С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009


§ 13. Х—ХV ғасырлардағы феодалдық Корея



Pdf көрінісі
бет9/25
Дата22.12.2016
өлшемі7,55 Mb.
#159
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   25
§ 13. Х—ХV ғасырлардағы феодалдық Корея
1. Корё мемлекеті: құрылуы, əлеуметтік-экономикалық дамуы, 
   мəдениеті. 
2. Кореядағы монғолдар билігінің орнауы, құлауы.
3. Ли сон Генің мемлекеттік төңкерісі.
4. Ли əулетінің қайта құрулары.
5. Корё мəдениеті.
ІХ ғасырда елде орын алған феодалдық өзара қырқысулар  Х 
ғасырдың басында тыйылып, жарты аралда мемлекеттік бірлік ор-
най бастады. Үш мемлекетті біріктіруді 918 ж. «Екінші Когурёде» өз 
билігін орнатқан əскер басшысы Ван Гон қолға алды.
935 жылы ол Силланы, 936 жылы «Екінші Пэкчені» бағындырып 
алды. Қайтадан бірігіп, қалпына келген мемлекет «Корё» деп аталды 
/осы атымен қазір де аталады/. Оның астанасы Сонгдо /қазіргі Кэсон/ 
қаласы болды. Ван-Гон шаруаларға арқа сүйей отырып, табысқа 
жетті. Ол жаңа жерді басып алысымен ондағы шаруаларды бұрынғы 
қарыздарынан босатып, салық мөлшерін уақытша азайтты. 
Корёнің жер жүйесі негізінен тандық жүйеге еліктеді. Жер 
барлық адамдарға берілді. Əркім қызметіне қарай үлес алып отыр-
ды. Ол чонсиква деп аталды. Жердің иесі өлген соң ол мемлекетке 
қайтарылып отырды. Солдаттар үлесті 20 жасқа толған соң алатын, 
60  жасқа  толған  соң  қайтарып  беретін.  Егер  баласы  немесе  басқа 
туысы оның қызметін жалғастырса, үлес қала беретін. Баласы жоқ 
адамдар 70 жастан кейін зейнеткерлік үлес алатын. Ол «кубунчжон» 
деп аталды. Баласы жоқ солдат соғыста қаза тапса, зейнеткерлік 
үлесті оның əйелі алатын. 
Сонымен қатар марапат (награда) ретінде де үлес берілетін. 
Ол үлес «конымчжонси» деп аталды. 16 жаста кəмелетке толған 
деп саналды, ал 60 жаста зейнеткер деп жұмыстан босатылды. 
Зейнеткерлер салықтардан да босатылатын. Үлес иелері əрбір  кёл-
ден (~ 1 га) бір сок (~ 160 кг.) салық төледі. Жалпы салық мөлшері 
табыстың 1/10-інен аспады. 
Бір орталыққа бағынған мемлекет құрылғанымен бұрынғы жеке 
мемлекет  басшылары,  олардың  жақтастары  қайтадан  бөліну  үшін 
күресіп бақты. Корё  үкіметі өзінің сыртқы саясатында Қытайдағы 
Сун империясына бағыт ұстады. Қытаймен одақтасу кидандар 
қаупіне байланысты болды. Кидандар Корёнің ішкі талас-тартысын 
пайдаланып, оны басып алуға тырысты. 
993 ж. Кореяға кидандар шабуылы басталды. Бірақ олар тойта-
рыс тауып, кейін қайтты. 1009 ж. Корё өкіметінің басшысы Ван Мок 
Чонды əскерлер тақтан түсірді. 1010 ж. кидандар əскері Амноккан 
(Ялуцзян) өзінен өтіп, Корёге басып кірді. 1011 ж. қаңтарда олар Корё 
астанасы Кэгёнді (Кэсон) басып алып, талқандады, талан-таражға 
салды. 1011 жылғы 28 қаңтардағы шайқаста Корё əскерінің басшы-
сы Ян Гю қаза тапты. Бірақ кəріс халқы шет елдік басқыншыларға 
қарсы аянбай күрес жүргізді. Үш айдан кейін Кан Гам Чхан басқарған 
кəріс əскері кидандарды шегінуге мəжбүр етті. 
1013—1014 жж. кидандар Тончжо мен Хынхвачжин аудан-
дарында Корёге екі рет басып кірді. Бірақ сəтсіздікке ұшырап, кейін 
қуылды. 1014 ж. Корёдегі өкімет билігін əскерилер басып алды. 
Хынхвачжиндегі шайқастан кейін олар Кэгёнге бет алды. Бірақ 
біраз шайқастарда жеңіліс тапқан соң кейін шегіне бастады. 1019 
ж. қаңтарда Корё əскері кидандарды Куджда тасталқан етіп жеңді. 
Кидандармен бітім шарты жасалды. Амноккан (Ялуцзы) өзені осы 
кезден бастап Кореяның шекарасы болып белгіленді. 
Корёнің гүлденуі Мунджон (1047—1082) корольдің билігі кезінде 
басталды. Бұл кезде өте тиімді əкімшілік жүйесі құрылды. Ол жүйе 
2,5 ғасыр өмір сүрді. Бұл орталықтандырылған өкімет билігінің 
күшеюі, мемлекеттің жерге меншігінің нығаю кезі болды. Сонымен 
қатар Х—ХІІ ғғ. ірі жеке меншіктік жер үлестерінің өсуімен сипат-
талады. Көптеген ірі жер иелері өздерінің қарулы күштерін ұстады. 
Осы кезде бекініс-қала Намгён (қазіргі Сеул) салынды, Ол 1394 ж. 
Корёнің астанасына айналды. 
Корёнің бейқуат тыныштық өмірі ХІІ ғасырға қарай қайта 
бұзылды. Осы ғасырдың басында Корёге Қытайдың солтүстік-
шығысын мекендейтін тунгустық чжурчжендер тайпасының 
шапқыншылығы жиіледі. 1104 ж. Чонпхён қамалындағы шайқаста 
кəрістер жеңілді. 1107 ж. чжурчжендер жаңа шабуыл бастап, қатты 
тойтарыс алды. 1125 ж. Корё Қытайдағы чжурчжендердің Цзинь им-
периясына вассалдық тəуелділігін мойындады. 
Бұл кезде Корёда будда шіркеуінің ықпалы өсе түсті. Ол үкімет 
беделінің өсуіне көмектесті. Бірақ жеке феодалдар шіркеу иелігінің 
өсе түсуіне наразы болды. Шіркеу мен феодалдар арасындағы 
қақтығыстар елдің саяси-экономикалық жағдайына айтарлықтай 
зиян келтірді. Əсіресе шаруалар үлкен күйзеліске ұшырады. 
Сондықтан олар көтеріліске шығып отырды. 
1126 ж. Ли Ча Гём басқарған Кэгёндегі бүлік бұрқ ете түсті.  Ли 
Ча  Гём  (Ли  Джагём)  Инджон  ванның  қайын  атасы  болатын.  Ол 

134
135
əскердегі билікті жəне чиндер (қызмет) министрлігін өз қолында 
ұстаған. Алғаш Джагём жеңіске жетіп, Инджонды қамап қойды. 
Бірақ көп өтпей Ли  Джагёмді өзінің бір вассалы өлтіріп кетті. 
1135 ж. Согёнде будда монағы Мё Чхон басқарған бүлік шықты. 
Бұл кэгёндік жəне сэгёндік (солтүстіктің орталығы) ақсүйектер 
арасындағы билік үшін күрес еді. Мё Чхон басқарған феодал-
дар тобы елдің Солтүстік-Батыс облыстарының жеке мемлекетке 
бөлінгендігін жариялады. Бірақ көрнекті мемлекет қайраткері Ким 
Бусик басқарған өкімет əскері 1136 ж. көктемде Согёнді штурммен 
алып, бүлікті басты. Бұл мемлекетті нығайтуды жақтаушылардың 
жеңісі болды. 
ХІІ ғасырдың екінші жартысында Қытай ықпалына қарсы күрес 
тоқтамады.  1170  ж.  Ыйджон  ванның  билігіне  наразы  феодалдар 
тобы төңкеріс жасап, билікті басып алды. Чон Джунбу бастаған 
дінбасылары таққа құлатылған ванның інісі Мёнджонды отырғыз-
ды. Іс жүзінде өкімет билігі əскерилердің қолында қалды.
Феодалдар арасындағы, феодалдар мен шіркеу арасындағы 
қақтығыстар елдің саяси-экономикалық жағдайына айтарлықтай 
зиян келтірді. Əсіресе шаруалар үлкен күйзеліске ұшырады. 
Сондықтан олар көтеріліске шығып отырды. Көтерілістер 1162, 
1166  жылдары  болды.  Ал  1176  ж.  нағыз  шаруалар  соғысы  бастал-
ды. Оны Мани басқарды. Көтеріліске шыққандар негізінен ноби-
лер — мемлекеттік басыбайлы шаруалар болды. Олар елуге жуық 
қалаларды басып алды: 1177 ж. көтерілістің оңтүстіктегі негізгі 
ошақтарын басқаннан кейін көтерілістер солтүстік-батыс аудандарға 
тарай бастады. Көтеріліс тек 1178 жылдың аяғында ғана толық ба-
сылды. Мани өлтірілді. Сонан кейін ірі көтерілістер Кёнсан провин-
циясында 1193—1194 жж. Ким Сами мен Хё Симнің басшылығымен 
болды.
1196  ж.  іс  жүзіндегі  өкімет  билігі  Чхве  Чхун  Хэннің  қолына 
көшті.  Сөйтіп,  1258  жылғы  моңғол  жаулап  алушылығына  дейін 
елде екі əулеттің билігі қатар орнады. Осындай феодалдық өзара 
қырқысулар Корёні əлсіретіп, оны басқа мелекеттердің жаулап алу-
ын жеңілдетті.
1216 жылы Кидандар Кореяға қайта басып кірді. Корея королі 
Цой Чхун Хэн монғолдардан көмек сұрады. Монғол отрядтары 1218 
жылы Кореяға кіріп, кидандарды қуып шықты. Корея моңғолдарға 
салық төлеп тұрудан бас тартқан соң 1231 жылы моңғол əскерлері 
жарты аралға басып кірді. Сылтау — Кореядағы моңғол елшісінің 
өлімі болды. Моңғол ханы Кореяға Сартай басқарған əскер жіберді. 
Корея королі мен үкімет басшысы Цой У астанадан қашып, Канхвадо 
аралындағы қамалға барып тығылды. Дегенмен моңғолдар Кореядан 
салық алып тұрумен шектелді. Моңғолдар Кореяны толық басып 
алу ойынан қайтқан жоқ. 1259 жылы Цой əулетінің үкімет басшы-
сы өлтірілді, Канхвадо аралындағы қамал талқандалды. Король 
мұрагері кепіл ретінде Моңғолияда ұсталды. Кореяның королі 
өлген соң мұрагер еліне қайтып келіп, таққа отырды. Ол Кореяны 
Моңғолияның вассалы деп жариялады. Сөйтіп, Кореяда моңғолдар 
билігі орнады. 
Моңғолдар Кореяны Жапонияға қарсы соғыста өз базасына ай-
налдырды. Бірақ бұл зорлыққа халық көнгісі келмеді. 1270 жылы 
моңғолдар өз елін қауіпсіздендіру мақсатымен Кондо аралығындағы 
қамалды жойып, оны қорғап тұрған əскерді таратуды талап етті. Бұл 
талап «үш корпус əскерлерінің» көтерілісін туғызды. Осы əскерлер 
моңғолдарға қарсы үш жыл бойы күресті. Оларға шаруалар да 
көмектесті. Бірақ король мен оның одақтасы 1273 жылы көтерілісті 
басты.
1274, 1281 жылдардағы Жапонияға сəтсіз жорықтардан кейін 
моңғолдар Кореяны оккупациялауын онан əрі жалғастырды. Олар 
«Шығыс жорығын басқару» мекемесін құрды. Ол мекеме Корея 
үкіметінің үстінен қарайтын орган болды. Кореяның король үкіметі 
бұл мекеменің қолжаулығы болды.
Жүз жылдық моңғол езгісі Кореяның экономикасына айтарлықтай 
зиян келтірді. ХІV ғасырдың ортасына қарай Кореяның жағдайы 
өте қиындап кетті. Шіркеу мен феодалдардың, моңғолдардың 
езгісіне  жапон  шабуылдары  қосылды.  1356  жылы  жапондықтар 
Есонган өзеніндегі Кедон аралын басып алып, Корея астанасы-
на қауіп төндірді. 1359—1360 жылдары Солтүстік Корея «Қызыл 
бастылардың» талан-таражына ұшырады. Елде тап күресі де 
шиеленісті. 
Кəріс дворяндары шіркеудің, ақсүйек феодалдардың жерлерін 
тартып алуды, моңғолдарды қууды, үкімет билігін күшейтуді 
мақсат етті. Сондықтан олар армия мен флотты күшейтуді, будда 
шіркеуінің жерін тартып алуды талап етті. Кореяның қала халқы — 
қолөнершілер мен көпестер дворяндарды қолдады. Бұл талаптарды 
король Конминнің /1352—1374/ бірінші министрі Синдун ескерді, 
мүмкіндігінше қанағаттандыруға тырысты. 1356 жылы Синдун 
«Жер мен халық санын қайта қарау басқармасын» құрды. Ол ірі 
жер иеленушілер тарапынан қатты наразылыққа ұшырап, король-
ге қарсы қастандық ұйымдастырды деген айыппен өлім жазасына 
кесілді. 

136
137
1356  жылы  моңғолдардың  негізгі  күші  Кореядан  шықты,  ал 
қалған гарнизондары 1359 жылы толық талқандалды. Кореядағы 
моңғолша жыл санау, қызмет баптары жойылды. 1359 жылғы жеңісте 
ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсіп, жеңісті 
қамтамасыз еткен Ли Хван Чжо деген феодалға король он мың ша-
руалар отбасын сыйлап, əскердің қолбасшысы етіп тағайындады. 
Сөйтіп Ли əулетінің жұлдызы жанып, шарықтауы басталды. 1368 
жылғы Қытайдағы моңғолдар билігінің құлауы Кореяға да əсер етті. 
1369 жылы Корея королі Конмин ресми түрде ұлы ханның вассалы 
екенін мойындаудан бас тартты.
Патшалығының екінші кезеңінде король будда дінбасыларының 
серкесі Син Удың ықпалына түсіп кетті. Бұл 1374 жылғы сарай 
төңкерісіне əкеліп соқты. Син У мен король өлтірілді. Бұл төңкерістен 
кейін тақ үшін күрес 20 жылға созылды. Ақыры династия құлады. 
1389 жылы «Жаңа партияның» басшысы, Ли Хван Чжоның бала-
сы Ли Сон Ге таққа сол партияның өкілі Коньянды отырғызды. Бірақ 
партияның əскердегі офицер мүшелері 1392 жылы сарай төңкерісін 
жасап, Коньянды тақтан құлатты. Оның орнына Ли Сон Генің өзін 
король деп жариялады. Ол мемлекеттің Корё деген атын Чосон деп 
өзгертті. 1396 жылы оның астанасы Ханьян /қазіргі Сеул/ қаласына 
көшірілді. Жаңа король Ли Сон Ге /1392—1398/ «жаңа партияның» 
талабына сай ақсүйек феодалдардың ірі жер иеліктерін конфиске-
леп, орташа жəне ұсақ иелікті дворяндарға таратып берді.
Жаңа тəртіптің нығаюы, сонымен қатар жаңа династияның таққа 
түпкілікті бекуі династияның ІІІ-королі Ли Хван Вонның /Тхечжон/ 
атымен /1401—1419/ тығыз байланысты. Бұл король өте шебер саясат-
шы болды. Ол Қытай императорынан «Чосон королі» деген грамота 
алды. Сондай істерімен Ли Хван Вон Кореяны Шығыс Азиядағы ірі 
күштердің біріне айналдырды.
Бұл корольдің тұсында басқару аппараты қайта құрылды. Алты 
палаталы орталық өкімет органы құрылды. Жоғарғы үкімет орга-
ны сегіз мүшесі бар Мемлекеттік Кеңес болып табылды. Ел сегіз 
провинцияға бөлінді. Оларды король тағайындайтын, тек король-
ге бағынатын уəкілдер басқарды. Провинциялар уездерге бөлінді. 
Қызметке орналасу үшін «ғылыми дəреже» қажет болды. Ол ар-
наулы емтиханнан өткен соң берілді. Негізінен үш атақ болды. ІІІ 
— төменгі дəреже жергілікті жерде, қалған екі жоғарғы дəреже — 
астанада берілді. Қызметтегі адам Янбан деп аталды. Бұл сөз кейін 
дворяндардың атына айналып кетті. 
1401 жылғы жарлық бойынша будда монастырларының көп жері 
тартып алынды. Елдің ішіндегі жағдайды реттеу мақсатындағы ша-
ралар бүкіл ХV ғасыр бойы жүргізілді. Король Сечжонның /1419—
1450/ тұсында бүкіл өңдеуге жарайтын жердің есебі алынып, жи-
налатын салық мөлшері анықталды. Ол жердің сапасына, судың 
жақындығына қарай белгіленді. 
Жапониямен сауда жасау да реттелді. Сауда үш порт арқылы 
жүргізілді. Олардың бастысы Цусима болды. 1420 жылы осы 
порттың бастығы Жапония сауда кемелерінің қайсы портқа қанша 
рет қатынасатыны жөнінде келісім жасады. 
Кореяны əсіресе олардың солтүстік — шығысындағы көршілері 
— чжурчжендер қатты мазалады. Онымен күрес көпке созылды. 
Тек 1449 жылы Корея Туманган өзені маңында Чжурчжендер жерін 
басып алып, онда əскери гарнизонын орналастырды. Бірақ чжурч-
жендермен тайталас ХV ғасырдың екінші жартысында да онан əрі 
жалғасты. 
Ли əулетінің жетінші королі Сечжо /1456—1470/ тұсында корей 
деревнясын қамтыған өзгерістер болды, ашаршылық бола қалған 
кезде қажет болатын егін сақтайтын қоғамдық қоймалар салын-
ды, жер жыртуға, көшіп-қонуға керек болатын ірі қара мал басын 
көбейтуге қолдаушылық көрсетілді; малды, жібек құртын бағып-
қағу  жөніндегі  басшылық  нұсқау  кеңестер  жасалды.  Ескі  суару 
жүйесін жөндеп, жаңасын салуға көп мəн берілді. Бұл шаралар елдің 
экономикасын дамытуға елеулі үлес қосты. Өңделген жердің көлемі 
1391 жылы 798 127 кёл болса, 1404 жылы — 922 677 кёлге жетті. Бұл 
кезде қолөнері мен сауда жақсы дамыды. Қолөнершілер мен сауда-
герлер еуропалық цехтар мен гильдиялар сияқты ұйымдарға бірікті. 
Ол ұйымдар үкіметтен қажетті тауарлар шығару монополиялары-
на құқ алып отырды. Елдегі сауданың өсуінің куəсі — жергілікті 
жəрмеңкелердің көбеюі болды. 
Кореяның жаңа астанасы — Сеул ХVІ ғасырдың басын-
да халқының көптігі жағынан елдің ең ірі қаласына айналды. Ол 
халықтың басым көпшілігі қолөнершілер мен саудагерлер болды. 
Мəдениеті. VІІІ—ХІІ ғасырларда Кореяда қолданбалы қолөнері 
елеулі табыстарға жетті. Кореямен көршілес барлық елдерде Силла 
шеберлерінің нефриттен жасаған зергерлік бұйымдары жоғары 
бағаланды. Силла кезінен алтын білезік, тəж, семсер, сондай-ақ ме-
талдан жасалған белдіктер мен ертоқымдар сақталған. 
Əсіресе Кореядағы кітап шығару ісі ерекше көңіл аударарлық 
болды. 991 жылы Сэген /қазіргі Пхеньян/ қаласында қолдан 
жасалған кітаптар шығаратын мекеме құрылды. Негізінен буддалық 
діни кітаптар мен тарихи жылнамалар басылып шығарылатын. 

138
139
1022 жылдан ағаштан, 1232 жылдан металдан жасалған шрифтер 
қолданыла бастады. 1403 жылы сөз құю қалыптары жасалды. Білім 
беру  ісін  кеңейту  шаралары  жүзеге  асырылды.  Ол  істі  қытайдың 
философия, саясат, экономика жəне тарих жөніндегі кітаптарынан 
рухтанған кəріс оқымыстылары — конфуциандықтар басқарды. 
Мəдениеттің дамуына 1403 жылы жасалған «сөз құю» қалыптары 
зор үлес қосты. 
Корей халқының мəдени өміріндегі ең маңызды оқиға — онмун 
/қарапайым халық жазуы/ деп аталған ұлттық алфавиттің жасалуы 
болды. Ол алфавит 1446 жылы ресми құжатта жарияланды. Ұлттық 
алфавиттің жасалуына байланысты ағарту ісі қанат жайып, ұлттық 
тілдегі əдебиет дамыды. 
Корольдің конфуциандық кеңесшілері қарапайым халық тіліндегі 
жазуды кеңінен қолдануға қарсы болды. Сол себепті мемлекеттік 
құжаттар мен барлық саяси, экономикалық жəне философиялық 
əдебиеттің тілі ретінде қытай тілі қалып қойды. Астрономия мен 
календарлық есепке үлкен көңіл бөлінді. Жұлдыздардың ор-
нын анықтайтын жаңа астраномиялық құралдар жасалды. Жаңа 
метеорологиялық аспаптар ойлап табылды. Жердің ылғалдылығын 
өлшейтін аспап барлық мекемелерде болуы керек деп міндеттелді. 
ХV ғасырдың ортасында кəріс оқымыстылары «Нонса чиксоль» 
(«Жер өңдеу кітабы») деген кітап жазды. 1451 ж. Ян Сон Джи жəне 
басқалар Корёның тарихи-географиялық сипаттамасын жазып, 
картасын жасады. Медицина саласында да біраз табыстарға қол 
жетті. 1432 ж. «Хянъяк чипсонбан» (дəрі жасау) деген фармакопея 
құрастыру аяқталса, 1445 ж. «Ыйбан юхчви» деген медициналық 
энциклопедия баспадан шықты.
ХІY ғасырдың аяғында Хансонда Кёнбоккун сарайы салынды. 
Кəріс музыкасының дамуына ХV ғасырда өмір сүрген Пак Ен көп 
үлес қосты. Ол ең алғашқы музыка мектебін ашты. 1493 ж. Сон 
Хён басқарған топ «Акхак квебом» («Музыка білімінің негіздері») 
деген кəріс музыкалық энциклопедиясын құрастырды. ХІV—ХV 
ғасырда «камёнгык» деген маскалар театры мен «инхёнгык» деген 
қуыршақтар театры құрылды.
Сөйтіп, дамыған орта ғасырларда Корё мəдениеті ішкі — сыртқы 
қиыншылықтарға қарамастан елеулі табыстарға қол жеткізді. 
Ə д е б и е т т е р:
1. История Кореи (с древнейших времен до наших дней).— Сеул, 
1995.
2. Очерк Корейской истории. Книга 1.— Пхенъян, 1992.
3. История Востока. Т. 2: Восток в средние века.— М.: Восточная 
литература РАН, 1995.— 174—180 бб.
4. Васильев Л. С. История Востока: В 2 т.  Т. 1.— М.: Высшая 
школа, 1998.— 430—431 бб.
§ 14. ХІ—ХV ғасырлардағы Индонезия
1. Əлеуметтік-экономикалық құрылысы. 
2. Шривиджайя, Кадри, Сингхасари мемлекеттері.
3. Маджапахит империясындағы феодалдық қатынастар.
4. Индонезия мəдениеті.
ХІ ғасырға қарай Индонезиядағы негiзгi өндiргiш күш — 
ерiктi  шаруалар  болды.  Олар  қауымға  бiрiктi.  Жекелеген  от-
басылары қауымның жерiн иемденушiлер болды. Жер мемлекет 
меншiгi деп саналды. Ал мемлекеттің басшысы жердің иесi бол-
ды.  Ол  иемденушiлерге  қызметтерi  үшiн  жер  үлесiн  берiп  отыр-
ды. Ақсүйектер мен жоғары лауазымды қызметкерлер өз үлестерiн 
бiртiндеп өздерiнің жеке меншiгiне айналдырып алып жатты. 
Сөйтiп жер бiр жағынан қауымның, екiншi жағынан — жекелеген 
отбасыларының, үшiншiден — феодалдардың меншiгiне айналды. 
Осы кезде феодалдық қатынастар үстемдiк құра бастады.
Индонезияда ерте орта ғасырларда қуатты мемлекеттердің бiрi 
болған Шривиджайя империясы ХІ ғасырға қарай көптеген када-
туаннан,  яғни  вассалдық  мемлекеттерден  құралды.  Оларды  дату-
лар басқарды. Кадатуандар дешаларға, яғни облыстарға бөлiндi. 
Облыстарды хулалар (көсемдер) басқарды. Империя басшысы дапун-
та хиянг деп аталды. Ол саяси билiк пен дiни билiктi бiрге атқарды. 
Барлық вассалдық мемлекеттер мен облыстардың басшылары оның 
алдында ант суын (минум сумпах) iшiп, адал болуға уəде беретiн. 
Оны бұзған басшыны құдай ұрады деп саналды. Бiрақ империяның 
əртүрлi этникалық топтарының арасында бөлiнiп шығу пиғылы 
орын алып отырды.
Сарайда үлкен мемлекеттiк аппарат болды. Оның негiзгi 
қызметкерлерi раджпутра, ювараджа, раджакумара, бхупат, т.б. 
атақтары бар монархтың туған-туысқандарынан тұрды. Олар 
орталықтың тiкелей бақылауындағы провинциялардың тiзгiнiн 
қолдарында ұстады. Сарайда ерекше топқа бөлiнген есеп-

140
141
қисапшылар, хатшылар, сəулетшi-мүсiншiлер, саудагерлер, патша 
нөкерлерi сияқты кəсiпқой қызметкерлер де болды.
Адамдар төменгi, ортаңғы, жоғарғы тектiлер болып бөлiнедi де-
ген ұғым орын алды.
Шривиджайяның экономикасы сыртқы саудаға байланысты 
болды, дегенмен маңызды рөлдi күрiш шаруашылығы атқарды. 
Бiрақ күрiш егуге жарамды жердің аздығы Шривиджайяның 
құлдырауының негiзгi бiр себебi болды.
Х ғасырдың аяғы — ХІ ғасырдың басында Шривиджайя мен 
явандық Матарамның арасында архипелагтағы үстемдiк үшiн 
соғыс  болып,  соңғысы  жеңiлдi.  Бiрақ    ХІ  ғасырдың  20-  жылдары 
Шривиджайяны тамильдiк Чола патшасы Раджендра талқандады. 
Шривиджайя патшасы Санграма Виджайоттунгаварман тұтқынға 
түстi.
Бұл кезде Аирланга басқарған Матарам қайта күшейе бас-
тады. Чолаға қарсы күресте одақтас iздеген Шривиджайяның ма-
хараджасы Аирлангке өзiнің қызын тоқалдыққа бердi. Бұл шара 
архипелагтың орталық жəне шығыс бөлiгiндегi Яваның үстемдiгiн 
мойындау едi. Оның батыс жағындағы Шривиджайя əлi екi ғасыр 
бойы өзiнің жетекшiлiк рөлiн сақтап тұрды. Аирланга саяси билiк 
пен дiни билiктi бiрге атқарды. Индонезия тарихына ол Ява жерлерiн 
жинақтаушы деген атпен кiрдi.
Аирланга билiгi кезiнде егiншiлiк пен сауданың дамуына көп 
көңiл бөлiндi. Матарам гаваньдарына тек Суматра ғана емес, сондай-
ақ Оңтүстiк Шығыс Азиядан, Қытай мен Индиядан көпестер жиi 
келiп тұратын.
Матарамдағы қауымдарды рамалар (старосталар) басқарды. 
Старостаның қасында Кеңес құрылатын. Ол “караман” деп аталды. 
Қауым жерiн беру, алу, сату мəселелерiн сол Кеңес шешетiн. Қауым 
арасынан бөлiнiп шыға бастаған байлар панджи деп аталды. Олар 
əскери мiндет атқаратын.
Ғибадатханаларға бөлiнiп берiлген қауымдар сима деп аталып, 
ерекше  жағдайға  ие  болды.  Олар  салықтан  жартылай  босатылды, 
бiрақ табыстарының бiраз бөлiгiн ғибадатханаға берiп отырды.
1042 жылдан бастап Аирланга мемлекеттiк iстерден гөрi дiн 
мəселесiне көбiрек көңiл бөле бастады. Ол индуизмнің догматтарын 
жетiлдiрумен шұғылданды. Оның некелi екi əйелiнен бала болмады. 
1049 ж. өлерiнің алдында мемлекеттi некеден тыс туған екi балала-
рына бөлiп бердi. Матарамның батыс жағында Панджала князьдiгi 
құрылды. Оның астанасы Кадири қаласы болды да, мемлекет кейiн 
солай  аталып  кеттi.  Екiншi  баласына  берген  жерiндегi  мемлекет 
Жанггала деп аталды. Бiрақ бұл князьдiк тарихта айтарлықтай iз 
қалдырмай, ХІI ғасырдың бiрiншi ширегiнде (1117 ж.) Кадириге 
қосып алынды. 
1115—1130 жылдары билiк құрған Камешвара сепаратистiк 
пиғылдағы көтерiлiстердi басып тастап отырды. Камешвара Ка-
диридің үстемдiгiн Балидегi Шығыс Явадан басқа Ломбокқа, 
Калимантанның оңтүстiгiне, Тернатқа да орнатты. Кадири Пер-
сиямен, араб елдерiмен сауда жүргiздi.
Кадиридің күшеюi 1135—1157 жж. билiк құрған Джайяб-хайяның 
атымен тығыз байланысты. Бұл кезде Кадиридің жер көлемi 
Аирланганың тұсындағы аумаққа жетiп қалды.
1222 ж. Кадиридің қол астындағы Тумапел князьдығында көте-
рiлiс басталды. Оны шаруа əйелдің құдайдан (Шива ма, əлде Бишну 
ма) туған баласы Кен Ангрок (явалық тiлде “бəрiн талқандаушы”) 
басқарды. Ол Гантера маңындағы шайқаста Кадиридың əскерiн жеңдi 
де, Шығыс Яваға билiгiн орнатты. Жаңа құрылған мемлекеттің аста-
насы 1254 ж. Кутараджа қаласына көшiрiлiп, оның аты Сингхасари 
деп өзгертiлдi. Мемлекет те солай аталып кеттi.
Кен Ангроктың билiктi басып алуы “Параратон” деген 
ортағасырлық ява хроникасында толық ашып жазылған. Кен 
Ангрокты 1227 ж. бұрынғы Тумапел князiнің баласы Ануша-натха 
(оны Кен Ангрок асырап алып едi) өлтiрiп, 1248 жылға дейiн билiк 
құрды.  1248  ж.  Анушанатханы  Кен  Ангроктың  баласы  Тохджайя 
өлтiрiп, тақты басып алды. Бiрақ ол 1250 жылғы сарай төңкерiсi 
кезiнде қаза тапты. 
Билiктi бұрынғы Кадири патшаларының тұқымы Вишнувардхан 
басып алды. 1254 ж. ол өлген соң таққа баласы Кертанагара от-
ырды.  Ол  1292  жылға  дейiн  билiк  құрып,  белсендi  сыртқы  сая-
сат жүргiздi. Ол Явадан басқа Мадураны, Балиды, Суматрадағы 
Малайяны бағындырды. Оның бұл саясаты “Нусантараны”, яғни 
аралдар əлемiн” бiрiктiру деп аталды. 1279 ж. Қытайды толық 
бағындырғаннан кейiн Құбылай Кертанагарадан 4 рет бағынуды 
талап еттi. Кертанагара ол талаптарды орындаудан бас тартты. 
1280 ж. Кертанагара Шривиджайяға шабуыл жасады. Оның үстiне 
Шривиджайяға  Сукотан  мемлекетiнің  шапқыншылығы  қосылды. 
Нəтижесiнде Шривиджайя империясы өмiр сүруiн тоқтатты. 
ХІ—ХІI ғасырда Индонезияға батыстан келiп жатқан көпес-
саудагерлердің көпшiлiгi мұсылмандар болды. Оларды Индо-
незияның көкөнiстерi, жемiс-жидектерi қызықтыратын. Мұсыл-

142
143
ман көпестер архипилагта ислам дiнiнің таралуына үлес қосты. 
Индонезияда ең алдымен ислам дiнiн ХІII ғасырдың аяғында 
Солтүстiк Суматрадағы Пасай, Перлак княздiктерi қабылдады.
ХІII—ХV ғасырларда бұрынғы Шривиджайя сияқты қуатты мем-
лекеттер ыдырап, жойылып жатқан кезде Шығыс Суматрада жаңа 
мемлекеттер құрылып жатты. Олар Рокан, Кампар, Индрагири, 
Сиак, Джамби княздiктерi едi. 
ХІII ғасырдың ортасында орталық Суматрада iрi ерте феодалдық 
Минангкабау княздығы қалыптасты. Оның экономикасының негiзiн 
егiншiлiк қалады. Халқының басым көпшiлiгi индуизмге дейiнгi 
өздерiнің дiни нанымдары мен əдет-ғұрыптарын сақтап қалды. 
Кертанагараның орталықтандыру саясаты Сингасариге бағы-
нышты княздықтар аристократиясының наразылығын туғызды. 1292 
ж. Кадиридың раджасы бүлiк бастады. Оған басқа князь-вассалдар 
қосылып, астананы басып алды. Кертанагара қаза тапты. Осы кез-
де Құбылай Индонезияға 20 мыңдық əскер жiбердi. Ол əскер 1292 
жылдың аяғында Яваға келiп түстi. Кертанагараның Виджайя де-
ген күйеу баласы Мадура аралының князiн өз жағына тартты. Оның 
көмегiмен Виджайя Маджапахит деген жерге бекiнiп алды. Монғол-
қытай əскерiнің көмегiмен өзiнің негiзгi қарсыластарын талқандады. 
20 мыңдық əскерден Қытайға 3 мың адам ғана оралды.
Кертараджаса деген атпен Виджайя 1293—1309 жылдары 
Маджапахит деп аталған мемлекетте билiк құрды. Виджайя мен 
оның мұрагерлерiнің тұсында Маджапахиттің қуаты күшейдi. 
Алдымен орталықтандыруға қарсы қозғалыстар басып тасталды. 
“Раджалар кiтабы” 1295—1328 жылдары тоғыз iрi көтерiлiстің қатаң 
басып тасталғандығын хабарлайды.
Маджапахиттың құлпырып, дамуына Гаджа Мада зор үлес қосты. 
Ол Хайям Вурук махараджаның патихы, яғни бiрiншi министрi 
болған. Индонезияда оны елдi бiрiктiрушi ұлттық батыр деп са-
найды. Жаулап алумен, келiсiммен Гаджа Мада бүкiл Индонезия 
мен Оңтүстiк Малайяны қамтыған ұланғайыр аумақты бiрiктiрдi. 
Кейбiр тiкелей бағынбаған княздықтар вассалдық тəуелдiлiктерiн 
мойындап, азды-көптi салық төлеп тұрды.
Елдің бiрiгуi оның жекелеген аудандарының əлеуметтiк-
экономикалық дамуын тездеттi, Индонезия халқының этникалық 
бiрлiгiн, шет елдермен (Қытай, Сиам, Чампа, Камбоджа) байланы-
сын нығайтты.
Империяның гүлденуi 1389—1429 жж. билiк құрған Хайям 
Вуруктың жиенi Вихрамавардханның, 1429—1447 жж. билiк құрған 
оның қызы Сухитаның тұсында онан əрi жалғасты. Бiрақ бөлiну, 
орталықтан тəуелсiз болу пиғылы басылмай, керiсiнше барған сай-
ын күшейе түстi. Маджапахиттың тұтастығына əсiресе Яваның 
солтүстiгiндегi Демак, Гресик, Сурабайя сияқты мұсылмандық 
мемлекеттер зор қауiп төндiрiп тұрды. Олар экономикасы мен дiнi 
жағынан Малакка сұлтанатымен тығыз байланысты едi. Ұзақ уақыт 
бойы Маджапахит пен мұсылмандық мемлекеттер арасындағы соғыс 
қимылдары бiрде жеңiс, бiрде жеңiлiспен аяқталып отырды. ХVI 
ғасырдың 30- жылдары əлсiреген Маджапахит бiржолата жеңiлiп, 
мемлекет болудан қалды. Онымен бiрге үндiстандырылған мемле-
кеттер  дəуiрi  де  аяқталды.  Дегенмен  оның  кiшiгiрiм  қалдықтары 
Яваның шығысында, Баламбанган мен Балиде сақталып қалды. 
Индонезия халықтарының экономикалық, мəдени жəне этникалық 
жақындасуы да бiраз уақытқа тоқтап қалды.
Маджапахит дəуiрiнде экономикада, əлеуметтiк құрам  мен 
мемлекеттiк құрылыста елеулi өзгерiстер орын алды. Ең алды-
мен əкiмшiлiк жəне шаруашылық негiзi болып табылатын қауым 
өзгерiске ұшырады.
ХІII ғасырдың аяғында қауым өзiнің бастапқы “вануа” де-
ген атын, саяси өмiрдегi рөлiн сақтаған едi. Бiрақ оның саяси 
белсендiлiгiнің пайдасынан залалы көп болды. Үздiксiз соғыстың 
барысында қауымның арасынан белсендi мүшелерiнің бөлiнiп 
шығуы күшейдi. Шайқастарда ерлiгiмен көзге түскен мұндай 
бұрынғы қауым мүшелерi Батыр Қасқыр, Жүйрiк Бұғы, Төзiмдi Өгiз 
деген сияқты атақтар алып, артықшылықтарға ие болды. Жоғарыда 
аталған Маджапахиттiк саяси қайраткерлер де сондай атақ алғандар 
едi. Мысалы, Хайям Вурук — Жас Əтеш, Гаджа Мада — Бұлқынған 
пiл деген атақтар алған болатын.
Əскери атақтары мен артықшылықтары бар адамдар құрметтi 
топқа бөлiнiп шыға бастады. Олар өздерiн “асырайтын” жер үлесте-
рiн иемденiп қана қоймай, қауымның құқтарын да өз қолдарына 
алып алды. Қоғамдық-саяси белсендiлiк танытқан мүшелерiнің 
қауымнан жаппай шыға бастауы шаруалар бiрлестiгiнің беделiн 
түсiрдi.
Маджапахиттiк кезеңде қоғам негiзгi үш əлеуметтiк топтан 
тұрды: 
1. “Ханден” деп аталған ақсүйектер мен “акуву” деп аталған за-
моктар иелерi. Бұлар əрi əскери адамдар болды;
2. Рама, тхани, саме деп аталған қатардағы қауымдық шаруалар;

144
145
3. Кавула, бхертья деп аталған өз шаруашылығы бар, жұмысшылар 
жалдай алатын тəуелдiлер.
Құжаттарда светтiк iрi жер иелерiнің əкеден балаға мұра ре-
тiнде қалып отыратын жерлерi туралы айтылады. Олар жергiлiктi 
жерлердегi кəсiп кен орындарын иемденiп, қауымдардың құқықтарын 
шектеп отырды. Орталық үкiмет қалыптасқан жағдайды құптап, жер 
иелерi мен қауым қатынастарына жөндi араласпады. Маджапахиттегi 
қолөнершiлер мəртебесі өте төмен болды. Дегенмен ХҮ ғасырдың 
аяғына қарай бақуатты қолөнершiлер өз аттарына құрметтi “МПУ” 
деген атақты қосып алатын болды.
Əлеуметтiк жiктелуге белгiлi бiр деңгейде ақша-товар қаты-
насының дамуы да ықпал ете бастады. Бұл кезде Яваға Қытайдың 
мыс монеталары əкелiне бастады. Ол айырбас сипатын өзгерттi: 
елде ақша айналысы кең өрiс алды.
Мемлекеттiк аппарат та Қытай үлгiсiне сай өзгерiстерге ұшырады. 
Жоғары лауазымды қызметкерлер ақшалай жалақы ала бастады. Əр 
түрлi айырықша белгiлер енгiзiлдi.
Мəдениетi. ХІ—ХV ғасырларға мəдениеттегi ұлттық эле-
менттердің күшеюi тəн. 1035 ж. кави тiлiнде жазылған М
,
пу Канваның 
“Арджунаның үйлену тойы” (“Арджунавиваха”) деген эпикалық 
шығармасында Аирлангтың тарихы баяндалады. Маджапахит са-
райында 1365 ж. жазылған Прапанчидің “Нагара-кертагама” де-
ген шығармасында Маджапахит патшалығы мадақталады. Ал 
Тантулардың “Арджунавиджайя” деген шығармасында Маджпахит 
империясындағы халықтар мен дiндердің бiрлiгi мен ынтымағы 
дəрiптеледi. Қазiргi кездегi Индонезия Республикасының туындағы 
“Бхинекка тунггал ика” — “Көп түрлердің бiрлiгi” деген сөз сол 
Тантулардың сөзi делінедi.
Сингхасари  дəуiрiнде  явалық  тiл  мен  əдебиет,  сəулет  өнерiн-
дегi ұлттық стиль санскрит пен үндiлiк элементтердi толық ығы-
стырды.
Əн-би,  театр  өнерлерi  де  дамып,  жетiле  түстi.  Ваянг-пурво  де-
ген явалық көлеңке театры кең өрiс алды. Сарайда салт-дəстүрлер 
мен əдет-ғұрыптар, мiнез-құлық ережелерi қалыптасты. Заңдар 
жинақтары жазылды.
Ерте ортағасырлық Индонезиядағы дiн үндiстiк-буддалық сим-
биоз болса, дамыған феодализм дəуiрiнде елдің саяси жəне мəдени 
өмiрiнде ислам дiнi маңызды орынға ие бола бастады. Индонезиядағы 
ең алғашқы мұсылмандық жазу 1082 жылға жатады. Ол Явадағы 
Сурабай ауданынан табылған. Индонезиялықтар ислам дiнiн ХІ—
ХІI ғасырларда қабылдай бастаса керек. ХІII ғасырдың аяғына 
қарай Солтүстiк Суматра негiзiнен ислам дiнiне өттi. Индонезияға 
ислам дiнi енгеннен кейiн елде үш тарихи-мəдени кешен орын алды: 
ежелгi жергiлiктi; үндiстiк-буддалық жəне мұсылмандық.
Индонезияда түрлi-түстi суреттер салынған ерекше батик мата-
сы тоқылды. Темiр ұсталары айбынды семсерлер жасаса, зергерлер 
құнды металдар мен асыл тастардан əшекей бұйымдар жасады.
Ə д е б и е т т е р:
1. История Востока. В шести томах. т. II. Восток в средние 
века.— М.: “Восточная литература” РАН, 1995.— 360—364; 588—
591 бб.
2. История стран Азии и Африки в средние века. В 2-х частях. ч. 
1.— М.: МГУ, 1987.— 279—285 бб.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет