Реферат Тақырыбы: Көне түркі жазба ескерткіштеріндегіел бірлігі



бет1/2
Дата11.10.2023
өлшемі77,09 Kb.
#113665
түріРеферат
  1   2
Байланысты:
Ұл.рух2






Реферат

Тақырыбы:Көне түркі жазба ескерткіштеріндегіел бірлігі
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Техникалық факультеті

Орындаған:Зайнуллин Ернар


Тобы:АжБк-202
Тексерген:

«Тарихы бар халық тарихын таспен жазады, тарихы жоқ халық жаспен жазады» дегендей, біздің түркілік ата-бабаларымыз бай тарихын, мәдениетін, ерлік дәстүрлері мен қаһармандық жорықтарын «Тастағы жазудан тағлым алғайсың!» деп, – кейінгі ұрпақтарына мәңгілік тасқа қашап жазып қалдырып отырған. Көне түркі ескерткіштері – сайын даланы мекендеп, тұлпар мініп, ту алған ата-бабаларымыздың өмірін жыр еткен, түркілердің асыл мұралары. Міне, осындай ескерткіштер қатарында «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» жырлары және де ортатүркілік дәуірде жазылған Жүсіп Баласағунидің «Қутадғу билиг» атты ғажайып дастандары бар. Түркілер дәуірінен жеткен шығармалардың қайсысынан да халықшылдық сезім лебі еседі. Адамзаттың көркемдік талғамының ерте кезден-ақ дамығанын дәлелдейтін көркем сөз ескерткіштері көне түркілер ру-тайпаларының рухани өмірін бейнелеген әдебиет туындылары. Ежелгі түркілердің қоғамдық, әдеби, мәдени өмірін бейнелеген бұл ескерткіштер жазба мәдениеттің ғана емес, сол замандағы саяси ойдың да асыл мұралары болды. Жалпы қай ғасырда өмір сүрген түркі ғұламасы болмасын, түркі елінің, түркі жұртының «Тұғырлы мемлекетін» құру жолында аянбай еңбек етті. Көне дәуірлерден жеткен рухани мұралардың негізгі түйіні – «Тәңірінің өзі дәулет ұясын түріктер жұлдызына жаратқан» [1] қасиетті ұлыс – түркілер, ел бірлігі, түркілік бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік, бірлік жолында жасалған еңбек, оны ұстап тұру үшін ұрпақтарына аманаттап кеткен ұлағат, түркі мемлекеттерінің ыдыраудан сақтандырып, алауыздық пен шиеленістерден сақ болуға шақырған, ғасырлар қойнауындағы даналық ойлар мен көрегендік тұжырымдар. Тәңірден жаралған көк түркілер ел деп туады, ел деп өмір сүреді, ел деп соғысып, ел деп өледі. Руна жазуларында елді сақтау, мемлекетті түзу, кеңейту, ұлтты сақтап қалу сияқты қаһармандық ерліктер нақты ой түйіндерімен жеткізілсе, XI ғасыр жазбасы Ж. Баласағунидің «Қутадғу билиг» дастаны сол рухты ұстанып, елдік дәстүр, халықтық рух, білік мұраттарын айқындай түседі. Дастанда мемлекет, ел басқарудың міндеттері мен шарттары шежіреленеді. Шығарма XI ғасырда ұлан-байтақ атырапты алып жатқан Қарахандар әулетінің мемлекеттігін нығайту, оның сыртқы және ішкі жағдайларына қатысты алуан проблемаларға жауап айту мақсатынан туған. Дастанда көтерілген тақырыптардың ішіндегі ең негізгісі – мемлекет, ел басқару, ел басқарушының міндеттері мен құқығы туралы, жалпы адамзаттық, халықтық мәселелер қозғалады. Дастанның ең өзекті тақырыбы, басты мақсаты – халыққа ізгі өмір сыйлау, бақытты, әділетті қоғам құру.. Ата-мекеннің азаттығын, ата-тегінің тазалығын, түрік ұлтының рухани дәстүрлік, тілдік тәуелсіздігін басты қасиет ретінде ұстап, «Ел болып бірігуден асқан бақыттың жоқ» екенінің бағасын білген бабаларымыз: «Түркі халқы жойылмасын, ел болсын!», «Пәк ұлдарың құл болмасын, пәк қыздарың күң болмасын!» деп күресті. Ел билеудегі жалғастықтың үзілмеуін, дәстүрлердің жойылмауын ескертеді. Яғни, «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай» жеткен тәуелсіздікті ұстап тұрар татулық, бірлік мәселесі, түркілерді бірлестіру мәселесі тарих сахнасынан қай кезде де түскен жоқ. Енисей өзені аңғарынан табылған әдеби жәдігерліктер де сол замандарда ғұмыр кешкен түркі әулеттерінің бізге қалдырып кеткен өлмес мұралары. Ежелгі дәуір ескерткіштерін зерттеуші М. Жолдасбеков: «Орхон» ескерткіштерін жалаң тарихи фактілер тізбегі деп қарамай, түркі халықтарының ізгі арманын, кескілескен соғысын, айбынды батырларын өзгеше әуезбен жыр еткен ерлік эпосының ең әдепкі үлгісіне жатқызу орынды» [2, 72-б.] деген болатын. Дүниенің төрт бұрышын түгел мекен еткенін түркілер жырда зор мақтанмен баян етеді. Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген түркілердің күштілігі олардың бірлігінде болатын. «Биікте көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында Адам баласы жаралған». «Бастыны еңкейткен, Тізеліні бүктірген» [3.10-б.] түркі елінің тұтастығы, бірлігі ынтымақта болатын. Дегенмен осындай бірлік бір кездері осалдап, түркілер батыс және шығыс қағанаттарға бөлінген. Түркі мемлекетінің басқа елге тәуелді болу себебі шығармада былайша баяндалады: Соңындағы інісі ағасындай болмады, Ұлдары әкесіндей болмады. Біліксіз қағандар отырған екен, Жалтақ қағандар отырған екен, Әміршілері де біліксіз екен Жалтақ болған екен . Бектерінің ымырасыздығынан, Табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен, Түркі халқы елдігін жойды. [4,11-б]. «Орхон» жырларында түркі мемлекетінің ыдырауы, жойылуы айқын көрсетіліп, болашақ ұрпақты содан сақтандырады. Мемлекеттің күйреу себептерін қадап-қадап айтып береді. Біріншіден, ел билеудегі жалғастықтың үзілуі, жақсы дәстүрлердің жойылуы, інінің ағадай, ұлдың әкедей тізгін ұстай алмауынан біліксіздік, жалтақтық, алауыздық жайлап, жат жұрт – айлалы табғаш мемлекетінің сұрқия саясатына сеніп, алтын, күміс қазынасына, жібек байлығы мол, тәтті сөзіне алданып арбауына түскендіктен, бектер мен ел басыларының алдамшы байлыққа қызығуы, құнсыз, еңбексіз байлықтың түркі бектерін мастандырып, мемлекет шаңырағын шайқалтқаны, екіншіден, ағалы-інілі дауласқандықтан, бегі мен халқы жауласқандықтан түркі халқы жұдырықтай тұтастығынан, елдігінен айырылып қалғандығы, түркі халқының жойылғанын, тоз-тоз болып шашырап кеткендігі, бек ұлдарының құл болғаны, пәк қыздарының күң болғаны, түркі бектерінің түркі аты жойылып, табғаш атына көшкендігі, жат елге ісін-күшін беріп, табаны күректей елу жыл езгіге түскені зор өкінішпен айтылады. Сондықтан да мемлекет ішіндегі ішкі алауыздықты болдырмау, ру, тайпаларды бір ту астына жинау мәселесін басты назарда болды. Бірлік бар жерде береке, татулық орнайды. Үшіншіден, мемлекет басқаруға ақылды тұлғалардың тартылмай, дарынсыз, тек қара басының қамын ғана ойлаған, ұсақ адамдардың келуі. Көне түркілік қай жырды алсақ та, күшті мемлекеттің кепілі ақылды, көреген басшы, мықты заң екендігі, сол заңды тура ұстай білу керектігі баса айтылады. Яғни ақылды басшы өз халқына бостандық пен тәуелсіздік бағын орната алады, мемлекетті нығайтуды өмірлерінің басты мақсаты деп таниды. Ақылды қағандар басқарған қоғамда халықтың әдет-ғұрпы мен заңдары мүлтіксіз орындалады, ниеті бұзық жандар болмайды, мемлекет күшті болады. Билеуші нашар болса, ауызбірлік болмаса, мемлекеттің шаңырағы шайқалады, билік кетіп, халқы құлдық қамытын киеді. Сондықтан да «Халыққа алып ұлдар керек саспайтын, Ұлы істерде ұлы жорық бастайтын» [5, 1961-бәйіт]. Немесе «Шыншыл, сара басшы керек халыққа, Халық үшін түсіп шығар тамұққа» [5, 1964-бәйіт]. Түркілік жырларда мемлекетті нығайтудағы ірі тұлғалардың ерекше роль атқаратыны айтылады. «Күлтегін» жырында түркі мемлекетін орнықтырған алғашқы қағандар елдің бірлігін сақтау үшін көп күш жұмсаған ақылды да, күшті болып суреттеледі. Әсіресе, түркі мемлекеттінің бірлігін сақтауда зор табыстарға жеткен Білге қаған мен әскери қолбасшы Күлтегін батыр болды. Күлтегін тақтың мүддесінен гөрі елдің мүддесін жоғары қойды. Ағасы Білгемен Күлтегін қосылып, Тоныкөк секілді ақылгөйдің жәрдемімен өмір бойы жанын жалдап, барлық күш-жігерін Түріктерді бірлестіру, басын қосу мәселесіне жұмсаса, кейін «Қутадғу билиг» жырында қарахандар мемлекетінің бегі Күнтуды Елік те уәзірі Айтолдымен бірігіп, өз кезеңде елінің гүлденуіне барынша үлес қосты. «Қутадғу билиг» жырында 2016 бәйітте «Қай жерде бек заңды түзу ұстаса, Елдің де онда күні жарқын қысқасы» деп жырланса, «Күлтегін» жырында «Елін сонша шексіз билеген екен, Ел ұстап, заң жасаған» деп, шексіз биліксіз елді бейбіт өмірге, молшылыққа жеткізе алмайтындығы» дәлелденеді, «Күлтегін» жырында да, «Қутадғу билиг» дастанында да мемлекет басшысына биліктің берілуі тек тәңір арқылы келетіні баяндалады. «Қутадғу билигтің» 5469 бәйітінде «Ұлықтықты алған жоқсың сен тілеп, Берді құдай рахымымен белгілеп» дейді. «Күлтегін» жырындағы «Әміршілері де білгіш болған екен» дегені Жүсіп Баласағуни дастанындағы бекке қойылатын талаптармен, яғни ел басқаруға ақылды, данышпан адамадардың тартылуы керек екенімен үндесіп жатыр. «Орхон» жырларында оқиғалар, ел амандығы, мемлекет тұтастығы үшін жасалған ерліктер нақты іс-әрекет арқылы көрініп отырса, XI ғасыр дастанында сол өз дәуірдің қоғамдық-саяси, моральдық мәселелері жан-жақты, мемлекет басқару туралы құнды пікірлер кең көркемдік тыныспен жырланады. «Құтты білік» – түрік елінің ел болу жолындағы қоғамтану, елтану дастаны десе де болады. Орта Азия, түрік тарихының аласапыранға килігіп, түркі дарабоздарының шашасына да, санасына да шаң тимеген тұста туған туынды. [5, 21-б.]. Дастан XI ғасырда ұлан-байтақ атырапты алып жатқан Қарахандар әулетінің мемлекеттігін нығайту, «мемлекеттің ішкі-сыртқы тәртібі қалай болу керек, ел басқарған бек пен қоғам мүшелері арасында қарым-қатынас нормалары қандай болу керек, мемлекетті сақтап отыру үшін қандай заң-ережелер керек» деген сияқты өмірдің өзі туындатқан сауалдарға, алуан проблемаларға жауап айту мақсатында жазылған. Надандық жайлаған қоғамда адам қайткенде бақытты заман кешпек? Құтты ел құру үшін не істемек лазым? Жүсіп өзегін өртеген заман шындығын ашына жырлайды. «Қайтсек ел боламыз, тұғырлы мемлекет боламыз» деп, ұлы мұратқа бет бұрған тұста мемлекет құрушылар қандай болу керек деген сұраққа жауап ретінде бектеріне моральдық-әдептілік тұрғысынан бірқатар ойлар айтылады. Халық бақыты ең бірінші ел басқарған бекке тікелей қатысты дей келе, басшысы қарамағындағы әкімдер мен халықты қайырымдылық, рухани құндылық мұраттарына өзінің өнегелі ісімен ұйыта білу керек екенін ескертеді. Халықтың бақыты – билеушінің басты мұраты болу керек. Билеушінің сыйлы болуы – орнықтырған билік жүйесіне, ал елдегі тыныштық пен бейбіт өмір тәртіпке байланысты. Ол әділ, адамгершіл болса ғана құрметке ие болады. Жақсы бек, ізгі басшы жаманды да, жақсыны да ізгілікке, берекеге бастайды. Ізгі бектің жұрты да түзу, құлқы да түзу. Бектері ізгі елде халқы байып, құт-берекеге оранады. Ізгі бекке тән қасиеттер: сабыр, ізгілік, мейірімділік пен қаталдық. Елдің ел болуы үшін ең әуелі бектері білімді, парасатты болу керек. Яғни, елдің құты - білімді, мейірімді бек. Кім дана бек болса, жақын білімге, Біліктіні жақын тартар түбінде. Ел үшін еңбек етер бек – ең абзал бек. Бек жақсы боп, істесе көп қайырды, Ел-дүние жайнап, халық байыр-ды. (880-бәйіт). «Елді әділ заңмен басқару арқылы елді ұйытуға, құтқа, береке-бірлікке бастауға болады дейді» дейді ортағасырлық ғұлама. «Зұлым күшпен бек ұзаққа бармайды, күш-зорлыққа халық шыдап қалмайды» – дейді дастан бәйіттері. Сонымен бірге бекте жігерлілік, жомарттық және шырын тіл болған жағдайда ғана, елін тұтас, әділ билей алатынын айтады. Сонымен бірге осыдан мың жыл бұрынғы дастан бектің ойы мен бойынан бастап, қалай тамақтану, сарай жұртымен қандай қарым-қатынас жасау керек екеніне дейін егжей-тегжей түсіндіреді. Мансапқорлық – мемлекет адамы үшін үлкен кемшілік екенін көз жеткізе дәлелдейді. Және де ел басшысын парақорлықтан аулақ болуды үндейді. «Өзің бексің дүниеге құл болма, Үкім күтпе, өзің билеп, бұр жолға». «Егер ізгі болса елдің басшысы, түгел ізгі болар ат-қосшысы». Жүсіп Баласағунидің бұл пікірлері әл-Фарабидің қала басшысының бойынан табылуға тиіс он екі талабымен де шебер үндесіп жатыр. «Жырды жазудағы автордың мақсаты «көк түркілердің» тарихын жазу емес, түркі халқының бұрынғы дәстүрлерін өз замандастарына идеал етіп көрсету» еді дейді Н. Келімбетов [2. 43-б.]. Авторды қызықтырған түркі елінің ішкі-сыртқы жағдайы емес, мүсәпір халықты Білге қаған қалайша дәулетті, бақытты еткенін оқушысына көркем сөз арқылы жеткізу, құтты қоғам құру, әлеуметті түзіп, халықтың әл-ауқатын көтеру, ел іргесін нығайту. Құтты қоғам, іргелі ел болу үшін не керек? Ел билеуші қаған ел тәуелсіздігін бәрінен жоғары қояды. Көктегі Тәңірден: «Түріктің қасиетті жері, суы, түркі халқы жойылмасын, ел болсын!» деп, аян беріліп, сол құлдыраудан қайта бас көтеріп, ес жиып, Тәңірінің жарылқауымен еліне, жерінен айырылған халықтың басы қосылып, ата-баба мекеніне қайта оралады. Түркі елінің бүтіндігі мен тәуелсіздігі туралы «Күлтегін» жазбаларында мынадай жолдар бар: «Түркі халқының атақ-даңқы өшпесін деп әкем қағанды, шешем Қатынды қаған көтерген Тәңірі –Түркі халқының атақ-даңқы өшпесін деп мені қаған етіп отырғызған еді. Іші –ассыз, сырты – тонсыз бейшара халыққа отырдым. Інім Күлтегінмен ақылдастық. Әкеміз, ағамыз құрған халықтың даңқы өшпесін деп түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым, біріккен халықты от-су (алауыз) қылмадым», Немесе, «Өлімші халықты тірілттім, жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым, тату елге жақсылық қылдым». Жыршы бұл арқылы сол дәуірдің қас батырының көркем бейнесін жасау мақсатын қойды. «Орхон» жырлары: «Бектері де, халқы да сенімді екен, Сол үшін де елін сонша билеген екен, Ел ұстап, заң жасаған...» десе, «Қутадғу билиг» дастанында «Кедейді – орташаға, орташаны – байға» теңеген Күнтуды Елік заманында: Халық байып, ырысы артты елінің, Тілін безеп, көтерді елі Елігін. Құт дарыды, өсті халық өрісі, Бірге жусап, өрді қозы, бөрісі деп жырланады. Бұл жолдардан қоғамның саяси-әлеуметтік мұраттары айқын танылады. Жырдағы Тоныкөк бейнесі батагөй дана, әрі үлкен қолбасшы, жауынгер ретінде көрініп отырады. Әр түрлі жағдайларда ой түйіп, тұжырым жасап отырады. «Тоныкөк» ескерткішінің басты ерекшелігі – негізгі оқиғалар Тоныкөк аузымен баяндалады. «Тоныкөк» жырында алдымен қағандарды мадақтай келе, солармен үзеңгілес болып, түнде ұйықтамай, күндіз отырмай түркі елі үшін, түркі мемлекеті үшін қызыл қанын суша ағызып, қара терін төккенін, күш-қуатын сарқып бергенін, құрсауы берік, құдіретті қауым жасағанын мақтанышпен паш етеді. Әр түрлі жағдайларға батагөй дана өз бағасын беріп отырады. Билік ұстап отырған қаған мен ақылгөй абыздың бірауыздылығы, сөз бен істің бірлігі үнемі ескертіледі. Елдікті, тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін қағанды құрметтеу, ақылгөйді тыңдау, ел басына қатер төнгенде басты бәйгеге тігіп, сол жолда мерт болу батырлықты мадақтау, елдікті жырлау, бабаларымыздың аңсарлары мәңгілік тасқа қашалды. Түркі елінің тұтастығы ынтымақта екендігі, барлық күштердің ұйтқысында екендігі түп нысана болып табылады. Бірлесіп, ынтымақта жасаған түркі халқын жеңетін күш жер бетінде жоқ екені баяндалады. Ал «Қутадғу билиг» дастанында уәзір ақылгөй Айтолды да Күнтуды Елікке қызметке келіп, өзінің өмірден түйгенін, білгенін үйретіп отырады. Бұл даналардың аузынан небір шұрайлы сөз орамдары, мысалы, «Тоныкөкте»: «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай», «Қағаны – батыр, ақылгөйі – кемеңгер елдің бағы жанады»; «Қутадғу билигте»: «Келген құтты ұта алмасаң озады, Бергенге ие бола алмасаң – тозады!», «Бақ қонса адам, көңілі судай сарқырар, Жаңа айдай толысар да, жарқырар» деген жолдар айтылып, күні бүгінге дейін құндылықтарын жоймағанын куә боламыз. Мемлекеттің мелекет болуы үшін керек басты белгілер: тілі, шекарасы, астанасы болуы міндетті болса, көне түркілер де бұл ұғымдарға ерекше құрметпен қараған. «Орхон» жырларында туған жер – Өтүкен жайлауы аса бір құрмет сезіммен ауызға алынып отырады. «Ол жерге барсаң, түркі халқы өлмейсің, Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі ел ұстап отырарсың сен. Сонда түркі халқы тоқ» делінеді. Білге таққа отырған кейінгі түркілердің астанасы Өтүкен жайлауы болды. Бұл жерде қоғамдық-әлеуметтік қарымқатынастарға жол ашылды. Ел билеудегі табыстар мен кемшіліктер қатар айтылған, одан сабақ алуды өсиеттеген көнетүркілік жырлардың негізгі арқауы қағанның халыққа мемлекет ісіне адалдығы, халықтың қағанына бағынуы. «Орхон» жырлары: «Егер, сен, түркі халқы, өз қағандығыңнан, өзіңнің бектеріңнен, өз Отаныңнан бөлініп кетпесең, онда өзің бақытты өмір сүріп, өз үйлеріңде боласың, қайғы-қасіретсіз өмір сүресің» десе, қағанының басты мақсаты «Елжұртының қамын ойлау, күші мен ісін мемлекет мүддесіне жұмсау» дейді. Қаған басына қойылған таста да: «Ол өзінің халқын армансыз асырады» делінген. XI ғасыр дастанында да патшаның халық алдындағы міндеттері айтылса, қарапайым халықтың да қағанда қақы бар екені ашып айтылады. Осы үш талап, міндет орындалаған жағдайда ғана мемлекет гүлденіп, ел ырысы артады деп сенеді. Жалпы, мақаламызды қорытындылай келгенде, әлемдік мәдениеттегі ұлы ескерткіштердің қатарынан орын алған көнетүркілік мәдени жазбаларда саясат, ел билігі, ел ынтымағы, көсемдердің мақсат-мүдделері көркем баяндалады. Түркі халқы Білге қағанның «кедейді байытып, азды көбейткен» түркі халқын біріктіруші, қуатты қасиетті, ерлік істерін мадақтап, «түркі халқы неден қауіптеніп, нені білуі үшін», болашақ үшін, ата сөз, шежіре сөз ұрпақ жадында сақталуы үшін қара тасқа мәңгілік қашап жазды. Бұлар адамзат ұрпақтары үшін мәңгілікке ұласатын құндылықтар, рухани самғау биіктер. Ғасырдан-ғасырға ұласа жалғасқан өркениет текетестігі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет