Стандарттаудың ғылыми-техникалық принциптері мен функциялары
Қоғамның дамуына сәйкес адамдардың атқаратын жұмыс түрлері де өзгеріп отырады. Бұл ертеде әр түрлі заттардың, жұмысқа қажетті құрал-жабдықтардың және жұмысты атқарудың жаңа тәсілдерінің пайда болуынан көрініс тауып отырған. Сонымен бірге, адамдар өз жұмыс нәтижелерінің ішінен қолдануға лайықты жақтарын таңдап алып отырған. Көне дәуірдегі өлшем бірліктерінің, стандартты мөлшерлі құрылыс бөліктерінің, су құбырларының қолданылуы стандарттаудың мысалдары болып табылады. Қайта өркендеу дәуірінде елдер арасында экономикалық байланыстардың дамуына сәйкес стандарттау әдістері кең қолданыла бастады. Мысалы, Венецияда көптеген кемелер жасау қажеттілігіне сәйкес оларды алдын ала дайындалып қойылған бөліктерден жинастыру қолданылды. Бұдан кейінгі уақытта да стандарттау жұмыстары жақсы дамып отырған. Мысалы, 1845 жылы Англияда бекіту оймаларының жүйесі, Германияда теміржол табандарының арақашықтығы стандартталды.
Халықаралық стандарттау жұмыстары 1875 жылдан бастау алады. Осы жылы халықаралық метрикалық конвенцияны құрайтын 19 елдің өкілі Халықаралық өлшемдер мен салмақтар бюросын құрды. КСРО құрамына кірген елдерде стандарттаудың дамуы өлшемдер мен салмақтардың методикалық жүйесін құрудан басталған. 1925 жылы стандарттау саласында алғашқы орталық орган - Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің жанынан стандарттау бойынша Комитет құрылды.
Осы жылдан бастап КСРО-да стандарттау саласында көптеген игі істер атқарылды. 1992 жылы бұрыңғы КСРО аумағында тәуелсіз мемлекеттердің құрылуына байланысты осы елдердің арасында стандарттау, метрология және сертификаттау салаларындағы байланысты орнатудың жаңа түрлері қарастырылды. 1992 жылы 13 наурызда Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) енген елдер «Келісілген саясатты жүргізу туралы» келісімге қол қойды. Келісімге қол қойылуы, одан кейін мемлекеттік стандарттардың әзірленуі Қазақстан Республикасында стандарттау жүйесінің қалыптасуының алғашқы кезеңі болып табылады. 1999 жылы Қазақстан Республикасының «Стандарттау туралы» және «Сертификаттау туралы» Заңдары қабылданды. Заңдар стандарттау саласында нормативтік құжаттарды әзірлеп шығару негізінде тұтынушылардың мүддесін мемлекет тарапынан қорғауға бағытталған шараларды айқындап берді. ТМД-ның басқа да елдеріндегі сияқты Қазақстан Республикасында стандарттау жүйесінің дамуының негізгі бағыттары мыналар:
келісімге сәйкес мемлекетаралық стандарттау жұмыстарын дамыту;
Қазақстанның стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру жұмыстарын жеделдету;
міндетті түрде сертификатталуға тиісті өнімдердің (көрсетілетін қызметтердің) мемлекеттік стандарттарын дайындауды жеделдету;
ИСО 9000 сериялы халықаралық стандарттарын қолдана отырып елімізде сапа жүйелерін кеңінен енгізу, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |