ІІ тарау. Тіл – мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 8-бап. Тілдердің қолданылуы Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады. 9-бап. Мемлекеттік органдар актілерінің тілі Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін. 10-бап. Құжаттама жүргізу тілі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесінде, ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік тілде және орыс тілінде қамтамасыз етіледі. 11-бап. Азаматтардың өтініштеріне қайтарылатын жауап тілі. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштері мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде беріледі. 12-бап. Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарындағы тіл. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, сондай-ақ әскери және әскерилендірілген құрамалардың барлық түрінде, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі. 13-бап. Сот ісін жүргізу тілі Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүрігізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады. 14-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу тілі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде жүргізіледі. 15-бап. Мәмілелер тілі Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмілелері қажет болған жағдайда басқа тілдердегі аудармасы қоса беріліп, мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады. Шетелдік жеке және заңды тұлғалармен жазбаша нысанда жасалатын мәмілелер мемлекеттік тілде және тараптар үшін қолайлы тілде жазылады.