С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009


§ 31. Индия Ұлы Моғолдар билігі кезінде



Pdf көрінісі
бет21/25
Дата22.12.2016
өлшемі7,55 Mb.
#159
түріОқулық
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25
§ 31. Индия Ұлы Моғолдар билігі кезінде
1.  Оңтүстік Индияға еуропалықтардың келуі.
2.  Виджаянагар мемлекеті, оның экономикасы.
3.  Жерге феодалдық иелік.
4.  Солтүстік Индияда Моғолдар билігінің орнауы.
5.  Моғолдар державасының экономикалық дамуы.
6.  Антифеодалдық қозғалыстар.
7.  Акбардың реформалары.
8.  Моғолдық үнді мəдениеті.
Еуропадағы а) өндіріс құрал-жабдықтарының, б) сауданың 
 
 
жетілуі, в) алтынға деген құштарлық, г) осман түріктерінің 
еуропалықтардың шығыспен сауда жасауын қиындатуы — ұлы 
географиялық ашылымдардың басты себебі болды. Ұлы геогра-
фиялық ашылымдар оқ дəрімен атылатын мылтықпен, зеңбірекпен 
қаруланған Еуропаның аш қасқырдай жалақтаған рыцарьларының 
даму жағынан артта қалған елдерді  отарға айналдыруларының ба-
стамасы болды.
Еуропа отаршыларының ең алғашқы тобы  1498 жылғы 20 ма-
мырда Васко да Гаманың
1
 (1469-1524) басшылығымен Индияның 
Каликут
2
 қаласына келіп түсті. (Ол жергілікті раджамен тіл табы-
сып, алдап-сулап біраз қонақ болып, қымбат азық-түлік, алтын-
күмістерін  көк  тиынға  айырбастап  алып,  1499  жылы  Лиссабонға 
қайтып барған болатын. Ал  1502 жылы 20 кемемен қайтып келіп, 
өздеріне керек-жарақ тауарларын зорлық-зомбылықпен тартып алып 
кеткен болатын. 1524 ж. Португалияның Үндістандағы вице королі 
болып тағайындалды. Сол жылы өзінің соңғы, үшінші жорығына 
аттанып, Үндістанда қайтыс болды). 1498 ж. экспедиция Сомалидегі 
Малинди гаванына жетті. Сол жерде Васко да Гама араб теңізшісі 
Ахмед ибн Маджидті жол бастаушылыққа жалдады. Ол экспеди-
цияны  Үндістанға  бастап  келді.  Келесі  жылы  экспедицияның  55 
мүшесі  ғана қайтып оралды. Қалғандары жолда əртүрлі аурулардан 
қайтыс болды.
Еуропалықтар мұнда араб жəне басқа да мұсылман елдерінің 
көпестерімен бақталастыққа түсті. Олар Индияға Египеттен, 
Қытайдан, т.б. елдерден тауар əкеліп тұратын. Индиядан Египетке 
1
 Гама Васко  да  (1469—24.12.1524,  Кочин,  Үндістан).  1497  ж.  португалдықтар 
Үндістанға құрамында үш кемесі бар («Сан-Габриел», «Сан-Рафаэлъ», «Беррид») 
экспедиция жабдықтады.
2
 Каликут — қазіргі Кожикоде қаласы. 

318
319
түскен тауарларды Венеция мен Генуя көпестері Батысқа қарай 
жөнелтетін. 
Индияға баратын жолды ашқаннан кейін португалдықтар бұл 
елмен  саудаға  өз  үстемдігін  орнатуға  кірісті.  Индияның    ішіндегі 
ала ауыздықты жəне өздерінің əскери күштерін пайдалана отырып, 
португалдықтар екі арадағы жолда көптеген бекіністер сала баста-
ды. Малабар жағалауындағы Гоа португал вице-королінің мекеніне 
айналды (астанасы — Панаджи қаласы, Үндістанның батысында). 
Ормузды басып алып, португалдықтар парсы шығанағындағы бай 
саудаға өз бақылауын орнатты.
1511 жылы Албукерки
1
 Сингапур бұғазындағы маңызды порт 
Малакканы басып алды. Сөйтіп, Үнді мұхитына шығыстан да жол 
ашылды. Енді португалдықтардың қол астына Үнді мұхитының ба-
тысы да, шығысы да қарады.
1517 жылы португалдықтар Цейлонмен сауда қатынасын ор-
натудан бастап, бірте-бірте оны өзіне бағындырып алды (1653 
жылы оларды голландтар қуып шықты). Португалдықтар ба-
сып алған жерлерінде шаруашылықпен аз айналысты, көбінесе 
дайын азық-түлік т.б. өнімдерді  өте арзан бағаға сатып алып, 
Еуропада  10 есе қымбатқа өткізді. Олар басып алған жерлерінде 
көп дегенде 10 мыңдай ғана əскер ұстады. Португалдықтар əскері 
аз болғандықтан Азиядағы отарларын көбейте алмай, негізінен 
теңіздегі қарақшылықпен айналысты.
XVI ғасырдың аяғында — XVII ғасырдың басында пор-
тугалдықтардың Индиядағы жəне оңтүстік-шығыс Азиядағы 
үстемдігін ағылшындар мен голландтар тартып ала бастады.
Индия ХVІ ғасырдың басында өзара қақтығысып, қырқысып 
жататын бірнеше дербес князъдықтарға бөлінген, бытыраңқы ел 
болды. Үндістанда Кашмир, Синд, Мултан, Гуджарат, Джайпур, 
Мальва, Бенгалия, Бихар дербес мемлекеттер болды. Солтүстік 
Индиядағы үлкен мемлекеттердің бірі Дели сұлтанатының билігі 
астаналық округтен аса алмады.
Бұл сұлтанаттың басында афгандық Лоди əулеттері тұрды. 
Оңтүстік Индиядағы ХVІ ғасырдың басындағы ірі мемлекеттер 
1
 Албукерки Афонсуд (1453—16.12.1515) — 1509—1515 ж.ж. Португалияның Үнді-
стандағы вице-королі  — 1503 ж. Кочин қаласындағы Португалия флотилиясының 
қолбасшысы бола тұрып, форт тұрғызды. 1507 ж. Парсы шығанағындағы Ормуз-
ды басып алды. Бірақ оны көп ұстап тұра алмады. 1510 ж. Гоаны басып алып, оны 
португал басқыншыларының Шығыстағы тірегіне айналдырды. 1515 ж. Ормузды 
екінші рет басып алды.
Хандеш, Виджаянагар (1336—1565) болды. Олар мұсылмандардың 
билігінде еді. Екі сарай төңкерісінен кейін Кришна Рай (1509—1529) 
империяның бытырап кеткен облыстарын қайта жинап алып, бір 
мемлекетке біріктірді. Ол армияны, қаражатты тəртіпке келтірді, 
жерді, одан түсетін салықты реттеді. Малабарды басып алып, 
солтүстікке бірнеше жорықтар жасады. Кришна Райдың əскери та-
быстары Виджаянагар  империясының құлдырауын тоқтата алма-
ды. Империя шағын князьдықтарға бөлініп кетіп отырды.
Жаңа раджаларды мемлекет палайякарлар (қорғаушылар) ретінде 
тағайындап, бірнеше деревнядан тұратын палайямадан (иеліктен) 
шағын салық жинап алуға рұқсат етті. Бұл үшін раджа өкімет 
салығын жинап беруге, өз аумағындағы тəртіпті бақылауға қажетті 
əскер ұстауға міндетті болды. Кейбір қуатты палайякарлар вассал-
ды князьдарға айналып отырды. Майсур, Келади т.б. князьдықтар 
осылай  құрылды.  Кришна  Райдың  інісі  Айсьюта  Рай  (1529—1541) 
шығыстағы бірсыпыра облыстарынан айрылып, Райчурды ғана 
ұстап қалды. Ал  іс жүзіндегі билік Аравид деген феодал əулетінің 
өкілі Рама Раджаның қолына көшті.
1510 жылы португалдықтар Гоаны басып алып, Виджаянагармен 
келісімге келу жолын қарастырған болатын. 1547 жылғы келісім 
бойынша португалдықтар Иран мен араб елдерінен жылқы, қару, 
қытай жібегі мен мыс, сынап тағы басқа тауарлар əкелетін бол-
ды. Ал Виджаянагар португалдықтарға селитра мен үнді матасын 
беретін болды. Португалдықтар қолдауына сүйене отырып, əрі 
ішкі ала ауыздықтарды шебер пайдаланып, Рама Раджа өз иелігінің 
шеңберін солтүстікке қарай кеңейте түсті.
Виджаянгар тарапынан төнген қауіп алдында Ахмеднагар 
Биджапур, Бидар жəне Голконда басшылары ала ауыздықтарын 
ұмытып,  бірлесе  түсуге  мəжбүр  болды.  Олардың  біріккен  қарулы 
күштері 1565 жылы шайқастарда Виджаянагар əскеріне қатты 
соққылар берді. Рама Раджа қаза тапты. Оның ағайындары астана-
ны тастап қашты. Астана (Виджаянагар қаласы) талқандалды. Кейін 
қайтып оралып, махараджа болған Тирумала оны қайта қалпына 
келтіруге тырыспай, Пенуконда қаласын астанаға айналдырды. 
І-Венката (1586—1614) империяны бұрынғы қалпына қайта келтірді. 
Бірақ І-Венката өлісімен өзара қырқысулар қайта басталып, импе-
рияны əлсіретті. Империядан бірінен соң бірі: Майсур, Мадура, 
Иккери, Танджур князьдықтары бөлініп кетті.
Үнді жағалауының қалалары көптен бері таяу жəне қиыр шығыс 
елдерімен теңіз саудасын кеңінен жүргізіп келе жатты. Сол себепті 

320
321
оңтүстік қалалары өз дамуында солтүстіктегі қалалардан əлдеқайда 
озып  кетті.  Көпестер  бұл  қалалардың  құрметті  сословиесі  болды. 
Сыртқы сауданың, əсіресе күшті дамыған ауданы Малабар бол-
ды. Оның халқы кокос, келімдəрі, т.б. тағамға қажетті көкөністер, 
жемістер өсірумен шұғылданды. Бұл тауарлар тек шет елдерде ғана 
емес, елдің  ішінде де үлкен сұранысқа ие болды. Мұнда астыққа 
қажеттілік сұраныс зор болды. Малабардың өз астығы болмады.
Индияның барлық жеріндегідей, оңтүстіктегі үндістер де 
қауымға бірігіп тұрды. Бірақ мұндағы қауым ХІV—ХV ғасырларда 
біртіндеп ыдырай бастады. Азия мен Африкадағы үнді матасына де-
ген зор сұраныс шаруалардың көпшілігін мата тоқуман айналысуға 
итермеледі. Тоқымашылар поселкесі пайда болып жатты. Қауымнан 
бірте-бірте ұсталар, қыш бұйымдарының шеберлері, түптеушілер 
сияқты қолөнершілер де бөлініп шыға бастады. Барлық қалалар мен 
көптеген селоларда əр апта сайын базар өткізіліп тұрды. Тауарды 
бүкіл елге таратып тұратын кезбе касталар (коматтар, ламбадалар) 
сауданың дамуында айтарлықтай рөл атқарды.
Рынокқа еңбек ететін қолөнершілер біртіндеп қауым ықпалынан 
босай бастады. Олар үстемеші — саудагерлерден қарыз ақша алып, 
өтеуге шамасы келмегенде қауымдағы жерін бере салатын. Қоғамдық 
еңбек бөлінісінің дамуы қауымның онан əрі ыдырауына түрткі 
болды. Қауым мүшелерінің үлестерінің теңдігі — өткен заманның 
белгісі ғана болып қалды, яғни жойылды. Қауым басшылығында 
шаруалардың неғұрлым бай топтары тұрды. Олардың кейбіреулері 
өз көршілерін қанайтын феодалдарға айнала бастады.
Шаруалардың көпшілігі өз үлестерінен айрылып, тақыр ке-
дейлерге айналды. Қауым басшылары мен индус храмдарының 
жерлерінде жалгерліктің «сыбағаластық» деген түрі қалыптасып, 
дами түсті. Бұл процестер Оңтүстік Индияда, əсіресе Виджаянагар 
(1336—1365) империясының соңғы жылдарында өте тез қарқынмен 
дамыды.
Малабар жағалауында қаумның ыдырағандығы сонша, онда 
қауымдық  үкімет  те,  қолөнершілер  де  қалмады.  Шаруалар  үлкен 
отбасыларымен өзіне тəн ерекшелігі бар хуторларда тұрып, еңбек 
етті. Жақындауға болмайтын (неприкасаемые) каста мүшелерінің 
жалдамалы еңбегін пайдаланды. Қауымдық құлдар мен басыбайлы 
шаруалар жеке меншіктікке айналған Малабардан басқа Оңтүстік 
Индияда  араласуға  болмайтын  касталық  басыбайлы  шаруалар  бү-
кіл қауымға  ортақ  болып  қала  берді.  Бұл  жағдай  қауымды  ұжым-
дық  қанаушы  ретінде  топтастыра,  біріктіре  түсті.  Қауымдардың
ХІV—ХV ғасырлардағы Индия
ағылшындар келуіне дейінгі сақталып қалуының бір себебі осы 
болды. Жерге феодалдық меншіктің бірнеше түрі болды:
1. Махараджа əулетінің иелігі, сондай-ақ иен жерлер, джунгли 
мен айдалмаған (өңделмеген) жерлер мемлекет басшысының домені 
болды. Олардан түскен табыс сарайдың мұқтажына жұмсалды; 
2. Сонымен қатар Махараджа кəмпіске, жаулап алушылық 
кезінде мелекет меншігіне айналған, əскери лендер ретінде тарату 
үшін ұстап отырған елдің түкпір-түкпіріндегі барлық жерлерді тек 

322
323
өз қалауы бойынша пайдаланды. Бірақ ол жерлерді храмдар мен 
брахмандарға діни сыйлық ретінде таратуға болмайтын еді;
3. Əскери лендер «амарам» деп аталды. Олар тақсыр үшін белгілі 
бір əскери контингенттің басында қызмет атқарып, тиісті салығын 
төлеп тұрғанда өмір бақилыққа берілетін. Бұл салық жылдық азық-
түлік  табысының  1/6-ін  құрайтын.  Одан  аз  болуы  мүмкін  болды, 
бірақ ешқашан көп болған жоқ. Амарам иесінің өз қарауындағы 
шаруалардан салық жинауына үкімет араласпады. Салық мөлшерін, 
оны жинау мерізімі мен жинаушылар құрамын амаранайяк (амарам 
иесі) өзі белгілеп отырды. Оның өз жерін басқа біреуге сатуға, 
сыйлауға, жəй беруіне құқы болды. Амаранайяктар ірі феодалдардың 
марқасқаларын құрады. Олардың саны 200-ден аспады; 
4. Амаранайяктардың вассалдарына, кішігірім отряд ко-
мандирлеріне берілген «умбали» деген жер сыйлығы. Феодалдық 
жер иеленушіліктің бұл түрі тек əскери қызмет атқарғаны үшін 
берілді;
5. Оңтүстіктің ірі феодалдары храмдар болды. Бүкіл елдің 
аумагының 1/5-і сол храмдардың қарамағында болды. Храмдарды 
үкімет тағайындайтын басты абыз бен брахмандар кеңесі басқарды. 
Орталық үкімет храмдардың байып, нығая түсуіне көмектесіп 
отырды;
6. Инабатты феодалдар өз жерлерінің біраз бөлігін оқымысты 
брахмандарға сыйға тартып тұратын. Император сарайында, оның 
вассалдары мен əскер бастықтарының маңында жер мен наградалар 
сұрап қора-қора брахмандар жүретін. Оншақты брахмандар 
отбасына бір деревня берілетін. Онан түскен табысты бəрі бөлісіп 
алатын. Императорлар князьдар арасындағы ала ауыздықтар мен 
қырқысуларды  өз билігін нығайту үшін пайдаданып отырды. Сонау 
1350 ж. І-Харихара (1336—1556) барлық салықты ақшамен жинауға 
бұйрық берген болатын. Ақшалай рента Виджаянагар əулеті билік 
құрған кезде мызғымай қала берді. Натуралды оброк та сақталып 
қалды, бірақ оның мөлшері  өте аз болды.
Араласуға болмайтын каста мен қарызға белшесінен батқан 
қауым мүшелері — мирасдарлардың қожайындарынан кетуге 
құқы болмады. Олар жалға алған жерлері үшін өнімдерінің 7/8-ін 
қожайынға беруге немесе өз жерімен қоса қожайынның жерінде де 
жұмыс істеуге тиіс болды. Барщиналық еңбекті, əсіресе храмдар 
жиі пайдаланды. Брахмандар мен храмдардың жерлеріндегі мұндай 
шектен тыс қанаушылыққа шыдамаған шаруалар басқа феодалдарға 
қашып кетіп отырды. Олардың көпшілігі салық мөлшері азайтылған 
соң ғана қайтатын. Кейде шаруалар қашпай-ақ рентамен алым-салық 
мөлшерін  төмендеткізе  алды.  Бұл  мақсатқа  жету  үшін  бүткіл  бір 
аудан еңбекшілерінің барлық касталары мен топтары өзара келісіп 
алып, қожайындарға өздері  əділетті деп санайтын салық мөлшерін 
ұсынатын. Келісімді бұзған каста мүшелері қатты жазаланатын, 
кейде өлім жазасына да кесілетін.
Халық бұқарасын кеңінен қамтыған көтерілістер 1480 ж. 
Танжурда, 1546 жылы Баркурда (Мангалор маңы) болды. Əс-
кери, азаматтық істердегі барлық билік махараджаның қолында 
болды, бірақ əкімшіліктегі басты фигура үлкен, бірінші министр-
махапрадхан болды. Ол қаражат жағын басқарды, басқа министрлерді 
— прадхандарды басқарды. Əскери қолбасшы “далада-адхисари” 
деп аталды.
Мемлекет басында губернаторлар тұратын бірнеше провинцияға 
бөлінді. Губернатор жеке өз басының пайдасына майда салықтар 
жинап отырды. Оның əрбір қадамын орталық үкімет тыңшылар 
арқылы өте мұқият қадағалап отырды. Шамамен əрбір 2—3 жылда 
губернаторлар ауыстырылып отырды. Провинциялар бірнеше 
шағын əкімшіліктерге бөлінді. Олардың əкімдері ірілі-ұсақ жер 
иелері болды. Əкім қызметі  əкеден балаға мұра ретінде қала беретін 
болды.
Солтүстік Индиядағы саяси бытыраңқылық жəне феодалдық 
өзара қырқысулар сауданың, ауыл шаруашылығының дамуына 
кедергі жасады. Күйзеліске ұшырататын феодалдық соғыстарды 
тоқтатуға шаруалар да, қала тұрғындары да мүдделі  болды.
ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басындағы порту-
галдықтардың Үнді мұхитындағы үстемдік құруы Индияның 
Батыспен, Шығыспен теңіз саудасын тежеді, ол саудада ең көп пайда 
табушы араб көпестерін тақырға отырғызды. Португалдықтар 
Үнді мұхитындағы кез келген кемелерді қиратып, тонап, Индияға 
жолатпауға тырысты. Бұл əрекет Индияның сыртқы саудасын 
құрғаққа ығыстырды. ХVІ ғасырда индиялық маталар мен бояулар, 
тəтті тағамдар Еуропаға Ауғанстан, Персия, Түркия арқылы 
шығарылып, ескі керуен жолы жандана түсті. Бірақ бұл жандану 
ХVІІ ғасырда қайта басылып қалды. Оған себеп — ағылшындар мен 
голландтардың Үнді мұхитындағы португалдықтардың жеке дара 
билігін жоюы болды.
Сондай-ақ солтүстік Индиядағы феодалдар арасындағы бір 
орталыққа бағынған мемлекет құруға ұмтылушылықтың бір себебі 
— мұсылмандар мен индустар арақатынасындағы өзгерістер болды. 
Түрік, тəжік, ауған басқыншлықтары кезінде Индияда ислам діні 
басым болды. Ал жергілікті индус дінін ұстанатын халық жерінен, 

324
325
байлығынан айрыла бастады. Темір шапқыншылығынан кейін жəне 
Дели сұлтанаты құлаған соң индус феодалдары қайтадан бас көтерді. 
“1452 жылы Делиді Жайпур раджасы қоршап алды. Бұл шабуыл 26 
жылға созылды” (К. Маркс).
Мұсылман феодалдары ала ауыздықтарын ауыздықтап, бі-
рікпесе, өз артықшылықтарын жоғалтатынын ұқты. Сондықтан 
олар бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға мүдделі 
болды. Бұл жағдайды Орта Азиядан шыққан Қабул əмірі, сұлтан 
Бабыр пайдаланып қалды. Ол  1526 жылы Индияға басып кірді. Ол 
Темірдің шөбересі, 12 жасында əкесінің Ферғана тағын мұраланды. 
1504  жылы  көшпелі  өзбектер  оны  қуып  шықты.  Сол  жылы  ол 
Қабулды басып алды. 1512 жылға дейін Бұхара мен Самарқандты 
басып алмақ болды, бірақ ол мақсатына жете алмады.
1525 жылы Пенджабтың наместнигі Дəулет-хан Бабырды Делиде 
билік құрып тұрған сұлтан Ыбрайым Лодиге қарсы бірге күресуге 
шақырды. Бабыр 12 мың əскермен Пенджабқа кіріп, Дəулет ханды 
орнынан алды. Бабырдың сұлтан Ыбрайым Лодидің 40 мыңдық 
əскерімен шешуші шайқасы Пенджаб пен Делидің арасындағы 
Панипат алқабында 1526 жылғы сəуірде болды. Бабыр əскері 
зеңбірегінің басымдығының арқасында жеңіске жетті. Оған Делиге 
жол ашылды. Бірақ енді Бабырға қарсы шайқасқа Раджпуттық 
князьдар əскерімен Рана Санграм Сингх шықты.
1527 жылғы наурызда Кхнау маңындағы шайқаста Бабыр тағы да 
жеңіске жетті. Бабыр орнатқан мемлекет Ұлы Моғолдар державасы 
деп аталып кетті. Бабырдың қайтыс болуына қарай бұл держава 
батысында Кабулмен, шығысында Бенгалиямен шектесіп жатқан 
ұланғайыр мемлекет болды. Бірақ ондағы салық — əкімшілік 
жүйесі нашар болды. 200 жылдан астам уақытқа (1526—1761) дейін 
өмір сүрген бұл мемлекеттің негізін қалаған Бабыр өте көрнекті 
қолбасшы əрі саяси қайраткер болды. Ол өте сезімтал, дарынды ақын 
да болған. Өзбек, тəжік, ауған, үнді тілдерінде емін-еркін сөйлеген. 
Үнді елінің салт-дəстүрін сақтап, əдет-ғұрпымен танысып, құрмет 
көрсетіп отырған.
1530 жылы таққа Бабырдың баласы Хумаюн отырған соң орталық 
өкімет билігі біраз əлсіреді. Өз інілеріне енші-иеліктер бөліп беруі 
моғолдық билеуші топ арасындағы қырқысуларға əкеп соқты. Бұл 
қақтығыстар саудаға кесірін тигізіп, елдің экономикасын əлсіретті. 
1532 ж. Ұлы Моғол елшілігі орыстың ұлы князі Василий ІІІ-ң 
сарайына келіп қайтқан. Бұл кездесу екі елдің тарихында елеулі із 
қалдырған жоқ.
З. М. Бабыр 
(1483—1530)
1537  жылы  Хумаюнға  қарсы  көтерілісті  бихарлық  ұсақ  феодал 
Фарид басқарды. Ол ауғандық сур тайпасының өкілі болатын. Өз 
інілерінен ешбір көмек ала алмаған Хумаюн Фаридтен жеңіліп, 1542 
жылы Персияға қашты. Шер-шах деген атпен тəж киіп (1539—1545), 
Фарид қоғам талабына сай өзгерістер енгізді. Жан-жағына ағаштар 
отырғызылып, 1700 керуен-сараймен қамтылған төрт сауда жолы 
салынды.  Ол  жол  астана  Аграны  Бенгалиямен,  Раджпутанамен, 
Аттокпен  жəне  Мултанмен  қосты.  Бүкіл  ел  кішігірім  əкімшілік-
паргандарға бөлінді. Ол — орталықтың бақылауын күшейтті. 
Феодалдардың жерін тартып алуға батпай, жаңа жер иеліктерін 
үлестіруден шах үкіметі аулақ болды.
Шер-шах феодалдардың əскер жасақтауларына бақылауды 
күшейтті, жылқыларды таңбалауды енгізді. Жер салығына өзгерістер 
енгізді. Ол жаңалықтар салықты есепке алуды жетілдіруге, 
сөйтіп, қазынаға түсетін кірісті көбейтуге, сондай-ақ ол салықты 
төлеушілердің жағдайын жақсартуға бағытталды. Енді салықты зат-
тай немесе ақшалай төлеуге ерік берілді. Үндістер дініне тіл тигізу 
қатаң жазаланатын болды. Бірнеше үндістер мемлекетті басқару 
ісіне тартылды.
1545 жылы Шер-шах өлді. Хумаюн сол жылы Кабулды, 
Қандағарды басып алды. 1554 жылы Индияға басып кіріп, 
Пенджабты бағындырды, бір жылдан соң Дели мен Аграны да 
бағындырды. Хумаюн 1556 жылы қаңтарда өз астрономиялық 
обсерваториясындағы мəрмар баспалдақтарында тайып жығылып, 
қайтыс болды. Шах деп оның 13 жасар баласы (1355—1605) Əкбар 

326
327
жарияланды. Оған қарсы Хаму деген үндіс қолбасшысы көтеріліске 
шықты. 1556 жылғы Панипаттағы шайқаста үндістер жеңілді.
Онан кейінгі 20 жыл ішінде көптеген басқыншылық соғыстардың 
нəтижесінде Шығыс Ауғанстан, Пенджаб пен Дели-Агра өңірін 
қамтыған кішкентай Солтүстік Индия мемлекетінен Моғолдар дер-
жавасы ұланғайыр империяға айналды. Ол солтүстігінде Гималай 
тауларынан, оңтүстігінде Годавари өзеніне дейін, шығысында — 
Бенгал шығанағынан, батысында Гуджарат жағалауларына дейінгі 
жерлерді алып жатты. Бұл шапқыншылықтардың табысты болуы 
тек моғолдардың күш жағынан басымдығына ғана байланысты 
емес еді. Моғолдар ішкі саясатында падишах билігінің əлеуметтік 
тірегін, жаңа құрылған феодалдық мемлекетті нығайтуға бағыт 
ұстаған болатын.
Акбар таққа отырғанда оның тірегі Индияға Бабырмен жəне 
Хумаюнмен  келген  орта  азиялық,  ауғандық  жəне  персиялық 
феодалдардың шағын ғана тобы болды. Осы топтың шексіз билікке 
деген ұмтылысын шектеп қана шах үкіметі Индияға атам заман-
нан бері келіп қоныстанған, жергілікті үндістерден дінінен басқа 
ешбір айырмашылығы қалмаған мұсылмандарды өз жағына тар-
та алды. Индияның түкпір-түкпірін жаулап алған кезде Акбар 
жергілікті феодалдарға зорлық-зомбылық көрсеткен жоқ. Қарсылық 
көрсетпеген феодалдарға сыйлық пен билік беріп отырды.
Акбар таққа отырған алғашқы жылдары эмир лауазымы бар 200 
ірі феодалдардың 70 проценті Индияға Бабырмен, онан кейін кел-
ген орта азиялық, ауғандық феодалдар болды. 1532 жылғы мəлімет 
бойынша  эмирлердің  40  проценті    моғолдар  жаулап  алушылығы 
кезінде келгендер еді, ал келесі 40 проценті жергілікті,  үнділік 
мұсылмандар болды. Ал үндіс феодалдар эмирлердің 20 процентін 
құрады. Сөйтіп, шах билігі жергілікті индус жəне мұсылман 
феодалдардың қолдаушылығына сүйенді.
Үндіс ақсүйектерімен жақындасу саясаты өмір талабынан туып 
еді. Раджпутандағы соғыс кезінде моғолдар Бабырдың жауы Удай 
Синхтың қатты қарсылығына тап болды. Бұл елді жаулап алуды 
жеңілдету үшін Акбар Раджпутан князьдарының бірнеше қыздарын 
өз гареміне алды, сөйтіп туыстасты. Акбар жаңа қайын жұртына 
көп жақсылықтар жасап, өз жағына тартып алды. Раджпутан 
əскерлері Акбар қарулы күшінің 1/3-ін құрады. Индуизм дініне ерік 
беру, үндістерді шенді қызметтерге тағайындау Акбардың үндістер 
арасындағы беделін көтерді.
Моғолдар державасының құрамына кірген жерлерде феодалдық 
қырқысулар тоқтап, ішкі кеден салықтары жеңілдеді. Сөйтіп, 
 
егіншілік пен сауда-саттық үшін қолайлы жағдайлар жасалды. 
Сауда əсіресе 1572—1573 жж. Таяу жəне қиыр шығыстың көптеген 
елдерімен теңіз саудасын қызу жүргізетін бай Гуджаратты портта-
рымен қоса жаулап алған соң айтарлықтай жандана түсті. Құрғақта 
үстемдік құра тұрып, моғолдар теңізде дəрменсіздік көрсетті,  сөйтіп 
олар Үнді мүхитының суларында португалдықтардың қожайындық 
етуімен келісуге мəжбүр болды. Португалдықтарды Гуджараттың, 
бүкіл Малабар жағалауының  ірі  порты Суратқа кіре берістегі 
ұялары Диу мен Даманнан қуып шығу əрекеті моғолдар үшін сəтсіз 
аяқталды.
Индияның едəуір бөлігінің Моғолдар державасының құрамын-
да саяси бірігуі, мемлекеттік басқару ісінің орталықтандырылуы, 
салық рентаны жинауды реттеу жөніндегі шаралар елдің эконо-
микасының дамуына қолайлы жағдайлар туғызды.
Ортағасырлық Индияда қолөнерінің егіншіліктен бөлінуі Еуропа 
мен Азияның көптеген феодалдық елдеріндегіге қарағанда өте баяу 
қарқынмен жүрді.
ХVІ ғасырда Индияда халқының саны көп қалалар қатары онан 
əрі  өсе түсті. Бұрынғы байлардың бекініс мекені (замок) типтес 
қалалармен қатар жаңа қалалар — сауда-қолөнер орталықтары 
қалыптасып, көбейе түсті. Бұл қалалар бұйымдарын рынок тала-
бын қанағаттандыру үшін шығарып отырды. Рынок сұранысының 
өсуі Моғолдар державасындағы қала мен деревня арасындағы еңбек 
бөлінісінің жоғары дəрежеге жеткендігінің белгісі болды.
Индияның əртүрлі облыстарының арасындағы экономикалық 
байланыстардың дамығандығын Бенгалияны Индия континентінің 
солтүстік-батыс бөлігімен қосушы негізгі артерия-Ганг өзенімен та-
уарлар тасымалының өсуі дəлелдейді. Өзенмен Бенгалдан жоғары, 
солтүстікке қарай күріш, бидай, қант, мата, бояу тасылса, төмен 
Бихарға қарай Раджпутанда өндірілген тұз, əлемге əйгілі  биязы 
жүннен  тоқылған  кашмир  орамалдары,  ауған  жəне  Орта  азиялық 
жылқылар, лахор мен Делидің зергер шеберлері жасаған қару-
жарақтар əкелінетін.
Индиямен көршілес Гуджарат Махараштрға, Мальваға, Раджпу-
танға қолөнер бұйымдарын апарып, олардан өзіне бидай, күріш, т.б. 
азық-түлік өнімдерін əкеліп тұрды.
Абуфазыл өзінің «Аин-и-Акбари» деген еңбегінде 1577 жылы 1 
манн (400 грамм) бидай Аграда — 50 дамм, Аллахабадта — 62 дамм, 

328
329
Аудта — 44 дамм, Делиде — 56 дамм, Мальвада — 75 дамм тұратын 
дейді. Соған қарағанда ХVІ—ХVІІ ғасырларда Индияда біртұтас 
рынок қалыптасты деп айту қиын.
ХVI ғасырдың ортасындағы Моғол державасының жағдайы 
егіншілік пен қолөнеріндегі ұсақ тауарлы өндірістің өсуімен, 
қалалардың сауда-қолөнері орталықтары ретінде нығаюымен, 
облыстық рыноктардың қалыптасуымен, елдің түрлі аудандары 
арасындағы экономикалық байланыстың нығаюымен сипатталады.
Үнді деревнясына ақша-тауар қатынастарының енуіне бай-
ланысты ауылдық қауым тез ыдырай бастады. Шаруалар мен 
қолөнершілерді сауда өсімқор капиталдың шырмап алу процесі 
күшейді. Индиядағы ХVІ ғасырдағы маңызды экономикалық 
құбылыстар осындай еді.
Əрине, Индиядағы əртүрлі халықтардың дамып, жетілуінде ала-
құлалықтарға, олардың əлеуметтік-экономикалық құрылысындағы 
елеулі ерекшеліктерге, тарихи дəстүрлеріне байланысты жоғарыда 
аталған процестер елдің барлық аудандарында бірдей орын алған   
жоқ. Идеология саласында орын алған процестер Индиядағы фео-
далдық құрылыстың өзінде болып жатқан өзгерістерді бейнеледі. 
Индиядағы ХVІ ғасырдағы өзгерістер ұлы ақын Тұлси Дастың 
атақты «Рамаяна» деген поэмасында көрініс тапты. Поэманың 
сюжеті оқырманды ежелгі замандарға апармақ болғанымен ақын 
өзі өмір сүрген ХVІ ғасырдағы үнді қоғамын суреттейді. Поэмада 
ең алдымен ақша билігінің өсуі, брахмандардың шық бермес 
шығайбайлығы, қытымырлығы мен дүниеқоңыздығы суреттелді. 
Ақшасы көп адам шыққан тегі мен мəдениеттілігіне қарамастан-
ақ  құрметке  ие  болып,  маңғазданды,  ал  ақшасы  аз  тектілер  сый-
құрметтен айрылды. Поэмада касталар арасындағы шек жойылып, 
құрып бара жатыр, халықтың адамгершілік қасиеті азғындап кетті 
деген сарын бар. 
Индиядағы ХVІ ғасырдағы ең басты антифеодалдық қоз-
ғалыстар  сикхизм,  махдистер,  рошаниттер  болды.  Сикхизм  — 
шəкірт деген сөзден шыққан. Ол қозғалыс ХV ғасырдың аяғы — ХVІ 
ғасырдың басында қалыптасты. Индуизмнің сектанттық бағыты. Ол 
ортағасырлық Индия қаласының бақуатты сауда-қолөнершілері мен 
өсімқорларының феодалдарға қарсы наразылығын білдірді.
Алғашқы сикхтер Индияның солтүстік-батысындағы сауда-
өсімкорлықпен айналысатын кшатри кастасынан шықты. Сектаның 
негізін қалаушы, сикхтердің бірінші ұстазы (гуру) Нанак (1469-
1538) сол кшатри кастасынан шыққан. Ол көпестің баласы болған, 
Лахордағы Дəулетхан деген байдың нан қоймасының меңгерушісі 
болып істеген. Бақуатты қала тұрғындары байлықтарын жасырып, 
алма-жұлма киім киіп жүруге мəжбүр болғандықтан осы қозғалысқа 
қатысты.
Сектанттар феодалдық тəртіптер мен касталық-сословие-
лік бөлінушілікті айыптай отырып, брахмандар мен мұсылман-
дар дін басыларының арамдық-парақорлығын, бұзылғандығын 
əшкереледі. Индуизмнің сəн-салтанаттық дəстүрлеріне секта-
нттар қарапайымдылық пен үнемшілдікті қарсы қойды. Олар 
дінбасыларының беделін мойындамады, қажылыққа баруды да 
жоққа шығарды. Олар сонымен қатар ортағасырлық аскетизмді 
де, дүние қызығынан,  үйленуден бас тартушылықты да сынады. 
Сектанттар бұл дүниеде өз байлығын көбейтіп, оны бекер ысырап 
етпей, үнемшіл болуға, өмірде адамға қажетті қызықтардан құр 
қалмауға шақырды. Олар «арзан» шіркеу, дін үшін күресті.
Ортодокстық индуизм адамның о дүниеде тозақтан құтылуының 
жолы  —  қасиетті  заңдарды  жақсы  біліп,  оларды  мұқият  орындап 
отыруында десе, сикхтер барлық адамдарды құдай алдында тең 
деп, тозақтан құтылу да бəріне бірдей деп жариялады. Алғашқы 
сикхтер шыдамдылыққа, үкіметке, қоғамдық тəртіпке қарсы күш 
көрсетпеуге шақырды. Ол феодалдар үшін онша қауіпті болмады. 
Ал падишах Акбар олардың гуруына Пенджабтан жер сыйлыққа 
берді. Ол жерде сектанттар Амритсар деген өз қаласын тұрғызып, 
оны «Алтын храммен» безендірді.
Сектанттардың феодалдық тəртіпті сынауы олардың бейбіт 
пиғылына қарамастан, сикх гуруының моғолдармен достығын 
үзгісі келмесе де, кедей-кепшіктің, еңбекші халықтың арасындағы 
ықпалдары өсе түсті. Шаруалар мен қолөнершілерді секта қатарына 
еріксіз тартып, сикхтардың қызметі мен идеологиясына көп 
өзгерістер енгізуіне итермеледі.
XVI ғасырдың бірінші жартысында Солтүстік Индияның 
қарапайым мұсылман халықтарының арасында антифеодалдық,  
сектанттық махдистер қозғалысы кеңінен тарады. Махди — құт-
қарушы, жерде əділеттілік патшалығын орнатушы. Махдистердің 
негізгі орталықтары Агра маңындағы Биан ауданы болды. Мах-
дистер басшысы шейх Абдулла Ниази өз насихатын қарапайым 
халыққа, қолөнершілерге, су, отын тасушыларға арнады. Сектанттар 
саны 3 мың адамға жетті. Олар жергілікті үкімет билігін күшпен ба-
сып алып, феодалдарға өз нұсқауларын берді (барлық мал-мүлікті  
ортақ ету жөнінде).

330
331
Тадж-Махал. 1643 ж. 
Махдистер арасында құткарушы құдай өкілі келгенше шы-
дамдылық көрсетіп, тоқтай тұруға, күш қолданудан аулақ болуға 
шақырған бағыт та болды. Бұл бағытты тек бақуатты қала 
тұрғындары ғана емес, сондай-ақ ұсақ мұсылман діни феодалдары 
да қолдады.
1548—1549 жж. махдистер-сектанттар талқандалды. Шейх 
Абдулла Ниязи шах сарайына өзінің соңынан ерген қарапайым 
халықты ертіп келіп, байлықты бөлісу талаптарын қойды. Ол қате 
пікірден аулақ бол, бұзықтықты қой дегенге көнбеген соң ұстап 
алып, жазаланды; ұрып-соғылды. Оған ерген махдистер де қуғын-
сүргінге ұшырады. Қозғалыс ыдырай бастады. 
ХVІ ғасырдың ортасында рошаниттер қозғалысы қалыптасып, 
ол  70  жылдай  уақытқа  созылды.  Бұл  қозғалыс  Инд  өзенінің  оң 
жағалауындағы ауған жерлерін, Сүлеймен қырқаларының сол-
түстігіндегі  облыстарды  да  қамтып  отырды.  Рошаниттер  өз  атын 
қозғалыстың негізін қалаушы Баязит Ансардың (1524—1585) аты-
нан алған. Ансар өз жақтастарының арасында Пир-и-Рошан — əлем 
ақсақалы, қариясы деп аталыпты.
Рошаниттер қозғалысының махдистер мен сикхтер қозғалы-
сынан айырмашылығы — оның қоғамның ең артта қалған тобының 
— қауымдық қоғамнан феодалдық қоғамға жаңадан аяқ басқан 
қауым арасында қалыптасуы болды. Бұл сектаның мүшелері 
байлардың мал-мүлкін ортаға салуға, артықшылықтарды жоюға 
шақырды. Рошаниттер қозғалысы тек əлеуметтік теңдік үшін емес, 
сондай-ақ ауғандықтар тəуелсіздігі  үшін де күресті, /яғни моғолдар 
билігінен құтылу үшін күресті/. Бірақ ХVІІ ғасырда рошаниттер 
қозғалысы біржолата талқандалды.
1572—1573 жж. Гуджаратты басып алғаннан кейін моғолдар 
басқыншылық жорықтарын уакытша тоқтатуға мəжбүр болды. 
Мемлекеттік билікті нығайту мақсатымен падишах Акбар (1556—
1605) біраз  өзгерістер енгізуге кірісті.
Ең алдымен индус Тодор Маланың басшылығымен (ол Моғолдар 
үкіметіндегі қаражат əкімшілігін басқаратын) салық реформасы 
жүргізілді. Рента салық əр шаруаның жерінде əр-түрлі болатын 
болды. Оның мөлшері жердің сапасына, онда егілетін дақылдардың 
түріне  байланысты  болды.  Барлық  шаруалардың,  байлардың 
жерлері қайтадан өлшеніп, сапасы тексеріліп, түсетін өнім мөлшері 
есептеліп, оларға салынатын салық көлемі дəл анықталды. Бұл 
мыңдаған есепшілер жүргізген өте күрделі де, ауыр жұмыс болды. 
Бұл істің нəтижесі — Моғолдар державасының Ауғанстан, Кашмир, 

332
333
Бенгалиядан басқа жерлеріндегі азық-түлік рентасының ақшалай 
рентамен ауыстырылуы болды.
Реформа алғашында шаруалар жағдайын біраз жеңілдетті. 
Бірақ ақшаға деген мұқтаждық бірте-бірте шаруаларды өсімқорлар 
қанауына душар етті. ХVІ ғасырдың соңғы ширегінен бастап сау-
да — өсімқорлық капиталдың үнді деревнясына енуі күшейе түсті. 
Егін бітік шыққан жылы оның құны түсіп кетіп отырды, ал ақшалай 
салықты бұрынғы мөлшерінде төлеу керек болды. Сөйтіп, егіннің 
мол өнімі шаруаларды байытудың орнына, керісінше, күйзеліске 
ұшыратты.
Салық реформасы əкімшілік аппаратты орталықтандыруды 
күшейтті, феодалдық мемлекеттің жерге меншігін нығайтты. 
Феодалдық рентаны натуралды салықтан ақшалай салыққа көшіру 
жерге феодалдық меншіктің бұл түрін əлсірету қаупін тудырды. 
ХVІ ғасырдың соңғы ширегінде Индия деревнясына ақша-тауар 
қатынастарының енуі онан əрі үдей түсті. Осы негізде деревня 
қауымының ішіндегі мүлік жəне жер үлесі жағынан теңсіздік ұлғая 
түсті.
Феодалдық қанаудың өсімқорлық шырмауымен жалғасуы сал-
дарынан шаруалардың көпшілігінің күйзеліске ұшырауы тікелей 
өнім өндірушілер мен феодалдардың ара қатынасын шиеленістіре 
түсті. Бұл шиеленіс моғолдар державасын əлсіретті. Шаруалардан 
ақшалай төлемді талап еткен Акбардың салық жүйесі бара-бара де-
ревня қауымының ыдырауына ықпал етті.
Мемлекеттік феодалдық меншіктің үстемдігі жағдайында жер 
иеленушіліктің негізгі түрі джагир болды. 100 мың гектарға дейін 
жер иеленуге рұқсат етілді. Бірақ бұл жер иеленушілік мұраға 
берілмеді, тек қызмет етіп жүрген кезде берілді. Қызметті нашар 
істеп, үкімет үмітін ақтамағандар жер иеліктерінен айрылатын. Орта 
есеппен бір жерді иелену мерзімі  Акбар билігі  тұсында 10 жылдан 
аспады. Шахтың рұқсаты бойынша джагирдың иеленушісі сол жер-
де отырғандардан өз пайдасы үшін алым-салық жинап ала алатын 
болды. Жер иеленуші джагирдар өз қол астындағы шаруалардың 
5—10 жыл болса да, шексіз бастығы, əміршісі болды. Шаруаларды 
еріксіз жұмысқа («бегар») салды, (жол, канал, сарайлар салу үшін), 
өз  жеке  басының  пайдасы  үшін  де  жұмысқа  салды,  «абваба»  деп 
аталатын қосымша салық жинады. ...
Ең құдіретті джагирлардың жылдық табысы 250, 300, тіпті 600 
мың рупий болды. Бірақ бұл табыстың 2/3, 4/5 бөлігін жагирлар жал-
дамалы əскер ұстауға жұмсады. Əскер саны жагирлардың атағына 
сай (жүзбасы, мыңбасы, 5, 10 мындық басшы...) құрылды. Қосымша 
салық  жинап алғанда да, жиналған алым-салықты жарату кезінде 
де жагирлар заңның қоятын шегіне бағынбады. Дегенмен джагир 
қызмет бабы бойынша берілетін уақытша иелік болып қалды. Шах 
қашан  қайтып  аламын  десе  өз  еркі  болды.  Жагирлар  өліп  кетсе, 
оның барлық байлығы, гаремдегі əйелдерінің қымбат əшекейлерін 
қоса, моғолдар державасының меншігіне көшетін болды. Байлығын 
балаларына беруге, немесе өз өндірісін кеңейтуге жұмсай ал-
мағандықтан, жагирлар ұланғайыр қаржыны сəн-салтанатқа ысы-
рап етті (өзіне қызметкерлер ұстауға).
Ірі жагирлар ұлы моғолдар державасындағы феодалдардың үстем 
тобын құрды. Олардың шах үкіметіне деген көзқарасы əрқилы бол-
ды. Акбардың экспансиялық саясаты жагирларға берілетін жер 
көлемін ұлғайтып отырды. Моғолдардың басқыншылық соғыстары 
жагирлер мүддесі үшін жүргізілгендіктен, олардың тарапынан 
қолдау тауып отырды. Күшті шах үкіметі феодал-жагирлердің 
иеліктерін  сыртқы  жаудан  қорғады,  шаруалар  толқуларын  басып 
отырды; ал сауда жолдарының қауіпсіздігі оларға көп табыс пайда 
келтіріп отыратын коммерциялық операцияларға қатысып отыруға 
мүмкіндік берді.
Тіпті рентаны да мемлекеттік салық аппараты жинап отыр-
ғандықтан шаруашылық жұмыстарынан еш қам жемейтін жагирлер 
той-думанды, тоғышарлық өмір сүріп жатты. Мұндай өмір олардың 
феодалдық жер иеліктерінің шектелуіне қарсы наразылықтарын 
туғыза қоймады. Бірақ жагирларға сепаратизм тəн болды. Олар 
уақытша қожа болудан тұрақты қожа болуға, өз иелігіндегі жер-
ден түсетін табыстың бəрін өз қолында ұстап қалуға, керек болса 
моғолдар державасынан бөлініп кетуге де тырысты.
Акбардың патшалығы кезінде бірнеше рет жагирлар бүлігі 
болған. Олардың наразылығы əсіресе қазынадан айлық алатын 
əскербасыларды жагирлардың орнына тағайындамақ болған кез-
де  күшейе  түсті.  Жагирлар  оларға  жер  иеліктері    елдің  түкпір-
түкпірінен берілгенде де, бір иеліктен екінші иелікке қайта-қайта 
ауысуға мəжбүр болғанда да, олардың контингенттерінің жағдайын 
жиі-жиі тексеріп отырғанда да шыдады.
Олардың шыдамы жагир жүйесін жоюға əрекет жасалғанда 
мүлдем таусылды. Олар 1580—1582 жж. ірі бүлік жасады. Бұл 
бүлік  моғолдар  державасының  құрып  кету  қаупін  туғызды.  Бұл 
билік əскери күшпен емес, саяси шарамен басылды. Пенджабтағы 
моғолдық қолбасшы Шахбаз-хан бүлікшілерге қарсы күрес кезінде 

334
335
Акбарды жақтаймын дегендерге жагирді кеңінен үлестіріп берді. 
Акбардың өзі де жагирларға арқа сүйеу керектігін түсініп, олардың 
талабын орындауға келіскенде ғана бүлік басылды. Сөйтіп Акбар 
жагирлық жүйені жоя алмаса да өзінің орталықтандырылған билігін 
күшейтуде, ірі фаодалдардың дербестігін шектеуде айтарлықтай 
табысқа қол жеткізді.
Дегенмен жагирлық жүйе шаруашылықтың дамуына ықпал 
етпей, керісінше, кедергі жасады. Себебі жагирлар ертеңгі күніне 
сеніммен қарай алмады, шаруашылықты жақсы басқаруға мүдделі 
болмай, тезірек жəне көбірек салық жинап алып,  оны ойын-сауық, 
той-думан, сəн-салтанатқа жұмсауға асықты. Оларды шаруалар 
күйзелісі толғандырмады.
Индустар мен мұсылмандардың ынтымағын нығайту арқылы 
шах Акбар өз билігін едəуір нығайта алды. Діні  бөлектер үшін са-
лынатын джизия салығын жою, индустық діни мекемелерге жер 
үлестіру, мұсылмандармен қатар индустарды да үкімет билігіне 
орналастыру Акбардың халық арасындағы беделін өсіріп, билігін 
нығайтуға үлес қосты.
«Бір ғана тақсыр — бір дін» принципін жүзеге асырмақ болып, 
Акбар 1582 жылы «құдайшыл наным» деген жаңа діни бағытты жа-
риялады. Ол дін ислам, индуизм, парсизм жəне джайнизм діндерінің 
жиынтығы болды. Жаңа діннің басшысы — заирлы билік пен діни 
билікті бірге атқарған Акбардың өзі болды. Бұл шарамен өз қол 
астындағы пенделерінің арасындағы діни ала ауыздықты жоюға 
күш салып бақты. Бұл реформаны жүргізу барысында Акбар ислам-
ды үстемдік етуші дін ретінде сақтап қалуға күш салған мұсылман 
дінбасыларын тəркілеуден де тайынбады. 
Акбардың баласы Жахангер (1605—1628) мен немересі Шах-Жа-
һан (1628—1656) басқыншылық соғыстарды онан əрі жалғастырды. 
1633 жылғы өте қымбатқа түскен соғыстың нəтижесінде Ахмеднагар 
сұлтанаты қосып алынды. Осы соғыс кезінде моғол əскерінің 
жауынгерлік қабілетінің төмендеп кеткендігі байқалды. Канда-
гарды парсылықтар басып алды. Шах-жаханның бұл шекаралық 
бекініс, əрі маңызды транзиттік сауда орталығын қайтарып алу 
үшін жасаған үш əрекеті сəтсіз аяқталды.
Дели сарайы еуропа саяхатшыларын тамсандырған сəн-сал-
танатқа бөлене берді. Бірақ Ұлы Моғолдар державасы өзінің 
құлдырау  сатысына  аяқ  басқан  еді.  Пельсарт  бұл  мемлекетті 
бекерден-бекер «топырақ аяққа сүйенген алып» деген жоқ. Ал 
Бернье өзінің Кольберге жіберген мəліметінде моғолдардың на-
шар қаруланғанын, қимылы сылбыр сансыз көп əскерін пикард 
мушкетерлерінің бірнеше полкымен-ақ талқандауға болады деді.
Моғолдар державасының құлдырауы Ұлы елді отарға ай-
налдырып, оның 150 миллиондық халқын тонау үшін барлық 
мүмкіндіктерді пайдалануға тырысқан еуропалықтардың Индияға 
кіруінің күшеюімен тұспа-тұс келді. ХVІ ғасырдың аяғы, ХVІІ 
ғасырдың басында голландтар мен ағылшындар Үнді мұхитының 
жағалауында өздерінің сауда факторилерін құрды, кейін ондай 
факторилерді елдің ішіне қарай жылжыта берді.
Мəдениет. Ұлы Моғолдар билігі кезінде Үнді мəдениеті 
жоғары дəрежеге көтерілді. Падишах сарайына алыстан көптеген 
суретшілер, мүсіншілер, ақындар мен архитекторлар келіп жатты. 
Олардың көпшілігі астанада орналасып, сонда түпкілікті қалып 
қойды. Үнді өнері жергілікті дəстүрдің Персиядан, Орта Азиядан 
келген озық түрлерімен араласуынан пайда болды.
Бұл ең алдымен сəулет өнерінен айқын көрінеді. Оның дəлелі – 
Акбардың уақытша астанасы болған «тастан жасалған ертегі» ата-
лып кеткен Фатхпур-Сикри жəне дүние жүзіне əйгілі Тадж-Махал 
кесенесі. Оны Моғолдың императоры Шах-жахан (1628—1656) 
өзінің сүйікті əйелі Мумтаз-Махалға арнап 1630—1652 жылдары 
салғызған.
Тадж-Махал Делиден оңтүстік-батысқа қарай 200 км. жердегі 
Агра қаласында орналасқан. Ол Ганга мен Джамна өзендерінің 
тоғысқан жерінде биік жартас жағаға салынған. Оның сұлулығын 
ақындар айтып жеткізе алмай келеді. Тадж-Махалды ақындардың 
көбі «мрамордағы поэма» дейді. Оның сыртының өзі жартылай асыл 
тастармен көмкерілген. Оның салмағы жүз мыңдаған тонна.
Миниатюра өнері кеңінен тарады. Акбар сарайындағы миниатю-
ра шеберлері Дасванатх пен Басаван, сондай-ақ Хумаюнмен бірге 
Шираздан келген Абу ус-Самад болды. Акбар тұсындағы атақты 
сарай ақындары үндіс Файзи мен шираздық Урфи болды. Екеуі 
де фарсы тілінде жазды. Дегенмен өлең сөздің патшасы Акбар са-
райына қатысы жоқ, бірақ бүкіл үнділіктерге таныс, хинди тілінде 
сөйлейтін ақын Тулси Дас болды. Ол үнді эпосына арнап «Рамаяна» 
поэмасын жазды. Онда «бхакти» идеясы насихатталды.
ХVІ ғасырдың екінші жартысында «бхакти» идеясын «Сураса-
гаса» поэмасында соқыр ақын Сур Дас жырлады. Ол поэманың басты 
кейіпкері Кришна. ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында Джайпур-
лық ақын Бихар Лал хинди тілінде «Сатсайя» деген 700 өлеңнен 
тұратын жинақ шығарды. Бұл ақындар өз шығармаларын сарайлық 

336
337
фарсы тілінде емес, халықтық тілде жазып, шығарды. Халық тілінде 
жазатын ақындардың көпшілігі өз өлеңдеріне əн де жазған. Тансен 
деген танымал ақын ақындығы жағынан гөрі сазгерлігімен көбірек 
таныс болды. Бұл кезде Индияда бұрынғы баяу бидің орнына жыл-
дам қимылдайтын би келе бастады.
Тарихнама  елеулі  табыстарға  жетті.  Сарай  хронистері  өз 
заманының маңызды уақиғаларын патшалық құрып отырған 
тұлғаны мақтау рухында жазды. Дегенмен хроникалар құнды дерек 
көзі болып табылады. Олардың ішінен, əсіресе Акбардың қарсыласы 
болып табылатын Бадаунидің хроникасы ерекше орын алады. 
Ол ресми хроникада аталмаған деректерді кең қамтыған. Абу-л 
Фазылдың «Акбарнамэ» деген хроникасында көптеген жарлықтар 
мен құжаттар, орта ғасырлар үшін өте сирек кездесетін салық, 
баға, жұмысшылар жалақысы туралы экономикалық мəліметтер 
келтірілген. Сондай-ақ Фериштің ортағасырлық Индиядағы əртүрлі 
мемлекеттердің тарихын баяндайтын хроникасы ХVІ ғасырдың 
аяғы — ХVІІ ғасырдың басында жазылған.
ХVІІ ғасырдың орта шенінде «Фарханг-и Джахангири» деген 
өте құнды фарсы сөздігі жазылды. Санскриттік «Махаб-харата», 
«Рамаяна» эпостары фарсы тіліне аударылды. Индиядағы барлық 
діни секталардың, олардың негізін қалаушылардың өмірі мен 
қызметі жайлы жинақ басылып шықты. Ол «Дабистан-и мазахиб» 
деп аталды. Ол өте құнды тарихи дерек көзі болып табылады.
Ə д е б и е т т е р:
1.  Васильев Л. С. История Востока: В 2 томах. Т. 1.— М.: Высшая 
школа, 1998.— 326—333 бб.
2.  История Востока. Т. ІІІ. Восток на рубеже средневековья и 
нового времени. ХVІ—ХVІІІ вв.— М.: Восточная литература РАН, 
1999.— 145—194 бб.
3. Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр. Бабырнама.— Алматы, «Ата-
тек», 1993.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет