2) Шегеру амалы. Бұл сөйлеу тіліндегі коммуникативтік ерекшеліктерді айқындайтын
бірден-бір амалға жатады. Тілдегі болымсыздық форма мен болымсыз пікірдің арақатынасын
айқындайды. Әдетте, болымсыз сөйлем – болымсыз пікірді білдіретін тілдік бірлік ретінде
танылады. Ғалым бұлардың екеуі ылғи тепе-тең келе бермейтінін коммуникативтік тұрғыда
дәлелдейді. Осыған дәлел ретінде келмейді емес, алған жоқ емессияқты баяндауыштық
формаларды жатқызады. Болымсыз мағынадағы сөзді тағы болымсыз ету – тілдегі белгілі
коммуникативті талаптан туындайтынын көрсетеді [2, 50].
Болымсыз пікір тек болымсыз формалы сөйлемге баламаланып қоймай, болымсыз пікір
формасы жағынан болымды болып келген сөйлемдер арқылы да көрініс табатынын
дәлелдейді. Осындай болымсыз мағынаны білдіретін форманың бірі – риторикалық сұрақ
ретіндегі сөйлемдер екенін айтып, мынадай мысал келтіреді: Тоқтарбай айтқанға көне ме, жүріп кетті. Бұл мысалда Тоқтарбай көне ме деген болымды формада тұрып, болымсыз
мағынаны білдіріп тұр. Осы сияқты болымсыз формалы сөйлемнің де болымды пікір
білдіретін форма ретінде жұмсалатыны болатынын айтады. Мысалы, Сонда көрген жоқ па сені. Бұл сөйлем риторикалық түрде айтылған болымды пікірді білдіріп тұр. Болымсыз пікір
мен тілдік амалдардың арақатынасының осылай күрделенуі ауызекі сөйлеу тіліне тән құбылыс
деп таниды [2, 52]. Қорыта келгенде, профессор Р. Әмірді қазақ тіл білімінде күні бүгінге дейін
шешімін таппай келе жатқан қазіргі күні білім беру саласы үшін де, ғылым саласы үшін де аса
маңызды, өзекті мәселеге жататын коммуникативті грамматика ғылымының негізін салған
элитарлық тұлға деп тануға болады. Ғалымның коммуникативтік аспектідегі ғылыми
тұжырымдары функционалды сауаттылыққа жетелейтін, сөйлесім әрекетін жүзеге асыратын
теориялық материал ретінде білім саласында ерекше мәнге ие.
Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Әміров Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. –Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 199 б.
2. Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. –Алматы: Мектеп, 1977. -92 б.