Реферат Тақырыбы: Ақын-жыраулар поэзиясындағы би-болыстар мен сұлтандар бейнесі Орындаған: Қуаныш Н. С


Бораш Б.Т. Қазақ поэзиясындағы хандар тұлғасының бейнеленуі Алматы: ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2012. -430 б



бет4/6
Дата08.05.2023
өлшемі88,91 Kb.
#91059
түріРеферат
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
Қуаныш Нұрай СӨЖ реферат

Бораш Б.Т. Қазақ поэзиясындағы хандар тұлғасының бейнеленуі Алматы: ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2012. -430 б.

3. Тəтіқара жыр-толғауларындағы Абылай хан бейнесі


Туған-өлген жылдары дəл белгісіз, ХVІІІ ғасырдың ірі суырыпсалма ақын-жырауы - Тəтіқара Абылай хан билік құрған кезде өмір сүріп, оның жақын тұтқан жорық-жырауы болған, бірақ өз жыр толғуларынан байқалатындай жəне халық арасындағы аңыз-əңгімелерге қарағанда əміршімен арасындағы қатынас кейін суып, өмірінің соңында жоқшылық тақсіретін көрген жағдайы бар. Ол Жоңғар, Цин басқыншыларына қарсы ұрыс-соғыстарға қатысып, жауынгерлерді ерлікке, күреске рухтандырған толғауларымен халыққа кең танылады. Жыраудың бізге жеткен, ақын-жыраулар поэзиясы жинақтарына енгізілген төрт толғауының үшеуінде өзі қызметінде болған Абылай ханмен əр қилы қатынастарынан мəлімет берер тұстары бейнеленеді. «Қамыстың басы майда, түбі сайда» деген жырының «Абылай хан» жинағындағы шығу тарихына арналған қара сөзбен берілген кіріспесінде жолы болмай артына жау түсіп, алдынан тасыған өзен кездесіп, жан алқымға тығылғанда ханның: «Тəтіқара, бірдеңе десейші» деген сөзіне жырау Абылай қолы астындағы атақты батырлардың атымен жауынгерлерді жігерлендіріп, өзі бас болып, тоғыз батыр қостап, судан аман-есен өтіп шығады. Жырдағы жыраудың қимылы мен тоғыз батырға берілетін қысқа мінездемелер арасынан, сөз астарынан Абылайдың да бейнесін, əсіресе əскери қолбасшылық шеберлігін көруге болады. Абылайдың, алдымен, ұрыстың ең ауыр, берекеті кететін тұсы – шегініс кезінде, күшін, сарбаздарын шашыратып алмай, жағдайды уысында ұстап отырғаны байқалады. Екіншіден, керек уақытта керек адамдары тиісті орында табылатынын, қажетті қызметін істей алатындығын байқатады. Ұрыстың шешуші сəтінде Тəтіқара осындай іс үстінде көрінеді. Үшіншіден, Абылайдың Тəтіқара сияқты қысылтаяң кезде, сол бойда табан астынан өлең жолдарын шығара алатын, əскерді жалынды сөзімен ерте алатын ақындардың жəрдеміне жүгінуі – бұл оның əскери-саяси ұтқыр əдісті тауып, оны өте тиімді пайдаланғаны деп бағалауға болады. Сөз өнерін соғыс жағдайында бұндай əскери тəсіл ретінде пайдалану Абылайдан екі ғасыр кейін екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қызыл Армия қатарына алынған қазақ А. Жұмағалиев, Қ. Аманжолов, Б. Бұлқышев, орыс М. Светлов, К. Симонов, А. Твардовский сияқты ақындардың, саяси жетекшілердің (политруктердің) ұрыс алдындағы фашист басқыншыларына қарсы айтылған жалынды сөздерін еске түсіреді. «Кебеже қарын, кең құрсақ» толғауының түсінік берілген кіріспесінде Шоқанның айтқанына сілтеме жасап, жырдың қытай əскерімен қақтығысқа байланысты туғаны айтылады. Оны Тəтіқара жыраудың мəтіндегі «Көп қытайдың жылқысы» деген жолы да растап тұр. Бірақ сол кіріспеде осы айтылғанға қайшы болып көрінетін «ал өлең мазмұны қалмақтар жайында» деп жазылған. Біздіңше, кіріспедегі пікір дұрыс, бұл арада қайшылық жоқ. Оған дəлел - мəтіндегі «Жау жағадан алғанда, Ит етектен алғанда» [22, 70] жолдары. Бұндағы «жау» – Қытай да, ал «ит» – қалмақ. Сонымен жырда Абылай жасағының қалмақтармен қақтығыстарының біріндегі болған оқиға суреттелгенге ұқсайды. Толғаудың өн бойынан шығарманың хан мен жыраудың жарастықты қатынасы кезінде туған болуы керек деген ой қорыттық, себебі жоғарыда келтірілген өлеңнің алғашқы жолынан ел билеушісінің етженді денесі, сондай толық адамдарға тəн кең пейілділікке толы сыртқы бейнесі көз алдымызға келеді. Жырдың қалған бөлігі қытаймен соғыс тұсындағы қалмақпен болған ұрыс кезіндегі əскери қимыл мəселесі қозғалады. «Көп қытай» деген тіркес жəне оның үстіне қытай жағадан алғанда, қалмақтың қапталдасып етектен алуы осы ұрыстағы екі жақ күшінің арақатынасын білдіреді, яғни қытай-қалмақ жағының күшінің тым басым екені анық. Сондықтан болар əлгі жинақтағы кіріспеде Абылай «жау қолының көптігін көріп, кейін шегінеді». Осы ісінің дұрыстығына күмəнданған болуы керек қасындағы Тəтіқарадан осы жорық туралы сұрағанында жырау осы толғаумен жауап беріпті. Өзі де күмəнданып отырған хан Тəтіқара сөзінен кейін жауға қайта аттанып, бұл жолы жауын жеңіп қайтыпты. Бірақ жырау айтқандай «Ер Абылай қорыққан жоқ» ол тек осы ұрыстағы тактиканы өзгертті. Бұл арада хан өте күрделі əскери есептің түйінін шешу керек болды. Бір жағынан, қытайлармен тікелей қақтығысқа бармай, түлкі бұлаңға салып, құйрығын ұстатпау. Ол əдісті жырау «Əншейін еңкейе бере жылысты» – деп қазақ ханының икемді тактикасын икемді тіркестермен əдемі жеткізіп отыр. Екінші жағынан, «Ақыл қалмас қашқанда, Дегбір қалмас сасқанда», – деп жырда айтылатындай біржолата қашып кетпеген соң, дегбір кетіретін, психологиялық күйреуге əкелетін үрейге жол бермей, қорықпай ұрысты қабылдағаннан кейін, енді ақыл тауып, жауды жеңудің амалын жасау керек. Бұл арадағы Абылайдың соғыс тəсілі – қазақ даласында, кең жазықтықта қалыптасқан əскери тəсіл, қашып жүріп, жауға соққы беру. Хан бұл тəсілді жырда жырау суреттегендей өзінің сенімді батырларының қимылдары арқылы көрсетеді: бірінші, «Бəсентиін Сырымбет Оқ жіберіп ұрысты» – деген жолдан қазақтардың осындай ұрыс əдісі кезінде оңтайлы жерде тоқтап, жауға тұтқиылдан оқ жаудырып, шығынға ұшыратып отырғанын ұғамыз; екіншіден, əдейі ойластырылған шегініс арасында «Бұрылып жауды шанышқан» батыр Баян бастаған жасақтың ерлігіне сүйсінеді. Тəтіқараның Абылай ханға айтылған «Кеше тоқыраулы судың бойынан...» арнау толғауы Абылай хан туралы аңызжырларда жиі кездесетін ханның кісі есігіндегі балалық кезінен қаузайтын дəстүр бойынша жырланады. Алғашқы алты жолы Абылайдың арғы түп тегінің мифтік нұсқасы беріледі. Ол бойын ша ханның түп атасы «Перінің қызы перизаттан туған Қара Мерген» деген атасы екен. Əрі қарай Абылайдың Əбілмəмбет ағасы, Төле би қызметінде жүрген кезі, жиырма жасында қазақтың үш жүзінің баласы құрмет көрсетіп «Хан көтеріп еді» деп келеді де, кілт жыр бағытын өзгертіп, сірə, Тəтіқара жырау туралы баптың басында жырау мен хан арасында түсінбестіктер болғаны айтылғандай, сондай бір ренжістік кесірінен «Үш жүздің баласын Бір баласындай көрмеді» деген желеумен онымен қатынасты үзіп, «Хан талау қылып алуға» шақырады. Аяқ астынан болған жырау көңілінің құбылуын, «хан талау» сияқты ауыр жаза тарттыруға шақыруын бірден ұғып, қабылдау қиын. Қазақ хандық жүйесіндегі «Хан талау» рəсімі туралы бірінші тараудың үшінші бабында айтылған болатын. Бұндай ханға арналған қоқан-лоқыны түсінуге аздап та болса көмегі бар, осы жырдың екінші бір нұсқасы деп те қабылдауға болатын «Абылай хан» жинағында (1993 жыл) басылған «Абылай ханға көңіл айту» деген атпен берілген үш бөліктен тұратын жыр топтамасын қарастырып көрейік. Жыр алғаш «Егеменді Қазақстан» газетінде 1991 жылы басылған. Жырдың бірінші бөлігінде Абылай ханның баласы Жанбай қаза тапқанда орта жүзден Жəнібек батыр қазақтың дəстүрлі салтымен естірту жырын айта бастайды. Сол жерде бір қария отырған əлеумет рұқсатымен батырдың сөзін бөліп, ерттеулі аттың он екі омыртқасының «Қару жарақ қаттаумен Ер-тоқымды көтеретіндігі» сияқты Жəнібектің ел тірегі екенін тұспалдап айтады. Батыр өзінің мұндай қасиетін ат омыртқасына теңегенін кемсіткендей көріп, «Мені кімге теңедің?» деп тепсінеді. Абылайға арнап əрі қарай жалғастырған сөзінде Тəтіқара айтқан мəтіндегідей «Халық жиылып келгенде, сөзге құлақ салмады,.. Жазғаным естірткенім еді» деген сияқты ренжулерін күшейтіңкіреп қайталап, ханның қаза болған баласының қайғысымен еңсесін көтере алмай жатқанымен ісі болмай, өзіне құлақ аспағандай көрінгеніне Жəнібек одан сайын қаһарға мініп, халықты «Хан талапай қылуға» үндейді. Сол жырдың жалғасы болып табылатын үшінші бөлігінде ұлы жүз жақтан келген бір баланың орынды сөзі Абылай ханның басын көтерткізеді. Жырдағы оқиғаның бұлай шиыршық атып асқынуына байланысты мынадай ой-түйіндер туындайды: 1) Тəтіқара да Жəнібек батыр сияқты ханға бір реніші болған; 2) ол реніш те Жəнібектікі сияқты болмашы нəрсеге байланысты болғанға ұқсайды; 3) екі жырдағы да айыптаулардың орынсыздығы, жүдə қисынсыздығы бұларды бізге айтып жеткізушілердің ойдан шығарған бір дүдамалы деп жорамалдаудан басқа реті жоқ; 4) немесе Абайға қол көтерген Оразбайлар, сол Абылай ханға тиіскен бесмалайлықтар сияқты қазақ арасында болатын ұлы адамға тиісуді дəреже көретін жөнсіз тентектік, мəжнүндік деу керек; 5) Əйтпесе қанша өкпе, реніш болғанмен, майдандас қанды көйлек серігі болған Тəтіқара жыраудың да, сенімді батырларының бірі болған Жəнібектің де «хан талауға» шақыруы, шындыққа да, қисынға да мүлдем жуыспайды, олардың ханға қатынасынан туындамайды; 6) Оның үстіне «хан талау» тəртібі ел сенімін ақтамаған, қорқаулығымен жексұрын болған, ескертулерден кейін түзелмеген əміршіге ғана қолданылатыны белгілі. Жырдың үшінші бөлігінде осы дау-дамай кезінде билікке араласқан бала Абылай ханның Қазақ қоғамындағы сол кездегі беделін, ерекше орнын мынадай сөздермен дəл жеткізеді: «Үш жүздің баласы Ағып жатқан Үш өзен емес пе еді, Абылай? Сен біткен алтын бəйтерек Емес пе едің, Абылай?» Ал бұндай ел құрметіне бөленген ел билеушісіне қарсы əлгіндей бопсалауға үндеу – ол сол адамның өзін абыройдан айыратын, бос аран дату болып қабылданатын іс еді. Сонымен, Тəтіқара толғауларында Абылай ханның ел билеудегі бейнесіне жаңа деталь, штрихтар қосылып, айқындала түсетіні байқалады. Біріншіден, жаугершілік заманында елдің қорғаныс қабілетін күшейту мақсатында: а) айналасына қазақ даласының əйгілі батырларын топтастырады; б) ел шетіне келген қандай жау болса да қытай болсын, қалмақ болсын тойтарыс беріп, «Дұшпанға табан тіреді» деп көрсетіледі; Екіншіден, Тəтіқара толғауларында Абылай ханның қол басшылық шеберлігінің шыңдалған тұстары, əсіресе күші əлдеқайда басым жау əскеріне қарсы қолданған түрлі тактикалық əдіс-тəсілдері туралы дəлелдердің жеткілікті екендігіне назар аудардық; Үшіншіден, ханның жау шапқыншылығы күшейген кезде алдымен елдің тұтастығын, биліктегі тəртіпті нығайтуға бағыт ұстағаны аңғарылады: а) жиырмаға келгенінде жырда «Үш жүздің баласы Ақылдасып,.. хан көтеріп», ал тарихта ресмитүрде хан көтерілмей, екінші хан болып жүріп-ақ, ел билігін қолына алады; ə) осындай қиын заманда ішкі тəртіпті бекітуге хан қатаң шешім қабылдаған сияқты жəне ол кейбір өзін тым еркін ұстаған жыраулар мен батырларға ұнамай олардың қоқанлоқы жасағысы келген бұлқынысы біз талдаған кейбір жырлардан байқалады; б) біздің талдау-тексеруіміз, болжауымыз бойынша Тəтіқара жырау да, Жəнібек батыр да жырлар мəтіні бойынша Абылай ханға «Хан талауға» шақыруларына ешқандай негіз жоқ екені дəлелденеді. Бұл айтылған жырларды кейінгі ауызша жеткізушілердің қиялынан туған ханға қарсы топтардың ісі болу керек деп болжадық; Төртіншіден, Тəтіқараға дейінгі фольклорлық үлгілерде, жыраулар толғауларында біз хан бейнесінің біртіндеп ашылу барысындағы бірыңғай даму процесімен ұшырасып отырдық. Ал бұл жолы жыраудың жеке шығармаларын талдау кезінде «Артық туған Абылай» – деп оның кемеңгерлік бейнесін, əсіресе əскери қолбасшылық шеберлігін көрсететін «Кебеже қарын, кең құрсақ» толғауынан бастап, əлі де ханға ықыласы дұрыс, бірақ көңілінде кірбің болуынан ба оның атын атамайтын «Қамыстың басы майда, түбі сайда» туындысымен жалғасып, көңілдегі кірбіңнің түсінбестікке, одан «Үш жүздің баласын Бір баласындай көрмеді» деген өкпесін білдіріп, ренжістікке ұласу кесірінен «Кеше тоқыраулы судың бойынан...» деген толғауында онымен ат құйрығын кесісіп, «Хан талау қылып алуға» шақыруға шейін баратын бұрынғылардан өзгеше хан бейнесін кейіптеуде кері процесс көрсетілуінің куəсі боламыз. Бұл жоғарыда атап өтілген Абылай бейнесін берудегі жаңа деталь, жаңа штрих.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет