Заманауи экономикадағы мемлекеттік басқару механизмдерінің трансформациялануы Қоғам күрделі түрде ұйымдасқан және көпдеңгейлі құрылым болып табылады. Өз мүшелерінің қызығушылықтарын толық көлемде қанағаттандырып, даму мүмкіндігіне ие болу үшін ол сыртқы ортаға бейімделу және өзін өзі реттеу қабілеттілігін өңдеуі тиіс. Осындай қабілеттіліктің болуы бірегей жүйе шеңберінде элементтер, процестер мен институттардың реттелуін білдіреді.
Бұл жүйенің қалыптасу және қызмет ету шарты болып адамдардың қажеттіліктерін максималды толық қанағаттандыру мақсатын көздейтін қоғамдық өндіріс болып табылады және ол тек қалыптасқан негізгі құндылықтарды ескере отырып, аталмыш қоғамды дұрыс та тиімді ұйымдастыру барысында ғана мүмкін болады. Өз кезегінде, аталмыш үдерістің басты үйлестірушісі ретінде жоғарыда аталған жүйелердің әрекет ету барысында алынған нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жауапты болып табылатын мемлекет қатыса алады.
Экономикалық ғылымның бірқатар классиктері (А. Смит, Ж.-Б. Сэй, Д.С. Милль, Д.Рикардо, Т.Мальтус, Н.Сениор және т.б.) нарықтық механизмдердің экономиканың автоматты түрде өзін-өзі реттеуін қамтамасыз ететінін атап өткен. Дәлірек тоқталсақ, толық жұмысбастылық нарықтық экономиканың прерагативасы болып табылады дейтін экономикалық теорияның классиктері нарықтық қатынастарда мәжбүрлі жұмыссыздықтың орын алуы мүмкін емес, себебі пайыздық ставка, баға мен еңбекақы ара-қатынасының икемділігі сияқты нарықтық реттеудің негізгі механизмдері толық жұмысбастылықты қамтамасыз етіп, мұнда мемлекеттің араласуы артық және зиян деп есептеген. Алайда, көптеген индустриалды дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, нарықтық экономика қоғам мен мемлекеттен тыс таза күйінде ешқашан әрекет етпеген және әрекет ете алмайды. Бір жағынан, экономикалық таңдау еріктігін болжайтын экономиканың нарықтық бағдары өзінің анықтамасы бойынша экономикалық және әлеуметтік үдерістердің мемлекетсіздендірілуін қарастырса, ал екінші жағынан, бұл мемлекеттің макро және микро деңгейде аталмыш үдерістерді реттеуден толығымен бас тартатынын білдірмейді. Тіпті laissez-faire (араласпау), еркін бәсекелестік және еркін нарық қағидаларын, сонымен қатар мемлекеттің "түнгі күзетші" тұжырымдамасын негіздей келе, классикалық либерализмнің негізін қалаушылардың өздері мемлекеттің экономикалық жүйенің өмірлік қабілеттілігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін бірқатар қызметтерді орындауға міндетті екенін мойындауға мәжбүр болды [3]. Мысалы, К.Поланьи "өзін-өзі реттеуші нарық қоғамның адами және табиғи негіздеріне нұқсан келтірмей әрекет ете алмайды" [4] деп есептесе, ал Гумбольдт, өз кезегінде, мемлекет адамды оның өзіндік ниетін ескермейтін туынды түрде таңдалған мақсаттарына қызмет көрсету құралына айналдыруға ұмтылады" дей тұра, ол "жабайы" капиталистік экономика жағдайында мемлекеттік араласудың қоршаған ортаның бұзылуына жол бермес үшін қажетті болатынын байқамаған. Дегенмен де, соңғы есепте, ол "егер еркіндік әрекет етуге қажетті барлық шарттарды жоятын болса", онда қоғамдық өмірге мемлекеттік араласу қажет деген пікірге келген болатын [5].
Сонымен, өз дамуында капитализмнің экономикалық жүйесі бір бірінен айрықшаланатын екі кезеңнен өтті. Алғашқы кезеңі жоғарыда айтып кеткендей, мемлекеттің экономикаға араласуынан максималды еркіндікке деген ұмтылысты сипаттады. Яғни, мемлекеттің "түнгі күзетші" немесе "минималды мемлекет" сияқты сипаттамалары. Аталмыш кезең шамамен XIX ғасырдың екінші жартысына дейін жалғасты.
Мемлекет пен экономиканың өзара қатынастары дамуының екінші кезеңі XIX ғасырдың соңы және XX ғасырдың басында басталды. Капиталистік экономика өз дамуының корпоративті даму кезеңіне еніп, оның басты ерекшелігі болып әлеуметтік және экономикалық салалардағы мемлекеттің реттеуші және бақылаушы рольдерін айтарлықтай арттыру болды. Бұл кезеңде А.Смиттің "көрінбейтін қолының" іс жүзінде әрекет етпей, еркін нарықтың өзін-өзі реттеуші немесе өзін-өзі түзетуші жүйе болмайтыны анықталды [3, 433 б.]. Мұнда, әрине, тек мемлекеттік араласу ғана тұрақты экономикалық өсім мен еңбекке қабілетті халықтың жұмысбастылығын қамтамасыз ете алады деген пікірді ұстанған Дж.Кейнс пен оның ізін басушылардың бағдарын атап өтуге болады [6]. Яғни, Дж.Кейнс нарықтық капиталистік шаруашылықта толық жұмысбастылықты қамтамасыз ететін ешбір механизм жоқ, жұмыссыздық пен инфляция мәселесі сыртқы себептерден емес, өзін-өзі реттеуші болып табылмайтын және реттей алмайтын экономикалық жүйенің өзінен туындайды деген пікірді ұстанған. Оның пікірінше, экономиканы мемлекеттік реттеу және жұмыссыздықтың алдын алу бюджет-салық саясаты арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Жиынтық сұранысты арттырып, жұмыссыздықты төмендету үшін мемлекеттік шығындарды арттыру немесе салықтарды төмендетуді қамтитын ынталандырушы фискалдық саясат қолданылуы тиіс. Салықтардың төмендетілуі, өз кезегінде, кәсіпкерлерді инвестициялар мен өндірісті дамытуға ынталандырады.
Осылайша, соңында барлық дамыған капиталистік елдер, сонымен қатар дамушы елдер де мемлекетпен реттелетін нарыққа көшіп (әл-ауқат мемлекеті), көптеген жылдар бойы кейнстік теория экономиканың неғұрлым тұрақты дамып, халықтың өмір сүру деңгейінің артуына, жұмыссыздықтың қысқарып, жұмысбастылықтың артуына ықпал етті. Бұл жерде мемлекеттік реттеу түсінігі кең және тар мағынада қолданылып тұр. Біріншісі мемлекеттің қоғамдық қатынастар қатысушыларының жалпы іс- қимыл ережелерін бекітіп, өзгермелі жағдайға байланысты оларды түзетуден тұрса, ал екіншісі мемлекеттік басқару функцияларының бірі ретінде қарастырылып отыр.
Мұндағы мемлекеттің реттеуші ролін заманауи "Қысқаша философиялық эн-циклопедияда" оның "қандай да бір салада қоғамдық іс-әрекетті реттейтін адамдардың бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде үнемі қалпына келіп отыратын үстемдік ету құрылымы" ретінде анықталуымен де дәлелдеуге болады [8]. Яғни, мемлекет елдегі азаматтар мен әлеуметтік топтардың өзара қатынастарын ұйымдастырып, үйлестіретін, олардың бірлескен іс- қимылы үшін жағдайдың жасалуын қамтамасыз ететін негізгі институт болып табылады.
Жалпы, кез-келген мемлекеттің табысты әрекет етуі, ең алдымен, екі басты факторлардан тәуелді болады: ресурстық потенциал (табиғи, еңбек, климаттық, ғылыми-өндірістік, инвестициялық және т.б. ресурстар) және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі.
Өз кезегінде, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі оның қасиеттерімен тікелей байланысты болады. Сонымен, мемлекеттік басқарудың алғашқы қасиетіне жүйелілікті жатқызуға болады. Мемлекеттік басқаруда аталмыш қасиеттің болуы оның институционалды, нормативті-құқықтық, мақсатқа бағдарлаушы, идеологиялық, функционалды, кадрлық, ақпаратты-коммуникативті, әлеуметтік- мәдени сияқты ішкі жүйелерінің келісімділігін, үйлесімділігін, мақсатқа бағдарлануын, оңтайлылық пен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік басқарудың екінші де ерекше қасиеті болып оның тұтастай қоғамға кеңінен таралу қасиеті табылады. Мұнда өткен кезеңде де және болашақта да мемлекеттік басқарудың тұтастай қоғамға ықпал ету қасиетін сақтаған және сақтайды деуге болады (мұны, соңғы есепте, классикалық либерализмнің негізін қалаушылар да мойындаған). Осы тұрғыдан, еркін де шектелмеген бәсекелестікке негізделген нарықтың үнемі тиімді әрекет етпей, игіліктердің әлеуметтік тұрғыдан тиімді бөлінуін қамтамасыз ете алмауына байланысты қандай да бір салаларда нарықтың сәтсіздіктері (market failures) тұжырымдамасы өңделіп, мемлекеттің араласуы (оның ішінде қомақты мемлекеттік қаражаттарды бөлумен) нарықтың жағымсыз салдарларын жою мен түзетудің, қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті құралы ретінде қарастырылады. Мұнда еңбек үдерісіне түспеген, одан уақытша не болмаса біржола шығып кеткен (жасы немесе денсаулығына байланысты) адамдардың минималды өмір сүру деңгейіне кепілдік беретін мемлекеттің әлеуметтік саясаты шешуші рольге ие болады. Оны, өз еңбегінде Л. Эрхард та атап өткен.
"Нарық сәтсіздіктерінің" неғұрлым кеңінен таралған және аса маңызды белгісіне, жоғарыда айтып кеткендей, кезеңмен қайталанатын жұмыссыздықтың жоғары деңгейін жатқызуға болады. Яғни, нарықтың толық жұмысбастылықты қамтамасыз етуге қабілетсіздігі байқалып, еңбек нарығында мемлекетпен қамтамасыз етілетін белсенді және белсенді емес жұмыспен қамту бағдарының қажеттілігі туындады. Белсенді жұмыспен қамту бағдары жұмыссыздарға тұрақты негізде жұмыс табуға жәрдемдесуді көздейтін мемлекеттің іс-шаралары болып табылады және оған жұмыспен қамтудың мемлекеттік қызметтерін, жұмыссыздарды кәсіби даярлаудың түрлі бағдарламаларын, жұмысбастылықты қамтамасыз ететін субсидияларды, әлеуметтік қоғамдық жұмыстарды және т.б. жатқызады. Ал белсенді емес бағдарлары мемлекет тарапынан қолдау деңгейін өзгертуді (әлеуметтік төлемдер, жұмыссыздық бойынша жәрдемақылар және т.б.) білдіреді. Мысалы, АҚШ-ң Еңбек министрлігі штаттарға қайта даярлау бағдарламаларын іске асыруға жыл сайын 500 млн. долларға жуық қаражат бөлуі үкіметтің экономика мен қоғамның өміріндегі өзгермелі жағдайда аталмыш салаға қаншалықты назар аударатынының дәлелі. Ұлыбританияда болса мемлекетпен қаржыландырылатын курстарға жұмысқа орналасу барысында қиындықтарға тап болған азаматтар қатысса, ал кәсіпкерлермен төленетін салықтар есебінен қаржыландырылатын бағдарламалар базалық категориялы жұмыскерлердің біліктіліктерін арттыруға арналған.
Осыған ұқсас белсенді құралдар мен бағдарламалардың қазақстандық тәжірибеде де қолданылатынын айта кеткен жөн (жұмыспен қамту бағдарламалары да қоғамдық жұмыстар, кәсіптік оқыту, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, кәсіпкерлерді қолдау сияқты белсенді шараларды қамтиды).
Осылайша, жалпы әл-ауқат мемлекетінің тұжырымдамасы 60-70-ші жылдарда айтарлықтай белсенділігін танытты. Осы кезеңге дейін мемлекет ролінің кеңейіп, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылуы капиталистік қоғамның алдында тұрған бірқатар мәселелердің шешілуіне ықпал етті.
Алайда, мемлекеттік сектордың әлеуметтік саладан басқа экономикалық өмірге де араласуын туындататын бірнеше жағдайлардың әрекет етуіне де назар аударған жөн. Олардың біріншісі мемлекеттік билік органдарының, бір жағынан, қоғам мүшелеріне ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін өз әрекеттерін үйлестіруге мүмкіндік беретін елдегі саяси және экономикалық іс-әрекетті ұйымдастыру құралы ретінде қарастырылуынан, екінші жағынан, қоғамдық сектордың азаматтардың іс-әрекетін үйлестіру бойынша функцияларын орындауы оның институционалды бірліктерінің меншік құқығына негізделіп, ақша қаражаттарын шоғырландыру мен жұмсауынан тұрады.
Міне, жоғарыда аталған себептерге байланысты зерттеушілер өзінің мақсатқа бағдарлаушы, ұйымдастырушы және реттеуші әсерін тигізетін қоғамның экономикалық және әлеуметтік өміріне мемлекеттік басқарудың кең таралу қажеттілігін мойындады.
Осылайша, мемлекеттік араласу қажет, себебі мемлекет адамдардың өздеріне қарағанда олардың қызығушылықтарын ненің қанағаттандыратынын жақсы түсінеді және біледі деген көзқарас патернализм деп аталады.
Өз кезегінде, мемлекеттік басқарудың мақсатқа бағдарлаушы, ұйымдастырушы және реттеуші әсерлері оның атқаратын функцияларының кешенімен тығыз байланысты, олар елдің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық дамуының негізгі бағыттарын жоспарлау және өңдеу; басқару және басқарылатын жүйенің құрылымын анықтау және ұйымдастыру; қоғамдық өмірдің түрлі салаларында олардың іс-әрекетін реттеу; еңбек қатынастарын бақылау және реттеу; қоғамдық маңызды салалардың үздіксіз әрекет етуін қамтамасыз ету және т.б.
Бұл жерде нарықтық экономикасы дамыған ешбір мемлекетте оның өзінің реттеуші функцияларын әлсіретпегенін айтып кету қажет. Оны түрлі салалардағы мемлекеттің нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауымен дәлелдеуге болады. Мысалы, 1946 жылғы АҚШ-ң "Жұмыспен қамту туралы" Заңы федералды үкіметке максималды жұмысбастылық, өндіріс пен сатып алу қабілеттілігінің максималды деңгейін қамтамасыз ету жауапкершілігін жүктесе, ал Қазақстан Республикасының "Жұмыспен қамту туралы" Заңы Үкіметке жұмыспен қамту аясындағы белсенді бағдарды ұстанып, жұмыссыздар мен өзге нысаналы топтарға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тәртібін анықтауды жүктейді. Кез-келген жүйе сияқты мемлекеттік басқару жүйесі де оның қалыптасу, қызмет ету, басқарушылық ықпал ету үдерістерінің талаптарын, сонымен қатар қоғамда қалыптасқан жағдайларда мемлекеттік басқару қатысушылары әрекет ететін негізгі ережелер мен әрекет ету нормаларын сипаттайтын белгілі қағидаттарға негізделетінін де (лат. principium - негіз, бастапқы) атап өту қажет.
Мемлекеттік басқару жүйесінің қағидаттарын өңдеуде аталмыш теорияның негізін қалаушы неміс ғалымы М. Вебердің үлесін айтпай кетпеуге болмайды.
Осылайша, бірқатар ресейлік авторлар әділдік, объективтілік, демократизм, құқықтық реттілік, заңдылық, федерализм, биліктің бөлінуі, тиімділік, жауаптылық, бұқаралық сияқты қағидаттар түрлерін қарастырса, ал отандық авторлар болса - ажырамастық (біртұтастық); басқарудың мемлекеттік механизмінің болуы; өңірлерге көмек көрсетудегі іріктеулілік; әлеуметтік тараптарды теңестіру басымдығы; мультипликативтілік; жүйелілік сипаттан туындайтын стратегиялық мүдделерді анықтау, яғни мемлекеттік басқарудың бағдарламалы-мақсатты әдістерге бағдарлану қағидаттарын қарастырады.
Біздің ойымызша, мемлекеттік басқару қағидаттарының қолданылу тиімділігінің басты критерийі болып мемлекеттік басқарудың жүйелілігіне және осы арқылы жалпы қоғам өмірі мен оның жекелеген салаларының үйлесімділігі мен кешенділігіне қол жеткізу табылады. Мемлекеттік басқарудың функциялары мен қағидаттарын жүйелеп, оны жұмыспен қамту аясының мысалында түпкілікті мақсатқа жетуін бағдарлау 1 суретте көрсетілген (сурет 1).
Осылайша, анықталған қағидаттарды ұстана отырып, өздеріне жүктелген функцияларды жүзеге асырудың нәтижесінде жұмыспен қамту аясындағы мемлекеттік органдардың (Қазақстанда орталық мемлекеттік орган Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі) басты мақсаты болып елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын және жалпы экономиканың өсімін арттыру табылады. Алайда, ХХ ғасырдың 70-ші жылдардың екінші жартысы - 80-ші жылдардың басынан бастап жағдай айтарлықтай өзгерді.
70-ші жылдардың басында экономикалық өсімнің жоғары қарқынға ие кезеңі тоқтатылды. Екі энергетикалық дағдарыстардың салдарынан 70-ші жылдардың екінші жартысында дамыған елдердің экономикасында стагфляция орын алып, инфляция бірінші кезектегі мәселеге айналды. Егер 60-шы жылдары бюджеттік тапшылықтар сирек кездессе, ал 70-ші жылдардан кейін ол тұрақты сипатқа ие болды. Әл-ауқат мемлекетін сынға алушылар онда жұмыскерлердің кең шеңберінде тиімді еңбекке, бәсекелік күреске деген ынтасының әлсіреуі, әлеуметтік- демографиялық жағдайдың нашарлауын және т.б. баса айта түсті. Мемлекеттік бюджет арқылы қаражаттарды қайта бөлу ауқымының шамадан тыс артуы кең ауқымды жағымсыз салдарларға әкелді. Инфляциямен қатар ұдайы өндіріс шарттары нашарлай түсті, мемлекеттік аппараттың көлемі артып, бюрократия өрши түсті. Бір сөзбен айтқанда, әл-ауқат мемлекетінің маңызды элементі жоғары деңгейдегі бюрократия еді. Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік мәселелермен айналысатын мекемелерде қызмет етуші тұлғалар санының айтарлықтай артуынан да көрініс тапты. Мысалы, 1940-шы жылдар 1995-ші жылдар аралығында аталмыш мекемелердің персоналы шамамен 15 есеге артқан. Сәйкесінше, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаражаттар көлемі де шамадан тыс өсіп кетті. Осылайша, АҚШ, Франция, Англияда 1938-ші жылдан бастап 1975-ші жылға дейін ЖҰӨ-гі жиынтық мемлекеттік шығындардың пайызы екі есеге артқан.
Қысқасы, жалпы әл-ауқат мемлекеті мен жекелей алғанда кейнстік теория өзінің кемшіліктерін көрсете бастады. Ғылыми әдебиетте ондай мәселелер "мемлекеттің сәтсіздіктері" немесе "мемлекеттік басқарудың дағдарысы" деп аталады.
Осы аталған мәселелердің аса күрделілігі 1980-ші жылдың қазан айында ЭЫДҰ-ң осы ұйымға мүше елдердің танымал экономистері, әлеумет- танушылары, министрлері, ірі мемлекеттік қайраткерлері, кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен "Әл-ауқат мемлекетінің дағдарысы" атты конференцияны өткізуімен дәлелденеді.
Осылайша, мемлекеттің жоғарыда аталған сәтсіздіктерінің алдын алу үшін ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Батыстың дамыған елдерінде әкімшілік реформалар жүзеге асырыла бастады. Дәлірек айтсақ, мемлекеттің қоғамдағы мәртебесі, әлеуметтік ролін жаңадан қарастыратын "жаңа мемлекеттік басқару" тұжырымдамасын туындатқан мемлекеттік басқару парадигмасының ауысуы орын алды. Аталмыш тұжырымдама көбінесе "жаңа мемлекеттік менеджмент" (NPM) деп те аталып жатады.
Негізі, жаңа мемлекеттік менеджмент тұжырым- дамасы мен оған сәйкес реформалар мемлекеттің жалпылама әл-ауқат саясатының шығынды сипатын сынға алып, халықтың мемлекеттік басқаруға сенімінің күрт төмендеуімен ынталандырылған болатын.
Осылайша, мемлекеттік басқаруды реформа- лаудың мақсаттарын келесідей жалпылауға болады:
- жаңалықтардың енгізілуі, өндіріс тиімділігін арттыру сияқты ғаламдық экономикадағы елдердің негізгі бәсекеқабілеттілік факторларын ынталандыратын нарықтық күштерді мемлекеттік басқаруға қолдану;
- ұлтсыздандыру және жекешелендіру арқылы мемлекеттік секторды қысқартып, шағын да тиімді мемлекеттік аппаратты құру, оның экономиканы реттеу, әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларды қаржыландыру, қоғамда қалыпты әлеуметтік ахуалды қалыптастыру және т.б. сияқты негізгі функциялары арқылы мемлекеттік басқарудың сапасын арттыру;
- бұрындары мемлекет атқарған функциялардың басым бөлігін жүзеге асыру үшін жеке сектормен келісім-шартқа отыру;
- орындалған жұмыс ақысын тек қол жеткізілген нәтижелерге байланысты төлеу әдісін пайдалану;
- мемлекеттік шығындардың өсім қарқынын төмендету.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік-әкімшілік басқару дағдарысынан шығу жолы ретінде көпшілік нарықтық экономикадағы бизнесті басқару ретіндегі менеджменттің алғышарттарын мемлекеттік басқару жүйесіне енгізуді ұсынды.
Осылайша, жаңа мемлекеттік басқару қоғамдық қаржыларды иелену, мемлекеттік қызметті ұйымдастыру, халыққа қызмет көрсету жүйесіндегі сапалы өзгерістердің кешенін білдіреді. Ал нәтижелер бойынша басқару тиімділік және нәтижелілік саласындағы нысаналы мәндер анықталып, қол жеткізілген нәтижелер өлшеніп, ол жайлы ақпарат бағдарламалардың қаржыландырылуы, құрылымы мен әрекет етуі туралы шешім қабылдау барысында қолданылатын басқарушылық мәселелерге қатысты ерекше тәсілдеме болып табылады. Нәтижеге бағдарланған бюджеттеу - бюджет қаражаттарын өлшемді нәтижелермен байланыстыруға мүмкіндік беретін бюджеттеу формасы. Байқап отырсақ, жаңа мемлекеттік басқару неғұрлым кең шеңберде қолданылса, ал нәтижелер бойынша басқару және бюджеттеу мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдаланып, оларды нәтижемен байланыстыруды білдіреді. Келтірілген анықтамалардың мәнін ХХ ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап батыстың қоғамдық-саяси жүйесінде танымал экономист И.Шумахердің "неғұрлым аз - соғұрлым тиімді" ұранының кеңінен қолданылуымен байланыстыруға болады. Аталмыш ұранның мәні қоғамның жекелеген салаларында мемлекеттің реттеуші функцияларының әлсіреуін, өзін ақтамаған әлеуметтік бағдарламалардың қысқаруын, жеке сектор инициативасының ролін арттырудан тұрады. Және де мұндағы аталған бастапқы екеуі ескі неоклассикалық мектептің монетаризм сияқты жаңа бағыттарының ойымен түйісетінін байқауға болады.
Осылайша, бір уақытта мемлекеттік және нарықтық реттеу механизмдерінің үйлесімділігін қолдану аясында мемлекеттік басқарудың нарықтық тұжырымдамасы туындап, ол Ұлыбритания, АҚШ, Жаңа Зеландия, Канадада неғұрлым белсенді өңделіп, Франция, Германия, Солтүстік елдер мен Жапонияда өз жақтаушыларын тапты.
Жалпы, мемлекеттік басқару саласындағы әдебиеттерді талдау, бізге алғашқы кезде мемлекеттік сектордағы менеджменттің жаңа тәсілдемелерінің әртүрлі модельдерінің болғанын анықтауға мүмкіндік берді. Мысалы, алғашқы кезде авторы К.Худ болып табылатын жаңа мемлекеттік менеджмент туындаса, одан кейін З.Лан және Д.Розенблумның нарықтық тәсілдемелерге негізделген мемлекеттік әкімшіліктер моделі туындады, кейіннен Д.Осборн мен Т.Габлердің кәсіпкерлік үкімет моделі, К.Политтің менеджеризмі мен Л.Терридің неоменеджеризм моделі туындады. Алайда, аталмыш модельдер атауларының алуан түрлілігіне қарамастан, олардың зерттеу объектісінің бір екенін байқауға болады және қазіргі таңда көптеген авторлар алғаш болып қалыптасқан жаңа мемлекеттік менеджмент NPM (New Public Management) терминін қолданады.
Осы аталған модельдердің барлығының бір нақты ғылыми мектеп немесе модельге жатқызылмайтыны анықталды, дегенмен оның жекелеген элементтері түрлі мектептердің ережелерімен үйлеседі.
Мысалы, нәтижелер бойынша басқару тұжырымдамасының қалыптасуына мемлекеттік басқарудың классикалық мектебі, "максими- зациялаушы бюрократ" тұжырымдамасы мен жаңа мемлекеттік басқару айрықша ықпал етті.
Аталған тұжырымдаманы қалыптастыруда В.Нисканен қызметтер ұсыну құқығы үшін ведомстволар бәсекелестігін құру, мердігерлер ретінде жеке тұлғаларды тарту, бақылауды күшейту және т.б. маңызды болады десе, Дж. Олсен бизнес-табиғатына назар аудара отырып, басқарудың аталмыш жүйесін қалыптастырудың түпкілікті өнімін "супернарықтық мемлекет" деп атауды ұсынады, ал Г. Дж. Фредериксон "мемлекеттік басқарудың жаңа теориясының" негізгі қағидаларының бірі ретінде "шығындар және пайда ара-қатынасын талдауды" бөліп қарастырады.