§ 34. XVI—XVII ғасырдың бірінші жартысындағы
Африка мемлекеттері
1. Еуропалықтардың Африкаға енуі.
2. XVI ғасырдағы жəне XVII ғасырдың ортасындағы Мали,
Сонгай, Канем-Борну мемлекеттері.
3. Ойо, Бенин, Алтын жаға жəне Піл сүйегі мемлекеттері
кейінгі орта ғасырларда.
4. Ашанти конфедерациясы. Эфиопия жəне Судан XVI—XVII
ғасырларда.
5. XVI—XVII ғасырлардағы Көларалық мемлекеттерінің
экономикалық-əлеуметтік жағдайлары.
6. Мономатапа, Мадагаскар жəне Конго өзені жағасындағы
мемлекеттердің ішкі, сыртқы жағдайлары.
354
355
ХV ғасырдың екінші ширегінен бастап Батыс Африканың
мұхит жағасындағы аудандарына еуропалықтар, негізінен пор-
тугалдықтар мен испандықтар ене бастады. 1434—1482 жылдары
аралығында олар Бахадор мүйісінен Конго өзеніне дейінгі жа-
ғалықты аралап шықты. Португалдықтардың 1460—1469 жылдары
отарлаған Көгілдір Мүйіс аралдары Батыс Африкадағы ең алғашқы
құл саудасының базасына айналды.
Португалдықтардың Батыс Африкаға ағылуы əсіресе 1475 жыл-
дан кейін күшейді. Осы жылы Лиссабондық көпес Фернан Гомиш-
тің экспедициясы Анкобр мен Вольта өзендерінің төменгі саласында
алтынға бай елді анықтаған болатын. Бұл ауданда тұратын фанти
тайпасы португалдық көпестердің африка халықтары арасындағы
ең бірінші құрбаны болды.
Алтын жағадағы өз позициясын тез нығайту үшін 1482 жылы
Сан-Хорхе-да-Мина /қазіргі Элмина/ деген тастан қаланған форт /
бекет/ салды. Алғашқы кезде Африкадан тек алтын ғана тасылды.
Құл сату онша кең өріс ала қойған жоқ.
Латын Америкасының жергілікті халықтарын қырып-жою
арқылы жүргізілген Америка континентін жүйелі түрде отар-
лауға, ондағы плантациялық шаруашылыктың кең өріс алуына
байланысты өте көп жұмыс күші қажет болды. Ол күштің көзі
Африканың жергілікті халықтары болды. Батыс Африка бірнеше
жүз жыл бойына тегін жұмыс күшінің резервуары болып, үлкен Құл
саудасы рыногына айналды.
ХVІ ғасырдың аяғына дейін Португалия Батыс Африка
жағалауына орныққан ең бірінші еуропалық ел болды. Бірақ
португалдықтар көпке дейін материктің ішіне терең ене алмады.
Тек Сенегал мен Гамбияның арасына ғана біраз енді. Осы өзендер
арқылы португалдықтар 1534 жылы Малиге, 1565 жылы — Том-
буктаға жетті. Сенегал мен Гамбия арқылы португалдықтар ішкі
мандинг рыноктары — Кантора мен Бамбукке жетті. Бұл жердегі
ірі мемлекеттерді португалдықтар басып ала алмады. Олардың
басты назары Төменгі Гвинея өзенінің жағалауларына ауды /Сьерра
Леонеден Камерунға дейін/. Олар бұл жағалауды төрт зонаға бөлді:
1. Перечный жағалауы.
2. Піл сүйегі жағалауы.
3. Алтын жаға.
4. Невольничий жағасы /Вольта өзені мен Нигер атырауы ара-
лығы/.
Португалдық көпестер, əсіресе Алтын жаға мен Неволь-
ничий жағасында зор белсенділік көрсетті. Элминадан басқа
португалдықтар Аксимде, Шамда т.б. жағалық пункттерде бірнеше
жаңа форттар салды. Онда барлық сауданы шоғырландырды. ХVІ
ғасырдың басындағы португадықтардың Африкада өндіретін алты-
ны дүниежүзілік алтын өнімінің 1/10-ін құрады. Жағалық жергілікті
халықтар португалдықтармен сауда қатынасында белсенді болды.
Бірақ алтынды португалдықтар өте арзанға алып отырды.
Оңтүстік Нигерияның жағалауы алғаш португалдықтар на-
зарына онша іліге қойған жоқ. Күшті Иоруб мемлекеттері ішкі
аудандарға жылжуға берік тосқауыл болды. Бенин мемлекеті пор-
тугал тауарларының орнына Еуропа рыноктарында өте жоғары
бағаланатын келімдəрі беріп отырды.
1486 жылы португал көпестері Гватода Бениннің экспорттық пор-
тына айналған сауда пунктін ашты. Бірақ 1506 жылы бұл пункттің
маңызы болмай қалды. Себебі Африка келімдəрісінен түсетін табыс
индия келімдəрісінің табысынан əлдеқайда аз болды. Сондай-ақ
португалдықтар тауарлары бениндіктерде өте төмен бағаланды.
Фернандо-По жəне Сан-Томе аралдарына бекініп алып,
португалдықтар қант тростнигін өсіретін плантациялық ша-
руашылықпен айналысты. Оларға бұл шаруашылық үшін жұмысшы
күші керек болды. Сол себепті құл саудасы кең өріс ала бастады.
Ал құлдарды Нигер дельтасы мен Оңтүстік Нигерияның басқа
аудандарындағы ұсақ тайпалармен жиі соғысып отыратын Бенин
көптеп сата алды. Португалдық көпестер құлдарды қант планта-
356
357
цияларына жақын Алтын жағаға апарып, алтынға айырбастап от-
ырды. Португалдық құл саудасы, əсіресе ХVІ ғасырдың аяғында
Бразилияны отарлай бастағанда кең қанат жайды.
Бұл кезде Испания мен Англияның, Францияның Америкада ба-
сып алған басқа да аудандарында плантациялық шаруашылық тез
қарқынмен дами бастады. Құл еңбегіне сұраныс бірнеше есе өсті.
Еуропа елдерінің арасында Африкадағы жұмысшы күшінің рыно-
гын басып алу үшін қызу күрес басталды. Бұл күресте Португалия
өте күшті Еуропа мемлекеттерімен қақтығысты. Бұл күрестің ба-
сты құрбаны, əрине, африкандықтар болды. ХVІІ ғасырда құлдар
мен Африка жерлерін басып алу үшін ешбір заңға бағынбаған
қарақшылық соғыстар басталды. Тек 1530—1600 жылдар аралы-
ғында ғана португалдықтар Америкаға 900 мың африкандықтарды
апарып сатты.
1610 жылы португалия монополиясы голландтар бəсекелестігіне
шыдай алмай, жеңіліске ұшырай бастады. Голландтар Вест-Индия
компаниясын ұйымдастырып, Батыс Африка жағалауындағы
португалдықтардың сауда бекеттерін басып ала бастады. 1642 жылға
қарай Аргуин, Гори, Сан-Томе порттары голландтар қолына көшті.
Олар португалдықтардың Алтын Жағадағы порттарын да басып
алды. 1648 жылы португалдықтар біраз уақыт тəуелсіздігін жеңіп
алған Сан-Томені қайтадан өзіне қаратып алды. Бірақ Атлантикадағы
құл саудасындағы Португалияның монополиясы біржолата жойыл-
ды. Оның орнын Голландия басты. ХVІІ ғасырдың бірінші жарты-
сынан бастап Голландия Испанияның Америкадағы отарларына
негізгі құл жеткізуші делдал болды.
Голландия үстемдігі де ұзаққа созылмады. ХVІІ ғасырдың
екінші жартысында отар үшін күреске Англия мен Франция
кірісті. Бұл елдердің плантаторлары құлдар үшін алтын сұрайтын
португалдықтардың делдалдығынан құтылып, құл саудасының
негізгі рыноктарын басып алуға тырысты. Англиямен, Франциямен
қатар құл саудасына Еуропаның басқа елдері — Швеция, Дания,
Бранденбург те кірісті. Сөйтіп, ХVІІ ғасырдың екінші жартысы
мен бүкіл ХVІІІ ғасырдағы Еуропаның басты державаларының
арасындағы қайнаған бəсекелестіктің өзекті мəселесі — құл
саудасындағы үстемдік болды. Бұл күрестің аренасы Африка
континенті, əсіресе Батыс жəне Орталық Африка аудандары болды.
Англия мен Франция африкандық құлдармен саудада үстемдік
құқы берілген ірі сауда компанияларын құрды. Мұндай компания-
ны Франция 1664 жылы құрса, Англия 1672 жылы құрды. Ағылшын
компаниясы «Корольдік африкандық компаниясы» деп аталды.
Француздардың сауда экспансиясының тіреніш пункті Сенегал
болды. Мұндағы алғашқы француз бекеті 1630 жылы салынды,
ал кейінгі жылдары Сен-Луи аралында бекет салынды; голланд-
тардан Аргуин жəне Гори форттары тартып алынды. Гори бірте-
бірте француздықтардың Батыс Африкадағы басты теңіз базасына
айналды. ХVІІ ғасырда Америкаға 2 млн. 750 мың құл апарылып,
сатылды. Оның 2/3-ге жуығы Батыс Африкадан болды. Əрбір
6-шы африкандық жолда қаза тауып отырды. Құл саудасы Африка
континентінің, əсіресе Батыс Африканың халық санын кемітті.
Африка континенті келешегі зор жап-жас жұмыс күшінен айрыл-
ды.
Құл саудасы Батыс Африка елдерінің экономикасына, саяси
жағдайына орны толмас зиян келтірді: өндіргіш күштер тоқырауға
ұшырады, континенттің солтүстік облыстарымен дəстүрлі
сауда-саттық байланыстары үзілді, ірі мемлекеттер құлдырауға
ұшырады.
Батыс Африканың қорғаныс қабілеті əлсіреді, Африка мемле-
кеттерінің құл саудасына қатысқан үстем таптарының азғындауы
байқалды.
ХVІ—ХVІІ ғасырлардың ортасындағы Мали. ХVІ ғасырда
Мали онан əрі ыдырап, құлдырай берді. Оның ең басты қарсыласы
Сонгай патшалығы болды. 1498—1499 жылдарда сонгайлықтар ірі
Баган облысын жаулап алды. 1500—1501 жылдарда Малиге тəуелді
Диар патшалығы, 1506—1507 жылдарда Малиге тəуелді Галам
мемлекеті тартып алынды. Малидің батысынан да шабуыл жасал-
ды. 1530 жылы Малиге тəуелді алтын өндірісінің орталығы Бамбук
мемлекетін Текрур патшалығы жаулап алды. Мали патшасы ІІ-
Мамаду 1534 жылы португалдықтардан көмек сұрауға мəжбүр бол-
ды. Португалия елшісі Перес Фернандес екі ортадағы татуластыру-
шы рөлін атқарды. Текрурліктер 1535 жылы басып алған жерлерінен
кеткенімен, Бамбук Малиге қайта бағынбай, тəуелсіздігін алды.
1546 жылы Сонгай патшасы Дауд біраз уақыт Малидың астанасын
оккупациялап тұрды.
Мароккандықтардың Суданның солтүстігіне шабуылы, Сонгай
патшалығына қарсы күресі Сонгайлықтардың Малиден кетуіне се-
беп болды. Бірақ ХVІІ ғасырда Малидың басқа жауы — бамбар тай-
палары пайда болды. Олар 50 жылдай Малидың қол астында болып,
1600 жылы Сегу облысында өз мемлекетін құрған еді. Діні жағынан
анимистер бола тұрып, бамбарлар 1645 жылы Малидың мұсылман
патшаларына қарсы соғыс жариялап, оның оңтүстік провинцияла-
рына шабуыл жасай бастады.
358
359
1670 жылға қарай бамбарлардың айтарлықтай күшті Сегу мем-
лекеті құрылды. Битон Құлбала басқарған кезде Сегу патшалығы
Малиден Сансадинг, Массин, Баган облыстарын жаулап алды.
Мароккандық патша əскерінің қалдығымен шайқасып, Битон
Құлбала Женне жəне Томбукты облыстарын басып алды.
Сол кездерде Каартте екінші бамбарлық мемлекет пайда болды.
Оны Сунса Құлбала басқарды. 3 жыл бойы /1667—1670/ Мали бам-
бар əскерінің шабуылына төтеп берді. Бұл күрес Малиды өте қатты
əлсіретіп, кішкентай князьдыққа айналдырды. Оның аумағы Кейт
əулетінің иелігі — Кангаб ауданымен ғана шектеліп қалды. Мали
енді /ХVІІ ғ./ Африка континентінде елеулі саяси рөл атқара алма-
ды.
ХVІ—ХVІІ ғасырлардың ортасындағы Сонгай мемлекеті. Ол
ХVІ ғасырдың басында Малиден бөлініп шыққан. ХVІ ғасырдың 20-
жылдары І-Мухаммедке /1493—1528/, оның орталықтандырылған
үкімет билігіне қарсы Сонгай феодалдарының күресі басталды.
Олар өз мақсатына жету үшін аскидің /патшаның/ балаларын пай-
даланды. 1528 жылы І-Мухаммедке қарсы көтерілісті оның баласы
Мұса басқарды.
1528 жылғы тамызда бүлікшілер Гаоға келіп кірді. Мухаммед
тақтан бас тартуға мəжбүр болды. Мұса өзінің бірге туған
бауырларының тақ үшін таласынан корқып, оларды жойып жіберуге
тырысты. Бірақ өзара талас-тартыста 1531 жылғы сəуірде Мұса-
ның өзі өлтірілді. Сонгайдың аскиі болып оның туысқан ағайыны
Бенгай Корей жарияланды. Ол ІІ-Мухаммед деген атпен 1531—1537
жылдар аралығында патшалық құрды. Оның билігі кезінде үздіксіз
жəне сəтсіз соғыстардан күйзеліске ұшыраған Сонгай держава-
сы құлдырай бастады. Сəтсіздіктер ел басшылары — провинция
губернаторларының наразылығын тудырды. Солардың бірі — Денди
Мар Тамзу деген губернатор 1537 жылғы сəуірде көтеріліс жасап,
II-Мухаммедті тақтан түсірді. Оның орнына 1-Мухаммедтің бала-
сы Исмаилды /1537—1539/ отырғызды. Бенгай-Корей Томбуктуда
тығылды.
Өзінің алдындағы патшалар сияқты, Исмаил тонаушылық
соғыстар жүргізді. Əскери тұтқындар көбейген соң, құлдарға деген
сұраныс азайды; құлдың құны түсті. Бір құлдың құны 300 каури
раковинасына тең болды.
Сонымен қатар Сонгайде əскери кликаның рөлі — билігі ар-
тып, оған аскидің тəуелділігі күшейе түсті. Бұл тəуелділіктен
құтылу əрекетін аски І-Иссихак /Ысқақ/ /1539-1549/ жасады. Ол
өзінің əскери қолбасшыларының, губернаторлық қызмет атқа-
ратын туысқандарының көпшілігін қырып тастады. Дегенмен
үздіксіз жүргізіліп жатқан соғыстар əскер басшыларының рөлін
əлсірете алмады. 1545—1546 жылдарда аскидің ағайыны Даудтың
басшылығымен Сонгай əскері Малиге жорық жасап, астанасын ба-
сып алды, елді тонады. Бірақ онда I аптадан артық тұра алмай, қайта
қуылды.
Осы кездерде Текқазы деген тұз өндіретін жер үшін сонгайлықтар
мен мароккандықтар арасындағы жанжал болды. Бұл жанжал,
əсіресе Даудтың /1549—1582/ патшалығы кезінде шегіне жетті.
Даудтың Малиге, Кеббиге т.б. елдерге қарсы жорықтарын пайда-
лана отырып, 1556 жылы Мароккандықтар Сонгай гарнизондарын
талқандады, Текқазыны басып алды. Тұз шығара бастады. 1578
жылы мароккандықтар Даудтан тұз шығатын орынды бір жылға
жалға алды. Ақысына 10 мың алтын монета төлеуге уəде берді.
Басқа көршілерімен қырылысып жатқан Даудтың мароккандық-
тарға қарсыласуға шамасы келмей, олардың ұсынысын қабылдады.
Ал мароккандықтар Сонгайға қарсы соғысқа дайындала бастады.
Мəлімет алу мақсатымен 1584 жылы Сұлтан Ахмед Гаоға, Даудтың
мұрагері ІІІ-Мухамедке /1582—1586/ қымбат сыйлықтармен елшілік
жіберді. Мұның артынша 20 мыңдық Мароккан армиясы оңтүстікке
Томбуктуге қарай жорыққа аттанды. Ол сəтсіз болды. Барлық армия
түгел дерлік жолда тамақ пен судың жетіспегендігінен қырылып
қалды. Аман калған шағын тобы Мароккоға қайтып оралды. Осындай
сəтсіздікке ұшыраған Мароккоға сонгайлықтар қарсы шығып, 200
адам оқпен атылатын қарумен қорғап тұрған Текқазыны тартып
алуға сонгайлықтардың батылы бармады. Ақыры 1585 жылы сон-
гайлықтар Текқазыдан бас тартуға мəжбүр болды.
ІІІ-Мухаммедтің мұндай сəтсіздіктері оның ағайындарын
көтеріліске шығуға мəжбүр етті. Көтерілісшілер 1536 жылы желтоқ-
санда Мұхаммед Баниды Сонгайдың патшасы деп жариялады. Екі
жылдан соң Салық Түнқара деп аталып кеткен інісі Мұхаммед
Садық көтеріліс жасап, Гаоға шабуыл бастады. Сонгайдың аскиі деп
Даудтың баласы ІІ-Ысқақ /1588—1591/ жарияланды. Оның əскеріне
қарсылық көрсете алмаған Салық Түнқара əскерлері Гаодан ше-
гінді. Салық Томбуктуға қашты. Нигердің оң жағына өтіп кеткен
жерінде ұсталып, өлтірілді.
Сонгайдағы өзара қырқысуды мароккандықтар пайдаланып
қалуға тырысты. 1589 жылы Сұлтан Ахмед Ысқаққа сəлем жолдап,
онда Текқазыдан толық бас тартуды ұсынды. Ысқақ сонгайлық-
тардың ондай талапқа көнбейтіндігін, соғысқа дайын екендігін ха-
барлады.
360
361
1590 жылғы қарашада 3 мыңдық Мароккан армиясы Джудердің
басшылығымен /шыққан тегі Испандық/ Гаоға жорыққа шықты. 1591
жылғы 12 сəуірде Гаоның солтүстігіндегі 50 шақырымдық жердегі
Тондибо ауданында екі армия бетпе-бет кездесті. Ыскақтың 30 мың
жаяу, 12,5 мың атты əскері болды. Бірақ мылтықпен қаруланған
мароккандықтар сонгайлықтардың қатарын ыдыратты. Ысқақ Гао
мен Томбукту қалаларының тұрғындарын Нигердің оң жағасына
қоныс аударуға бұйырды.
Джудер əскері Сонгай астанасына кірді. Ысқақ Джудерге «100 мың
алтын монета, мың құл беремін, тек елдеріңе қайтыңдар» деген сəлем
хат жіберді. Джудер шабуылды онан əрі жалғастырып, 1591 жылғы
30 мамырда Томбуктуны алды. Ол жерде Мароккоға бағынышты
Томбукту патшалығы құрылды. Сонгайдың оңтүстігіндегі шағын ау-
даны ғана Денди патшалығы деп аталып, Ысқақтың басшылығында
қалды. Сөйтіп, қуатты Сонгай мемлекетінің көлеңкесі ғана қалды.
Ол державаның егіншілігі мен қолөнерінде құл еңбегі кең өріс
алды. Сонгайдын ақсүйектері 300 ден 1000-ға дейін құлдар ұстады.
Құлдар натуралды рента төледі. Құлдар тəуелділігі жағынан бірнеше
сатыға бөлінді. Ең алғашқы қүл-банья-еш құқы жоқ құл болса,
оның баласы корсоның біраз құқы болды. Оны сатуға, сыйлауға
болмады. Үшінші ұрпақ — суле, ал төр-тінші ұрпақ — суле-гуле
деп аталды. Бұлардың балалары құл деп есептелмеді, бірақ өз
иелеріне экономикалық тəуелділікте болды. Түрлі категориядағы
құлдармен қатар Сонгайда ерікті қауымдастар /общинники/ да бол-
ды. Сонгайдың 10 мыңдаған тұрғындары бар бірнеше ірі қалалары
болды. Астанасы Гаода 75 мыңдай адам тұрды.
«Тарих-аль-Фетташ» хроникасының дерегі бойынша Томбуктуда
əрқайсысында 50-ге дейін еңбекшісі бар 26 тігін шеберханасы бо-
лыпты. Тіпті 70 тен 100-ге дейін адам істейтін шеберханалар да
болған. Сонгай тарихында бірнеше рет құлдар көтерілісі болған. Ол,
əсіресе Мароккан агрессиясы кезінде кең өрістеді. Құлдар көтерілісі
Сонгайды ішінен əлсіретіп, оның жойылуының бір себебі болды.
Канем-Борну мемлекеті. Бұл мемлекет Чад көлінің Батысы мен
шығысын алып жатты. Ол тарихта VІІІ ғасырдан бері белгілі. ХV
ғасырдың аяғындағы Канем мемлекетінің сыртқы саясатындағы
сəтсіздігі уақытша болды. Катакармаби /І504—І526/ патшалығы
кезінде сыртқы жаумен күресте елеулі табыстарға қол жете баста-
ды.
Бұл кезде булал тайпасының Канемді басып алған бөлігі жеңіліп,
астана Нджими қайтарып алынды. Дунам /1546—1563/ патшалығы
кезінде Булал тайпасы толығымен Канем-Борну мемлекетіне
бағындырылды. Ыдырыс Алум /І58І-І603/ билігі кезінде Канем-
Борну мемлекеті гүлдене түсті. Туниспен қатынас орнатып, Ыдырыс
мылтық, оқ-дəрі алып, сондай-ақ түріктер əскер-соғыс ісіне дайын-
дап, үйреткен солдаттарды жалдай алатын болды. Сөйтіп, əскерін
күшейтті. Оңтүстігіндегі гамерга, мусгу-котеко, будума тайпалары
бағындырылды. Сонан соң Ыдырыс армиясы Аирга еніп, бербер
тайпаларын бағындырды. Ыдырыс тұз қоймасы орналасқан Кауар
көгал алқабын басып алған соң Борну бүкіл орталық Судандағы
бірден-бір тұз саудасының иесіне айналды.
ХVІІ ғасырдан бастап Борнуге туарегтер мен коророфа
тайпаларының шабуылы қайталанды. Олардың бірлескен отрядтары
астана Каср Эггмоны қоршап алды. Əрең дегенде қоршау бұзылды.
Феодалдық құрылыста алғашқы қауымдық, құл иеленушілік
құрылыстардың, матриархаттың қалдықтары сақталып қалған еді.
Патша шешесі — магира мен елдің бірінші бикесі — гумсаның сая-
си өмірдегі рөлі зор болды. Патшаның билігі мемлекеттік кеңеспен
шектелді. Оның беделді мүшелері армия қолбасшысы — каигама,
премьер-министр галадима, патшаның əкесі немесе баласы — ери-
ма, астаналық облыстың губернаторы — чирома болды. Канем-
Борнудың мəдениеті көрші халықтарға зор ықпал етті.
Оңтүстік Нигерия мемлекеттері. Оңтүстік Нигерия мемле-
кеттері бірінші болып еуропалықтардың құл саудасына тартыл-
ды. Бұл іске араласу олардың экономикасы мен саясатына елеулі
өзгерістер енгізді. Оны осы аудандағы ірі мемлекет — Ойоның мы-
салынан көруге болады.
ХVІІ ғасырдың ортасына қарай Ойо мемлекетінің билігі Нигер
өзенінен Анечоға /Ломенің шығысында/ дейінгі бүкіл оңтүстік
Нигерияға жайылды. Құл саудасына тартылу үкіметті үлкен ар-
мия ұстауға, көршілермен құл алу үшін үздіксіз соғыс жүргізуге
мəжбүр етті. Бұл соғыстар тек Ойоның ғана емес, оған тəуелді
мемлекеттердің де экономикасын күйзелтті. Орталық үкімет билігі
əлсіреді. Ойоның солтүстіктегі иелігінде қауіпті жау-фульбе тайпа-
сы күшейді.
Негізін эдо халқы құрайтын Бенин патшалығы Оңтүстік
Нигериядағы ежелгі мемлекеттердің бірі болды. Оның құрылу
уақыты белгісіз. XII ғасырдың ортасына дейін жергілікті əулет
басқарды. Агефа патша өлген соң билеуші топ діни көсемнен ақыл-
кеңес сұрады. Ол Эвек дегенді патшалыққа ұсынды. Бенин осы
маңдағы елдердің ішінде ең бірінші болып еуропалықтармен ара-
ласа бастады
362
363
1484 жылы Бенинге Португалдық д’Авейро келді. Ол мұнда оқ-
дəрімен атылатын қару əкелді. Ол кезде Бенин патшасы Окпама
еді. Оның баласы Эзигие португал тілін меңгерді, Португалияға
католик дінімен танысуға миссия жіберді. Португалдық монахтар
тəрбиесінде болған Орхогба патша /1540/ католик дінін қабылдады.
Бенин құл саудасына тартылып, одан тек зардап шекті.
Алтын Жаға, піл сүйегі мемлекеттері. Олар ежелден Батыс
Суданның рыногымен алтынмен, қола жаңғағымен сауда жа-
сап, тығыз байланыста болды. Жағалауда ерте заманда-ақ ерекше
өркениет қалыптасты. Оны материалдық мəдениет қалдықтары
дəлелдейді. Мемлекеттік бірлестіктер ерте қалыптасты. Алғашқы
мемлекет жағалаудың солтүстігінде пайда болды. ХІІІ ғасырдан ба-
стап ірі Боно жəне Банда мемлекеттері белгілі. Боно мемлекетінің
астанасы Боно-Мансу қаласының қалдығы жоғары дəрежеде
дамыған мəдениет пен экономика болғандығын көрсетеді.
Бұл ауданның экономикалық дамуында Алтын жағаның
жергілікті халқы гуанамның құрған Гонжа патшалығы маңызды рөл
атқарды. Ол кола жаңғағына ең бай мемлекет болды. ХV ғасырда
Гонжаны дагомба халқы жаулап алды. Бірақ бірнеше он жылдықтан
соң дагомба үкіметі құлатылды. Азаттық күресі шыққан тегі ман-
динго Сумейл Ндевур Якпа басшылығымен жүргізілді. Ол Гонджа
мемлекетін қайта орнатып, оның аумағын кеңейтті. Астана — Нианг
қаласы болды. Салагу қаласында Алтын жағадағы кола жаңғағы-
ның ең ірі рыногы болды.
Ашанти Конфедерациясы. Алтын жағаның ең ірі мемлекеті
Ашанти болды. Ол ХVІ ғасырда бірнеше мемлекеттің бірігуінен
пайда болды. Астанасы — Кумаси. Бұл мемлекет құрамына кірген
халықтар ақан тілдік тобына жататындар болды. Кішкентай Ашанти
князьдықтары дома тайпасына қарсы күресте бірікті. Ол күрестегі
жеңіс одақты нығайтып, үлкен феодалдық мемлекеттің негізін
қалады. Кейін көрші Денкире патшалығының қаупі бұл одақты
онан əрі шыңдай түсті. Мемлекетті атадан балаға мұра ретінде
беріліп отыратын патша-ашантехене басқарды. Ол патша — ананың
кеңесі бойынша сайланатын. Оның кандидатурасы көсемдер мен
ақсақалдар жиналысында бекітілетін.
Ашанти үкіметінің əкімшілік аппараты министрлер мен
кеңесшілерден тұрды. Саясатта патша ана елеулі рөл атқарды. Оның
ақыл-кеңесін ашантехене ескеріп, басшылыққа алып отырды. Пат-
ша — ананың өз кеңесшілері болды.
Эфиопия. ХVІ ғасырдың басында Эфиопияда феодалдық
бытыраңқылық күшейді. Елдің ішкі жағдайы сондай-ақ көрші
көшпелі тайпалардың шабуылымен де нашарлап кетті. Арабтар
Эфиопияны басып алуға тырысты. Сыртқы қауіп негустерді
еуропалықтармен одақ құруға итермеледі. 1510 жылы эфиоптықтар
Португалияға елшілік жіберді. Келіссөз көпке созылып кетті. Тек
1520 жылы ғана Массауаға шағын португалдық елшілік келіп жетті.
Ал оның алдында, 1516 жылы негус Лебна Денгаль ірі Сомали эми-
раты Адалға шабуыл жасап, Зейлу аралын басып алды. Бұл та-
быс Эфиопияның уақытша бірігіп, өзара қырқысуды тоқтатуының
нəтижесі болды. 1527 жылы Лебна Денгаль жаңа жорық жасап,
Адалға тағы да қатты соққы берді.
Харрара патшасы Ахмед Гран өз қаласына шағын жағалық
эмираттарды біріктіріп, Эфиопия аумағына шабуыл бастағанда
теңіздегі жағдай өзгерді. Ол Эфиопия армиясын екі рет талқандап,
Харрараға көп олжамен оралды. 1529 жылы Гран Эфиопияға екінші
жорық жасап, алдымен Шоа, сонан кейін Амхара провинцияла-
рын басып алды. Гранның əскері Аббаидың сол жағаларындағы
барлық Эфиопия қалаларын талқандап, өртеп жіберді. 1534 жылы
Эфиопияның ежелгі астанасы Аксумды талан-таражға салып
өртеді. Лебна Денгаль аман қалған əскерімен Тан көлінің оңтүстік
шығысындағы Дараға қашты.
1535 жылы Гран тағы да Эфиопияға шабуыл жасап, талан-
таражға салды. Эфиопия негусының қол астында шағын ғана аумақ
қалды. Лебна Денгаль Португалияға екінші елшілік жіберді, əскери
көмек сұрады. Елшілікті португалдық Бермудес басқарды. Ол
Эфиопиядағы шіркеудің абуны /митрополиты/ болатын. Эфиопияға
көмекке португалдық Гао провинциясынан 500 солдат жіберілді.
Бірақ бұл отряд Эфиопияға 1541 жылғы маусымда ғана келіп жетті.
Алғашында Эфиопия əскері мен Кристоф да Гама басқарған порту-
гал отряды Гранның қолын артқа шегіндерді. Бірақ 1542 жылғы та-
мызда португалдық əскер жеңілді. Кристоф да Гама болса тұтқынға
түсіп, басы алынды. 1543 жылы эфиоптар мен португалдықтар
барлық күшін жиып, 10 мыңдық Гран əскерін талқандады. Ахмед
Гран өлді. Қысқа мерзімде эфиоптықтар барлық жоғалтқан
аумақтарын қайтарып алды. Хадийя жəне Дамот облыстарын басып
алып, эфиоптықтар өз аумағын бұрынғысынан бетер кеңейтті.
ХVІ ғасырдың бірінші жартысында рулық құрылыстың
кұлдырау кезеңіндегі көшпелі мал шаруашылығымен айналыса-
тын галла тайпалары Абиссиния қырқалары жақтағы облыстарға
жақындай бастады. Эфиопияның бұл солтүстік аудандары Гран-
ның жорықтарынан кейін бос қалған еді. Галла тайпалары бұл
364
365
аудандарға еш соғыссыз-ақ кіре бастады. Бірте-бірте галлдықтар
жергілікті халықпен араласып кетті. Негустер галлдықтардан жалда-
малы əскер құрды. ХVІ—ХVІІ ғасырларда галлдықтар Эфиопияның
оңтүстігіндегі Шоа жəне Амхара облыстарының тұрғындарының
едəуір бөлігін құрады.
Эфиопия негустарының Гранмен күресінде көмек көрсеткен
португалдықтар өздерінің саяси ықпалын бекітіп, онан əрі кеңейтуге
тырысты. Бұл ықпалды күшейтуді олар католицизмді тарату арқылы
жүзеге асырмақ болды. Олар шіркеудің өте зор идеологиялық, сая-
си ықпалын ескерді. Португалдықтар католик миссионерлерінің
қызметіне рұқсат алды.
ХVІ ғасырдың ортасы сепаратистік пиғылдағы феодалдардың
орталық үкіметке қарсы бүліктерімен, феодалдық қырқысуларымен
белгілі. 1561 жылы негусқа қарсы феодалдық бүлік болды. Үкімет
əскері бүлікшілерді талқандады. Жеңілген бүлікшілер Түркияға
қашып, оның патшасынан көмек сұрады. Жеңіске жеткен күнде
түріктерге Дебороа мен Массауа аралығын бермек болды. Бүлікті
епископ басқарған португалдық миссионерлер де астыртын
қолдады. Бұл əрекет жөнінде біліп қойған негус католик дінін
əрмен қарай таратуға, португалдықтардың Эфиопиялық əйелдерге
үйленуіне тыйым салып, миссионерлерінің басшыларын елден
қуды. Португалдықтар католик дініне көшуге уəде берген бүлікшіл
феодалдар жағына ашықтан-ашық шықты. Бүлікшілерді 1562
жылы Эфиопия армиясы талқандады. Көмекке кешігіп келген түрік
əскерлері де жеңілді.
Дегенмен кейінірек Эфиоптық негус пен феодалдарға пор-
тугалдықтар ықпалы күшейді. Негус бастаған бір топ феодалдар
католик дінін қабылдады. Эфиопия шіркеуі негусқа қарсы көтеріліс
ұйымдастырды. Бұл діни соғыс елден португалдық миссионерлер
мөн көпестерді қуумен аяқталды.
Португалдықтар қуылған соң Эфиопия шіркеуінің ықпалымен
елде оқшаулану, жекелену, басқа елдермен қатынас үзу үрдісі орын
алды. Сыртқы қауіптің жойылуы феодалдардың орталық үкіметтен
құтылу ниетін тудырып, Эфиопияның феодалдық ыдырауын
тездетті.
ХVІІ ғасырдың басында ірі феодалдардың сепартистік пиғыл-
дары күшейді. Негустер ірі феодалдардың артықшылықтарын
кысқартуға /шектеуге/ тырысты. Бірақ бұл əрекет қарсы күресті
үдетті. Галла тайпаларының шонжарлары бұл жанжалға белсене
араласып, орталық үкіметті жоюға күш салды. Ақыры көптеген
провинциялардағы үкімет билігі галлалардың қолына көшті.
Достарыңызбен бөлісу: |