Көкнәр тұқымдастар. Шөптекті, бұта немесе кішкене ағаш түрінде өсетін қосжарнақты өсімдіктер тобы. Бұлар – біржылдық немесе көпжылдық өсімдіктер. Ғаламшарда 700-ге жуық түрлері бар. Қазақстанда көкнәр тұқымдастардың 44 түрі өседі. Жапырағы кезектесіп орналасады. Бөбешік жапырақшалары болмайды. Сүтті шырын бөліп шығаратын өзекті жүйелері жақсы дамыған. Көкнәрлардың гүлі қосжынысты. Тостағанша жапырақшасы – 2, гүлі ашылғанда дереу түсіп қалады, күлтесі – 4. Ол екі шеңбер бойына орналасқан. Аталығы көп; аналығы да көп жеміс жапырақшасынан құралған. Жемісі – қауашақ, тұқымдары – ұсақ, түсі қара болып келеді. Сирек кездесетіндіктен, жіңішке көкнәр (мак тоненький) Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген. Ол – шөптекті көпжылдық өсімдік. Биіктігі 30 сантиметрден аспайды. Гүлсидамы жіңішке және тік өседі. Жапырақтары сағақты, гүлсидамынан 2–3 есе қысқа. Қазақстанда Қарқаралы тауларында, әсіресе Кент және Қызылрайда бірлі-жарымнан кездеседі. Қорғауды қажет етеді.
Көкнәр ауланы сәндеу үшін үлескілерде әдейі өсіріледі. Жалаңсабақ айдаршөп, жіңішке айдаршөп – бұлар да көкнәр тұқымдас өсімдіктер. Көкнәр тұқымдас үлкен сүйелшөп – улы өсімдік. Ол халықтық медицинада сүйелді кетіруге пайдаланылған. Сондықтан «сүйелшөп» аталған. Көкнәрлар тұқымдасының формуласы: жабайы көкнәр Т2К2+2А∞ Ж∞.
Даражарнақтылар класы
Даражарнақты тұқымның құрылысы. Даражарнақты тұқымға алдын ала суға жібітілген бидай дәнегін аламыз. Дәнектің сырты тығыз қабықпен (қауыз) қапталған. Бидайдың жемісі бір тұқымды. Піскенде қабығы ажырамай, тұқымға тығыз жанасып бірігіп кетеді. Қанша жібітсе де қабығын ажырату қиын. Бидай тұқымы әрі жеміс, әрі тұқым болып есептелетіндіктен дәнек дейді. Бидай қабығы (қауызы) тез сылынбайтындықтан, өткір ұстарамен ұзынынан тең екіге жарады (2-сурет). Дәнектің едәуір бөлігін – эндосперм алып жатады. Эндосперм жасушаларында крахмал, нәруыз, май заттары жиналады. Дәнектің төменгі ұшында эндоспермге тығыз жанасып бекінген ұрық бар (құрылысы үрмебұршақтікіндей). Ұрық пен эндоспермнің арасында жұқа бір жарнақ орналасады (бітеу бидайдың сыртынан сәл білеуленіп белдік тәрізді білінеді). Коректік заттар қоры эндоспермде жиналады, жарнағында болмайды. Даражарнақтылардың тұқым жарнағы, тұқым өнген кезде эндоспермдегі қоректік заттарды ерітетін зат бөледі. Ерітетін зат органикалық заттарды сұйылтады. Сұйылтылған қоректі жасушалары арқылы сорып, бастама тамырша мен бүршікшеге өткізеді. Ұрықтағы май қоры да өнуге жұмсалады.
Бидай дәнегінің ұзынынан (қақ жарылған) құрылысы.
Даражарнақты өсімдіктерге лалагүл, жуа, бидай, құртқашаш, банан, қияқөлең, пальма, жүгері, күріш, тары жатады. Тұқымда бір тұқым жарнағы бар өсімдіктердара жарнақтылар деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |