С.Қ. ҚҰЛМАНОВ
Мемлекеттік тілді дамыту институтының
жетекші ғылыми қызметкері, филол.ғ.к., доцент
АУДАРМАДАҒЫ СӘЙКЕСТІКТЕР МЕН ҚАТЕЛІКТЕР ТҮРЛЕРІ
Аннотация
Мақалада түпнұсқа тілдегі белгілі бір бірлікті аудару үшін аударма тілде
қолданылатын бірліктер «аударма сәйкестігі» деп аталып, олардың коммуникативтік
құндылығының теңдік қабілеті тілдік жүйедегі мағынасымен ғана емес, олардың сөйлеуде
жұмсалу ерекшеліктеріне байланысты болатындығы анықталған. Сондай-ақ аударма
процесінде аудармашы сәйкестіктер түрін қолдануда немесе баламасыз бірліктерді
аударуда және т.б. жіберетін қателіктер мен ісқағаздарын аударуда қойылатын талаптар
көрсетілген.
Тірек сөздер: аударма, түпнұсқа, мәтін, ісқағаздары, бірлік, сәйкестік, қателік,
коммуникативтік құндылық, мәнмәтін, термин, когнитивтік тәжірибе.
Ключевые слова: перевод, оригинал, текст, деловые бумаги, единица, соответствие,
ошибка, коммуникативная ценность, контекст, термин, когнитивный опыт.
Keywords: translation, text, official papers, unit, compliance, error, communicative value,
context, the term cognitive opyt.
Аудармаға қойылатын ең басты талап оның түпнұсқа мәтінге тұрпат және мазмұн
межесі тұрғысынан, яғни құрылымдық жағынан да, мағыналық жағынан да барынша
жақын болуы екендігі белгілі. Бұған қол жеткізу үшін тұтастай мәтін ғана емес, осы
мәтіндегі сөйленімдер және осы сөйленімдерді құрайтын бірліктер балама болуға тиіс.
Дегенмен, аудармада түпнұсқа мәтіндегі белгілі бір бірлікке балама ретінде аударылатын
тілдегі қандай да бір бірлік кездейсоқ алына салмайды. Бұл екі бірліктің де мағынасы
салыстырмалы түрде тұрақты болып келеді және олардың бір-бірінің орнына балама
ретінде қолданылуы бұл бірліктердің мағыналарында ортақтық болатындығын білдіреді.
Мұндай мағыналық ортақтық олардың біреуін екіншісінің аудармасы ретінде жүйелі
түрде қолданудың алғышарты болып табылады. Түпнұсқа тілдегі белгілі бір бірлікті
аудару үшін аударылатын тілде қолданылатын бірлік аударма сәйкестігі деп аталады [1,
98]. Аударма сәйкестігі тіл білімінде салғастырмалы талдау арқылы анықталатын күрделі
ұғымдардың қатарына жатады.
Аудармада сәйкестік болғанымен, екі тілдегі бірліктердің коммуникативтік құндылығы
теңдей болмауы мүмкін, өйткені бұл бірліктердің мағынасының жақындығы аударма
сәйкестігінің алғышарты ғана. Баламалық қатынас жекелеген тілдік бірліктерді аударғанда
емес, сөйленімді құрайтын бірліктердің арасында орын алады [2, 65]. Сондықтан олардың
коммуникативтік құндылығының теңдік қабілеті тілдік жүйедегі мағынасымен ғана емес,
олардың сөйлеуде жұмсалу ерекшеліктеріне байланысты анықталады.
Профессор А. Алдашева: «Сәйкестік – түпнұсқа мәтіннің тілдік бірліктеріне
аударылатын тілден таңдалынатын вариант; варианттардың бірі», – дей келе, сәйкестіктің
табиғатын былайша түсіндіреді: «Ол толық сәйкестік болуы мүмкін, бұл, әдетте,
түпнұсқадағы сөзге, сөз тіркесіне екінші тілдің арнаулы сөздіктерінде берілген бастапқы
мағынадағы сөз дегенді білдіреді. Екі тілдегі тілдік бірліктер мағынасы, функционалды
қолданысы жағынан толық дәрежеде тұспа-тұс келеді. Бұндай тілдік бірліктер контекске
тәуелді болмайды, жеке, контекстен тыс тұрғанда да мағыналары тұспа-тұс келеді.
Мәселен, орыс тіліндегі понедельник; қазақ тіліндегі дүйсенбі, ағылшын тіліндегі Monday
– толық, абсолютті сәйкестік, эквиваленттер болып саналады» [3, 29].
Аударма сәйкестігі тіл білімінде екі түрге бөлінеді: 1) жекелік (единичное) немесе
толық, абсолютті, тұрақты сәйкестік; 2) көптік (множественное) немесе ішінара, нұсқалық
сәйкестік.
Жекелік сәйкестік түпнұсқа бірлігін аударудағы айтарлықтай тұрақты тәсіл болып
табылады. Жекелік сәйкестікке терминдер, жалқы есімдер, географиялық атаулар, сондай-
ақ кейбір тұрмыстық сөздер мен сөз тіркестері жатады. Мысалы, правительство –
Достарыңызбен бөлісу: |