С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



Pdf көрінісі
бет11/25
Дата22.12.2016
өлшемі7,55 Mb.
#159
түріОқулық
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   25
§ 17. Дамыған орта ғасырлардағы 
Орта Азия мен Закавказье
1. Дамыған орта ғасырлардағы Орта Азия мен Закавказъедегі 
    феодалдық  қатынастар.
2. Закавказъе елдері селжук түріктері мен моңғолдар билігі 
    кезінде.
3. Моңғолдардың жəне Əмір Темірдің билігі кезіндегі Орта Азия.
4. ХV ғасырдағы Закавказъе елдерінде феодалдық 
   қатынастардың онан əрі дамуы.
5. ХІ—ХV ғасырлардағы Орта Азия мен Закавказъе 
    халықтарының мəдениеті.
Орта Азияны қарахандықтар жаулап алғаннан кейін мемлекетті 
басқару ісіне өзгерістер енгізілді. Бюрократиялық аппараты же-
тілген, мемлекеттік жер қоры өте мол саманилер мемлекеті құлады. 
Енді оның орнына еншілік жер жүйесі қалыптасқан қарахандық 
мемлекет орнады. ХІ—ХІІ ғасырлардағы Қарахандар мемлекетінің 
аумағы ұланғайыр болды. Оған Шығыс Түркістан, Жетісу, Ферғана, 
Мəуераннахр кірді. Қарахандар əулетінің мүшелері жеке еншісі 
бар кішігірім (илек) хандар болып саналды. Мемлекет басында 
хандардың ханы — Тамғаш хан тұрды.
XI  ғасырдың  бірінші  жартысынан  бастап  жекелеген  кіші  хан-
дар өзінің тəуелсіздігін нығайта түсуге ұмтылды. 1089 ж. Қарахан-
дықтар селжуктер империясының əскерінен жеңілді де, солардың 
вассалына айналды.
1128 ж. Солтүстік Қытайдан қуылған көшпенді кидандар (қара 
қытайлар) Жетісу мен Шығыс Түркістанды басып алды. 1141 ж. 
олар өздеріне Мəуреннахрды толығымен бағындырды. Қарахандық 
жекелеген хандар кидандар мемлекетінің басшысы — гурханның 
салық төлеушісіне айналды. Кидандар Жетісуға орнығып алып, 
көшпелі өмір сүрді.
XI—XII ғасырларда Орта Азияда жер қоры қайта бөлінді. Тек 
вакфтың иеліктері ғана өзгеріссіз қала берді. Бұрынғы мемлекеттік 
жəне мүліктік жерлердің едəуір бөлігі жаңа жер иелерінің қолына 
көшті.  Жер  иеленудің  XI  ғасырдағы  негізгі  түрі  ихта  болды.  Ол 
XII ғасырға қарай уақытша бенефициден біртіндеп мұрагерлікпен 
пайдаланатын ленге, феодқа, яғни мемлекеттік сыйдан феодалдық 
жер  иеленуге  айналды.  Ихтаны  енді  көбінесе  көшпелі  əскери 
ақсүйектердің өкілдері алатын болды. Олар тек көшпелі мал-
шылардан  ғана  емес,  ихта  жеріндегі  отырықшы  егіншілерден  де 
алымсалық жинап алып отырды. Ихта иелері XIII ғасырға қарай өз 
қоластындағыларды соттау құқына да ие болды.
Диқандардың мүліктік жерлерінің көшпелі əскери ақ-сүйектер 
өкілдеріне  көшуі  жəне  жердің  ихтаға  айналуы  бірте-бірте 
егіншілердің жойылуына əкеліп соқты. Əрине диқан деген термин 
біржолата жойылып кеткен жоқ, кейінірек мұндай сөзбен барлық 
шаруаларды атайтын болды.
Селжук мемлекеті кезінде ірі əскер басылары ихтаның есебінен өз 
жасақтарын қамтамасыз ету міндетімен бірге тұтас аймақты иеленіп, 
сол аймақтың əкімі болып саналды. Ол өз иелігіндегі Ихтадан қол 
астындағыларға жер бөліп беру құқын алды. Сөйтіп ихта иелері 
феодалдық саты жүйесінің маңызды бір буынын құрады.
Саманилер билігі кезінде Хорезм екіге бөлініп кеткен еді. 
Орталығы  Қият  қаласы  болған  оңтүстігі  жергілікті  князь  — 
Хорезмшах билігінде болса, орталығы Үргеніш қаласы болған 
Солтүстігінде араб əмірі билік құрды. 996 ж. бұл екі бөлігі бір 
феодалдық мемлекетке бірікті. 
ХІ—ХІІ ғасырларда Хорезмнің экономикасы мен мəдениеті 
ірі жетістіктерге жетіп, құлпыру кезінде болды. Оның эконо-
микасының негізін егіншілік пен жеміс-жидек, көкөніс құрады. 
Мол өнім жинауға суару жүйесінің жетілуі себеп болды. Хорезмнің 
қалаларында қолөнер дамып, көшпенділермен жəне Хазарлармен, 
Еділ жағасындағы халықтармен жəне Киев Русімен транзиттік сауда 
өсе түсті. Бұл елдерден тері, былғары, бояулар, жылқы жəне ірі қара 
мал əкелінсе, Хорезмнен кептірілген жеміс-жидек, астық, күріш, 
кілем, ертоқым, теріден тігілген бұйымдар мен мата шығарылды.
Хорезмдік көпестер Қытаймен, Иранмен жəне Мəуереннахр 
қалаларымен сауда жүргізді. Хорезмнің астанасы Үргеніш XI 
ғасырдың басына қарай Шығыстың ең əдемі де абаттындырылған 
қалаларының бірі, ірі мəдени орталық болды. Хорезмшахтың сарай-
ында бір кездерде Шығыстың көрнекті ғұламалары, олардың ішінде 
Ибн Сина мен Бирунилер тұрып, атақты еңбектерін жазды.
1043 ж. Хорезм Селжуктер мемлекетінің вассалына айналды. 
Бірақ XII ғасырдың екінші жартысында қуатты шаруашылығы, жал-
дамалы əскері бар хорезмшахтар тəуелсіздікке ие болды. Хорезмді 
сельжуктерден 1194 жылы Төкеш ибн иль-Арслан /1172—1200/ азат 
етті. XII ғасырдың аяғы — XIII ғасырдың басында өздері белсенді 
сыртқы саясатқа көшіп, Хорасанды, Батыс Иранды, Ауғаныстан мен 

166
167
Мəуреннахрды басып  алды, кидандар мемлекетін талқандады. XIII 
ғасырдың басында Хорезм үлкен феодалдық империяның орталығы 
болды.
Бұхар жазирасында XII ғасырда садрлар басқарған князьдық 
құрылды. Садрлар дін саласының қызметкерлері болды. Олардың бай 
жер иеліктерінде шаруалар жұмыс істеді. Садрлар дін ісімен қатар 
саудамен де шұғылданды. 1206 ж. Бұхар жазирасында садрларға 
қарсы қолөнершілер көтерілісі болды. Көтерілісті диқандар, шаруа-
лар да қолдады. Бұл көтерілістің басында қолөнерші Мелік Санжар 
тұрды.
Иран мен Орта Азия моңғол-татар 
шапқыншылығы қарсаңында
Көтерілісшілер Бұхар жазирасындағы билікті басып алып сад-
рды, оның туған-туысқандары мен вассалдарын қуып жіберді, мал-
мүліктерін тартып алды. Бұл жағдайды хорезмшах Мұхаммед пай-
далана қойды: бұхар ісіне араласып, 1207 ж. көтерілісті басты да, 
Бұхарды өз иелігіне қосып алды.
X ғасырда күшейген Византия XI ғасырдан бастап  Армения мен 
Грузия князьдіктері мен патшалықтарына қарсы басқыншылық 
саясат жүргізді. Арменияға ирактық оғыздардың басып кіруін 
(1021 ж.) пайдаланып, Византия өз иелігіне армяндық Васпуракан 
патшалығын  қосып  алды  (1022  ж.).  Енді  Византия  өкіметі  Арме-
нияның ең ірі патшалығы Ширактың (Ани) ісіне қайта-қайта ара-
ласа берді. 1045 ж. Византия императоры Константин IX Мономах                                                                                                                                
Ани патшасы Гагик II-ні келіссөз жүргізейік деп алдап 
Константинопольге шақырып алып, сарайынан шығармай, ұстап 
қалды. Сонан кейін əртүрлі сый-сияпаттар мен артықшылықтар   
алған армян феодалдары католикос басшылығымен Ани пат-
шалығының Византияға қосып алынуына мойынсұнды.
Закавказье елдері моңғол-татар 
шапқыншылығы қарсаңында
Византия өкіметі армян феодалдарына сенім білдірмеді, 
сондықтан да шекараны қорғау қажеттігі деген сылтаумен олардың 
көпшілігін Киликияға, Солтүстік Сирия мен Болгарияға жер аудар-
ды. Бұл жағдай Армениядағы феодалдық жасақтардың əлсіреуіне, 
сүйтіп елді селжуктердің оңай жаулап алуына əкеліп соқты. Селжук 
түріктерінің алғашқы шабуылы 1048 ж. басталды. 1065 ж. олар 
Арменияның астанасы Аниды басып алды. 1071 ж. Манцикертте 
селжуктер византия əскерін талқандады. Осы шайқастан кейін олар 
Армения мен бүкіл Кіші Азияны бағындырды.
Селжук түріктерінің билігі орнағаннан кейін көптеген армян фео-
далдары мен шаруалары, қала тұрғындары елін тастап, Кіші Азияға
негізінен Киликияға барып қоныстанды да, сол жерде 1080 ж. армян 
князьдығының негізін қалады. 1198 жылдан бастап ол патшалық 

168
169
деп аталды. Киликиялық армян мемлекеті (1080—1375) Жерорта 
теңізі төңірегіндегі елдер тарихында едəуір маңызды рөл атқарды. 
Ол жақта армян мəдениетінің жаңа орталықтары — Сис жəне Тарс, 
Мамедия жəне Адана қалалары пайда болды.
Киликия қалалары Венециямен, Генуямен, Пизамен, Франциямен, 
Сириямен, Египетпен қызу сауда жүргізді. Киликия халқының 
құрамы ала-құла болды. Онда армяндардан басқа гректер мен 
сириялықтар, итальяндықтар мен француздар (қалаларда) көптеп 
тұрды.
XI ғасырдың аяғынан 1182 жылға дейін Киликия мемлекеті 
Византиямен сəтті соғыстар жүргізіп, тəуелсіздігін сақтап қалды. 
Мемлекет ІІ-Левонның (1198 жылдан — патша) тұсында өз дамуының 
шыңына жетті. Бұл кезде ауыл шаруашылығы, қолөнері, сауда 
жоғары дəрежеде дамып, зор табыстарға жетті. 1266 жылдан бастап 
Киликиялық армян мемлекеті египет сұлтандарымен үздіксіз күрес 
жүргізді. 1375 ж. Киликияны мамлюктер жаулап алды, Левон VІ 
патша тұтқынға түсті. Армяндық Киликия мемлекеті өмір сүруін 
тоқтатты.
XIII ғасырдың 60- жылдарында Армения Алтын Орда ханда-
ры мен Хулагулер арасындағы қызу күрестің аренасы болды. XIV 
ғасырдың аяғында Тохтамыстың жəне Темірдің жорықтары кезінде 
Армения талан-таражға ұшырап, зор зардап шекті. ХV ғасырдың 
басындағы Арменияға көшпенді Қара-қойлы, кейінірек Ақ-қойлы 
тайпаларының басқыншылықтары да халықтың қырылуына, 
елдің күйзеліске ұшырауына əкеліп соқты. Шаруалардың то-
налуы, қолөнерінің күйреуі ХІV—ХV ғасырларда Арменияның 
шаруашылығын орны толмас шығынға ұшыратты. Осы кезде Арарат 
облысы мен Ереван қаласының елді біріктіру орталығы ретіндегі 
маңызы өсе түсті. 1441 ж. Эчмиадзин қаласына «барлық армяндар 
католикосының» тағын көшіру оның қасындағы Ереван қаласының 
мəн-маңызын арттыра түсті.
1001 ж. Грузияның екі патшалығы — Тао — Кларжет жəне Абхаз  
Грузия    Абхаз  патшалығына  біріккен  болатын.  Баграт  ІV  (1027—
1072) патшаның билігі кезінде грузиндер Тбилисиді мұсылман 
əмірінен тартып алды. Кахетиді қосып алғаннан кейін Грузияның 
саяси бірігуі аяқталды. Бірақ патшаның ірі феодалдардың (əсіресе 
Липариттер руының) сыртқы жауға қарсы күрестегі елдің қорғаныс 
қабілетін кеміткен сепаратистік пиғылымен көп күресуіне тура 
келді.

170
171
1080  ж.  Грузияға  селжук  түріктері  басып  кірді.  Георгий  II  — 
(1072—1089) патша ауыр бітім шартын жасауға мəжбүр болды. 
Оның билігінде тек Батыс Грузия (Имерети) мен Абхазия ғана 
қалды. Ол селжук сұлтанына алым-салық төлеп тұруға міндеттенді. 
Шығыс Грузия Тбилиси қаласымен бірге селжуктер империясының 
құрамына қосып алынды.
Грузин-абхаз патшасы Давид ІV Құрылысшы (1089—1125) ірі са-
яси қайраткер ретінде танылды. Селжук түріктерімен күресу үшін 
ол соғысқа мықтап дайындалды. Алдымен мемлекеттік билікті бір 
орталыққа бағындырып, нығайтты. Ұсақ феодалдарға, көпестер 
мен еңбекші халыққа арқа сүйей отырып, бүлікшіл ақсүйектерді 
ауыздықтады. Владимир Мономахтың əскерінен жеңіліп, Қаратеңіз 
жағасынан қашқан қыпшақтардан 40 мыңдық тұрақты атты əскер 
құрды. 1101 жəне 1120 жылдар аралығында Шығыс Грузияның көп 
бөлігі селжуктерден қайтарып алынды.
1121 жылы Дидгар шайқасында грузин əскерлері селжуктер 
əскерін жеңді. 1122 жылы Грузиндер Тбилисиді азат етіп, астана-
сын Кутаисиден сонда көшірді. Тамара /1184—1207/ патша тұсында 
Грузия  əскери-саяси  табыстарға  жетті.  Ани,  Карс,  Двин  қалалары 
мен Арменияның солтүстігі де селжуктерден қайтарылып, Захарилер 
басшылығымен Грузияға вассалдық тəуелділіктегі армян князьдігі 
құрылды. Захарий армениялық князьдер əулетінен шыққан, грузин 
əскерінің бас қолбасшысы болатын.
XIII ғасырдың екінші жартысында Грузияны моңғол-татарлар 
басып алды, XIV ғасырдың екінші жартысында Грузияны Темір 
талқандады. Бұл басқыншылықтар барысында қатты күйзеліске 
ұшыраған Грузия ХV ғасырдың аяғында бірнеше тəуелсіз 
патшалықтарға — Картлиге, Кахетиге, Имеретинге жəне Самцхе — 
Саатабаго князьдығына бөлініп кетті.
XII ғасырда Грузия феодалдық дамудың жоғарғы сатысына 
көтерілді. Мұрагерлік лендер мен иммунитет жүйесі біржолата 
қалыптасты. Үстем таптың жоғарғы сатысында ірі феодалдар — ди-
дебулилер мен дінбасылары жəне ұсақ феодалдар-азнаурлар тұрды. 
Бұл феодалдар дидебулилердің вассалдары болды. Феодалдық 
тəуелді шаруалар — глехтер жер иелеріне оброк төлеп, еңбек 
міндеткерлігін атқарды.
ХІІ—ХІІІ ғасырларда Грузия экономикасы жоғары дəрежеде да-
мып, гүлдене түсті. Үлкен суару жүйелері — Самгор, Алазан канал-
дары  салынды.  Грузия  сыртқа  астық  (бидай),  шарап,  жібек,  жүн, 
мақта, былғары, жылқы шығарып отырды. Грузия мен Солтүстік 
Арменияда қалалар қатары тез өсіп, олардың қолөнері дамыды. 
Тек Ани қаласында XIII ғ. басында қолөнерінің 38 түрі болды. 
Грузиядағы  қолөнері  мен  сауданың  орталығы  Тбилиси,  Дманиси, 
Самшвил, Гори, Ахалцихе, Кутаиси болса, Солтүстік Арменияда — 
Ани, Лори, Двин жəне Карс қалалары болды.
XII ғасырда грузин патшалары орталықтандырылған күшті 
мемлекеттік аппарат құрды. Оны мцигнобарт (канцлер) басқарды. 
Бұл қызметке өне бойы чхондидтік архиепископ тағайындалып от-
ырды.
1070 жылға қарай селжук түріктері астанасы Тебриз қаласы 
болған оңтүстік Əзербайжанды өз иеліктеріне қосып алды. 1080 
ж. селжуктер Ширваншахты да бағындырды. 1088 ж. селжуктер 
сұлтаны Мелікшахтың əскері Гянджаны басып алды.
Солтүстік жəне Оңтүстік Əзербайжанда XII ғ.— XIII ғасырдың 
басында екі ірі мемлекет: Ширвандар мен атабектер мемлекеттері 
болды. Ширваншахтар мемлекеті оңтүстікте Кура, солтүстікте 
Самур өзендерімен шектелді. Оңтүстік Əзербайжанда Ильдегиздер 
əулетінен  шыққан  атабектер  билік  құрды.  Оның  астанасы  алғаш 
Нахичеван, кейін — Тебриз болды. Солтүстік Əзербайжан сыртқы 
жаулары — хазарлармен, қыпшақтармен, селжуктермен күресте 
үнемі Грузиямен одақтасып отырды. Ірі саяси қайраткер Ахситан 
I (1154—1205) Ширваншахтың саяси қуаттылығының зор болған-
дығы соншалық, деректерде ол «Ұлы қаған» деп аталады.
XIII ғасырдың 30- жылдарында Əзербайжанды моңғолдар 
жаулап  алды  да  ол  ХІV  ғасырдың  60—70-ші    жылдарына  дейін 
Хулагулер империясының құрамында болды. XIV ғасырдың аяғын-
да Əзербайжан Темірдің шапқыншылығына ұшырады. ХV ғасырда 
Əзербайжан Қара-Қойлылар мен Ақ-Қойлылар мемлекеттеріне 
бөлініп кетті.

172
173
Əмір Темір
(1336—1405)
Хорезмшахтар империясы
Əмір Темірдің империясы

174
175
ХІІ—ХІІІ ғасырларда Əзербайжан экономикасы жоғары дəрежеде 
дамыды. Елде бидай, арпа, күріш, мақта өсіріліп, сыртқа шығарылып 
тұрды. Сонымен қатар Əзербайжаннан жібек, жүн, мұнай, тұз, мыс 
кені, бояу шығарылды. Оңтүстік Əзербайжандағы Тебриз, Марага, 
Ардебил, Солтүстік Əзербайжандағы Нахичеван, Байлакан, Гянджа, 
Шемаха қалалары, əсіресе жібек маталарының ең жақсы сорттарын 
шығаратын Гянджа бай сауда — қолөнер орталықтары болды.
Əзербайжандағы жер мен суға феодалдық меншіктің үстем түрі 
ихта болды. Ол іс жүзінде мұрагерлік ленге (феод) айналды. Ірі ке-
руен саудасына белсенді түрде араласып отыратын қалалар да ірі 
феодалдарға тəуелді болды. XII ғасырда қолөнер корпорациялары-
мен тығыз байланысты, ақсүйек феодалдарға қарсы көзқарастағы 
ахилер  бауырластығы қалыптасты. Олар қаналушы халықты «ти-
рандардан» құтқару идеясын қорғап, тиранды өлтірудің зандылығы 
туралы ілімді жақтады.
XI—XII ғасырларда Əзербайжан халқының ұзаққа созылған 
қалыптасу процесі аяқталды. Түрік жүйесіндегі Əзербайжан тілі 
қалыптасты. Ол тілде фольклор шығармалары, ал кейінірек — жаз-
ба əдебиетінің туындылары жазылды.
Закавказьеге орыстар XIII ғасырда ене бастады. Тарихшы Ибн 
Əл-Асир Тебризге ең алғаш орыс көпестерінің келгендігін хабарлай-
ды. Грузиндер мен армян көпестері Киевте, Галичте, Новгородта, 
т.б. қалаларда сауда жүргізді. Грузин жəне армян ықпалы Ростов-
Суздаль жерінің сəулет ескерткіштерінен байқалады. Армяндармен 
сауда қатынасының бір айғағы — Русьте алғаш армян көпесте-
ріне арнап «Армения ағартушысы» əулие Григоридің құрметіне 
салынған шіркеу. Орыс шіркеуі де мойындайтын «əулие Григоридің 
өмірі» армян тілінен орыс тіліне аударылған. Грузия мен Русьтің 
қарым-қатынас жасап тұрғандығының бір дəлелі — кейін грузин-
дер патшасы болған Тамараның бірінші күйеуі орыстың ұлы князі 
Андрей Боголюбскийдің баласы Юрий болғандығы.
ХІV ғасырдың ортасына дейін Закавказье халықтары Хулагулердің 
билеуінде болды. Хулагу мемлекетінің негізін қазіргі Əзербайжан 
құрады. Тұтас жер округтері жаулап алушы монғол феодалдарына 
əскери лендер ретінде /ихта/ беріліп отырды. Қазына жерлері «ди-
ван» деп аталды. Ол монғол чиновниктерінің уақытша басқаруына 
үлестіріліп  берілді.  Жердің  едəуір  бөлігі  мұсылмандардың  діни 
мекемелерінің қарамағында болды. Ол жерлер «вакуф» деп аталды. 
Ақырында өмір бақилық жеке меншік болып табылатын шағын жер 
иелігі «мүлік» деп аталды. Грузин, армян, əзербайжан феодалдары 
хандардан өз иеліктеріне жарлықтар алып отырды.
Шаруалар бірқатар міндеткерліктер атқаруға тиіс болды: ханның 
пайдасына ауыл шаруашылық салығын, 100 қарадан бір қара жай-
ылым салығын /кубчур/ төледі. Закавказьедегі қолөнері мен сау-
да Бердаа, Дербент, Тбилиси, Ани жəне басқа қалаларда дамыды. 
Закавказье халықтары тəуелсіздіктерін жеңіп алу үшін күресті. 
Халық жасақтары бірігіп, монғол əскерлеріне шабуыл жасап отыр-
ды. Закавказьеге 1337 жылы Хорасанда /Иран/ болған Хулагулерге 
қарсы көтерілістің дүмпуі жетті. Бұл көтеріліс Хулагулер билі-
гін əлсіретті. ХV ғасырда Закавказье елдерінде феодалдық быты-
раңқылық күшейді.
Грузияда феодалдық қатынастардың дамуы ХV ғасырдың 
аяғында ерікті жер иеленушілердің жойылуына əкеліп соқты. 
Əкеден балаға мұра ретінде көшіп отыратын сатавадо деп аталған 
феодалдық жүйе қалыптасты. Ерікті жер иеленушілерді басыбайлы 
шаруаларға айналдыру күшейе берді, барщинаның мерзімі ұзарып, 
оброктың мөлшері өсе түсті.
Орта Азиядағы қуатты мемлекеттердің бірі Үргеніштің басшы-
сы Мамун Ибн Мұхаммед 995 ж. біріктірген Хорезм мемлекеті бол-
ды. Бірақ оны 1017 ж. Махмуд Газнауи, 1043 ж. селжук түріктері 
жаулап алды. XI ғасырдың аяғында Үргеніште ұлы хорезмшахтар 
əулеті билікке келді. Ол əулеттің 1127—1156 жж. билік құрған өкілі 
Атсыз Орта Азияның бүкіл солтүстік-батыс бөлігін біріктірді. Оның 
немересі Текеш ибн Арсылан (1172—1200) 1194 ж. Хорезмді селжук-
терден  азат  етті.  Текештің  баласы  Мұхаммед  II  —  Ала-ад-диннің 
(1200—1220) тұсында хорезмшахтар мемлекеті өз дамуының ең 
жоғарғы шыңына жетті.
1219 жылы Орта Азияға моңғолдар шабуылы басталды. Келесі 
жылы  Мұхаммед  II  —  Ала-ад-дин  моңғолдардан  жеңіліп,  Каспий 
теңізіндегі бір аралға қашып кетті. Ақыры сонда қайтыс болды.
XIII ғасырдың бірінші жартысында орнаған моңғол үстемдігі 
Орта Азия халықтарының өсіп-өркендеуіне көп кедергі жасады. Онда 
егіншілік мəдениеті құлдырады. Қиратылған қалалар қиындықпен 
қалпына келтірілді.
Басқақтар бастаған моңғолдардың əскери отрядтары мен алып-
сатарлар халықты күйзелтті. 1224 жылы құрылған Шағатай ұлысын 
1251 жылы Батый мен Мөңке бөліске салды. Батыйға Мəуереннахр 
тиді. XIII ғасырдың 60 жылдарында Шағатай немересі Алға ұлысты 
қайта қалпына келтіріп, Шағатайлар билігін орнатты. Алғаның 
мұрагерлері Мубарак  пен Барақ ислам дінін қабылдаған болатын. 
Ұлыстың астанасы Жетісудан Мəуераннахрға ауысты /1266/. Кебек 

176
177
ханның /1318—1326/ тұсында етек алған феодалдық қырқысулар ол 
өлген соң ұлысты ыдыратты. Ақсақ Темір билігінің /1370—1405/ ор-
науымен Мəуереннахрдағы Шағатай билігі жойылды.
Темірдің жеңісті жорықтарының нəтижесінде Орта Азияда оның 
бастауымен қуатты держава құрылды. Темір Иранға, Хорезмге, 
Закавказьеге, Кіші Азияға, Индияға жорықтар жасады. Жаулап 
алынған елдерден алтын, күміс, бағалы заттар алып келіп, Темір сал-
танатты сарайлар, мешіттер салғызды. Ол Орта Азия қалаларында 
қол өнері мен сауданы өркендетуге, суландыру жүйесін кеңейтуге 
тырысты.
Темір өзінің əулеттері мен əмірлеріне /өзі де «əмір» атанды/ тұтас 
облыстарды мұралық иемденуге /«Союргал»/ үлестіріп беріп от-
ырды. Ол жерлерден түсетін табыстардың біраз бөлігі жергілікті 
əкімшілікке, біраз бөлігі мемлекеттік қазынаға өтіп отырды. 
Шаруалар XIII—XIV ғасырлардағыдай, «харадж» деп аталған жер 
салығын, «джизья» теп аталған жан басы салығын төледі. Сонымен 
қатар шаруалар «бегар» деп аталған барщиналық міндеткерліктер 
де атқарды.
ХІV ғасырдың екінші жартысында Орта Азияда бірнеше халық 
көтерілістері болды. Мысалы, 1365 жылғы Самарқандағы халық 
көтерілісін Мəулен-заде деген медресе шəкірті мен Əбу Бəкір Келеви 
деген мақта түтуші басқарды. Қаланың еңбекші халқы өкімет 
билігін өз қолына алды. 1388 жылы көтеріліс Хорезмде болды. Бұл 
қозғалыстарды Темір басып тастап отырды.
1395 жылы Темір өзіне қарсы шыққан Тоқтамысты /Алтын Орда 
ханы/ талқандап, орыс жеріне қарай аттанды. Оның қолдарының 
орыс жерлеріне келіп кіруі Мəскеуде қауіп-қорқыныш туғызды. 
Қала қорғанысқа дайындала бастады. Бірақ  Темір Рязань жерінің 
шекарасында екі апта аялдағаннан кейін, Азов пен Каспий 
бойындағы далаларға қарай бұрылды. Кетер алдында Елец қаласын 
талқандады.
Темірдің Алтын Орданы талқандауын Мəскеу өкіметі тиімді 
пайдалана қойды: ол Алтын Орда бекіткен алым-салықты тө-
леуін тоқтатты. Темір өлген соң Орта Азиядағы билік үшін өзара 
қырқысулар күшейді. Темір империясы бұрын басып алған 
жерлерінен қайта айырыла бастады. Темірдің баласы, əрі мұрагері 
Шахрухтың (1405—1447) тұсында Темір ұрпақтарының қолында 
Орта Азия, Ауғаныстан мен Иран ғана қалды. Шахрух сұлтан аста-
наны  Гератқа  көшіріп,  Мауераннахрды  1409  ж.  өзінің  үлкен  ұлы 
Ұлықбектің  (1394—1449)  еншісіне  берді.  1447  ж.  Шахрух  сұлтан 
өлген соң Ұлықбек 1449 жылға дейін атасы Темірден қалған жердің 
бəріне билігін жүргізді.
1449 ж. Ұлықбектің баласы Əбділ-Латиф төңкеріс жасап, əкесін 
тақтан құлатты. Артынша жалдамалы қаскөйлерді жіберіп, əкесін 
өлтірткізді.
1452—1469 жылдары билік құрған Темірдің ұрпағы Əбу-Сеиіттің 
тұсында дəруіш шейхтерінің ықпалы күшейді. Ол өлген соң 
Темірдің мемлекеті екі сұлтанатқа бөлініп кетті. Біреуі Хорасан мен 
Ауғанстанды қамтыса, екіншісі Мауреннахрды қамтыды.
ХV ғасырдың басында Шейбан ұлысы мен Ақ Орда Өзбек 
хандығына біріккен болатын. Көшпелі өзбектердің Бұл хандығы 
Əбілхайырдың (1428—1468) билігі кезінде нығайды. ХV ғасырдың 
50- жылдарының екінші жартысында ол хандықтан Жəнібек пен 
Керей сұлтандар басқарған тайпалар бөлініп кетіп, Талас пен Шу 
өзендері аралығында Қазақ хандығын құрды.
1500—1510 жылдары билік құрған Əбілхайырдың немересі 
Мұхаммед Шейбани бытырып кеткен хандықты қайта біріктірді. 
Ол 1499—1500 жылдары Бұхара мен Самарқандты басып алды да, 
келесі жылдары Темір ұрпақтарын Мəуераннахрдан қуып жіберді. 
Сөйтіп, Мəуераннахрда Шейбанилер билігіндегі Өзбек хандығы 
құрылды.
Мəдениет. ХІ—ХV ғасырлар Орта Азия мен Закавказье елдері 
үшін ерте орта ғасырларға қарағанда əлдеқайда қиын қыстау кезең 
болды.  Дегенмен  мəдениеттің  дамуы  тоқтап  қалған  жоқ,  ол  араб 
ғылым-білімінің ықпалымен онан əрі жетіле түсті. Орта Азиядағы 
Ғазнауилар мен Қарахандар билігі кезінде, əсіресе əдебиет саласын-
да жаңа жетістіктерге қол жетті. XI ғасырда түрік ғұламасы Махмұд 
Қашқари түркі тілдерінің тарихы жөніндегі маңызды дерек болып 
табылатын сөздік жасады. Ол: «Түркілер көркемдік, сүйкімділік, 
жарқын жүзділік, əдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды 
құрметтеу, сөзінде тұру, мəрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп 
мақтаулы қасиеттерге ие», деп түркі халқына рухани дəл де құнарлы 
мінездеме берген.
Ұлы тəжік ақыны, ойшыл Насир-и Хусрау (1004—1088) «Саяхат 
кітабы» деген еңбегінде, көптеген өлеңдерінде тек Орта Азия ғана 
емес, сондай-ақ Сирия, Египет, Аравия халықтары мен олардың салт-
дəстүрлері, шаруашылығы жайлы құнды деректер мен ой-пікірлер 
қалдырған. Түркі халқының ғұламасы Жүсіп Баласағұн (1015 — 
шамамен 1075) өзінің «Құтты білік» (1069 ж.) деген дидактикалық 
поэмасында ел басшыларын əділ болуға, заңды түзеуге, ізгілікке 

178
179
шақырды. Əр қилы əлеуметтік топ өкілдерінің бəрін кісілікке ба-
стайтын, теңестіретін — білік, кісілік, ізгілік дейді.
Орта Азия мəдениетінің дамуына тəжік-парсы халықтарының 
əлемге əйгілі ұлы ақыны Омар Хаиям Гияс-ад-дин (1048—1122) зор 
үлес қосты.
XII ғасырдан бізге тағы да бір түркі ғұламасы Қожа Ахмет 
Яссауидың (1094—1167) өлеңдер жинағы жеткен. Өзінің даналық 
хикметтерінде ол Бұл дүниедегі қызық-думан, мансап-байлықтың 
уақытша екенін, оны басты мақсат тұтпай, ертеңгі ана дүниедегі 
жағдайды ойлау керектігін ескертеді. ХІ—ХІІІ ғасырлардағы ақын-
жазушылардан сұлтан Жəлел-ад-дин Мелік-шах пен оның ұлы 
Санжарды, Ахмет Югнаки мен Насриддин Тусиды, Джемаладдин 
Бухорои мен Əлишах Бухороиды, Шамсиддин Самаркандиді ерек-
ше атап өтуге болады.
ХІ—ХІІІ ғасырларда оқымыстылар ан-Несеви мен əл-Хазанилар 
Орта Азиядағы ғылымның дамуына зор үлес қосты. ХV ғасырда 
ғылым мен білімге қамқорлық көрсеткен ел басшыларының бірі 
Темірдің немересі Ұлықбек болды. Ол Самарқандта биіктігі 55 метр 
обсерватория салғызды. Онда  сол  кездегі ең көрнекті астрономдар 
қызмет атқарды. Ұлықбектің өзі Еуропа мен Азияда мəлім болған 
астрономиялық кестелер құрастырды.
XII  ғасырда  өмір  сүрген  грузин  ақыны  Шота  Руставели  əйгілі 
«Арыстан  терісін  жамылған  батыр»  деген  поэмасын  жазды.  Ал 
Əзербайжан  ақыны  Низами  Гянджеви  /XII  ғасыр/  «Лəйлі  мен 
Мəжнүн» поэмасын өмірге келтірді.
Əзербайжан поэзиясында XIII ғасырда парсы тілі мен қатар 
əзербайжан тілі де пайдаланыла бастады. Парсы тілінде жазған 
ақындар арасында XIII ғасырда өмір сүрген Зүлфықар Ширванидің 
шоқтығы биік тұрды. Əзербайжан тілінде жазған ақындар ішінде 
1417 жылы күпір деп отқа жағылған Несими /1369—1417/ ірі тұлға 
болды.  Ол  өз  шығармаларында  əлеуметтік  əділетсіздікке  қарсы 
наразылық білдірді, фанатизмді сынады.
Гератта өзбектің ұлы ақыны Ə.Науаи /1441—1501/ өмір 
сүрді. Ол Хусейн Байқараның уəзірі болған. Оның энциклопе-
диялық  білімі  кең,  ол  поэзиямен,  музыкамен,  көркем  суретпен, 
ғылыммен шұғылданған. Науаи отыздан астам шығарма жазған. 
Ол шығармаларын ана тілі — өзбек тілінде жазды. Аса көрнекті 
гуманист  болған  Науаи  əлеуметтік  əділетсіздік  пен  езгіге  қарсы 
күресті, еңбекті дəріптеді. Оның «Фархад пен Шырын», «Лəйлі 
мен Мəджнүн», «Жеті планета» деген шығармаларын халық əлі 
күнге дейін қызыға оқиды. Оның бастамасы бойынша жəне ішінара 
оның өзінің қаржысына кітапханалар, ауруханалар, оқу орындары 
салынған.
Гератта, сондай-ақ тəжік халқының көрнекті ақыны, ойшыл 
Абдрахман Джами /1414—1492/ өмір сүрді. Оның «Хафт авранг», 
«Бахаристан» деген шығармалары жазушының терең білімді, 
мəдениетті, ойшыл болғандығын білдіреді.
Дамыған орта ғасырлар кезінде Грузияның сəулет өнерінің тама-
ша ескерткіштері өмірге келді. XII—XIII ғасырларда Давид Гареджа, 
Вардзиа монастырлары, Гелатиде, Гегутиде тамаша сарайлар салын-
ды. ХVІ ғасырда Ананури қамалы салынған.
Арменияда XIII ғасырда Ани қаласында Саргис сарайы, Мренде 
Сахмадин сарайы салынды. ХІІІ—ХІV ғасырларда Армениядағы 
Гладзор, Ахпат, Санаин, Татев монастырларында жоғары мектептер 
білім беру ісін жалғастырды. ХV ғасырда өмір сүрген армян тарих-
шысы Товма /Фома/ Мецопский Тимур билігі кезіндегі Армения та-
рихын жазды. XIII ғасырда ірі армян ақындары Фрик, Константин 
Ерзнкайскийлер /1250—1340/ өмір сүрді. Оның «Көктем» деген по-
эмасы сақталған.
ХІІІ—ХV ғасырларда Əзербайжанда да сəулет өнері дами түсті. 
Сəулет өнерінің ең тамаша ескерткіштері XIII ғасырда салынған 
Пифханег мавзолейі, XIV ғасырда салынған Карабаглардағы 
башняға ұқсас кесене, Бакуде ХV ғасырда салынған “диванхане” 
деп аталатын ширван-шахтар сарайының кешені. ХV ғасырдағы 
əзербайжан сəулет өнерінің тағы бір тамаша ескерткіші Тебриздегі 
зəулім көк мешіт. 
Сəулет өнері ХІV—ХV ғасырларда əсіресе Орта Азияда зор 
табыстарға жетті. ХІV ғасырда Үргенште биіктігі 60 метрлік 
минарет, Наджым-ат-дин Кубр мен сұлтан Əлидің кесенелері, Төре 
Бике ханымның кесенесі салынды. Темірдің билік құрған кезінде 
Самарқанда Шахтинзинде кешені, Бибі ханым мешіті, Гур-эмирлер 
кесенесі салынды. Кеш қаласында Ақ Сарай, Түркістанда — Қожа 
Ахмет  Яссауи  мешіті  салынды.  ХV  ғасырдағы  сəулет  өнерінің 
ескеркіштерінен Бұхарадағы Сейф-ад-дин Бахарзидің мешіт 
кесенесін, Ұлықбек медресесін, Ашхабат маңындағы Анау мешітін, 
Самарқандағы Ишратхан кесенесін атап өтуге болады. Биіктігі 
55 метрлік Ұлықбек обсерваториясы салынды. Үлкен қалаларда 
медреселер болды.
Сондай-ақ Əмір Темірдің бұйрығы бойынша жасалған тайқазан да 
қолданбалы өнердің маңызды ескерткіші. Оны   1399 ж. Түркістаннан 

180
181
25  км.  жердегі  Қарнақта  зергер  ұста  Əбілəзиз  ибн  Шарафутдин 
жеті күрделі асыл құймадан əзірлеген. Қазанның салмағы 2 тонна, 
сыйымдылығы 3 мың литр, диаметрі 2,42 м., биіктігі 1,62 м. Оны 
Темір Əзірет сұлтанның кесенесіне алты шырағданмен бірге 
сыйлаған.
Сөйтіп, дамыған орта ғасырлар кезінде Закавказье мен Орта Азия 
халықтарының мəдениеті онан əрі жетіліп, əлемдік  өркениетке өз 
үлесін қоса түсті.
Ə д е б и е т т е р:
1.  История    Востока.    Т.  2.    Восток  в    середние  века.  —    М.,  
Восточная литература РАН, 1995.— 443—450, 514—518 бб.
2. История Востока. Т. 3.  Восток на рубеже средневековья и но-
вого времени ХVІ—ХVІІІ вв.— М., 1999.— 120—130, 259—267 бб.
3. Тамерлан.  Эпоха, личность, деяния /Сост.  Р. Рахманалиев/.—  
М., 1992.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет