1.3 Алғашқы адамдардың пайда болуы Адамзат баласының пайда болып, қалыптасу үрдісі ежелгі дүниенің барлық аймағында бірдей жүрді. Адам баласы жер бетіндегі басқа тіршілік иелері сияқты ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесінде қалыптасты. Ежелгі дүние деп адамдардың пайда болып, қалыптасқан жер шары бөліктерін атайды. Адамзаттың қалыптасуы да бүкіл жанды дүниенің пайда болуы мен тарихи дамуы сияқты қарапайымнан күрделіге қарай жүрген. Қазақстан аумағында алғашқы адамдар 1 миллион жылдай бұрын өмір сүрді. Оған дәлел – Қазақстан жерінде табылған ежелгі құралдар. Алғашқы адамдардың қазіргі адамдардан көп айырмашылығы болды. Алғашқы адам ірі маймылға ұқсайтын, терісін қалың түк басқан және, қолдары аяқтарынан ұзын еді. Қолымен жемістерді, заттарды ұстау, соғу, жер қазу сияқты қарапайым жұмысты орындай алатын. Алғашқы адамдар қабыландай жылдам, арыстандай епті, аюдай күшті болмады. Бірақ еңбек құралдары арқылы өздерінің күш-қуаттарын еселеп арттыра алды. Қазғыш таяқ, үшкір тас, шоқпар – олардың алғашқы еңбек құралдары болды. Бұл құралдардың көмегімен тамақ тауып жеді. Алғашқы адамдар бірлесіп тамақ табу мен жабайы жануарлардан қорғану үшін үлкен топ құрап топталып жүрді. Олардың арасында жейтін тамақ, баспана үшін талас-тартыс жиі болғандықтан 20-30 ересектен тұратын топ әрдайым ыдырап, бөлініп тұрды. Дегенмен де адамдар тобыры – адамдардың алғашқы қоғамдық ұйымы еді. Алғашқы еңбек құралдары негізінен тастан жасалды. Олар өте қарапайым болатын. Ғалымдар алғашқы адамды «епті адам» деп атады. «Епті адам» Африкадағы Танзания жеріндегі Олдувэй шатқалында табылған. Ол осыдан 1 миллион 750 мың жыл бұрын өмір сүрген. Алғашқы адамның бірі питекантроп деп аталады. Питекантроптың қаңқасы алғаш рет Ява аралынан 1891-інші жылы табылды. Ол мөлшермен бұдан 1 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Адамзат дамуында бұдан кейінгі сатыда синантроп тұрады. Солтүстік Қытайда табылуына байланысты оған «қытай адамы» деген ат берілген. Синантроптар шамамен 500-200 мың жыл бұрын өмір сүрген. Ғалымдар питекантроп пен синантропты «тік жүретін адам» деп атайды. Көне адамның тағы бір түрі неандерталь деп аталады. Ол Германия жерінен табылды. Оның бойы орташа, денесі мығым, белі еңкіштеу, маңдайы тайқы, қабақ сүйегі шығыңқы келді. Неандерталь баланың сүйегі Өзбекстан аумағындағы Тесіктас үңгірінен де табылған. Неандертальдықтар жер бетінде бұдан 100-35 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олар тастан, сүйектен, ағаштан құрал жасай білген. Отты өз керегіне пайдаланған. Негізгі кәсібі аңшылық және терімшілік болды. Бүгінде адамзат баласының пайда болуы жөнінде бірнеше пікір бар. Оларды үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – діни, идеалистік жолмен түсіндіру. Бұл ұғым бойынша дүниені, адамды құдай жаратты. Екіншісі – кейінгі кезде көп айтылып жүрген әлемдік гумоноидтар туралы пікір. Ол бойынша адам баласы жер бетіне басқа ғаламшардан келген. Үшінші пікір бойынша адамзат баласы жер бетіндегі басқа тірі жәндіктер сияқты ұзақ және біртіндеп дамудың нәтижесінде пайда болып, қалыптасқан.