КӨРКЕМ ПРОЗАДАҒЫ МЫСҚЫЛ-КЕКЕСІНДІК АҒЫСТАР
Аннотация. Мақалада Б.Майлин, І.Жансүгіров пен Ғ.Мүсірепов прозасындағы
иронияның
көркемдік-стильдік
ерекшеліктері
қарастырылады.
Жазушылар
прозасында автордың болмысқа ирониялық қатынасы, негізінен, юморлық баяндау
арнасынан танылады. Кекесіндік назар шығарманың идеялық мазмұнынан да,
кейіпкер бейнесін сомдау амалдарынан да көрініп отырады, ирониялық бейнелеу
ерекшелігін түрлі сипаттардан аңғара аламыз.
Кілт сөздер: көркем проза, ирония, ирониялық айтылым, кекесіндік назар,
ирониялық назар, сыни талдау, сатиралық бейнелеу, характер, ащы мысқыл,
алогизм..
ХХ ғасырдағы әлемдік мәдени санаға тән философиялық-эстетикалық әрі
көркемдік әмбебап құралдардың бірі ирония болды. Әдебиеттанушылар ХХ
ғасырдың бірінші жартысындағы проза мен поэзиядағы ирониялық кемсітудің
ерекшеліктерін пайымдай келе, өнердегі ирониялық пен трагикалықтың етене
жақындығын атап өтеді. Көптеген зерттеушілер осы кезеңдегі жекелеген
авторлардың шығармашылығындағы ирониялық ойлаудың, дүниетанымның
сипатына орай иронияның көркем мәтіндегі «әмбебептық» қасиетіне назар аударады.
«Белгілі бір құлықтық позицияға қарсы шығып, оны басқаға қарсы қоятын,
сөйтіп бір принцип үшін екіншісін терістеудің түрінен ерекшелігі − ирония ішкі
қайшылықтарын аша отырып, барша жағымды принциптерді терістеп, кез келген
көзқарасқа қарсы шыға алады», − деп жазады Л.Колобаева [1, 25-26 б.].
Авторлық баяндаудың бір кодынан күтпеген жерден екіншісіне ауысуы оған
дайындықсыз оқырманның санасында орнықпақшы рухани-мәдени құндылықтарды
өзгертіп, саналық жаңа арнаға бағыттайды. Бірақ мәнмәтіндегі ой ағысы, көрініс
келбеті, баяндау машығына орай оқырман мұны дұрыс сезе алады. Себебі,
баяндалатын оқиға, көрінетін көрініс, айтылмақ жай бұл айтылымның (ирониялық
айтылымның) мәніне оқырманды бейімдей береді.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ жазушыларынан, әсіресе,
Ж.Аймауытов, Б.Майлин, І.Жансүгіров прозасында ирония айқын көрініп отырды.
Қазақ ғалымдары бұл жазушылардың
шығармаларындағы сатира мен юмор
БҚМУ
Хабаршысы №4-2015ж.
226
туралы біршама құнды пікірлер айтып, зерттеулерін жариялады. Б.Майлиннің
суреткерлік қолтаңбасындағы сатира мен юмордың орны туралы көптеген
ғалымдардың еңбектерінде айтылады. Қаламгер драматургиясын зерттеген
Р.Рүстембекова Б.Майлиннің пъесаларында диалог арқылы комизмді шебер бере
алғандығын нақты мысалдармен дәлелдейді. «Ол комизм жазушының юморға
шеберлігінен туып жатады. Майлиннің пъесаларындағы юмор мен сатира ең алдымен
жазушы творчествосындағы жалпы халықтық тілдің ролін және Майлиннің өзіндік
ерекшеліктерін анықтауда аса бағалы», − дейді ол [2, 117 б.].
Ал белгілі сатира зерттеуші ғалым Т.Қожаекеев А.П.Чехов сатирасы туралы
мақаласында: «Адамның жағымсыз әрекет-қылығы мен мінез-психологиясын бірде
ишаралап-тұспалдап түйреу, кейде зіл тастап кекету, тағы бірде ашық әжуалау, енді
бірде іліп-шалып шенеу, және бірде тура шабуылмен әшкерелеу сияқты Чехов
әдістері І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Адамбеков, Ж.Алтайбаев
жазғандарынан айқын аңғарылып отырады», − жеп жазды [3, 74 б.].
Қазақтың ХХ ғасырдағы көркем прозасында сатира мен юмордың суреттеушілік,
бейнелеушілік сипатта дамуындағы Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің қолтаңбасы
туралы көптеген зерттеушілер айтып келеді. Олардың шығармаларындағы астарлы
юмор мен шенеуші сықақтың ыңғайында кейде ирониялық реңк, мысқыл-кекесіндік
назар да жатады.
Бейімбет пен Ғабит прозасындағы автордың болмысқа ирониялық қатынасы,
негізінен, юморлық баяндау машығына тән болып келеді. Және бұл жағдай
суреткерлер арасындағы дәстүр сабақтастығын да танытады.
Б.Майлин кекесіндік назарды шығарманың идеялық мазмұнына немесе
кейіпкер бейнесін жинақтай қорыту мақсатына орай пайдаланып отырады.
Жазушының ирониялық бейнелеу ерекшелігін түрлі сипаттардан аңғара аламыз.
«Айт күндері» әңгімесінде Айт күні аштан өлген Бәкен мен қатынының
тәндерін жер қойнына беруге де илікпей, той қызығын қимаған көпшіліктің
қылықтарын мысқылдайды: «Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жиналып, елдің
сыртындағы белеске шығып, жалау байлап, ойын қылуға айналды. Ақсақал сөзін
тыңдаған жан жоқ...
Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге... аштан өлген Бәкен мен Зейнепке көптің
көрсеткен құрметі «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты!..» болды [4, 95 б.].
«Сахарада» әңгімесінде қанша құлдық ұрып жалбарынса да, бір қараспай
қойған құдайына ыза болатын Нағимаға байы: «Байғұс-ай, қой деп едім, әлі қоймап
па едің? Аштан өлейін деп жүріп ораза, намаз сенің не теңің?.. Байларға-ақ берсейші,
жұмаққа солар-ақ кіріп қарық болсын!», – дегенінде, Нағиманың жауабы: «Бердім,
бердім... Аштық, жалаңаштыққа қарамай, біраз жыл азаптандым. Көрген бейнетімнен
басқа дым жоқ. Мен кіретін жұмаққа Рақила да кіретін болса, бәрібір тыныштық
көрсетпес. Салатын тамұғына сала берсін!», – деген кекесінді жауабы да тұрмыстың
ауыр азабын арқалаған сорлы әйелдің шарасыздығының көрінісі болып келеді.
Бұл көрініс Бейімбет ақынның «Мұсылмандықтың белгісі» өлеңінің
аяғындағы: «Барлық қазақ иемденіп жұмақты, Басқаларға орын қалмай жүрмесін», –
деген кекесінін еске түсіреді.
«Әдет құшағында» әңгімесінде аздап орысша білетінін пайдаланып, уездегі
әкімдердің кейбірімен жақындасып алып, екі арадан пайда тауып жүрген епті жігіт
Байболдың жұрттың сөзіне жауап беруден тайсақтап, өзі білетін бір статьямен
қорқытатынын автор былайша түсіндіреді: «Қылмыс заңының басқа статьяларын
білмесе де, қалың мал туралы сотты болғандарға жеңге болып жүріп құлағына
шалынған 232-статьяны шалдың алдына тартып, ондай сөзді енді қайтып
қозғамайтын қылып қойды. Статьяны айтқан соң қорықпайтын ел ме, бәрі де жым
болды. «Жұрттың сөзі шығар, мынауың
оңай жау емес, қай-қайдағы статьяны
БҚМУ
Хабаршысы №4-2015ж.
227
біледі ғой», – деп тыңдағандар қанағат қылған секілденді» [4, 154-155 б.].
«Қадір түнгі керемет» әңгімесінде Байқан молданың монологы: «Ой, құдай-
ай, бұл жұрт не қылып кетер екен? Ақыр заманның болып қалғаны-ау!.. – деп Байқан
молда күрсінеді»; «Соңғы әзірде камсамал дегені шықты. Қамсамал дегені жалғыз
көзді бірдеңе шығар десем, өзіміздің ауылдың жаман балалары!.. Соның
бірсыпырасын бұдан бес-алты жыл бұрын өзім оқытып едім... Құдай-ау, менің
аузымның дұғасы шынымен кеткені ме? Соларды діншіл қып-ақ тәрбиелеп едім?..
Енді кернейлетіп, сырнайлатып тажалдың құралы болып отыр» [4, 181 б.].
“Ел күйеуі» әңгімесінде зілді кекесіннің нысаны болатын кейіпкер – Жұматай.
Әйелі Биғаншаның өліміне қайғыруының түрін әжуалағанда автор оны Биғаншаның басқа да жақындары –
ішінен шыққан баласы Байбосынның, қайныларының ішіндегі ең жан сүйері Сыдықтың қайғыруымен
салыстыра отырып бейнелейді, сөйтіп оны ирониялық нысанаға алады: «Бұл үшеуінің қайғысы
үш түрлі болды: Жұматай қатынсыз қалғанына, төсекте жалғыз жататынына күйінді;
Байбосын мейірімді анасының құшағынан айырылғандығына өксіді; Сыдық шын
сырласынан, жанынан артық көретін адамынан айырылғанына қайғырды» [4, 193 б.].
Автордың жағымсыз кейіпкерін сын тоқпағына алудағы негізгі құралы
сатиралық бейнелеу десек, сатира аясында бейкүнә көрінгенмен астарында зіл
жататын ирония да іліктесе келіп, сын мәнеріне лирикалық, экспрессивтік реңк
дарыта түседі.
Жұматайдың мінездемесін тереңірек ашу үшін оның тоғышарлығының
нәтижесі ретінде Биғаншаның мінездемесін де қосарлай баяндап отырады: «Биғанша
марқұм дер кезінде өліп кетті: жасы жиырманың үшеуінде еді. Екі беті алмадай, көзі
мөп-мөлдір қара, тал шыбықтай бұралған таңдаулы сұлудың өзі еді. Биғанша
Жұматайға он төрт жасында күйеуге шықты. Жиырмаға келгенше бой түзеу, қатарға
кіріп адам болу дегенді ескерген жоқ. Ескермеген себебі – біреуге әйел болып тиген
соң бар міндеті соның қойнында жату, соның тілегін бұлжытпай орындау ғана деп
білді...» [4, 193 б.].
Автор Жұматай «қайғысының» сырын одан әрі ирониялық леппен аша
түседі: «Жұматай қатынсыз қалды. Сыдық шын сүйіскен жүректен айрылды.
Жұматайға қарағанда Сыдықта қайғы денірек. Бірақ Жұматай олай ойлаған жоқ:
«Сыдықтың жұбаныш қылатын қатыны бар, менің сорым қайнады-ау» деп ойлады.
Жұбаныш қылатын қатын болса, Биғаншаны ойламайтыны, оның өліміне
қайғырмайтындығы анық еді» [4, 194-195 б.].
Мұндай кейіпкер мінезіне дендеп, тәптіштей түсудің сыры – Жұматайдың
үйлену («қатын алу») туралы түсінігінің өзгешелігіне оқырманның көзін жеткізе
түсу. Сөйтіп ол қатын алудың қамына да тез кірісіп кетеді: «Қыз қандай, сұлу ма,
ақылды ма, өнерлі ме? Әлде ақсақ, таз, соқыр, мәжнүн бе?.. Жұматай ол жағын
қазбаламайды, «бойжеткен десе, соған қанағат қылады» [4, 195 б.]. Өйткені,
Жұматайдың үйлену туралы өз түсінігі бар: «Қызбен үйлесу деген не? Әкесі берсе,
мал беріп айттырса, некесін қидырып төсегіне әкеліп жатқызса, «үйлескен» деген сол
емес пе? Одан басқа «үйлесуіңді» Жұматай білген емес» [4, 195 б.].
Жұматайдың әйел туралы түсінігі Құрымбайдың да әйел туралы
«философиясына» сәйкес келетін секілді («Құрымбайдың жігітшілігі»), мұнда да
автордың мінездемесін кейіпкер ирониямен іліп өту талабы көрінеді: «Құрымбайдың
ойынша, дүниеде әйелден қадірлі нәрсе жоқ. Әйелі бар адам дүниедегі бақытты
адамның бірі саналуға тиіс. Өз аулындағы Жұман кедейліктен зарланып мұңын
айтқанда, Құрымбай ішінен кеюші еді: «құшақтап жататын қатыны бар, енді бұған не
керек екен?..» деуші еді» [4, 225 б.].
Б.Майлин шығармаларында жағымсыз кейіпкер мінездемесі мен портретін
оның өз сөзімен айтқызатын, сөйтіп сатиралық, ирониялық мән үстейтін тәсіл де
өнімді қолданылып отырады. Мысалы, «Сейіттің сыры» әңгімесі «ескерткіш дәптер»
түрінде жазылып, Сейіттің өзі туралы ішкі
сыры
оқырманға
сол
күйінде
БҚМУ
Хабаршысы №4-2015ж.
228
жеткізіледі: «...Екі қатын алғандығым болмаса, қылшылдағын жігіт кезім осы ғой
деймін... Қатынды ерте алудың қажеті жоқ екен. Жігіт болып, бойдақ жүріп, дүниені
тептіріп өткеннен қызығы жоқ шығар деп кейде өзім пұшайман да боламын. Әсіресе,
екі қатын ұрысып таласса, әкелеп бала жыласа, құйқа тамырым шымырлайды» [4, 7
б.].
Автор кейде ситуациялық жағдайларға байланысты туындаған ерсі
көріністерді де ирониялық леппен суреттеп кетеді. Ондайда бұл көрініс оқырман
санасында ирониялық қатынас тудырады. Мысалы, «Шапайдың хаты» әңгімесінде
Тоқберлі байдың «малайы көп болса бай деп айтады» деп, Шапайға «сұрағанда,
малай емеспін, баймен бірге өсіп, келемін, еншілеспін деп айт» деп ақыл үйрететіні,
ал қыстыгүні тоңған соң бай үйінен тезек алғаны үшін («еншілеспін ғой» деп санап)
Тоқберлінің бұны жұмыстан шығарып жіберетіні секілді мазмұндық қайшылықтар
ирониялық екпін тудырады.
Ғ.Мүсірепов шығармаларында ирония өнімді қолданылмаса да, юморлық
бейнелеу мен әзіл астарында кейде мысқыл-кекесіннің кездесіп отыратыны бар.
«Этнографиялық әңгіме», «Талпақ танау» әңгімелерінің мазмұндық-идеялық тінінде
баяндалып отырған жайға қатысты мысқыл жатады. Жаңбыршы аулына барған
сапардағы мұғалімдердің көргенін баяндауда, күні өткен ескі әдеттің қалмауын, төре
тұқымдарының менмендік, паңдықтың желіне бусанып, жалқаулық салдарынан
азғындауын суреттеуде автор тіліндегі ирониялық тыныс аңғарылады.
«Этнографиялық
әңгімедегі»
ирония,
негізінен,
суреттелетін
құбылыстардағы ішкі қайшылықтардан туындайды. Жаңбыршы аулындағы
еркектердің сөзі мен ісі арасындағы, өздерін ұстаулары мен сөйлеген сөздерінің, қай
бір заманда қабылданып, берік қалыпқа түскен әдет-дәстүр мен нақты жағдай
арасындағы, жері көп әрі шұрайлы бола тұрып, еңбек етпейтін, егін салмақ түгілі мал
бағуға да құлықсыз жандардың тірлігіндегі қайшылықтар автор баяндауында
мысқылдық мән тудырады, оқырманын да жирендіріп отырады. Автордың өткір тілі,
шымшыма мазағы, ащы мысқылы мен аяушылық сезімі Атекеңдер әдетін көзге
елестетіп, оқырмандарға қатты әсер етеді.
«Талпақ танау» әңгімесіндегі колхоздың «бесінші түлік» – шошқаны бағуды
қолға алуын суреттеуде адамдар психологиясын мысқыл-кекесін, жеңіл әжуамен
аңғартады. Әңгімедегі кеңес өкіметінің қазақтың әдетінде болмаған әрі мұсылман
баласына жат шошқа түлігін қазаққа баққызу талабының өзі «тағдыр тәлкегінің»
(ирония судьбы) көрінісіндей елестейді. Мұндай жеңіл әзіл, ойнақы қалжыңның
астарында замана лебін астарлайтын ирония жатыр. Бұл шығарма туралы ғалым
Ә.Нарымбетов: «Бұл әңгімені оқығанда адам психологиясындағы түбегейлі тартысты
ойнақы әзілмен, жарасымды қалжыңмен, ұлттық нақышпен, тіл өнерінің құдіретімен
айнытпай берудегі шеберліктің қадір-қасиетіне бірден ден қоясың», – дейді [5, 4 б.].
Ғ.Мүсіреповтің «Өмір ертегісі» повесіндегі: «Әкемізді сабап көріп едік, бірақ
арбаға байлап сабаған жоқ едік...» [7, 52 б.]; «Күндіз қой айдап, кешке саудагерлердің
асын пісіреміз. Бірақ ноғайға тамақ пісіріп беруден қиынды әлі көрген жоқ
шығармын деймін» [6, 80 б.], – деген сияқты жекелеген сөйлемдер мен
сөйленістердің өзінде қайшылықты жайларды тұспалдап жеткізетін мысқыл жатады.
Лирика
мен
эпикада,
драматургияда
асқан
шеберлік
танытқан
І.Жансүгіровтің қолтаңбасында иронияның да өз орны бар. Жазушының сатириктік
таланты туралы жеткілікті айтылып келеді. Замандастары оны «сатира саңлағы» деп
те бағалаған. Өйткені, Ілияс жазушылық жолын баспасөзде сатира жазудан бастағаны
бар. Жазушы сатирасының ерекшелігі туралы белгілі сатиратанушы ғалым
Т.Қожакеев: «Ілияс сатирасы түр-пішіні, композициялық құрылысы жағынан да әр
түрлі. «Қолынан келген қонышынан басады» дегендей, ақын сықақты өлеңдетіп төгіп
те, қара сөзбен үйірімді етіп те тудырады. Идеясын кейде әңгіме түрінде өз атынан
баяндап та, енді бірде кейіпкердің өзара
сөйлесуі – диалогі ретінде келтіріп
БҚМУ
Хабаршысы №4-2015ж.
229
те, тағы бірде сыналатын адамға ұзақ монолог беріп те ашып отырады», – деп жазады
[7, 382 б.].
І.Жансүгіров сатирасының тінінде оқтын-оқтын көрініс беріп отыратын
кекесін-мысқылдық тыныс жатады. Ирония жазушының сатиралық әшкерелеушілік
мақсатына лайық зілді кекесін, мінеуші мысқыл түрінде ұшырасып отырады. 1935
жылы жарық көрген «Құқ» кітабына енген сықақ әңгімелері мен фелетондарында
ирония сатиралық сарынмен тақырыптық іліктілікке орай пайдаланылады.
Жазушы әңгіме-фельетондарынан ирониялық қатынасты түрліше өрнекте
кездестіре аламыз. Автор кейде баяндалмақ жайға қатысты иронияны фактіні
белгілеудің бір амалы ретінде көріктеуі мүмкін. Мұндай иронияны поэтикалық тұтас
контекске қарап қана анықтауға болады. Мысалы, «Қуыршақ» атты фельетонында
шын (ойыншық) қуыршақ пен кейбіреулердің қуыршақ ретінде пайдаланып келе
жатқан қыз-қуыршақты салыстырудың жолымен мәтінге ирониялық тыныс дарытады: «Қуыршақ деген
кішкене кісі. Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы. Ішпейді, жемейді.
Қолдан жасайды. Базарда сатады. Қыз балалар ойнайды, бірінен бірі алады. Қуыршақ үндемейді.
Берсе кетеді, алса келеді. Тіл болмайды, үн болмайды.
Жоқ, бекер, қуыршақ үлкен кісі. Аяғы-қолы бар. Аузы-мұрны бар. Белі
буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы. Ішеді-жейді. Қолдан жасамайды, қатыннан туады.
Базарда сатпайды, қазақта сатады. Сақалды балалар ойнайды. Бірінен-бірі алады.
Берсе кетеді, алса келеді. Тіл болмайды, үн болмайды» [8, 3 б.].
Бұл үзіндіден аңғаратынымыз сөздік-тілдік ирония емес, контекстегі ой
ойнақылығы арқылы жанды мен жансыз затты шендестіре отырып, өмір оқиғаларына
мысқылдық реңк дарытатын сатираның астарындағы суретті шенеушілік ирония.
Әңгіменің финалдық қорытындысында да ирония араласып отырады: «Қыз ертеңіне
Әбдірақыммен кетті. Бостандық! Міне, қуыршақ! Міне, ойын!»
Демек, І.Жансүгіров сықақтары мен ирониясының бір ерекшелігі –
салыстыра шолу, ұқсата елестету, құбылыстарды аналогияларға құра суреттеу мен
ширықтыра тәмсілдеу болып табылады. Ол бір нәрсені шенеу үшін әуелі
фольклордан немесе өткен кезең оқиғаларынан бір эпизодты көзге елестетіп алатыны
бар. Содан кейін айтылмақ жайға ауысады.
«Ұяның ұясы – Қожаның дорбасы», «Сұрпақпай сұғанақ» фельетондарында
салыстырулар арқылы ирониялық шендестірулерді сәтті пайдаланады. Мысалы:
«Садағасы кеткір Қожанасыр отағасы аңқау дейін десем арамза, арамза дейін десем
аңқау. О кісіні біреу әулие дейді, біреу әумин дейді, біреу тәңірдің ерке, шолжаң
досы дейді, біреу сопы дейді. «Бұқа болсын шорт болсын, балаларға сүт болсын» деп
өзі айтқандай, кім болса о болсын, менің білуімше әйтеуір қылғанға қылып кеткен
адам. Бұл – бір. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған» үй арасы, боқ арасы –
ұры адам. Бұл – екі. Асқан суайт адам. Бұл – үш» [8, 29 б.].
Осылайша, Қожанасыр туралы өз ойын жинақтағаннан кейін, Шалқар
ауданының 10-аулындағы оқиғаға ауысады. Ондағы Қожанасырдың тірлігіне ұқсас
жайларды баяндап, екеуінің арасындағы сабақтастықтың, ұқсастықтың сырын
ашады.
«Сұрпақпай сұғанақ» фельетонында да Сұрпақбай деген кісінің «ерекше
қасиетімен» танастырғаннан кейін, «әлдеқашан өлді деп жүрген Сұрпақбай сұғанақ
жақында сопаң етіп Қызылордадан шыға келді. Сұрпекең осында екен. Аты да, заты
да өзгеріпті» деп, оқиғаны баяндауға көшеді. Шығарма соңында екі жағдайды
салыстыра сипаттайды: «Ана Сұрпақбай биенің қартасын, қойдың төсін салып
Қаракөз келінге: «мә!» десе, мына Сұрпақбай үйіндегі баласын көтеріп жүрген
жігітке сарала атты мінгізіп, сары дөнежін нарды жетектетіп бір түйе, бір атты «мә!»
дейді!».
Жазушы ирониясындағы салыстырулардың бір түрі – дерексіз нәрсені
деректі нәрселермен салыстыра суреттеу.
Мұндай ұқсатулардың астарында
БҚМУ
Хабаршысы №4-2015ж.
230
зиянды дерттердің (құбылыстардың) өзіндік белгілерінің жақындығын ескертіп,
жирендіру мақсаты жатады. “Төрешілдіктің түрлері» фельетонында бүйі мен
бюрократты былайша салыстырады: «Менше бюрократшылдық – бүйішілдіктің
ағайын-тағайыны. Оның да ұясы болады. Ол да улы жәндік. Бұл да шағады. Шаққан
жеріне зәрін жаяды. Олай болса, бүйі мен бюрократтың арасындағы айырма қайсы?
Бюрократ бүйі болмасын, ендеше ауру. Ауру болғанда жұқпалы. Жұқпалы
болғанда – мандам. Мандам болғанда – ашса арылмайтын, қазса аршылмайтын
түкпір-түкпірдің бәріне ұялап, жұмыртқалап жатқан бір дерт...» [8, 56 б.].
Осы секілді «Кімді кім?» фельетонында автор: «Социализм жеңер ме екен,
бит жеңер ме екен?» деген сұраққа орай ой өрбітеді. «Өйткені «бит» дегенмен,
«биттей» дегенмен, ол-дағы осал жау емес, жаудың бір атасының ұлы. Оның да тарих
жүзінде алып келе жатқан орны бар. Қайда кір, қайда лас, мәдениетсіздік болса,
биттің түпкі ұясы осында. Ендеше, ұлттың, елдің, адамның қайсысы кір, құлаң, ылат,
ласқа бай, былапын сүрей болса, бит соған мейман. Соған көрші: түп атасы, тіпті,
содан шығады» [8, 84 б.].
Автордың «бит» деп суреттеп отырғаны – «байлар, ел үстінен күн көріп
келген кебеже қарын, кең құрсақ, көк бөрте жуандар, жабысқақ қара, қайызғақ
қоғырқай қулар». Салыстыра көрсетіп, ұқсата бейнелеудің астарындағы ирониялық
тыныс айтылар жайды ойнақылықпен баяндаудың амалы әрі жағымсыз құбылысты
оқырманға жирендіре жеткізудің де тәсілі болмақ.
Жазушының «Жалаңаш жиналыс» әңгімесінде ирония ашық сатираның
қолдаушы құралы түрінде көрініс беріп, көркем мәтіннің өн бойында ілесіп отырады.
Мұндағы кекесін-мысқыл таза ирониялық қатынас болмағанмен, сатира аясында
сыншылдық қалыптың сапалы бір арнасы іспетті, мін-мүлтікті одан әрі аша түсетін
ішкі рефлексиялық сананың көрінісі болып келеді.
Шығармадағы оқиғаның өзі ирониялық көрініс тудырады. Фельетондық
баяндау арқылы сол кездегі Алматының моншасындағы келеңсіз көріністер мысқыл-
кекесінмен іліп-шалынады. Моншадағы кезектің әлегі, ішке кіргеннен кейінгі судың
тоқтап қалуы, жарықтың сөнуі секілді жайттарды автор құрғақ баяндамай, қызықты
ситуацияда алады. Моншада ыңғай жалаңаштардың жиналыс ашуы, сөйлеу
(баяндама жасау) үшін горсоветтің өкілін іздеу, оны кілең жалаңаштардың арасынан
табудың қиындығы секілді жәйттар абсурдтық мән тудырғанмен, шығарманың
сатиралық табиғатына лайықты шешімін табуып отырады.
Шығармадағы сатиралық баяндау машығының аясында ирония тұрақты
іліктесіп отырады, яғни авторлық баяндау сатирадан иронияға немесе ирониядан
сатираға бейімделіп, бірін-бірі толықтырып әкетеді: «Шіретте тұрған кісі қандай
кең пейілді келеді: арық қойдай тырысып, баз біреумен ұрысып, баз біреумен
жұлысып теріміз тарылып, өзіміз жарылып кеткендей тұрмыз. Сіркеміз су
көтермейді. Тек жуықтап кеткен адамға бақырауық түйедей баж ете қаламыз.
Тіршілік түбі тартыс қой, адам өз төсегіне тартысады да» [8, 6 б.].
Яғни, ирониялық леп лезде сатираға ауысып, келеңсіздікті әшкерелеуге
қызмет етіп отырады: “Бір мезетте құдай жарылқады, ақ моншаның қарны
жарылды. Жалғыз тесік жылт етіп ашыла кетті. Апыр-топыр көкбөрідей тесікке
таластық. Тәртіп, сыйласым, мәдениеттілік, зиялылық, әдеп дегендеріңіз адыра
қалды» [8, 6-7 б.].
Ілияс ирониясының бір сипаты, орайлы жерінде әлеуметтік-саяси
терминологияның да ирониялық мақсатта пайдаланылып, көркемдік тәсілмен қатар,
концептуальдық мәнерде қызметке келетіндігі. Мысалы, «Жалаңаш жиналыста»
суреттегеніндей, адамның әлеуметтік жағдайының киімшең қалыпта байқалғанымен,
сыртқы жамылғы – киім болмағанда баршасының бірдей екенін аңдатудың орайында
белгілі бір философиялық, этикалық мән
жатыр
және
ол
ирониялық
БҚМУ
Хабаршысы №4-2015ж.
231
ойнақылықпен баяндалады: «Моншадағы шіреттің түрі жалаңаштық, мазмұны
бұқарашылдық болатын көрінеді. Жұрттың бәрі тыр жалаңаш... Моншаға кіргеннен
соңғы тағы бір жетіскендігіміз – шіреттегі тап-тапқа бөлінуді жойдық. Тысқы
жақтағы тап-тапқа бөліп тұрған киіміміз, документіміздің бәрін «сдавать» еткен соң
әскер, қызыл партизан, командировочный, жай граждан арасында айырма қалмай,
тапсыз қоғам құрып шіретте тұрамыз» [8, 8 б.]; «Өңшең жалаңаштың ішінен
горсоветтің мүшесін танып алу оңай болып па? Жұрт мүшені сұрастырып, тастаяқтай
қағысты» [8, 9 б.].
Әңгімедегі ирониялылық тыныс тек сөздік баяндау ырғағымен ғана
шектелмейді, сюжеттік ұйымдасудың астарындағы мысқылдық реңк оқиғаның
мазмұнына да қатысты: монша ішінде кілең жалаңаштардың уақыт өткізу үішн
(уақытты тиімді пайдалану үшін) жиналыс өткізуі мысқылдық мәнімен
ерекшеленеді: «Жиылыс, кәдімгі, жарық дүниедегі жиылыстан кем болған жоқ. Алқа
қотан отырып, басалқы, бастық, хатшы сайланып, киімді кісілердей-ақ кеңеске
кірістік» [8,10]; «Не чин, не орын, не үстел, не мекеме жоқ, жанның бәрі бірдей,
жұрттың бәрі жалаңаш, терезесі тең – шынайы бұқарашылдық сонда болады екен...
Армансыз айтысып, өзара сынды ең жоғары скамейкаға шейін көтердік» [8, 11 б.].
І.Жансүгіров әңгіме-фельетондарындағы баяндаулар орайында лирикалық
иронияның да үлесі бар, мысалы, «Бақтың әдісі» әңгімесінде оқиғаны баяндағаннан
кейінгі кейіпкердің қорытындысын ирониялық леппен танытады: «Әркім бай болуды
қаласа, «ожданмен» байланысты үзуге тиіс екен... «Ар» деген немені «аулақ жүр!»
деп, қуып жіберу керек екен... «Не жұма тұрсын, не мен тұрайын» деп, Қожанасыр
айтқандай, «не бақ пен байлық», «не ар, не ұят» екеуінің бірімен ғана байланысың
болу керек екен! Ожданмен байлансаң, байлық байланысы үзіліп кетеді екен!.. Бұл
менің ұзақ тәжірибемен тапқаным – бақтың әдісі..» [8, 15 б.].
Мұндай кейіпкерлік шешімнің астарына ирониялық парадокс тән: кейіпкер
өзінің байымау себебін байыптағанда, оның сыры өзінің «кемшілігінен» екеніне «көзі
жетеді» («Іс басына мінгенде өзімнің распоряжениемдегі малдан, бұйымнан алуды
өзіме міндет қылмаппын»). Сөйтіп, кейіпкеріміз өзінің адамдық мінез-құлық
табиғатына керісінше қорытындыға келеді. Кейіпкердің дұрыс деп тапқаны автор
тарапынан (концептуальдық тұрғыдан) теріс қылық болып табылады. Осындай
«басқаша ұсынып, керісінше айтатын» ирониялық парадокстік тәсіл бұл әңгімеде
лирикалық мысқылдың арнасында бой көрсетеді.
Жазушы “Тәшкендікке тарт», «Шешілмеген жұмбақ» әңгімелерінде өмір
суреттері арқылы өз кезеңінің шындығын мысқыл-кекесінмен әсерлі бейнелейді. Бұл
шығармалардағы ирония көркем мәтіннің мазмұндық арқауындағы өрімімен
ерекшеленеді. “Тәшкендікке тарт» әңгімесінде кооператив мүшелерінің жалпы
жиналысында кооперативтің пайдасын, маңызын сипаттап, жұртты кооперативке
үгіттеген Шойынқұлақтың өз әйелі алдындағы дәрменсіздігі, соның қалауымен
қашқарлық не Тәшкендік базарға апаратын аужайының суреттелуінде ирония жатыр.
Сөз бен істің арасындағы қайшылық, жұртқа насихат айтып тұрып, сол насихаттағы
істі өзі орындай алмауы мысқыл тудырады. «Екіұдайлық – ирониялық әрекеттің
алғышарты болып табылады. Жақсылық пен жамандық, арман мен шындық,
тұрақтылық пен үдемелік, күлкілі мен драмалық, ақылға сыйымдылық пен алогизм
секілді қайшылықтардың бейнеленуі соған саяды», – дейді А.Бочаров [9, 298 б.].
«Сөз Қасымбаевқа» фельетонында бір өзі бірнеше адамның атынан сөйлеп,
әйтсе де ештеңе түсіндіре алмаған, жиналысқа қатысушылардың сұрақтарына жауап
беруден де тайсақтап шыққан «әмбебап» өкілді әшкерелейді.
«Социализм болғанда ауыл қандай болады?» әңгімесінде автор
социализмдегі ауылдың көрінісін Оңшылбаев пен Солшылбаевтың көзқарасы
тұрғысынан бейнелейді. Олар болашақтың бейнесін өз көзқарастарына сәйкес
түстерінде
көреді.
Екеуінің
сөздерін
тыңдағаннан кейін Болшевиктеров
БҚМУ
Хабаршысы №4-2015ж.
232
ауылдың болашағы туралы өз ойын ортаға салады. Мұнда танымдағы көзқарасты
берудегі авторлық ирония сюжет құрылымының өзіндік өрнегімен ерекшеленеді.
Автор түрлі көзқарасты салыстыра танытуда ұтырлы тәсіл тапқан.
Әдебиеттер:
1.
Колобаева Л. Ирония в лирике И.Анненского // Филологические науки. 1977. –
№ 6. – С. 21-29.
2.
Рүстембекова Р. Бейімбет Майлиннің драматургиясы. – Алматы: Жазушы,
1969. – 120 б.
3.
Қожакеев Т. Қым-қуыт іздер. – Алматы: Санат, 1999. – 400 б.
4.
Майлин Б. Бес томдық шығармалар жинағы. ІІІ том. – Алматы: Жазушы,
1987. – 336 б.
5.
Мүсірепов Ғ. Көп томдық шығармалар жинағы. І том. – Алматы: Жазушы,
2002. – 420 б.
6.
Мүсірепов Ғ. Тұтқын қыз. – Алматы: Балауса, 1993. – 512 б.
7.
Қожакеев Т. Сатира негіздері. – Алматы: Санат, 1996. – 464 б.
8.
Жансүгіров І. Құқ. – Алматы: Қайнар, 1995. – 128 б.
9.
Бочаров А. Литература и время. – М., 1976. – 354 с.
***
Кабылов А.Д.
Иронические изображения в художественной прозе
В статье рассматривается художественно-стильевые особенности иронии в
произведениях Б.Майлина, И.Жансугурова и Г.Мусрепова. Автор проанализировал
сатирические, юмористические и иронические природы художественных образов в
разных аспектах.
Ключевые слова: художественная проза, ирония, иронические высказывания,
иронический подход, критический анализ, сатирические изображения, сарказм,
характер, алогизм.
***
Kabylov A.D.
Ironical images in art prose
The article deals with the artistic style of the irony in the works of B.Mailin,
I.Jansugurov and G.Musrepov. The author analyzed the satirical, humorous and ironic
nature of artistic images in different aspects.
Keywords:
fiction,
irony,
ironic remarks, ironic approach, stocktaking, satirical
images, sarcasm, character, illogic.
***
ӘОЖ 82-1 (574)
Аронов Қ.Ғ. – филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ
E-mail: Kuspan_ aronov@mail.ru
Сисенбаева Р.Ж. – М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты
E-mail: raushan_sisenbaeva.71@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |