70.Қазақтың алғашқы баспасөз органдары: «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті және олардың қазақтың ұлттық сана-сезімін оятудағы маңызы. Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы XX ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Ол 1905-1907 жылдардағы революцияның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден (Шахмардан) Қосшығұловтың (қосарлас редакторы А. Ибрагимов) бастамасымен “Улфат” газетіне қосымша ретінде “Серке” газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш. Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3-4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, газет жабылып қалған.
1907 жылғы наурызда Троицкіде “Қазақ” газетінің бірінші, әрі соңғы нөмірі шықты. Тыйым салынған екінші нөміріндегі “Біздің мақсаттарымыз” деген бас мақалының авторы М. Дулатов еді. Нақ сол жылы қазақ жастарының Томск қаласында “Дала” газетін шығаруды жолға қоймақ болған әрекеті де табысқа жеткізбеді.
Қазақ қоғамы демократияшыл жұртшылығыныңұлттық баспасөз ұйымын құру жөніндегі ынтасы күшейе берді. 1911жылғы 16 наурызда Орал қаласында қазақ және орыс тілдерінде шағын көлемді “Қазақстан” газеті шықты. 1911-1913жылдарда (қаңтар-ақпан) небәрі 16 нөмірі шығарылды (редакторы Елеусін Бұйрин). Газет “кәсіпкерлік пен ғылымға үйрету” ізгі мақсат деп санады. Профессор Ү. Субханбердинаның пайымдауынша, газет прогресшіл-демократияшыл түсінікте болып, отандастарын орыстың озық мәдениетін меңгеруге шақырған. Ол оқырмандарына кітап шығару жаңалықтары туралы хабарлап, шаруашылықты прогресшіл жолмен жүргізу жөнінде кеңестер беріп отырды. Оның беттерінде Гурьев уезінде жаңа мұнай кенішінің ашылғаны туралы хабар бірінші болып жарияланды. 1913 жылы қыркүйектен желтоқсанға дейін Петропавлда“Емші даласы” газеті шығып тұрды.
Алайда таралымы шектеулі бұл газеттер орасан үлкен аймақтың түрлі топтарының өскелең талап -тілегін қанағаттандыра алмады. Жалпы ұлттық көлемде мерзімді баспасөз құру бұрынғысынша жалпыұлттықт проблема болып қала берді.
“Айқап” журналы. Ұзақ уақыт күш-жігер жұмсап, аянбай еңбектенуінің арқасында М. Сералин 1910 жылдың аяғында журнал шығаруға рұқсат алды. “Қостанай уезінің Шұбар болысы № 5 ауылының қазағы М. Сералинге, — делінген құжатта,- Троицк қаласында оның жауапкершілігімен мынадай бағдарлама бойынша: бас мақалалар, шетелдік хабарлар, мұсылмандар өмірінің мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, аралас дүниелер және редакцияға хаттар бағдарламасымен ай сайын “Эй-кафь” журналын шығаруға рұқсат берілді”. Прогресшіл демократияшыл зиялылардың сан жылдар бойы аңсаған армандары орындалды:1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш “Айқап” ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Нақ соның, ал кейініректе, 1913 жылғы 2 ақпанда Орынбор қаласында шыққан “Қазақ” газетінің де тағдырына жалпы ұлттық басылымдар болу жазылған еді.
Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872-1929) бұрын педагоктік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған. Кеңестік тарихнаманың дегені жүріп тұрған кезеңде көптеген зерттеушілер идеологияға жағынып, М. Сералинді XX ғасырдың басында Оңтүстік Оралдың революцияшыл социалдемократтардың шеңберіне кезігуге тырысты. Мұның бәрі “Айқап” журналын кеңес өкіметі контрреволюциялық ұлтшыл деп айыптаған “Қазақ” газетіне қарсы қою мақсатымен жасалған еді. М. Сералиннің өз айтуына қарағанда, журнал “еңбекші таптың органы болған жоқ. Халықтық болған ол белгілі бір таптық, саяси және экономикалықбағдар ұстанбады ”.“Оренбургский край” газетінің журналды “жергілікті халықтық басылым” деп атағаны кездейсоқ емес.
М. Сералиннің сіңірген еңбегін атап өте келіп, зерттеушілер ол “Қазақстанда демократиялық бағыттағы ұлттық журнал шығаруды бірінші болып жолға қойды. “Айқап” журналы білім әлеміне ашылған бір терезе болды”деп атап көрсетеді. М. Дулатов “Оян ” деп қазаққа дабыл қаққаннан кейін М. Сералиннің демократияшыл зиялыларды, либерал-революциялық ниеттегі студент жастарды іс жүзінде топтастырып, олардың назары мен жігерін жалпы ұлттық проблемаларды шешуге шоғырландыра білгенін айту керек. “Айқап” патша өкіметінің реакциясынан кейін қазақ қоғамын оятты, “Қазақ” газеті оның жақсы дәстүрлерін жалғастырып, жаңа биікке көтерілді.
М.Сералинмен қатар, Б. Қаратаев, Ж. Сейдалин, С. Торайғыров журналдың рухани жетекшілеріне айналды. “Айқап” төңірегіне әртекті қазақ демократияшыл зиялыларының, талантты студент жастардың өкілдері топтасты. Журналға А. Ғалымов, М. Жолдыбаев, Т. Жомартбаев, М. Кашимов, Қ. Кемеңгеров, М.Ж. Көпеев, А. Мұсағалиев, Б. Сыртанов, С. Лапин, Н. Манаев және тағы басқалар белсене қатысып тұрды. Журнал беделінің өсуіне бастапқы кезеңде оның жұмысына А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың қатысуы себепші болды. Дала өлкесінің демократияшыл қалың жұртшылығы кейіннен қазақ мәдениетінің, әдебиетінің аса көрнекті қайраткерлеріне айналған дарынды тұлғалар: С. Сейфуллин, Ш. Құдайбердиев, Б. Майлин, С. Дөнентаев, С. Торайғыров, М. Жұмабаевтардың шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алды. Журнал беттерінен қырғыз И. Арабаев, ноғай С. Ғаббасов, түрікмен Ш. Назари және басқалар көрінді. Қазақ әйелдері Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мариям Сейдалина, Гүлайым Өтегенқызы, Нәзипа Құлжанова журнал беттерінде әйелдердің тең құқықтығы, қазақ әйелдерін азат ету, балалар мен аналарды қорғау проблемасын көтерді.
Журналдың бірінші нөмірінде М. Сералин оқырмандарға басылымды құрудың ұзаққа созылған оқиғасын түсіндіріп берді: “Біз бір-бірімізді үнемі… кінәлап жүрдік… Басымыз қосылмады. …Біздің қазақтың неше жерден “қап” деп қапы қалған істері көп. “Қап” дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық “Айқап” болды”.
“Айқап” журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті.
“Оқиғалар” айдарынан көрініп отырғанындай, жер-жерден Ташкент, Верный, Шымкент, Әулиеата, Орал, Қостанай, Торғай, Ақтөбе, Маңғыстау, Бөкей Ордасы, Омбы, Қапал, Семей, Аягөз және басқа жерлерден хабарлар түсіп тұрған.
“Бізге не істеу керек?” деп аталған мақаласында “Айқап” өз бағдарламасын былай деп белгілеген:
“1. Отырықшылыққа көшу, қалалар тұрғызу, жерден қол үзбеу.
Мектептер мен медреселер ашу, білімді әрі мәдениетті болу.
Дін істерін өз қолына алу, өз мүфтиін сайлау.
Мемлекеттік Думаның мінберінен халық мүдделерін қорғау және оларды үкіметке жеткізе алатын депутаттардың болуы.
Петербургте тұрақты өкілдік болуы.”
“Айқап” нөмірден-нөмірге жер мәселесіне зор көңіл бөліп отырды. Бұл түсінікті де. Патша өкіметі орыс және украин шаруаларын қоныс аудару қозғалысының қарқынын ұлғайту мақсатына қазақтардың құнарлы жерлерін күштеп тартып алу жолымен “қоныс аудару қорын” құрды. “Айқап” жетекшілері мұндай жағдайда көшпелілер мен жартылай көшпелілердің отырықшылануы, “тұрғылықты ауылдық елді мекендер” салу, егіншілік негізінде қазақ шаруаларының тұрмыс-салтын өзгерту қажет деп саналды. “Қазақ” газетінің жетекшілері, ең алдымен Ә. Бөкейханов басқаша көзқараста болды. Журнал мен газет арасындағы жер мәселесі жөніндегі пікірсайыс екі жақтың да көп күшін алды.
“Айқап” журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. М. Сералин “біздің ғасырымыз-ғылымның ғасыры” деп санады. Ол Ш. Марджанидің, Ы.Алтынсариннің ізбасары болды. Жәдидшілдіктің, жаңа әдіспен дауыстап оқытудың атасы И. Гаспринскийді өзінің ұстазы және тәләмгері деп білді.
XIX ғасырдың аяғында жәдидшілдік идеялық-саяси ағым ретінде қалыптасты, оның жолын қуушылар жәдидтер (“жаңашылдар”) деп аталды. Жәдидшілдер мұсылман дінінің озбырлығына қарсы шықты, өз халықтарын еуропалық мәдениетке, ең алдымен мектеп пен медреседе еуропалық дыбыстап оқыту әдісіне тартудың жақтастары болды. Жәдид қайраткерлері жеткілікті болғанымен, Қазақстанда жәдидшілдік қалыптаспады. И. Гаспринский ұсынған жәдидшілдік өркениетке жеткізер жолдағы басты кедергі исламның озбырлығы, ортағасырлық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар деп санады. Қазақтардың рухани өміріне ислам ықпалының дәрежесі Татарстан, Башқұртстан, Қырым және Түркістанмен салыстырғанда едәуір әлсіз болды. Қазақстанда ағартушылық қозғалыс ұлттық қайта өрлеу жолындағы басты кедергі отаршылдық деп санады. И. Гаспринский түрік-татар бірлігі туы астында әрекет етті. Ал Қазақстандағы ағартушылар татар және бұхара теологтарының, түркі-татар жазуының үстемдігіне жан сала қарсы шықты. “Шығыстың көрнекті ағартушыларының еңбектері, — деп жазды М. Сералин, — туған халық тілінде оқу мен білім алудың және оны құрметтеудің пайдалы екеніне біздің көзімізді жеткізді”.
Дегенмен, С.Ж. Асфендияровтың айтуынша, М. Сералин “тегінде, татар мәдениетімен және оның прогресшіл дәстүрімен мейлінше көп дәрежеде байланысты болған”.
М. Сералин бастаған “Айқаптың” ізбасарлары классикалық жәдидшілдіктің жақтаушылары болды. Олар қазақ қоғамы мешеулігінің, ескіргендігінің негізгі себебі-халықтың сауатсыздығында (надандық), молдалардың білімсіздігінде, байлардың дарақылығы мен қатыгездігінде (қайырымсыздық), отаршылардың қазақ шаруаларының талап-тонауында жатыр деп санады. Осының бәрінен шығаратын жол қоғамды оқу-ағарту, И. Гаспринскийдің жүйесі бойынша жаңа әдіспен оқыту, қазақтардың отырықшылық тұрмыс салтына көшуі (қала салу) деп білді. Өз кезінде бұлар прогресшіл идеялар еді. М. Сералин мен айқаптықтардың сіңірген еңбегі мынада: олар жәдидшілдіктен, ағартушылықтан алға кетті, өз идеяларында қазақ шаруаларының, еңбекші бұқараның бытыраңқы және стихиялы арман-тілектері мен ойларын көрсете білген революцияшыл демократтар деңгейіне дейін көтерілді. Айқаптықтарды жас түріктер деген сияқты, жас қазақтар, жас ұлттық буржуазиялық-демократиялық қозғалыстың қатысушылары деп атауға болар еді. Сонымен бірге жас бұхаралықтар – жәдидшілдерден айырмашылығы, М. Сералин мен оның ізбасарлары клерикализмнен азат, шынына келгенде либерал-демократтар, шаруашылық жүргізудің отырықшы фермерлік әдісін, орыстың озық мәдениетін насихаттаушылар болды. “Қазақ” газеті жарыққа шыққаннан кейін айқаптықтар арасында жік туды. Біреулер мұсылман қозғалысының жақтастарына қосылды (М. Қаратаев), басқа біреулері ағартушылықтан отаршылдық жүйені қирату, қазақ ұлттық мемлекеттігін, ұлттық білім беру жүйесін құру идеясына көшті. Түбірлі жалпыұлттық мүдделерді қорғап, дәйекті түрде ілгері басқандардың дұрыс істегенін тарихтың өзі дәлелдеді.
XX ғасырдың басындағы ағартушылық қозғалысқа біз Қазақстанда тамаша кадрлардың тұтас саңлақтар шоғырының пайда болғаны үшін міндеттіміз, олар ұлттық қайта өрлеудің басында тұрып, революциядан кейін-ақ халыққа білім беру саласындағы кең көлемді шабуылды жүзеге асыру үшін нақты негіз дайындады. Батыстағы Ағарту дәуірінің “миды тазартып” жаңа қоғамдық-саяси қатынастар үшін жол аршыған ұлы өкілдері сияқты қазақтық алғащқы ағартушылары да өз халқының санасына бостандық, теңдік және туысқандық, әділеттілік идеяларын, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес рухын сіңірді.
М.Сералин қазақ ағартушылары жас буынның жарқын өкілі болды, халық ағарту мен қазақтардың тұтас ұрпағын тәрбиелеу саласында өте көп іс тындырды. Ол өзін “балаларды жаңа әдіспен оқытуға көшу, Ақтөбеде мұғалімдер мектебінің ашылуы, жергілікті жерлерде мектептер мен медреселерде оқуы, оларда оқитындардың көбеюі қуантады” деп жазды. Ол өзінің ағартушылық идеяларын берік қорғап, былай деп жазды: “Біздің үнемі және шаршап- шалдықпай талқылағанымыздан мынадай екі қорытынды жасауға болады: қала сал, жинақы тұр, сонда ғана шағын болса да құнарлы жер үлесіне иелік ете аласың. Мектептер мен медреселерсал, мектептер аш, балаларды оқыт, қолөнерін үйрен, сонда ғана сен халықты құрайтын адам боласың. Әйтпесе сені жер бетінен жойып жібереді”.
“Біздің өткендегі және қазіргі жағдайымыз” деген мақаласында М. Сералин былай деп атап көрсеткен: ғалымдар “дүниенің дамуын ұрыс шайқастарына…” ұқсатады. “Бұл соғыста адамы көп халық жеңбейді, қайта ғылымы, өнері жоғары халық жеңеді. Сондықтан біз басқа халықтармен жарыста аяқ астында қалғымыз келмесе, біз балалрды біліммен қаруландыруымыз керек”. “Қазіргі заман туралы ойлана отырып,- деп жалғастырған ойын одан әрі автор,- мынадай ойға келесің: Ресей мемлекетінде әрекет жасап, бақытты тұру үшін ғылымды, өнерді үйрену және орыс тілін білу қажет. Бұл үшін мектеп керек, ал оған төрт-бес үйдің шамасы келмейді. Елді мекендер мен кент салудан басқа шығар жол жоқ”.
Сонымен бірге М. Сералин “Айқап” беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқан авторлардың мақалаларын жариялап отырды.
“Айқап” журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзі классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.
Сонымен бірге журнал беттерінде кейде жаңа әдіспен оқытуға түрік-татар көзқарасын уағыздайтын жарияланымдар басылып отырды. М. Ж. Көбеевтың, Д. Қашқынбайұлының және басқалардың мақалаларында діншілдік және шариғатқа бейімдік сарыны болды. “Айқап” беттерінде түркі-татар тілінде жаңа әдіспен оқытуға артықшылық берген, А. Байтұрсыновтың қазақ жазуы саласындағы реформаторлық ізденістеріне қарсы шыққан авторлар ұйымдастырылған түрде жарияланып отырды.
Бірінші дүние жүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы қиындықтары, зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетуімен, стилінің сындарлылығымен және ең бастысы-толғағы жеткен жалпы ұлттық проблемаларды қоюымен әйгілі болған “Қазақ” газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында“Айқап” журналы шығуының тоқтауына себеп болды.
Ағартушылардың өздері арасында түңіліс етек жайды, олардың қатарында: революциялық әдістерді жақтаушыларға және ұстамдылық пен ымырашылдықты жақтаушыларға жіктелу тереңдей түсті. Бүкіл XX ғасыр бойында әдебиетте журналдың жабылу себептері мәселесі бойынша дау жүрді. Пікірсайысқа салынбай, ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің қайсыбірі орыс революцияларының және самодержавие күйреуінің қарсаңында ең басты ұлттық қоғамдық-саяси және ғылыми-әдеби басылымға арналған “Қазақ” газетін құрушы (А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов) бәсекелесе алуы екіталай екенін ғана ескерте кеткен жөн.
“Қазақ” газеті. “Қазақ” газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. “А. Байтұрсыновтың шебер басшылығы мен жанқиярлық еңбегінің арқасында,-деп жазды М. Дулатов,-жоқтан барды жасаған деуге болатын және патшалық-полицейлік режимнің ауыр жағдайларында тіршілік еткен газеттің жабылар алдында өз баспаханасы, қағаздың үлкен қоры, шағын кітапханасы болды, таралымы 8000-нан асты”. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстық қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды.
“Қазақ” газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, М. Дулатовтың анықтауынша, “қазақ әдеби тілінің мектебін жасаушы”, бірақ ең алдымен –ой өрісі аса кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. Азаттық қозғалысының мұраттарына, қазақ халқының топтасуы мен рухани өрлеуі мүдделеріне белгілендік, таңғажайып талант және ғылымның көптеген салаларынан энциклопедиялық білімділік оны ұлт ағартушылары мен рухани аталарының алдыңғы қатарларына шығарды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа “Қазақ” газетінің екінші жауапты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. Құлшынған қызба қанды, әсте ымырасыз, жалынды көсемсөзші, топ көрсе қыранша түлейтін ақын М. Дулатов өзінің ерлік және қайғылы тағдырымен көп жағынан XIX ғасырдағы Махамбет Өтемісұлын еске салатын. “Қазақ” газеті 1918 жылы (№ 261-265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты.
XX ғасырдың басындағы демократияшыл қазақ зиялыларының бүкіл азаттық қозғалысы сияқты, бұл газеттің де жетекші бағытын белгілеуде қазақ халқының бостандығы жолындағы аса көрнекті күрескер, саясатшы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, статистик-социолог, көсемсөзші, энциклопедиялық тұрғыдағы ғұлама Ә. Бөкейханов зор рөл атқарды.
Біртұтас болып біріккен ғажайып үштік-А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов қалың қазақ елінің мүддесін білдіріп, оның шамшырағы болған ғасырдың ұлттық газетін құра білд. Олар “Қазақ” газетінің төңірегіне қазақ демократиялық зиялыларының бүкіл бетке ұстарларын, соның ішінде Ш. Құдайбердиев, М. Жұмабаев, Ғ.Қарашев, С. Торайғыров, Ж. Аймауытов, Б. Майлин, Ж. Ақбаев, Х. Досмұхамедов, С. Дөнентаев, М. Шоқай, М. Тынышбаев және басқа да көптеген адамдар сияқты көрнекті қайраткерлерді топтастыра алады. Дегенмен де, негізгі идеялық-теориялық салмақты А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов көтерді. Зерттеуші К. Атабаевтың деректері көрсетіп отырғандай,“Қазақ” газетінің беттерінде жарияланған, бүгінгі күні қолда бар және “Қазақ” басылымы жинағында келтірілген материалдардың жартысынан астамын солар жазған. Тек Ә. Бөкейхановтың өзі “Қазақ” үшін 200-дей мақала жазыпты.
Бағдарламалық мақалада (авторы А. Байтұрсынов) газет “ұлттың көзі, құлағы және тілі” деп аталған. Редактордың пікірінше, газет адамдардың мүдделеріне қызмет етуге, білімді таратушы, халықтың қорғаушысы, оның рухани тәлімгері болуға тиіс. Сонымен, А. Байтұрсынов нағыз жалпыхалықтық басылым құруды ойлады және оны жүзеге асырды.
Газетті оның негізін қалаушылар“Қазақ” деп атады. Халықтың өз атын қалпына келтіріп, олар сол арқылы отаршылар тарапынан бұратаналарға менсінбей қарауға қарсы наразылық білдірді, қазақтар арасына ұлтжандылық басылым құруды ойлады және бірлік идеясын таратты.
Газеттің бірінші нөмірінде басылған бағдарламалық мақаласында А. Байтұрсынов отаршылдық режим жағдайларындағы ұлттың тағдыры туралы мәселені ашық қойды. Ол былай деп жазды: “Өзіміздің өзіндік ерекшелігімізді сақтап қалуымыз үшін біздің бар күш пен құралды жұмсап, оқу-ағартуға және ортақ мәдениетке ұмтылуымыз қажет; бұл үшін біз әдебиетті ана тілінде дамытумен айналысуды бірінші борыш деуге міндеттіміз. Өз тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халықтың ғана дербес өмірге үміттенуге құқылы екенін ешқашан ұмытпау керек”.
“Қазақ” газеті XX ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының стратегиясын анықтап берді. Ә. Бөкейханов былай деп атап өтті “Жуық арада далада, бәлкім, қазақ арасында белең алып келе жатқан екі саяси бағытқа сәйкес екі саяси партия ұйымдастырылатын сыңайлы. Олардың бірі ұлттық-діни партия деп аталуы мүмкін және де қазақтарды басқа мұсылман халықтарымен біріктіру оның мұраты болып табылады. Басқа бір батыстық бағыт қырғыз даласының болашағы-осы сөздің кең мағынасында-батыс мәдениетін саналы түрде іс жүзіне асыруда деп біледі”.
“Қазақ” екінші бағыттың ой-пиғылын көрсетті. Ол тұжырымдамалық проблемаларды көрсеткен кезде соны негізге ала отырып жазды. Ең алдымен Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов қазақ халқының өркениет, түрік дүниесі тарихында алатын орнын анықтап берді. Халықты топтпстыру, оның ежелгі мәдениетін және демократиялық Ресей құрамындағы қазақ ұлттық мемлекеттігін қайта түлету проблемалары газет қызметінің өзегіне айналды. “Шаруашылықтағы өзгерістер” деген сериалы мақалаларында А. Байтұрсынов қазақ халқының эволюциясын және мәдениет тарихын көрсетті.
“Қазақ” газеті өз беттерінде халық ағарту, кітап шығару мәселелеріне басымдық берді. XIX ғасырдың екінші жартысындағы ұлы ағартушылардың дәстүрлерінде тәрбиеленген қазақ демократияшыл зиялылары Шығыс пен Батыс ағартушыларының тәжірибесін жинақтап, тұтас доктрина жасады. Мысалы, И. Гаспринскийдің жаңа әдіспен оқыту туралы идеясының өзін қабылдай отырып, олар оны түрік-татар үстемдігі идеологиясынан, оқуды дінмен қосудан тазартты. Егер И. Гаспринскийдің ізбасарлары жаңа әдіспен дауыстап оқытудан татар мәдениеті мен жазуының үстемдігін тануға қарай жүрсе, қазақ демократтары Абай, Шоқан және Ыбырай ағартушылығынан отаршылдық режимді қирату, қазақ мемлекеттігін қайта туғызу идеясына бет алды. Бұл эволюцияда А. Байтұрсыновтың ғылыми-педагогикалық ізденістері ерекше рөл атқарды, соның арқасында ұлт қазақ әліпбиін алды, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сөз өнері теориясы мен мәдениет тарихы дамытылды. “Осы тынымсыз еңбегімен,-деп жазды XX ғасырдағы ұлы ойшылдың 50 жасқа толған күнінде М. Дулатов,-А. Байтұрсынов қазақтың сөз өнерін жоғары сатыға көтеріп, ұлттық мектеп пен туған әдебиет үшін берік іргетас қалады”.
“Қазақ” газетінің беттерінде аграрлық проблеманың Ә. Бөкейханов бастаған көрнекті білгірлері отаршылдықтың мәнін, қазақ шаруаларының құнарлы жерлерін алып қою арқылы қоныс аудару қоры құрылуының, шаруалардың жерсіз қалуы үрдісінің мәнін ашып көрсетті. “Қазақ” газетіӘ. Бөкейхановтың жер мәселесі жөніндегі тұжырымдамасын қорғады, онда егіншілікпен ұштастырылған көшпелі мал шаруашылығын, қауымдық жер пайдалану негізінде жер алқаптарының тұтастығын, олардың құнарлылығын сақтау көзделген еді. Жер үлесінің болмашы жағдайында отырықшылыққа көшу, егіншілік, агрономия тәжірибесі, диқанның күнделікті титықтататын еңбегінің қанына сіңген етенелі болмаған жағдайда орыс деревнясы үлгісіндегі ауылдар құру қазақ шаруаларына мал шаруашылығы кәсібінен біржола айырылу, Башқұртстан мен Қостанай уезінде болғанындай, мұқтаждықтан жерді қоныс аударушыларға сату қатерін төндірер еді.
“Қазақ” газеті мұсылман діні мәселесі бойынша ғылыми негізделген тактика ұстанды. Ол қазақ халқының артта қалған бөлігінің діншіл екеніне, Алланы және оның “жердегі өкілдері” молдаларды шын жүректен қадірлейтініне көңіл бөлді. Газет редакциясы “мұсылмандар одағының кадеттік бағдар ұстанатынын ескерді. Ә. Бөкейханов пен басқа да авторлар 1905-1907 жылдардағы революциядан кейін бүкіл Ресейде орын алған қуатты мұсылман қозғалысымен есептесіп отырды. Қозғалыстың қай тапқа жататынына қарамастан, елдегі 20 миллион халық түрінде тірегі болды. Мұсылмандардың бірінші съезінің қарарында мұсылмандардың прогресшіл бөлігі “озық қоғамның мұраттарына” қосылатыны және “орыс халқымен бірдей тең(саяси, азаматтық, діни) құқықтарды” пайдаланғысы келетіні атап өтілді”.
Бірқатар мұсылмандар съездерінің жұмысына қатысқан Ә. Бөкейханов бір-біріне жалғасты, бірнеше мақалалар жазып, онда “Қазақ” оқырмандарына адамгершілік проблемаларын және оларды Ресей жағдайында шешу жолдарын ұғынықты етіп түсіндірді. “Қазақ” газеті діни қызбалықты қоздырған жоқ, керісінше, империя құрамындағы түрлі ұлттардың дінге сенушілерін топтасуға шақырды. Газет көзі ашық халықтардың француз революциясы мен өзге де буржуазиялық революциялар рухындағы теңдік, жеке адамға ешкімнің тиіспеушілігі, дін ұстану еркіндігі жөніндегі мұраттарын ескерді. “Қазақ” газеті бұхаралық, хиуалық, қазандық молдаларды, олардың озбырлығын, патриархаттық-рулық соқырсенімдердің тірегіне айналған әдет пен шариғат догмаларын әшкереледі, татарландырудың, арабтандырудың қазақ тілі дамуына, оның рухани келбетіне теріс ықпалын ашып көсетті. “Қазақ” газеті дінді мектеп пен мемлекеттен бөлуді жақтап, діни экстремизмге қарсы шықты, сонымен бірге жыныс, дін ұстану, ұлт айырмашылығына қарамастан, барлық ресейліктердің заң алдында тең екенін жариялап, жеке адамның бас бостандығы мен оның еркіндігіне қол сұқпауды қорғады.
“Қазақ” газеті беттеріндегі жарияланымдардың едәуір бөлігі тіл мен әдебиет, этнография, мәдениет пен тәрбие, педагогика мәселелеріне, рыногтық жағдайларға бейімдей отырып, халық санасын жетілдіруге арналды. Газет өзінің нысаналы жарияланымдары арқылы ұлттың тарихи санасын қалаптастырды, Абай сияқты аса көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі үлгісімен ұлттық мақтанышқа тәрбиелеу міндеттерін белгіледі, Абай даналығы деңгейіне көтерілуге, өз халқының қамын ойластыруға, оның дәстүрлерінен, гуманистік принциптерінен таймауға шақырды. Газет демократиялық, тәуелсіз мемлекет орнату үшін бірінші кезекте ана тілі мен әдебиетін білу, кәсібилік ұлттық экономиканың бай болуы қажет екенін дәлелдеді. А. Байтұрсынов былай деп атап айтты: “басқалардан қалып қоймау үшін біз сауатты, бай және күшті болуға тиіспіз. Саутты болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсібилік керек. Мығым болу үшін бірлік керек. Осы бағытта жұмыс істеу керек”. Газетке қатысып тұрған бүкіл авторлар ұжымының А. Байтұрсынов бағдарламасына толық қосылғанын атап өткен жөн.
“Қазақ” шын мәнінде бүкілресейлік газет болды. Ол халықаралық жағдайға жүйелі түрде талдау жасап, ондағы Ресейдің рөлін анықтап отырды, елдегі және шетелдегі демографиялық жағдайды ашып көрсетіп, бүкіл түрік дүниесінің, мұсылмандар қозғалысының тағдырын қадағалады. Газет Мемлекеттік Думаның жұмысына, оның мінберінен қазақ халқының мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше мүдделілік танытты.
Империалистік соғыс, дүние жүзін халықаралық капиталдың жетекші елдері арасында қайта бөлісу басталған кезде өзінің мазасызданғанын жасырмады. Ал мазасызданудың негізі бар еді. 1916 жылғы 16 маусымдағы қазақ жігіттерін тыл жұмыстарына алу туралы патша Жарлығы жай түскендей болды. Газет Жарлыққа дейін де, одан кейін де қазақтарды армияға шақыру туралы мәселені талқылап, оларға казак әскерлері мәртебесінің берілуін талап етті. Ол халықтан империяның боданы ретінде оның ерте болсын, кеш болсын, өз отандастарының Отан қорғау жөніндегі тағдырына ортақтасуына тура келетінін жасырмады. 400 мыңдық армия жасақтай алатын ұлтқа айналған соң ол соғыста жеңген жағдайда империя құрамында дербес автономияға дәмелене алар еді.
Газет нақ сол баламаны негізге алып және көп адамның құрбан болуы жөнінде орынды қауіптеніп, 1916 жылғы оқиғалар жөніндеде принципті көзқарас ұстанды. Ол қазақтарды майданға алу мерзімін кейінге қалдыруға дейін барып, жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздестіруді, өкіметпен келіссөздер жүргізуді ұсынды. “Алаш” париясы мен Алашорда бостандықты жеңіп алуға және қазақ мемлекеттігін қайта туғызуға тарих берген мүмкіндікті қайткен күнде де ақырына дейін пайдалануға ұмтылып, тағдырлы шешімдер қабылдаған екі орыс революциясы кезеңіндегі “Қазақ” газетінің рөлі баға жеткісіз еді.
“Қазақ” газеті қазақ халқы тарихының бетбұрысты кезеңінде шығарылды. Ол тұжырымдылығымен, жоғары көсемсөзділігімен, қазақ әдеби тілінің мағыналылығымен, өз халқының көкейтесті мүдделеріне адал қызмет етуімен ерекшеленді. М. Әуезовтің 1913-1918 жылдар аралығындағы кезеңді “Қазақ газетінің дәуірі” деп атағаны кездейсоқ емес. Ол 1922 жылы мәдениет қайраткерлеріне ашық хатында (“Қазақтағы қалам қайраткерлеріне. Ашық хат”) қазақтың баспасөзі тарихында “Қазақ” газетін қоспағанда, халық тәрбиешісі миссиясын орындаған, өз бағытын қатесіз анықтаған, ұлттық рухты асқақтатқан бірде-бір басылым болған емес деп атап өтті.
Кәсібі жөнінен адвокат, “Айқап” журналының жұмысына белсене қатысқан қоғам қайраткері К. Тоғысов 1916 жылдың қарашасында Ташкентте апталық “Алаш” газетін шығара бастады. Оны К. Тоғысовтың өзі редакциялады, ресми шығарушысы оның әйелі Мәриям Тоғысова болды. Бастапқы кезеңде газет өкімет орындарына көзқарасы жөнінен адал болды, тек 1917жылғы 24 ақпаннан бастап (№12) өзін революциялық-демократиялық басылым ретінде көрсетті. Мәселен, К. Тоғысов “Жоғалсын Романовтар” деген бір мақаласында әрбір халық егеменді, демократиялық елде өмір сүруге құқылы деп пайымдады. Газет ақпан революциясын қызу құқықтады.
“Алаш” газеті әйелдердің тең құқықтығын қорғады. Оның беттеріне белгілі журналистер, жазушылар: Т. Жомартбаев, А. Баржақсин, Б. Майлин, Ж. Аймауытов, жаңа жазба бастаған М. Әуезов шығып тұрды.
Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихында апталық “Сарыарқа” газеті елеулі із қалдырды. Оның редакторлары Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов болды. Газет 1917 жылдың екінші жартысында Семей қаласында шығып тұрды. Оның беттерінде Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, Р. Мәрсековтың, Х. Ғаббасовтың,Ә. Ермековтің, М. Малдыбаевтың, Ж. Ақбаевтың және “Алаш” қозғалысының басқа да көптеген көрнекті қайраткерлерінің мақалалары басылды. Онда Алаштың гимні (авторы С. Торайғыров), Ж. Аймауытовтың, М. Әуезовтың, С. Дөнентаевтың, Ғ. Қарашевтың,І. Жансүгіровтің, Б. Майлиннің көсемсөздік материалдары жарық көрді.
Газет Ә. Ермековтің “Жасасын Алаш, жасасын!” деген мақаласын жариялады, онда екінші бүкілқазақ съезінің (12.12.1917) Алашорда автономиясын жариялау туралы шешім, сондай-ақ жалпықазақ-қырғыз съезінің шешімдері (Х. Ғаббасовтың “Алаш автономиясы” деген мақаласы) салтанатты түрде мәлімделді.
Ә. Бөкейхановтың Семейге келуі туралы материал даусыз ынта-ықылас туғызады, бұл материалда ол қазақ автономиясы туралы мәселеге өзінің көзқарасын егжей-тегжейлі баяндайды.
Егер газеттің елдегі біртұтас ақпарат өрісі бұзылған, тарихтың бетбұрысты күрделі кезеңінде жұмыс істегенін ескерсек, “Сарыарқа” газетінің маңызы зор.
Сөйтіп XX ғасырдың басында империяның Қазақстан сияқты алып шет аймағында қазақтар Ресейдің ана тілінде газеттері, журналдары мен кітаптары бар 24 (орыстардан басқа) халқының біріне айналды. Хат-хабарлардың географиясы өте ауқымды болды-мейлінше әр түрлі жанрдағы жазбаша хабарлар келіп түспеген ауылдар мен болыстар іс жүзінде болған жоқ. Демократиялық қазақ баспасөзі революция, Мемлекеттік Дума, оның мұсылман фракциясы, мұсылман съездері туралы, империяның ішкі және сыртқы саясаты, соның ішінде оның отаршылдық саясаты туралы жазды. Ол шет аймақтардың ғасырлар бойындағы ұйқыдан оянып жатқан халықтарының мүдделерін көрсетті, өркениетті дүниежүзілік қоғам жүйесіндегі оның болашағы туралы армандарға берілді. Алда халықтың тұтас ғасыр бойындағы қиын тағдырын белгілеп берген Қазан революциясы, аласапырандар мен өзгерістер тұр еді.