Реферат тақырыбы: «Концептуалдық метафоралар»


Метафораның тілдік құбылыс ретіндегі сипаттамасы



бет2/4
Дата07.01.2022
өлшемі103 Kb.
#18218
түріРеферат
1   2   3   4
1.1 Метафораның тілдік құбылыс ретіндегі сипаттамасы

Тіл бірліктерінің жасалуын когнитивтік аспектіде қарастыру, олардың мағынасын ұлттық танымдық болмысына байланысты сипаттау сөздердің табиғатын жаңа қырынан тануға жетелейді. Қазақ тіліндегі күрделі атаулар, соның ішінде біріккен атаулардың жасалуы көбінесе метафоралану процесінің нәтижесі екені ескеріле отырып, метафораның тілдік құбылыс ретінде лингвистикадағы сипаттамасы айқындалады.

Метафораның қолданысына қарай тілдік және поэтикалық деп бөлініп келгені баршамызға белгілі. Қазақ тіл білімінде метафораны тілдік құбылыс ретінде жеке дара қарастырған зерттеулер аз. Филологиялық зерттеу еңбектерінде оның көркем әдебиет, шешендік өнердің құралы ретінде өзіндік бағасын алғанымен, тілдік сипаты әлі де болса толық ашыла қойды деп айта алмаймыз. Қазақ тіл білімінде осы мәселеге соңғы уақытта назар аударыла бастады.

Метафора негізінде сөздердің ауыспалы мағынасы жатқаны туралы көптеген ғылыми зерттеулерде айтылады. Ол жөнінде А.Байтұрсынұлы былай деп көрсетеді: «Сөз көбін өз мағынасында жұмсамай, өзге мағынада жұмсаймыз. Арасында түк ұқастығы жоқ екі нәрсенің ететін әсері бірдей болса, біріне қас ғамалды екіншісіне ауыстырып айтамыз» [1;355]. Ғалымның өз мағынасы дегені сөздің тура мағынасы да, «ауыстырып айтамыз» деп метафоралы мағынадағы сөздер туралы жазып отырғанын төмендегі ойтүйіндеулерінен байқаймыз. Метафоралы ойлау қабілеті жөнінде «күн құтырып кетті» мысалы арқылы былай дейді: «күннің желдетуі адамның құтырған күйіне ұқсас әсер ететіндігінен, жанды нәрсенің күйін көрсететін сөз» [1;355]. Өз зерттеуінде ғалым метафоралану процесіне ең алдымен ассоциациялы ойлау себепші болып, метафоралардың туындауына ұқсастық заңдылығы ұйытқы болатынын осы пікірлері арқылы жеткізіп отыр.

Адамды қоршаған шынайы болмыс нысандары өзара байланыста, үйлесімде немесе өзгешелікке құрылған. Осы байланыстарды бақылаушы да, танушы да, зерттеуші де, бағалаушы да ең алдымен адам болғандықтан, олардың көрінісі ең алдымен тілде бейнеленеді. Осы ретте, адам санасының, ойының ең бір күрделі үрдісі ретінде метафоралы ойлай білу қабілетін айтуға болады. Тілдің дамуы ойдың дамуымен, адамның шығармашылығының дамуымен біте қайнасып жатқандықтан, ең алдымен тілдік бірліктердің мағыналары астарынан ұлтқа тән ерешелік, ұлттық сананың қалыптасу, бейнелену көріністерін байқаймыз. Метафора тіл қолданушының креативті ойлауын дамытатын, сол үдерістің нәтижесін көрсететін құбылыс.Шынайы болмыс заттары мен құбылыстырына атау беруде кең қолданылатын метафора әдісі біріккен атаулардың жасалуына да ұйытқы болады.

Күрделі сөздердің жасалуындағы метафора құбылысының маңызын Б.Қасым: «Метафора - тілде әмбебап құбылыс. Оның әмбебаптығы тілдің құрылымында және қызметінде көрінеді. Ол тілдің түрлі аспектісі мен қолданыстық қызметін қамтиды. Тілдегі сөзжасам мен аталымды метафора тұрғысынан зерделеу тілде кенжелеу, назардан тыс қалып келеді. Метафораны зерттеушілер көбінесе бейнелеу, көркемдеу құралы, тәсілі ретінде қарастырады»- деп аталымдағы маңызын айқындайды [2;255]. Метафораның аталым қажеттілігін өтеудегі белсенділігі тілдік жүйеде айқын байқалады. Б.Қасым еңбегінде заттың күрделі атауларында да бұл құбылыстың сөзжасамдық қатысы дәлелденген.

«Тілдік метафоралар - туынды сөздерде метафоралық қасиеттер күңгірттеніп, соның нәтижесінде жаңа лексемалардың пайда болуы. Метафора аталым тұрғысынан бейнелілік қасиетінен өтіп, тек ұғымға атау беру қызметіне көшеді»- деген ғалым пікірі бірккен атаулардың туындауындағы метафораның қызметін көрсетеді [2; 255].

Аталымда метафораның басты шарты ұқсатудың заттың сан қырлы белгілеріне: түс, түр, пішін, көлем, қасиет, қызметке негізделетіні де ғалым еңбектерінде айтылады. Қазақ лексикасының дамуындағы метафораның маңызы көпмағыналылықты тудырудан да байқалады. Тілдегі қолданыста бар тілдік таңбалардың мағыналық өрісін пайдалана отырып жаңа ұғымға атау беру метафора арқылы жүзеге асады. Ол туралы Б.Қасым: «Сөз мағыналары семантикатанымның белгілі заңдылықтары бойынша қалыптасады. Оның бастылары: ұқсату заңы (метафоралану): түр, түс, пішін, көлем, ішкі-сыртқы белгілері, мекен орны түрлі ерекшеліктері, қасиеттері, қолданысы, қолданыстық қызмет саны бөлшектің бүтінге айналу заңы мағыналардың кеңеюі мен тарылуы деген секілді заңдылықтардың негізінде жүзеге асатындығы тіл ғылымында барлық құбылыстар,» - дейді [2;261]. Осы пікірден де метафораның тілдік құбылыс ретінде қызмет аясының кеңдігін байқаймыз. Сондықтан да, ол – аталымның когнитивтік тәсілі ретінде терең зерделеуді қажет етеді..

Метафораның тілдік қызметі туралы М.Балақаев «Метафора деп заттардың, құбылыстардың ішкі-сыртқы ұқсастығына қарай ауыс мағынада жұмсалуын айтамыз»- деген анықтама беріп, ақ алтын (мақта), қара алтын (көмір), дала кемесі (түйе) сияқты метафоралық тіркестердің жиі қолданылатынын көрсетеді [3;259]. Ғалым мұндай тіркестер бір затқа тән сапалық белгілерді басқа затқа теліп айту арқылы жасалады деген. Тіркестердің мағынасының номинативтігі метафоралардың атауыштық қызметінің белсенділігін дәлелдей түседі. Метафоралану процесінде заттардың қасиеттері мен сипаттары жаңа қырынан танылып, өзге затқа телінеді. Оның атауына негіз болады. Ұқсату заттардың қасиетін аша түсіп, ол турасындағы білімді кеңейтіп, бар ұғымды толықтырады. Сондықтан да оны когнитивтік феномен дейді. Қазақ тілінде туынды сөздердің жасалуында бұл құбылыс қалай көрінеді деген сұраққа жауап іздеп, метафораға тоқталған өзге ғалымдарымыздың еңбектерін қарастырамыз.

Тілдік метафораларды жеке зерттеу жұмысының нысаны ретінде алып қарастырған профессор Б.Хасанов «Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы» атты еңбегінде: «Тіл тарихын зерттеуде метафораның мәні зор, оны сөйлеу мәдениетіміздің бір көрінісі ретінде, образды ойымыздың дамуы мен қалыптасуын көрсететін элемент түрінде арнайы қарастыру қажет,»- дейді [4:4]. Ғалым метафораның заттың белгілері, қасиеттері (түр, түс, иіс, дыбыс) ұқсастығы негізінде туындайтынын көрсетеді [4;4]. Зерттеуші тура мағынадан ауыспалы мағынаның туындауы да көбінесе метафораның негізінде пайда болатынын айтады. «Метафора - екі зат пен құбылысты салыстырудың негізінде ауыс (мағынада) қолданылуы» [4;8].

Ауыспалы мағынаның туындауына тура мағына себепші болатынын Б.Хасанов былай түсіндіреді: «Тура мағынадағы сөздерге жалпылық қасиет тән болса, метафоралық мағынадағы сөзден алдымен нақтылық пен образдылық байқалады, өйткені тура мағынадағы сөзде зат пен құбылыстың жалпы белгілері сақталса, метафораландырғанда, көбінесе олардың ең қажетті, дәл сол сәтте керекті белгі, қасиеті алынады» [4;168]. Осы пікірлерден, сөздің мағыналық өрісіндегі бір мағынаның белсенділік танытып, жаңа атаудың ішкі мағыналық құрылымындағы бейнені түзуі метафоралану арқылы жүзеге асатынын байқаймыз. Сонымен қатар, зерттеуші метафоралардың атау жасаудағы қызметі туралы: «Метафора тілді байытады, оған бұрын болмаған жаңалықтар енгізеді, бірде-бір нәрсенің атаусыз қалмауына көмектеседі»- деп ой түйіндейді [4;18]. Өз еңбегінде тілші метафоралардың термин жасауда да белсенділік танытатынын атай кетеді. Адам атау беруде алдымен ұқсатады, ал сол ұқсастыққа қарай әлгі заттың аталуы танымдық үрдістердің нәтижесі болмақ. Демек, метафора таным арқылы таңбаға жүгінеді ғой.

Метафораның сөз жасаудағы қабілеті туралы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» еңбегінде: «Жалпы ұғымнан конкретті ұғым тумайды, конкреттіліктен жалпылық туады. Сондықтан, осыны біріккен сөздерден байқауға болады, тасбақа белгілі тас та, бақа да емес, тастай қатты броны бар бақа тәрізді бір мақұлық, өнеркәсіп дәл өнер де, белгілі кәсіп те емес, орысша «промышленность» дегеннің абстакциялы баламасы. Алты бақан, адалбақан сияқтылар метафоралық тіркестерден жасалғандықтан, қазіргі білдіретін мағыналары да ауыс, мүлде басқа ұғымға ие болып кеткен» - делінген [5;209]. Метафоралық тәсілдің осылай сөзқосым атауларының жасалуына ұйытқы болатыны айтылады.

Метафоралардың тілдегі маңызына тоқталғанда дәстүрлі метафоралық тәсіл бойынша ұқсату заңына сүйеніп, қазақ тілінде көпмағыналы сөздер шыққан делінген «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» еңбегінде [4:90]. Метафора мағына дамуына, жаңа атаулардың жасалуына іргетас болады. Күрделі атаулар осы көпмағыналы сөздердің негізінде де жасалынып отырғанын атап өтуіміз орынды.

«Тілдік (сөздік) метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның семантикалық шеңберін кеңейтіп, әрдайым үздіксіз дамытып отырады» [4:90]. Тілдік метафораның осы қасиеті сөз мағынасының дамуына себепші болып, олардың қолданыс аясын өсіре түседі. Мағыналық дамудың адамның әлемді тануымен, бай тәжірибенің толыға түсуімен астасып жататыны белгілі. Сондықтан да, сөздің мағыналық шеңберінің өсуі заттар мен құбылыстардың өзара ұқсастығынан туындап жатады. Метафора - адамның әлемді тануы және сол танылған білімді тілде бейнеслеудің бірден-бір тәсілі.

Ғылыми терминологияның метафоралар арқылы қалыптасуы адамның беймәлім немесе жаңадан танылған шындықты бұрыннан етене таныс ұғымға негіздей отырып атауында деп ойлаймыз. Осы сәтте адамның заттар мен құбылыстар әлемі нысандарын өзара ұқсата білу қабілеті көмекке келеді.

Қазақ терминтану мәселерімен шұғылданушы ғалым Ш.Құрманбайұлы терминдену үдерісіндегі метафораның маңызына тоқталады. «Көп жағдайда екі затты немесе құбылысты салыстыру барысында байқалған олардың қандай да бір ұқсастықтары сөздің бастапқы мағынасынын метафоралануына негіз болады. Ондай ұқсастық негізінен бұрынан бар ұғым мен жаңа ұғымның түр, түс, көлем, пішін қызметерін е байланысты болуы мүмкін». [5;53]. Ғалым сыртқы пішін ұқсастығына қарай сөздің метафоралану жолымен термин дәрежесіне жетуін мынандай мысалмен дәлелдейді: «Әдеби тілде сырға деп әр түрлі қымбат металдар мен асыл тастан жасалған, сән үшін әйелдердің құлағына тағатын затты айтса, биологияда сырға термині кейбір құстардың алқымындағы екінші жыныстың белгісі болып табылатын салпыншақ терісінің арасында сыртқы форманың ұқсастығы негіз болған»[2;54].

Метафоралардың тілдегі қызметі, оның когнитивтік үлгілерді түзеудегі маңызы, ғылым тілінің қалыптастыруындағы рөлі соңғы уақытта қазақ тіл білімінің қызығушылық тудырған тақырыптырының бірі болып табылады. Ғылыми метафоралардың жасалуын, оның қызметін айқындауға бағышталған А.С.Сабанбаеваның зерттеу жұмысында концептуалдық метафоралардың тілдегі сипатына назар аударылады. Концептуалдық немесе ғылыми метафоралардың ғылымның барлық салаларында кең қолданылатынын көрсете келе, олардың мағыналық топтарына, жиі кездесетін түрлеріне зерттеу жұмысында талдау жасалынады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет