2022-2023 оқу жылы ХV ғ. мен ХIХ ғ. бірінші жартысы аралығындағы Қазақстандағы педагогикалық ой – пікірлер. Жоспары: 12.1. Қазақстанның Ресейге қосылуы.
12.2. Бұхар Жырау, Махамбет Өтемісұлы, Дулат Бабатайұлының педагогикалық көзқарастары.
Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін жергілікті басқару бөлімдерінде шенеуніктер мен аудармашылар даярлайтын орыс-қазақ және орыс-түзем мектептерін ашу қажет болды. Осы мақсатпен Омбы қаласында Азиат училищесі (1789) ашылып, оған қазақ балалары да қабылданды.
1841 жылы Жәңгір хан Бөкей Ордасында қазақ балалары үшін мектеп-пансионат ашты.
1825 жылы Орынбор қаласындағы татар мектебінің негізінде Неплюев кадет училищесі (1844 жылы –кадет корпусы), 1846 жылы Сібір әскери училищесі базасында – Омбы кадет корпусы ашылды. Бұл оқу орындарын Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, Халиолла Өскенбаев және т.б. оқыды.
1850 жылы Орынбор шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін 7 жылдық мектеп ашылды. Осы оқу орнының түлегі, педагог Ы.Алтынсаринің басшылыгымен 1864 жылы Торғай қаласында тұңғыш қазақ мектеп-интернаты ашылды. Ол «Қазақ хрестоматиясын» (1879) «Қазақтарға орыс тілін оқытудың бастауыш оқу құралын» (1880) жазды. Ы. Алтынсарин тек мәтіндерді жаттауға ғана негізделген діни оқытуға қарсы болды. Ол ашқан қазақ-орыс мектептерінде ежелгі ғылымдармен қатар дін тарихы да оқытылды. «Мұсымандық тұтқасы» оқулығында ол адамгершілік, тектілік тәрбиесінің діни принциптерін оқушыларға түсіндірді.
Қазақ жырауларының толғау тебіреністері, қанатты сөздері өзінің тəлімдік шарапаты жағынан ғана емес, сонымен бірге рухани, эстетикалық, отаншылдық мəні жағынан да аса маңызды болды. Жыраулар жауынгерлік заманда хандар мен бектердің, қолбасшы батырлардың ақылгөй кеңесшісі болып, жорығына бірге аттанды, ру-тайпаларына басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көріністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, шейіт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлісті. ХV-ХVІІ ғасырлардағы жыраулар шоғырынан өздерінің тəлімдік идеяларымен Асанқайғы, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар жырау секілді дала философтары ерекше көзге түскен еді. Халқының
қамын жеп, оның береке-бірлігін, келешектегі бағытын, көрер күнін аңсаған Асанқайғы (XV ғ.) өз отандастарының алдағы тағдыры ие болмақ деген толғаныспен күн кешті. Содан да болар, ел аузында оның есіміне "қайғы" деген ат қосақталып, аңызға айналды. Қазақтың халық педагогикасының ең алғашқы іргетасының қалануына негіз болған Асанқайғының, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қазтуған, Шалкиіз, Үмбетей,
Сыпыра, Доспамбет, Бұқар, Жиембет, Марғасқа, т.б. көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын атап өткен жөн.
ХV-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын жырауларының поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-дəстүрін, ой-арманы мен тілек мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені, жыраулар толғауларынан халықтың кейбір нəзік сырлары, мұң-мұқтажы, ой-толғанысы, қуаныш сүйініші, келер ұрпаққа айтар өнегелі өсиеті өзекті орын алған. Яғни, олар халықтың тəлім-тəрбие мектебінің ұлағатты ұстаздарының рөлін атқарды.
Қазақтың тəрбие мектебі ақын жыраулар мен билердің өсиеттері, ғибраттары жəне халық мақал-мəтелдері, тыйым сөздері мен ұлттық салт-дəстүрлері, əдет-ғұрпы десек, артық болмайды. Халықтың осы қағидалар, шын мəнісінде, жас ұрпақ түгілі, ересек адамдарға да үлкен əсерін тигізді, ұлттың сана-сезімін оятты, тəлімдік-тəрбиелік, танымдық мектебіне айналды. Жалпы ХV-ХІХ ғ.ғ. ақын жыраулар поэзиясын сөз еткенде, олардың халық үшін еткен еңбегіне, ой-қиял өрістеу өресіне, қимыл, əрекет ісіне қарай үш топқа бөліп: жауынгер жыраулар (Доспамбет, Жиембет, Ақтамберді, Махамбет); мəмілегер (Асанқайғы, Сыпыра, Үмбетей, Бұқар); тəлімгер (Шал, Базар, Майлықожа) деп шартты түрде жіктеуге болады. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен де, өнегелі ісімен де халыққа белсене қызмет етіп, ел ұйытқысы, тəлім-тəрбие мектебінің ұстазы бола білді.
Қазақстанның Ресейге қосылуы XIX ғасырдың орта кезінде аяқталды. Патша өкіметінің сол кездегі шет аймақтарының бірі - Қазақстанда отарлау саясатын іске асырғанына қарамастан, бұл қосылу үрдісінің прогрессивтік мəні болды. Осыған байланысты Ф.Энгельстің мынадай бір айтқан пікірі еріксіз ойға түседі: "Ресей, шынында да, Шығыс жөнінде прогессивтік рөл атқарады... Ресейдің үстемдігі Қара теңіз бен Каспий үшін өркениеттік мəңге ие", -деп жазған болатын. Демек, бұл айтылған ойлардың қазақ халқы үшін де тікелей қатысы бар деп есептейміз.
Қазақстанның Ресейге қосылуы маңызды нəтижелерінің бірі — қазақ еңбекшілерінің орыс халқының озық демократиялық бағыттағы мəдениетімен жəне білімімен, сол арқылы прогрессивтіəлемдік мəдениетпен жақындасуы.
Қазақстанның Ресейге қосылуының қазақ халқының саяси-экономикалық жəне мəдени өмірінде елеулі өзгерістер əкелді Елімізде озат экономика мен өндіріс қатынастарының дамуына мүмкіндік жасады. Сонымен қатар еліміздің Ресейге қосылуын бүгінгі уақыт талабына орай дұрыс бағалайтын
болсақ, "қосылу" бастан аяғына дейін ерікті болмағандығын, ескеруіміз керек. "Ресей империясының құрамына қосылуының тек прогрессивтік мəні болды, əйтпесе, қазақтың тоз-тозы шығып, қаңғып, дербес өмір сүре алмайтыны айдан анық болған, сауаттылығы жоқ, қараңғыел патриархалды-феодалдық өмір шырмауынан құтылмас еді" дейтін ұшқары да, бір жақты пікірді сан рет естіп келдік. Осыдан, қазақ халқының өткен ғасырдағы тарихы сыншылдықпен, объективтік тұрғыдан айтылмады. Отаршылдық саясаты өз еркімен қосылудың көлеңкесінде қалдырылды. Патша өкіметінің өзінен кейінгі қалдырған ауыр мұрасының бірі еңбекшілердің білім беру ісі
мен мəдениет саласында қараңғы қапаста шектен тыс тоналғаңдығы еді.
Əсіресе, Қазан төңкерісіне дейін Ресейді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің жағдайы өте ауыр халде болды. Жоғары дəрежелі бір чиновниктің қазақтар туралы Орынбор əскери генерал- губернаторы, граф Сухоленге жазған хаты осы саясатты дəлелдей түскендей. Онда былай делінген: "Мен қырғыздардың (қазақтардың) қамын жеп, олардың көзін ашып, оларды еуропа халықтарының дəрежесіне жеткізбек болатын филантоптардың мəңгі-бақи көшіп жүретін малшылар болып қалуын, олардың еш уақытта егін екпеуін, ғылымды ғана емес, қолөнерін де білмеуін шын жүректен тілеймін".
Патша өкіметі қазақ даласында халық ағарту ісін дамытумен, жаңа мектептер ашуға бөгет жасады. Осы орайда айта кететін жайт: "төңкеріске дейінгі қазақ халқының сауатсыз болғаны рас, ешқандай дəлелдеуді қажет етпейтін шындық, ал қазақтар түгелге дерлік сауатсыз болды делініп келген тезисті бүгінгі танда қайта қараудың қажетті уақыты келгенін айта кеткен жөн".
Дегенмен патша өкіметі амалсыздан қазақ ақсүйектері мен байлардың балаларына біраз білім беріп, олар үшін орыс-қазақ мектептерін ашуға мəжбүр болды. Қазақ жеріне қоныстана бастаған орыстар шұрайлы егістік жерлерді, мал жайылымдарын заңсыз тартып алды, бағынбағандарды жазалады. Мектептер мен шіркеулер салып, балаларды шоқындыру мен орыстандыру саясатын жүргізді. Патшалы Ресей бай сұлтандардың балаларына арнап мектептер салды.
Осындай мақсаттағы оқу орындары Қазақстанда 1789 жылы Омбы қаласында "Азиатское училище" жəне 1841 жылы Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасында қазақ бай-феодалдарының балаларына арналған мектептері ашылды. Орыстандыру, отарлау саясатын қатты сынаған Мұрат
Мөңкеұлының, Шортанбай Қанайұлының, Дулат Бабатайұлының шығармалары халық арасында кең тарады. Отарлау саясатына қарсы Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттың көтерілістер қазақ даласында 15-20 жылға созылды.
Бұқар жырау(1693—1787 жылдары). Оның туған жері — Жиделі Байсын өлкесі. Дәл туған жылы белгісіз, мөлшермен, XVIII ғасырдың соңғы ширегі. Руы — арғын. Бұкар жырау 1702 жылы Бұхарадағы Кекілташ медресесін бітіріп, бірнеше тілде еркін сөйлейтін дәрежеге жетеді. Әсіресе парсы, араб тілдерін жетік үйреніп шығады. Медресе бітірген соң Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи мешіт-медресесі имамының шақыруымен сонда барып, Түркістан медресесінде дәріс береді.
Бұқар жырау мен Тәуке ханға байланысты мынадай бір аңыз бар:
Тәуке хан мемлекет шаруасын Шығыс дәстүрімен жүргізіп, күз бен қыста мемлекет ішіндегі ғалым, білімдар адамдарды, діндарларды, сал-серілерді хан ордасына шақырып алып, кеңес құрады екен. Ел сыйлыларынан халық жағдайын, жұрт аузынан сыр тартып, біліп отырады екен. Қайтарда бәріне сый-сияпат беріп, үлкен қошемет керсетеді екен. Сондай бір жиында қонақтар ас ішіп болғаннан кейін, хан бір сауал кояды: "Дүниеде не нәрсе өлмейді, соны тауып беріңдер", — дейді. Сонда біреулер: "Тау өлмейді", енді біреулер: "Су өлмейді", енді бірі: "Аспандағы жұлдыз өлмейді", — дейді. Төрде піл сүйегінен жасалған биік тақта отырған патша "таптың" демеген соң, жұрт тосылып қалады. Сонда ширығып отырған Бұқар: "Алдияртақсыр, мен тауып берейін", — деп сөйлеп кетеді:
Асқар таудың елгені —
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені —
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен Күннің өлгені —
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені —
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені —
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді —
Жақсының аты елмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
Сонда тақта маңғаз отырған хан Тәуке иығына жамылған қамқа тонын шешіп, Бұқардың иығына жапқан екен дейді.
Бұқар жырау өмірінің ең жауапты кезі — Абылай ханның бас кеңесшісі болған кез. Бұл бір киын, "Ақтабан шұбырынды", ел басына күн туған, елдің елдігі сыналатын кезең еді. Осынау ел тағдыры шешілер ауыр кезеңде жырау ханға дұрыс бағыт беріп, даналықтың, үлкен сұңғыла-сәуегейліктің үлгісін көрсеткен.
Бұкар жырау шындықты бетке айтатын батылдығымен де дараланады. Бірде Абылай көршілес орыс еліне қарсы жорық ашпақ болғанда, Бұқар жырау оның немен тынатынын болжап, халық үшін қатерлі жаугершілік жолынан сақтап қалады.
Абылайдың асып-тасқанын, жөнсіздігін көргенде, оның хан болып туа қалмағанын есіне салатын:
Ей, Абылай, Абылай!
Сені мен көргенде,
Тұрымтайдай үл едің,
Түркістанда жүр едің.
Әбілмәмбет патшаға Қызметші болып тұр едің —
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
ҮйсінТөле билердің Түйесін баққан құл едін...
Бұқар жырау орыс отаршылдарының қазақтың шұрайлы қоныс, шүйгінді жерлерін біртіндеп басып алып, сол жерлерге бекіністер сала бастағанын көргенде, олардың бұзық пиғылдарын жұрттан бұрын сезіп, содан сақтануға шақырған.
XVIII ғасырдағы жыраулардың ең көрнекті өкілдері, жорық жыршылары Тәтіқара мен Үмбетей жыраулардың толғауларындағы ел бастаған батырлардың ерліктері өлеңмен өрілген шежіре деп қарауға болады. Мысалы, Үмбетей жырау мен Бұқар жыраудың Қанжығалы Бөгенбай батыр туралы жырында Бөгенбайдың, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай сынды батыр-билермен бірге тізе қосып, жаудан қазақ жерін азат еткендігі жырланады.
Бұқар жыраудың Абылай ханға арналған толғауында Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, т.б. батырлардың есімдері аталады.
Махамбет – қазақ халқының кегі, ызасы, намысы, жігері, қайтпас қайсарлығы, яғни, Махамбет – қазақ халқының кегі мен ызасынан, намысы мен жігерінен жаралған наркескен рухани қару.
Жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың інжу маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны. Қазтуған, Доспамбет, Жалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жалғасы Махамбет – сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі.
Махамбеттің жырлары – ерліктің, өрліктің гимні, қайсарлықтың символы.
Ерегескен дұшпанға қызыл сырлы жебедей қадалған Махамбет – жақсыларға еп, жамандарға көп, лапылдап тұрған өрт. Аңдамаған жалынана шарпылады. Жауырынан етін алса да жалынып, жалтақтауды білмес, қыңқ етпес табандылық ердің еріне бітеді. Халық қайғысын айтуға хан ұлынан қаймықпау да, «бас кесермін, жасырман» деп, қасқая қарап тұру кез келгеннің қолынан келе қояр ма екен?
Махамбет ел, халық жүрегінен мәңгілікке орын тапты. Оның жырлары елдің рухын көтеретін, ерлікке, елдікке бастайтын ұран іспетті. Сондықтан да болар халқымыз Махамбеттің есімін де, отты жырларын да қатты қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа рухани қазына ретінде аманаттап жеткізіп отырды.
Махамбеттің қай өлеңін алсақ та, оның негізгі лейтмотиві – жас ұрпақты ерлікке патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелеу. Демек, оның шығармаларындағы айтылған қағидалар көтерілген мәселелер бүгінгі педагогиканың уақыт талабына қойып отырған мәселелерімен үндесіп жатыр. Ескі идеология, тарихнама, әдіснама бойынша тарихтағы жеке тұлғалардың ролі дұрыс бағаланбады, бұрмаланып біржақты түсіндірілді. Әсіресе, тарихи тұлғалардың алатын орнын, еңбектерін бағалауда ескі идеологияға негізделген көзқарасқа, әдіснамаға сүйенілді. Ел билеген хандар мен билерді, қолына қару алып елін қорғаған батырларды еліне білім мен ғылымның нәрін себуде ерекше еңбек сіңірген ойшылдарды, атап айтқанда, Махамбет, Исатай, Жәңгір Ханның тарихтағы орны, еңбектері біржақты бұрм аланып бағаланды.
Тек ғана соңғы жылдары тарихқа жаңа көзқарас тұрғысынан егемендігіміздің нәтижесінде Махамбет сынды алыптарымыздың еңбектерін жаңаша зерделеуге мүмкіншілік туды. Бабамыздың мұрасы көп жылдар ескерусіз келді.
Махамбет өлеңдерінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиенің сан-алуан салалары атап айтқанда, адамгершілік-имандылық, сұлулық, ел жандылық, экологиялық тәрбие туралы жан-жақты сөз болады. Махамбет шығармаларының жастардың бойында жағымды адами қасиеттер мен құндылықтарды қалыптастыруда алатын орны ерекше.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарыны ерекше.
Өлең-тәрбие құралы. Көне заманнан бері халықымыз тәрбие құралы ретінде ертегі, аңыздарды, батырлар жырлары мен дастандарды, өлеңдер мен терме, баталарды, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздер мен шешендік өнерді, ырым-тиым сөздерді тиімді пайдаланып, ұлттық дәстүрімізді жалғастырып отырды. Көтеріліс кезінде Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, оларды Жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы — өршіл жырлары болды.
Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салады. Амал не, қараңғы халық ойын түсінбеді, оның өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақын соңына ермеді. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады. Жалғыздықтан күйінген ақын, өз сырын өлеңмен айта берді. Ақын: «Мен едім» деген өлеңінде:
Бөз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Ел құтқарар, ер едім
Жандаспай ақыры бір тынбан, — деп өршілдігін жырлап көрсетеді. Ақын өлеңінің тәрбиелік мәні ерекше халық санасын оята түседі.
Ақын өлеңдерінің тәлімдік-тағылымдық негіздері тереңде жатыр. Ақынның «Күн қайда?» деген өлеңінде:
Қарт бұғыдай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?
Бізді тапқан ананың
Асыраған ананың,
Ризалықпен жайласып
Қолын алар күн қайда? – халықымыздың халықтық педагогика негіздерін алдымызға тартады.
Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатып» есі үшін құрбан болған елдің арманы жоқ, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді.
Махамбет өз туған халқының перзенті ретінде өз елінің болашағынан үлкен үміт күтті, елдің еркіндігін аңсады:
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім…
Махамбеттің бұл арманы бүгінде орындалды, іске асты.
Дулат Бабатайұлы ХІХ ғасырдың екінші жартысында ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің көрнекті тұлғаларының бірі, Қазақстанның Ресейге қосылу нәтижесінде қазақ даласында отарлау саясатының нәтижесінде қалыптасқан жағдайға ешкімнен қаймықпай сын айтқан ақындарымыздың бірі болды. Дулат өзінен бұрынғы ақын-жыраулардың мұраларынан сусындап өскен, ақындық өнері ерте қалыптасқан. Өз шығармашылығының арқауы етіп, өз халқының көне тарихи мұралары мен аңыз әңгімелерін, батырлар жырларын өз толғауларына негіз етіп алды.
Дулат еңбектерінде адамдардың адамгершілік құндылықтарының жағымды және жағымсыз жақтарына жан-жақты сипаттама береді, әсіресе, жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың, жомарттық пен сараңдықтың, білімділік пен надандылықтың арасындағы айырмашылықты ашуға тырысты.
Дулаттың «Сүлейменге» деген толғауында:
Батыр деме батырды,
Шеп құрған жауға шаппаса,
Төре деме төрені,
Ел тілегін таппаса, - деп, батырлардың ел, отан алдындағы борышын ақтау қажеттігін, елін, жерін қорғаудағы ролін жоғары бағалай келіп, төреліктің, би мен бектің міндеті елін қорғай білу, кездескен қиындықты жеңе білу туралы Дулат тебірене суреттейді:
Би мен бектің сәні жоқ.
Елін қорғай алмаса,
Тура жолға салмаса,
Ыстығына күймесе,
Суығына тоңбаса,
Батырлықтың сәні жоқ,-деп ел билеген билер мен бектердің ел қорғауда кездескен қиыншылықтарды жеңе білмесе, «тура жолға салмаса, ыстығына күймесе, суығына тоңбаса» батырлықтың сәні болмайтындығын ерекше ескертеді.
Дулат шығармаларында әкенің балаға аманаты, ақыл-кеңесі ретінде жақсы бол, жаман қасиеттерден жирен, адамгершілік сапа-қасиеттерден жирендіреді:
…Балам саған айтқаным:
Даңғыланбай шаруа жи,
Албырттықты әсерлі
Құрбыңа еріп көрме сый,
Қолда барың қанағат,
Қолда жоққа құмартып,
Әуреленбе ләпсің тый.
Әкеңнің айтқан аз сөзін
Құтысына көңіліңнің
Төгіп алма, дәлдеп құй, -
деп Дулат кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлімдік-тәрбиелік мәні зор жоғардағы өлең жолдарымен ақыл-кеңес береді, жас ұрпақтың бойында жағымды адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеуге шақырады.