Алпамыс батыр» жырындағы Алпамыс бейнесіне талдау Алпамыс батыр. Қазақ елі өз арманындағы ердің, батырдың образын бір Алпамысқа біріктіре сомдаған. Алпамыстың бар күш-қуаты Отанына арналады. Алпамыстың әке-шешесі оны сонша тілеп барып, аңсап көреді. Алпамыс ерекше күшті болып өседі. Оның бірінші ерлігі кемпір айтқан «Алсайшы Гүлбаршынды, қу жүгермек» деген сөзінен соң, қалың-дығын іздеп шыққанда көрінеді. Гүлбаршынды алмақ болып, Сарыбай ауылын қамап жатқан қалмақты шабады. Демек, Алпамыс—сүйгені үшін еш нәрседен шошымас, ғашықтық үшін басын тіккен жан. Гүлбаршынды алып еліне келсе, өз жүртын тайшық хан шауып, мал-мүлкін алып кетіпті. Тайшық та Алпамыстың келерінде түс көріп, сезіп сасады. Бұдан Алпамыс атағы алыс кеткен батыр екені білінеді. «Батыр аңғал» дегендей жолда Тайшық жіберген мыстан кемпір сөзіне алданып арақ ішіп, қапыда жау қолына түседі. Осы кезде Алпамыстың айрықша қасиеттері көрінеді.Туған еліне келген Алпамыс қорлықта жүрген ата-анасын, қарындасын көріп егіледі. Осыдан оның адамдық қасиеті, нәзік жүрегі көрінеді.
Қыз Жібек» жырындағы Төлеген бейнесіне талдау Төлеген - қазақ эпосы, тіпті бүкіл қазақ фольклоры үшін жаңа кейіпкер. Ол Қозы Көрпештен де өзгеше. Қозының бейнесінде батырлық қасиет көп. Ал Төлеген - нағыз лирикалық кейіпкер. Ол бай болуды, батыр болуды көксемейді. Оның арманы - өзіне лайықты сұлуды сүю, соны өзіне өмірлік жар ету. Жыршы да осыны айтады: "Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жөні бір басқа". Демек, сол кездің қоғамында осындай ой-пікір болған, яғни ел ішінде махаббатты - өте таза, бәрінен ерекше, биік сезім, оны кез келген адам біле бермейді деген ұғым қалыптасқан. Нақ осындай ерекше сезім Төлегенді әкесінің бата бермегеніне қарамастан алыс жолға жалғыз аттандырады. Төлеген үшін өмірдің мәні де, сәні де - махаббат, махаббат үшін күресіп, өмір сүру, сүйгеніңе үйлену. Сондықтан да болу керек, оның мінезі де, істері де әдеткі эпостағыдай емес. Ол аң да ауламайды, мал да бақпайды, жастайынан ерлік мінез де танытпайды, батырлық өнерді де үйренбейді. "Періште сипатты ұл" боп тууының өзі - оның ерекше сұлу болатынын білдіреді. Демек, ол батыр болмайды: Төлеген кәдімгі батырларша "сағат сайын" өспейді, бозбала кезінде ешбір ерлік іс-әрекет жасамайды. Есесіне он екі жасында өзіне пара-пар сұлу қыз іздей бастайды. Он алты жасқа толғанда ат тұяғы жететін жерді түгел шарлап шығады.