ҮІ тарау. Тілді шетелдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда пайдалану 27-бап. Тіл – халықаралық қызметте Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметі мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда басқа да тілдерді пайдаланып жүзеге асырылады. Екіжақты халықаралық шарттар, әдетте, уағдаласушы тараптардың мемлекеттік тілдерінде жасалады, көпжақты халықаралық шарттар оған қатысушылардың келісімімен белгіленген тілдерде жасалады. Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкілдерімен өткізілетін ресми қабылдаулар мен өзге шаралар басқа тілдерге аударылып, мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев
Осы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры да. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Бұл ретте Қазақстан Республикасының тіл саясаты мемлекеттік тілді дамытуға және республикада қолданылатын өзге де тілдер үшін жағдай жасауға бағытталған.
Мемлекеттік тілді дамыту Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Қазақстан халықтары Ассамблеясы да өзінің стратегиясында мемлекеттік тіл мен қазақ халқы мәдениетінің басты рөлі азаматтық және рухани мәдениеттің ортақтығы негізінде Қазақстанның барлық этностарының бірігуі жолында қазақстандық сәйкестіктің қалыптасуының басты міндеттерінің бірі болып табылатынын жариялады.
Басқа ұлт өкілдерінің диаспорасы болып табылатын қазақстандықтар бүгінгі таңда қандай этникалық топқа жататындығына қарамастан, қазақ тілі мен мәдениетіне оның мемлекеттік қызметінің сақталуы мен нығаюының маңыздылығына көңіл бөлуде. Бұған дәлел ретінде соңғы жылдары Қазақстанда қазақ тілінде еркін сөйлейтін адамдар санының біртіндеп көбейіп келе жатқаны, жыл сайын Тіл комитеті жүргізетін тілдік жағдай мониторингі деректерінен айқын байқалуда. Мәселен, 2000 жылы қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдерінің саны 36,4%-ды құраса, 2004 жылы бұл көрсеткіш 40%-ға жетіп отыр. Бұған қоса, зерттеу нәтижелері орыс тілді қазақтардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы да белсенді түрде жүзеге асырылып келе жатқаны байқалады.
Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай бола қалатын іс емес. Себебі ол тіл сол мемлекеттің иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни, ол өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидар, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс қағаздар, т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы керек. Есеп-қисап, қаржылық және техникалық құжаттамалар да осы тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, Қарулы Күштер, ғылым және білім беру салалары, халықаралық қызмет те осы талаптарға толық жауап беруге міндетті. Тілдерді дамыту — еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу — ұлтаралық, қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың алғышарты.
Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы жанартау болған жұрт жүрегінің жалыны бүгінде де бәсеңдеген жоқ. Ұлтының тілін ұлықтаған ұрпақтың ұмтылысы ұдайы ұрандаудан тұрмайтыны хақ. Бұған сол жылдардағы жағдай мен қазіргі күйді салыстыра қарасақ, көзіміз жетеді. Әрине, әлі де алаңдатып отырған мәселе аз емес, алайда ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Қоғамда тіл тағдырына деген түсіністік орныға бастады. Бұл осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі.
Бүгінгі күнгі тікелей жауапкершілігіміздегі міндет — мемлекеттік тіл саясатын қоғамымызда жүргізіліп отырған сындарлы саясат негізінде одан әрі жалғастыру. Бүгінгі күні тілдерді дамытуға деген қамқорлық жан-жақты көрсетілуде. Еліміздегі тілдердің дамуы мен қолданылуына қатысты нормативтік құқықтық негіздер нығайтылуда. Мемлекеттік тіл саясатының тірегі — тіл туралы заң, заңды жүзеге асыруды қамтамасыз етуші қаулы-қарарлар, бекітілген бағдарлама бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында проблеманың бүгінгі тандағы жай-күйіне талдау жасай, сараптай отырып, соның негізінде жақын болашақтың басым бағыттары айқындалып, қазақ тілінің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту, орыс тілінің қолданылуын қамтамасыз ету, жалпы мәдени қызметін сақтау, этностық топтардың тілдерін дамыту міндеттері алға қойылған. Тіл саясатының бұл мүддесі мемлекеттің қоғамдағы барлық ұлттардың дамуын көздеген ұстанымына негізделген.
Бағдарлама қоғамдағы саяси тұрақтылық мүдделерін ескере отырып жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының табиғи сабақтастығын қамтамасыз етеді және еліміздегі тіл саясатының жақын болашақтағы бағыт-бағдарын берік бағамдауға және ең бастысы, тіл болашағына деген халық сенімін нығайта отырып, жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыруға қызмет етуі тиіс. Ол мемлекеттік деңгейде қабылданар құжаттың құрылымдық талаптарына сай және тіл саясатына қатысты қамтылуы тиіс мәселелерді толық қарастырады. Әр тараудың мақсатына сай атқарылуы қажет міндеттер мейлінше нақтыланып керсетілді.
Жоғарыда айтылған нормативтік кұқықтық қамтамасыз ету тұрғысында Үкіметтің «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы», «Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ереже», «Тауарлардың заттаңбаларына (этикеткаларына) мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпарат енгізу жөніндегі талаптар туралы», «Мемлекеттік тілде кұжат дайындауды жүзеге асыратын әкімшілік қызметшілерді көтермелеу туралы» қаулылары қабылданды. Тіл заңын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту «Қазақстан Республикасы Әкімшілік бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 81, 82-баптарында көрсетілді. Сондай-ақ 1999 жылдың 23 шілдесінде қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 3-бабы 2 тармағына «…мемлекеттік тілдегі берілімдердің көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі берілімдердің жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс» деген толықтыру енгізілді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында біздің ел «өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» және «тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсiтуге» болмайтындығы атап көрсетілген.
Тіл адамның толыққанды жеке тұлға ретінде қарым-қатынас жасауына, ақпарат алмасуға, бала тәрбиелеп, зияткерлік мүмкіндіктерін дамытуға мүмкіндік береді. Тіл арқылы қоғам мүшелері, жеке тұлға мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас жасалады. Тіл маңызды коммуникативтік қызмет атқара отырып, сонымен бірге, адамның өз ойын, ниет-пиғылы мен көңіл-күйін білдіріп, ішкі әлемін көрсетеді, білімін жетілдіруге, адам санасының деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Тіл саясатын одан әрі жүзеге асырудың мәселелері мен міндеттерін дұрыс анықтаудың маңызды факторы елдегі этнолингвистикалық жағдай туралы ғылыми негізделген талдау жасау болып табылады. Бірақ бұл талдау бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, білім саласындағы статистикалық әлеуметтік зерттеулерге негізделген. Бұл мәліметтер нақты жағдайды көрсетпейді, өйткені сұралатын аудиторияда білім деңгейіне, әлеуметтік тегіне, мониторингке қатысушылардың құзыреті ескерілмейді. Жоғарыда көтерілген мәселелер тұрғындардың қабылдауына ықпал ететін мәселелердің барлығын қамти алмайды.
Сонымен қатар, ана тілін «ана тілі» деп қабылдау көрсеткіштерін, меңгеру деңгейін, респонденттердің сауаттылығы, үйрену мотиві ескерілу қажет.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның қабылданған кезі де елдегі күрделі демографиялық ахуал жағдайымен тура келді. Ол кезде қазақ өз жерінде 40 пайыздан аса қоймаса, орыстар, украиндықтар мен белорустар 7 миллионнан асып, бүкіл халықтың 40 пайызынан жоғары болды. Мұндай фактормен санаспауға болмайтын еді. Өйткені сонау бостандықты жария еткен алғашқы құжат – Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда атап көрсетілгендей, елімізде тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп саналған болатын.
Тәуелсіздік жылдары қоғамның саяси-әлеуметтік саласында елеулі өзгерістер жүзеге асты. Нарықтық қатынастар өмірге етене еніп, экономикамыз белгілі деңгейде қалыптасты. Демографиялық жағдай осыдан он жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазір қазақ ұлтының саны еліміздегі халықтың 63 пайызын құрап отыр. Мемлекеттік тіл баяу болса да, Қазақстанды туған елім, өз жерім дейтін барлық этнос өкілдері мен диаспоралар үшін қажеттілікке айналып келеді.