Бақылау сұрақтары: 1. Микроскоп туралы не білеміз?
2. Микроскоптың қандай түрлері бар?
3. Микроскоп құрылысымен таныстыр.
Зертханалық жұмыс № 4 Зертханалық құрал-жабдықтарды және қоректік орталарды залалсыздандыру әдістері
Жұмыстың мақсаты: Зертханалық жұмыс жасаудағы құралдар мен ыдыстарды залалсыздандыру әдістері
Жалпы түсінік: Зертханалық жұмыстарда қолданылатын ыдыстар химиялық тұрғыдан аса таза, ал кейбір ыдыстар сонымен бірге залалсыздандырылған болуы тиіс. Ластанған ыдыстарды хром қоспасымен (қосалқы анықтамада келтірілген) өңдейді. Ол негізінен өте тотықтырғыш зат және шыныларды органикалық қалдықтардан өте жақсы тазартады. Хром қоспасында 30—40 минут ұстағаннан соң ыдыстарды құбыр ағын суында жақсылап жуады.
Жаңадан алынған ыдыстарды 15 минуттай сабынды сумен жуып, содан кейін салқын сумен шаяды. Бұдан кейін ыдыс тазаланбаса, оны 10% тұз қышқылы ерітіндісінде 10—15 минуттай тағы да қайнатып, артынан сумен шаяды.
Өлшеуіш пипеткалар майдан ұқыпты түрде тазартылуы тиіс. Майлы пипеткалар қабырғасында су тамшылары тұрып қалып, сұйықты өлшегенде оның мөлшерін қате көрсетеді. Пипетканы өңдегенде хром қоспасын пипетка ұшымен сорып тартуға мүлде болмайды. Бұл жұмысты пипетка ұшына резина груша кигізіп оңай атқаруға болады.
Заттық әйнектерді де майдан жақсылап тазалау керек. Дұрыс жуылмаған заттық әйнектерде микробтардың жұғынды препаратын даярлауға болмайды. Сондықтан бұндай шыныларды хром қоспасына бір тәуліктей салып қояды. Содан соң оларды 5% сода ерітіндісінде 30 минуттай қайнатады да, артынан жақсылап жуады. Таза шыныларды пинцетпен Никифоров қоспасына салып сақтайды (қосалқы анықтамада келтірілген). Жуылған ыдыстарды сүртпейді, бөлме температурасында немесе құрғатқыш шкафтарда 100— 105° С температурада құрғатады. Таза ыдыстарды шаң-тозаң түспейтін, тығыз жабылатын ыдыстарда немесе шкафтарда сақтайды.
Құрал-жабдықтарды, ыдыстарды залалсыздандыру. Залалсыздандырудың физикалық әдістері. Залалсыздандыру дегеніміз – белгілі бір берілген объектідегі микроорганизмдердің толығымен жойылуы. Микробиологиялық лабораториялардағы зерттеулік жұмыстарға арналған барлық құрал-жабдықтар және ыдыстар залалсыздандырылған болу қажет.
Микроорганизмдерге арналған қоректік орталарды жиі қыздыру немесе термозалалсыздандыру арқылы залалсыздандырады. Залалсыздандыру алдында барлық пробиркалардың аузы мақталы тығындармен жабылады. Оның себебі: орталарды басқа микроорганизмдерден қорғау үшін.