Мұхаммедтің осы оқиға арқылы рухының бекемдігін, сабырлылығын
танытады.
Расулға шөлдегенде жоғарыда аталған қиссалардағыдай төрт кесе емес,
екі кесе әкелінеді: біреуі – сүт, біреуі – арақ. Расул сүтті таңдайды.
ХV ғасыр ескерткіші – Рабғұзидің “Қисса-сүл-әнбийя-й” (Р.
Мұқанованың аудармасы) деген кітабында “Қисса Миғраж пайғамбарлардың
көкке шығуы” деген бөлім бар. Шөлдегенде Расулға екі кесенің ұсынылуы
және жеті көкте әртүрлі пайғамбарларға жолығуы: мысалы, бірінші көкте –
Адамға, екінші көкте – Жақия мен Ғайсаға, үшінші көкте – Жүсіп нәбиге,
төртінші көкте – Ыдырысқа, бесінші көкте – һәрұнға, алтыншы көкте –
Мұсаға, жетінші көкте – Ибраһимге жолығуы т.б. оқиғалар Мәшһүр-Жүсіп
қиссасымен бірдей. Осындай ұқсастықтарына қарап, біз М.-Ж. Көпейұлы
дастанын Рабғузи қиссасының желісімен жазғандығын байқаймыз.
Жүсіпбек Шайхисламұлы туындысы С. Бақырғани сюжетінен алшақ
кетпеген. Туындыгер өз шығармасын қазақ тілінде оқырмандарына арнап,
көркемдеп, түсінікті етіп жазған.
Мәшһүр-Жүсіп хикаясы қазақи таным-түсінікке, ұғымға жақын.
Мәселен, Алла-тағаланың дәргаһына келгеннен кейін Расул:
Топаннан Нұх нәбиге бердің нәжәт,
Қабыл қылса үмметім көп мінажат…
Көк қошқар Смағұлға құрбан бердің,
Жүністі үш зұлматтан халас қылдың.
Жүсіпке құдық түбін бостан қылып,
Ғайсаға “Інжіл” атты кітап бердің.
Мұсаға “Таурат” бердің, маған қайда?
Билеттің жел мен суды Сүлейменге,
Дәуітке “Забур” бердің үлкен кітап,
Айыпқа саламаттық бердің пайда,
Адамға жәннат, ғылым, аят бердің,
Қызырға өлмес Әбілқаят бердің,
Не бердің маған сондай, Иллаһым-ай,
Қарным аш дәргаһыңа тоймай келдім, – [117,61 б.]
дейді. Алла Расулға барлық игілікті істердің пайғамбар үмметтері үшін
жасалынатынын ескертеді.
Кескіұлы Ғұсманның “Сияри нәби” (Хазірет пайғамбар ғ.с.-ның
өмірбаяны) деген еңбегінің Х бабы “Миғраж” деп аталады. Автор бұл қасиетті
мақамда Хазірет Пайғамбар ғ.с.-ға үш нәрсе берілгеніне тоқталады. Олар:
бірінші – Бақара сүресінің соңғы екі аяты; екінші – үмбеттеріне Алла-тағалаға
ортақ қоспағандардың жаннатқа кіретінінің қуанышты хабары; үшінші –
Миғраж сыйлығы сипатында күніне екі мезгіл оқитын намаз.
Жазушы бұл тарауын: “Әрбір ғылыми нәрсе – қоршаған Алланың
құдіреті. Оның сүйікті құлы Мұхаммед ғ.с.-ның Меккеден Құддысқа келуі, ол
арадан көкке шығуы жаратылыстың негізі болған бұл кісінің көк әлемін сайыр
етуі неге мүмкін емес”, – [118,44 б.] деген тұжырыммен қорытындылайды.
Әрбір мұсылман Алланың хақ, пайғамбардың соның елшісі екендігіне кәміл
сенім білдіруі сияқты Алланың пәрменімен Расулдың Миғражға сапарына да
күмән келтіруге тиіс емес.
А. Жолдасұлының “Мәулид Шәріп” деген шығармасы Алматыда
“Арыс” баспасында жарық көрген. Мұнда Мұхаммед пайғамбардың өмірі
өлеңмен қазақ тілінде баяндалады. Еліміздің аңсаған тәуелсіздігіне қолы
жеткен уақытта да, мұсылманша терең білімі бар туындыгер Расулалланың
өмірбаянын толық жырлауды ниет етіпті.
Достарыңызбен бөлісу: