Қорытынды Қазіргі нарықтық экономика жағдайында Қазақстанның әлеуметтік құрылымы бұрын-соңды болмаған күрделі өзгерістерге ұшырап отыр. Егемеңдік, тәуелсіздік алған уақыттың ішінде республиканың әлеуметтік құрылымында жаңа таптар, топтар, жіктер пайда болды. Олар: бизнесмендер, кәсіпкерлер, фермерлер, банкирлер, алуан түрлі жеке фирмалардың, дүкендердің, қонақ үйлерінің, мейманханалардың және т.б. жеке меншік иелері. Тіпті бұдан басқа да өзгерістер бар. Қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік-экономикалық топтар екінші бір топтарға ауысып, өтіп жатыр, демографиялық жағдай, ел-жұрттың миграция мәселелері мен үдерістері де ерекше болып отыр. Жалпы алғанда, негізінде лауазымды қызметке, табысқа және экономикалық жағдайға байланысты қоғамда топқа, жікке бөлінушілік күшейе түсуде. Осылардың нәтижесінде Қазақстанда ауқатты, дәулеті орташа, кедей адамдар пайда болды. Қоғам мүшелерінің бұлайша жіктелуіне меншік формасының өзгеруі, жалпы нарық қатынастарының орын алуы ықпал етті. Осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстаңдағы әлеуметтік иерархияны шартты түрде жоғары тап, орта тап, төменгі тап деп бөлуге болады. Алайда бұлардың өзі бір текті емес, әртүрлі деңгейде. Нарықтық экономика Қазақстанның әлеуметтік құрылымына зор әсер етіп отыр, өйткені меншік нысанының алуан түрлілігі жалпы экономиканың одан әрі бөлшектелінуін күшейтті. Осыларға сәйкес меншіктің жеке, корпоративтік, акционерлік, ұжымдық, жартылай жеке, жартылай мемлекеттік және т.б. сияқты жаңа типтері қалыптасуда. Орта, кішігірім мекемелерге, сауда үйлеріне, мейманханаларға, дүкендерге, әртүрлі акционерлік қоғамдарға қожалық ететін топ пайда болды. Қазақстанда меншік иелері – ірі, орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын бизнесмендер тобы қалыптасу үстінде, олар қоғамның ілгерілеп дамуына елеулі ықпал ететін заңды әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Бірақ олардың көлемін санмен көрсету әзірге қиын. Еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтануында орта және шағын бизнестің рөлі зор. Жалпы алғанда, қазіргі Қазақстан қоғамында бір таптың, топтың, жіктің екінші бір тапқа, топқа, жікке ауысуы және көлденең сызықтары арқылы даму түрлері біршама жиі болып отыр. Мысалы, республикада бұдан 4‑5 жыл бұрын орташа табысы бар немесе кедей адамдар қазіргі уақытта бай коммерсанттарға, бизнесмендерге, кәсіпкерлерге, банкирлерге айналды, көбі өз алдына мекеме, мейманхана, қонақ үйлердің, дүкендердің және т.б. қожайындары болды. Бірақ, бұлардың кейбіреулері қайтадан қарыздар болып, кедейшілікке ұшырады. Мұндай құбылыстардың болып тұруы республикада нарықтық экономиканың әлі тұрақсыздығымен, қоғамдағы демократиялық үдерістердің әлсіздігімен, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің тиісінше қорғалмауымен, заңдылықтардың қатаң сақталмауымен, қоғам мүшелерінің құқықтарының бұрмалануымен түсіндіруге болады. Қазіргі қазақ қоғамының кейбір стратификациялық даму бағыттарын былайша белгілеуге болар еді. Жұмыспен қамтылу құрылымында өзгерістер баяу жүріп жатыр. Өндіріс орындары мен ауыл шаруашылық саласының артта қалуы адамдарды өз бетімен жұмыс табуға мәжбүрлеп отыр. Мүліктік белгілер бойынша қатты бөліну жүріп жатыр. Ең байлар және ең кедейлер жіктері жылдам қалыптасуда. Қоғамның әлеуметтік сипатын анықтайтын орта таптың қалыптасуы баяу жүруде. Әлеуметтік мобильдік өкімет мекемелерінде де орын алады. Бұлар саясаттың өзгеруіне, парламенттің, үкіметтің, жергілікті басқару ұйымдарының жиі ауысуына, саяси реформалар мен басқарудың жаңа оңтайлы түрлерін іздестірумен, т.б. тікелей байланысты. Соның нәтижесінде біреулер бүгін министр немесе депутат болса, ертең жәй қызмет атқаруға мәжбүр болады немесе жұмыссыздар қатарына қосылады. Бұл үдеріс дамыған Еуропа еддерінде 2‑5%-дан артпайды. Ал, ТМД елдерінде, оның ішіңде Қазақстанда бұлар 15‑25%-ға дейін көтерілген. Қалалардағы тұрмыстық қызмет көрсету саласында жұмыс, қызмет істеушілердің саны көбеюде. Кейбір дамыған елдерде бұл салада 50%-дан астам жұмысқа қабілеті бар адамдар істейді. Бұл құбылыстың да алуан түрлі себептері бар. Олардың бастылары: көптеген өндіріс орындары ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін, әсіресе, автоматтандыру, кибернетиканы кеңінен қолданып, көптеген жұмыс қолын өндірістен босатты, олар жұмыссыз қалды. Сондықтан олар тұрмыстық, қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүр.
Пайдаланған әдебиеттер: 1. Тұрғынбаев Ә. Х. Социология. Алматы – 2001.
2.Булатова А.Н., Исмагамбетова З.Н. Курс лекций по социологии. Алматы – 2000.
3.Әбсаттаров Р., Дәкенов М. Әлеуметтану. Оқулық – Алматы: Қарасай, 2009ж.
4.Рахметов Т. Социология Алматы 2004ж.
http://emirsaba.org