2
Бас редактор
Б.Ө. Жолдасбекова
Жауапты редактор:
А. Тымболова
Құрастырғандар:
Әлімтаева Л., Саткенова Ж.Б., Өмірқұлова Н.А., Өтегенова Б.Ж.
Көрнекті ғалым,
филология ғылымдарының докторы, профессор ӘМІР РАҚЫШ
СӘТҰЛЫНЫҢ 90 жылдығына арналған «ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМДІ МОДЕРНИЗА-
ЦИЯЛАУ: ТӘЖІРИБЕСІ МЕН ПРОБЛЕМАСЫ» атты республикалық ғылыми-әдісте-
мелік конференция материалдары / Құраст.: Әлімтаева Л., Саткенова Ж.Б.,
Өмірқұлова Н.А., Өтегенова Б.Ж. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. – 347 б
ISBN 978-601-04-5052-3
Ғылыми мақалалар
жинағы көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор ӘМІР
РАҚЫШ СӘТҰЛЫНЫҢ 90 жылдығына арналған «ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМДІ МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ:
ТӘЖІРИБЕСІ МЕН ПРОБЛЕМАСЫ» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материялдары
негізінде құрастырылды.
Жинақ филолог мамандарға, магистранттарға, докторанттарға, студенттерге арналады.
Авторлық редакциямен жарыққа шықты
ISBN 978-601-04-5052-3 © Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 2020
3
ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Сағындықұлы Б.
филология ғылымдарының докторы, профессор
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ЗАМАНДАСТАРЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕТІН,
ӨЗІН СЫЙЛАТА АЛАТЫН ЕРЕКШЕ ТҰЛҒА
1968 жыл еді. Бізге, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына, Қазақ ССР Ғылым
академиясы Тіл білімі институтында қызмет істейтін Әйтім Әбдрахманов дейтін жігіт жиі
келіп тұратын. Бір күні газеттің сауаттылығына, әдеби тіл нормасына жауап беретін стилист
екенімді
біліп алып, менімен
арнайы кездесті. Сұрақ қойды: «Бүлдіргі» деген сөздің екі
варианты бар:
бүлдіргі және
бүлдірге. Сіздер осы атауды газетте қалай жазып жүрсіздер», –
деді. Мен: «Егер қамшының бүлдіргесі болса,
бүлдірге деп жазамыз. Себебі, «Қолымда бір
қамшым бар
бүлдіргелі Айтайын бір әңгіме күлдіргелі» деген халық өлеңі бар емес пе?
«Бүлдіргілі» десек, «күлдіргелі» деген сөзге ұйқаспай қалады ғой. Қазақта «Бүлінген елден
бүлдіргі алма» деген мәтел айтылады. Мұндай жағдайда
бүлдіргі деп жазамыз», – деп жауап
қайтардым.
Бұл сөзім тілші ғалымға қатты ұнап қалыпты. Енді бір келгенде: «Біздің терминология
бөлімінде бір орын бос тұр. Соған келсеңіз дұрыс болар еді», – деді. Еңбекақысын сұрадым.
Менің газеттен алатын еңбекақымнан екі есеге жуық аз екен. Бара алмайтынымды айттым.
Сонымен уақыт өте берді. Ғылымды қатты сүйетінмін. Ізденгім келеді. Бірақ газет жұмысы
өте көп болғандықтан қолымды байлай берді.
1971 жыл келді. Еш нәрсе өндіре алмадым. Бір күні Әйтімге жолығып, баяғы ұсынысын
қабылдағым келді. Кездестік. Әтекең: «Ондай мүмкіндіктен айырылып қалдық қой. Енді
жәрдемдесе алмаймын», – деді өкінішін білдіріп. «Олай болса,
өзге бөлімдерден орын
табылып қалмас па екен», – дедім үмітімді үзбей. «Білмедім. Бізде Түсіндірме сөздік деп
аталатын үлкен бөлім бар. Қызметкерлері көп. Бірі келіп, бірі кетіп жатады. Сұрап көріңіз,
мүмкін орайы келіп қалар. Бастығы – Ахмади Ысқақов деген профессор».
Ахмади аға аса кішіпейіл, ақжарқын кісі екен. Күнде көріп жүрген кісісіндей, өте
ілтипатпен қабылданды.
Ғылыммен шұғылданғым келетінін, газет жұмысы өте ауыр
болғандықтан ізденуге мұршат бере бермейтінін, ғылым ордасына орналассам, әрі қарай алып
кете алатындығымды білдірдім. Ахмади аға әзірге бос орынның жоқ екендігін сыпайлап
жеткізді. Өзімнің қандай мәселемен шұғылданып жүргенімді сұрады. «Ізденушімін. Ғылыми
жетекшім – профессор Кәкен Аханов. «Қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы «Социалистік
Қазақстан» газетінің рөлі» деген тақырып берді», – дедім. Осы кезде Ахмади ағаның қасында
отырған, маған бейтаныс жас жігіт сөзге араласты: «Тақырыбыңыз тым жалпылау екен.
Нақтыламасаңыз, өзіңізге ауыр тиеді», – деді. Бұл пікірге Ахмади аға да қосылды. Ол сөзін
аяқтай келе: «Бұл жігіт Рақыш Әміров деген тілші-ғалым», – деді. Еті тірі азамат екендігі бір
көргеннен-ақ аңғарылып тұрды. Мен Рақыш ағамен осылайша танысқан едім.
1972 жылы Тіл білімі институтына аспирантураға қабылдандым. КПСС мүшесі
болғандықтан партия жиналыстарына қатысып тұратынмын. Бірер жылдан кейін Рақыш
Әміров парторг болып сайланды.
Сөйлеген сөзіне, сұңғылалығына, жүріс-тұрысына,
жиналысты оп-оңай дөңгелетіп әкететініне үнемі қайыл қалып отыратынмын. Бірнеше
4
парторгті көрген едім. Ешқайсынан Рақыш ағайдай қайрат-жігер сезілмейтін. Ішімнен мына
кісі елеулі қайраткер болатын шығар деп шамалайтынмын. Шамам шама екен. Бірнеше жыл
өткен соң Рақыш Әміров ҚазМУ-дың филология факультетінің деканы және кафедра
меңгерушісі болды. Көп ұзамай «шет ел тілдері институтының ректоры болып кетіпті» дегенді
естідік. Расында, «Алтын кездік қын түбінде жатпайды» деген осы.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін бұл кісі басқарушылық
қызметті біржолата
қойып, бірыңғай ғылыммен, оқу ісімен шұғылдана бастады. Университетіміздің Қазақ
филология кафедрасында профессор бола жүріп, ұзақ жылдар бойы 10. 02. 02 – қазақ тілі және
10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін беру жөніндегі Д 14А.01.23 диссертациялдық кеңесінің төрағасы болды. Бұл
міндеттерді орындауда да өзінің бұрынғы тұлпар мінезінен танған жоқ. Әр диссертацияны өте
байыппен тексеретін. Ізденушілер де, ғылыми жетекшілер де
бұл кісінің сырын жақсы
білетіндіктен, өз істеріне аса жауапкершілікпен қарайтын. Қорғау кезінде ғылыми еңбектерге
үнемі әділ бағасын беріп отыратын. Бірде бір ізденушінің, бірде бір ғылыми жетекшінің
көңілінде төраға туралы кірбің қалған емес.
Қазақ тіл білімнің синтаксис саласы менің мамандығым емес. Дегенмен Рақыш ағаның бір
ашық сабағына қатысып көргім келді. Бірнеше әріптестеріммен ашық сабағына бардық. Тың-
дап отырмыз. Тақырыбын өте терең білетіндігі ә дегеннен-ақ байқалды. Әрі дәрісін ұғынықты
тілмен қызықтыра баяндай алады екен. Студенттер сілтідей тына тыңдап,
керекті жерлерін
жазып алып отыр. Ара-арасында оларды жалығып кетпес үшін диалогке де шақырып қояды.
Мысал келтіру үшін сала құлаш сөйлемдерді жаттап алыпты. Ішімнен: «Сол сөйлемдерді жа-
зып алып, оқып берсе де болатын еді ғой. Ондай жағдайда тектес мысалдарды одан да көп
келтіре алар еді», – деп ойладым. Бірақ ескілікті педагогтардың барлығы қағазға қарамай айту-
ды өздеріне абырой санайтын. Сондықтан мұны пікір айтқанда ескертпе ретінде көрсетпедім.
Рақыш ағамыздың қандай ғалым, қандай ұстаз екендігі баспасөз бетінде талай рет
жарияланды. Жариялана береді де. Мен бұл жолы ол кісінің замандастарын сыйлай да,
сыйлата да алатын тамаша қабілетін ерекше атағым келіп тұр.
Рақыш аға кафедраға кіріп келгенде өкшелес інілері әрдайым: «Генерал келді, орың-
дарынан тұрыңдар», – дейді. Тіпті бұл сөз айтылмаса да, біріміз қалмай, студенттер сияқты,
орындарымыздан тұрамыз. Шашау сөзі жоқ, ісіне барынша мағым ағамыз бізге әрқашан үлгі-
өнеге. Тағы бір айрықша қасиеті – іс қағаздарын жүргізуде сауаттылығы жағынан алдына жан
салмайды. Білімпаздығынан, іскерлігінен үнемі үйренумен келеміз. Рақыш аға жүз жасаса да
артықтық етпейді. «Алдымызда шамшырақ болып жүре беріңіз» дегіміз келеді.