көбеюі болашақтың болашағына деген қорқынышты үдетеді.
Келешектің кемелдігі өз тәуелсіздігіңнің жемісімен келетін дүние емес пе?! Тіл араласу, қарым-қатынас арқылы халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Туған тіліңді қадірлеп, таза сөйлеп, оң көзқарас қалыптастыру адамдықтың адамдығы, мәдениеттілік пен тәрбиеліліктің басты тірегі болып есептеледі. Мемлекеттік тіл елдің бірлігі, мемлекеттік тіл – татулық тірегі.Тіл тағдыры кешеуілдетуге болмайтын, тіл тізгінін өз қолымызға қазірден бастап алатын мәселе. Жолда жүргенде қателік кешірілмейтіні сияқты, тілдің ертеңіне деген толғанысты да құр сөзбен емес нақыт істермен қолға далатын кез баяғыда жеткен. Өз ана тілімізсіз ел болмаймыз, келешек балаларымыздың, немерелеріміздің мәңгүрттенбей еркін сөйлеп, өсуі үшін де өз тағдырымызға немқұрай қарамауымыз керек.
Паустовскийдің: “Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік” – деп, ашына айтқаны терең мағынаны білдіреді. Шындығында ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенін ұмытып, болашағынан қол үзбек.
Өз тіліңді үйрену - өз ұлтыңды тану. Оның қасиетін, мінезін, ой, жан – дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту екенін естен шығармайық.
Қоғамда орын алатын жер-жерге, жік-жікке бөлінушілік қазақтарды, ешқашан ұшпаққа ұшырмайды, керісінше құлдырататынын есте сақтайық дегім келеді. Тұрғылықты жеріне байланысты сезілетін сөз қолданысы аясында көбіне өзгешеліктер кезігеді. Түбі бір қандаспыз, осыны ұмытпай ғасырлар бойы сақталған «диалектке» шу көтеріп, жік-жікке бөлінген жөнсіз. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қазекем. Бөлініп оңтүстік, батыс дегенше бір-бірімізбен етене араласуымыз керек. Сонда ғана ынтымағы жарасқан ел боламыз. Бір-бірімізді бөліп-жарып жүргенде "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейік". Қайта "бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып" тілімізге деген құрметті күшейтейік. Диалект сөздер жазба тілі емес, тек ауызекі тіл ғана. XX ғасырдың ортасына дейін қазақ баласы орысша қара танымайтын әженің ерлік пен батырлық жайлы сұлу сөзбен көмкерілген ертегісін естіп, мектепке дейін ауызекі тілді меңгеріп өсті. Жеті жасында мектепке барып, жазба тілдің ерекшелігімен танысқанда, айту мен жазу арасындағы ерекшелікті түсінді. Ал қазіргі әже орысша сауатты, оқыған; ол немереге ертегіні айтып емес, оқып береді. Сондықтан бала айтумен емес, жазумен тәрбиеленуде. Жазу-таңба жазылған қалпында оқылады, оқылып, айтылып, бірте-бірте нормаға айнала бастағаны осыдан.
Ғасырлар бойы біздің бабаларымыз тілді құрметтеген және бағалаған. Тіл адамның ерекше қасиеті болып саналады. Біз оның көмегімен еліміздің ертеңі болар жаңалықтар мен қуанышты да қызықты деректерді жазып, көрсете аламыз. Осыдан келіп «Тіл – жан-дүниенің айнасы» делінсе керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, жастарды таза сөйлеуге дағдыландыру, тілге деген құрметін арттырып, отансүйгіштікке баулуымыз шарт.
Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген сөзі өте орынды айтылған.
Тілге құрмет пен сүйіспеншілік адамның өскен ортасына, көрген тәрбиесіне, бойындағы намысшылдығы мен ұлтжандылығына байланысты. Сондықтан әр мектепте осындай шаралар жиі ұйымдастырылып, тіл байлығы әр ұлттың мақтанышы екендігін, әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, қорғауы, орынсыз шұбарлануына жол бермеуі қажеттігін түсіндіру қажет. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтап, тұғыры биіктей түсетіні сөзсіз. Ең бастысы, таза сөйлеу – мәдениеттіліктің бастауы екенін ұғынып, әр азамат қолынан келгенінше ана тілінің өркендеуіне өзінің үлесін қосып, атсалысуы керек.