Өнерлі бала Өсер анасына еріп, жақын ағайындарына қонаққа келді. Бұл үйде Бекжан деген бала мен оның қарындасы Гүлжан бар екен.
Үш бала үлкендерге араласпай, бөлек бөлмеде ойнады. Бекжан мен Гүлжан барлық ойыншықтарын жайып салды. Олардың ішінен Өсерге «Зымыран» ойыншығы қатты ұнады.
Әлден уақытта Өсерді анасы шақырды. Ол отырып, шай іше бастағаны сол еді, баж етіп жылаған Гүлжанның дауысы естілді. Іле-шала ол ботадай боздап жылап кірді. Қолына «Зымыран» ойыншығын ұстап алыпты.
– Не боп қалды?
– Бекжан мынаны сындырып тастады...
– Гүлжан, – деді осы кезде орнынан тұрған Өсер, – жүр, өзіміз жөндеп көрейік.
Әлден уақытта қонақ бөлмеге Гүлжан жүгіріп келді.
– Әке, ана! Міне, жүреді! – деді.
– Өсер, Өсер жөндеді! – деді енді ғана батылдана есік алдына келіп тұрған бүлдіргіш Бекжан.
– Жарайсың, балақай, өнерлі екенсің! – деп мақтай бастады бәрі. «Өнерлі өрге жүзеді» дейді халық.
Ермек Өтетілеуұлынан [13, 24-25]
1. Мәтінді оқығаннан кейін сыныптағы оқушыларды ақылдының алты қалпағына сәйкесінше бөлесіз.
2. Әрбір топқа қалпақтың түсіне сәйкес тапсырма бересіз.
3. Ақ қалпақ атты топтағы оқушыларға келесі тапсырманы бересіз:
Мәтін мазмұны бойынша төмендегі ақпараттардың дұрыс-бұрыстығын анықта.
Өсер анасымен бірге қонаққа келді.
Бекжан, Гүлжандармен қосылып кітап оқыды.
Гүлжан дауысын шығармай жылады.
«Зымыран» ойыншығы Өсерге ұнады.
Өсер ойыншықты желім, ермексаздың көмегімен жөндеді.
Өсерді өнерлі бала екенсің деп мақтады [13, 25-26].
4. Мәтін кейіпкерлерінің жағымды әрекетін сипаттауға деген тапсырманы сары қалпақ атты топқа берсіз.
5. Мәтін кейіпкерлердің жағымсыз әрекетін сипаттауға деген тапсырманы қара қалпақ атты топқа бөліп бересіз.
6. Қызыл қалпақ тобына мәтінді оқығаннан кейін қандай әсер алғаның туралы айтып беруін тапсырасыз.
7. Жасыл қалпақ атты топтарға кейіпкерлердің іс-әрекеттерін өзгертіп, мәтінді басқаша етіп баяндауды тапсырасыз.
8. Көк қалпақ атты топқа қорытынды жасауға тапсырасыз. Яғни, олар соңғы сөзді айтады.
Бұл әдіс мәтінді барлық жақтарын талдауға және оқу үдерісін қызықты етіп өткізуге мүмкіндік береді.
Жоғарыдағы белсенді әдіс тәсілдермен жүргізілген жаттығулар келесі мақсаттарды жүзеге асырады: тыңдалған/оқылған материал бойынша ашық және жабық сұрақтарға жауап беру; мәтін мазмұны боынша пікір білдіруге бағытталған сұрақтар құрастыру және жауап беру.
Аталған әдістерді сабақта қолдануының арқасында кез-келген сабақты қызықты да, ерекше де етіп өткізуге көмектеседі.
Бұл бөлімді қорыта келе, бастауыш сыныптарда мәтіндегі сөздермен, сөз тіркестерімен, сөйлемдермен, абзацтармен де жұмыс жасалынады. Мәтінмен жұмыс жасау арқылы бастауыш сыныптағы оқушы сөйлем ішіндегі сөздердің байланысын, абзацтағы сөйлемлердің байланысын, мәтіндегі абзацтардың байланысын біліп, автоматты түрде өзі мәтіндерді құрастыра алады, граматикалық сауаттылығын дамытады.
Мәтінмен жұмыс жасағанда оқушының сөздік қоры да молаяды. Себебі, әртүрлі мәтіндерді оқыған кезде балаға белгісіз сөздер кездеседі. Белгісіз сөздер кездескенде мұғалім міндетті түрде сөздіктермен жұмыс жасайды, белгісіз сөздің синоним, омоним, антоним сөздерді қолдана отырып мысал келтіреді.
Сондықтан да, бастауыш мектепте мәтінмен жұмыс міндетті түрде күнде жасалынады.
Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық, орфографиялық, грамматикалық сауаттылықтарын дамыту мәтінмен жұмыс жасау арқылы жүзеге асыруға болады. Соның ішінде, қазақ тілі сабағында мәтінмен жұмыс сөйлемді талдау, орфографияны, тыныс белгілерді дұрыс қолдану мен түсіндіру, сөйлемдегі сөздерге морфологиялық талдау жасау, сұрақтарға жауап беру, тиісті мақал-мәтелді таңдау, өз ойыңмен бөлісу және т.б. тапсырмалардан тұрады. Сонымен қатар, мәтіндерге арналған тапсырмалардың сипатын және олардың орындалу ретін мұғалімнің өзі анықтайды. Ал мәтінді түсіну мен талдау үшін әртүрлі белсенді әдіс тәсілдерді қолдану, бастауыш сынып оқушыны білім беру процесіне қызыға енуіне, мәселені жан-жақты түсінуге, шешуге, қорытуға мүмкіндік береді.
Тілдік жүйенің интуитивті сезімі дамыған бала тек үлгілерге қарап, електеушілікке сүйеніп қана қоймай, сонымен қатар «өзіндік білім алу» нәтижесінде өзінің коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге дағдыланады.