С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет79/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға

Ашық рай – қимыл, іс-әрекет үш шақтың (осы шақ, келер шақ, өткен шақ) бірінде болу-болмауын білдіретін рай түрі. Демек, ашық райдың басты семантикалық ерекшелігі қимыл, іс-әрекеттің объективті шындыққа қатысты болу-болмауының сөйлеп тұрған сәтпен (шақпен) байланысты (өтіп кеткенін, өтіп жатқанын, әлі өтпегенін, бірақ өтетінін) сипатын білдіру, сөйтіп, ашық рай, бір жағынан, етістіктің рай категориясының бір түрі болса, екінші жағынан, бір өзі етістіктің шақ категориясын құрайды. Осыған байланысты райдың басқа түрлерінен айырмашылығы тікелей ашық рай жасайтын арнайы қосымшалары жоқ болып келеді. Демек, шақ категориясы дегеніміз екінші жағынан ашық рай екен де, енді ашық райдың сипаты шақ категориясы мен оның түрлері шеңберінде қарастырылады.
Бұйрық рай айтушының тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы бөгде біреуге (3-жаққа) қаратылып, бұйыра, сұрай айтылатын, өзіне (1-жаққа) байланысты қимылды, іс-әрекетке қозғау салу, ниет мәнін білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы берілетін рай түрі болып табылады. Бұйрық райдың басты мәні – бұйрықтық мағына. Бұйрықтық, негізінен алғанда, 2-жаққа байланысты болып отырады: Тыңда, дала, Жамбылды (Ж). Ғылым таппай мақтанба (А). Ей, жолаушы, болсаң, осы таза бұлақтай бол! (Ы.А) Енді сен жүре бер, аздан соң жауабын өзім берейін (Ә.Ә.) „Көктің құсы, жаздың аңы аман тұрғанда, оң көзім, екі қолым аман тұрғанда, мені қарны ашып өзегі талады деп ойламаңдар (С.М.) Өзіңіз шаршағансыз, осында қона кетіңіз (М.Г.) Тоңғандарың мына тұс-тұсындағы ауылдарға барып, жылынып қайтыңдар (М.Ә.). Құдықты шапшаң қазып, самауырды тез қойып жіберіңдер (М.Ә.) Сендер ананы Горькийше сүйіңдер (С. Бақб.).
Ал 3-жақта бұйрықтық мағына солғындап, тілек (бұйрық пен тіле), өтініш (бұйрық пен өтініш) мәні байқалып отырады. Тілегім бақыт тап та, өмірлі бол, Қорлықпен ағармасын қара шашың (Қ.А.) Шөл дала сусын ішсін, шөлі қансын. Алма өссін, гүл бақшасы жапырақ жарсын. Сайрандап адам ұлы кең дүниеде, Бұлбұл құс бойы балқып, әнге салсын (Ж) Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез (А). К,айратпен кіріп жалынбай, Ақылмен тауып ойласын. „Мен қалайға салынбай, Жылы жүзбен жайнасын. (А).
1-жақта бұйрықтық мағынадан гөрі ниет, тілек мәні басым болады, өйткені одан (сөйлеуші) өзіне-өзі бұйырмайды, бұйрық бермейді ғой. Соған қарап 1-жақты, кейде тіпті 3-жақты да, бұйрық рай шеңберінен шығару керек деген де пікір жоқ емес. Сөйле десең, сөйлейін сөз келгенде ... – Жолдан адасып көп күн жүрсек, бізге тамақ керек болар, үйректі де ұстап алайық, - деді (Ы.А) Алдымда толған мақсат, толған таңдау, Алайын мынасын ба, анасын ба? (С.Т.) Мен не болсам, болайын, сен аман бол (А) Мен өлейін, сен сау-ақ бол (А).Хан мен уәзір ақылдан айрылыпты, өлтірейік екеуін жынды екен, -деп (А).
Сөз жоқ, бұйрықтық мағынаны білдіруде 2-жақ пен 1 және 3-жақтардың арасында айырмашылық бар екені айтылып жүр. „Бұйрық райдың үшінші жағындағы етістіктер қаулы, қаралар, үндеулерде де жиі қолданылады. Мұндай мағына бұйрық райдың бірінші жағында да бар. Бұл айтылғандардан басқа бұйрық райдың бірінші, үшінші жағындағы етістіктер сөйлем ішінде басқа сөздермен байланыса айтылуына қарай, бұйрық мағынасын көрсетпейтін де кездері болады" (ҚТГ, 195).
Бұйрық райдың құрамында бұйрықтық мағынадан гөрі ниет, тілек мәнді білдіретін бірінші және үшінші жақ пен олардың көрсеткіштері болуы бұйрық райдың түрлену парадигмасына, тұлғалық жүйесіне байланысты. Мағыналарында бұйрықты білдіруде өзгешелік болса да, бұйрық райдың жіктелу жүйесі, яғни 1-2-3-жақта және жекеше-көпше түрленуі бір парадигмалық жүйенің көрсеткіші болып табылады. Жіктелу үлгісі:
Мен бар-айын, келе-йін, сөйле-йін, біз бар-айық, кел-ейік, сөйле-йік.
Сен бар- , кел- , сөйле- . Сендер бар-ыңдар, кел-іңдер, сөйле-ңдер.
Сіз бар-ыңыз, кел-іңіз, Сіздер бар-ыңыздар, кел-іңіздер, сөйле-ңіздер.
Ол бар-сын, кел-сін, сөйле-сін, Олар бар-сын, кел-сін, сөйле-сін.
Жіктелу үлгісінен көрінетіндей, бұйрық райдың 1-жағында жекеше -айын, -ейін, -йын, -йін, көпше -айық, -ейік, -йық, -йік жалғауы жалғанса, 2-жақ жекеше анайы түрінде арнайы қосымша жоқ, бірақ бұл – етістіктің түбір тұлғасы емес, нөлдік форма, өйткені түбір болса сол сөз табының түрленуіне негіз болатын бастапқы тұлғасы да, бұйрық райдың 2-жағы (жекеше, анайы түрі) грамматикалық тұлға, сол түбірге жалғанатын тұлға, демек, бұйрық райдың 2-жағы (жекеше, анайы түрі) мен түбір тұлға омоформа болып табылады. „Бұйрық рай формасының екінші жақ жекеше түріне ертеде -ың, -ің, -ң қосымшасы жалғанып айтылатын болған. Мұны бұйрық райдың екінші жақ сипаты түріндегі және екінші жақ көпше түрінің құрамындағы -ың, -ің, -ң қосымшасы (ал-ың-дар, ал-ың-ыз) дәлелдей алады. Сонымен қатар өзбек тілінде қазірде де екінші жақ бұйрық райға -ың, -ің, -ң морфемасы жалғанып айтылады". Сондай-ақ „бұйрық рай формасының үш жағына да -шы, -ші жұрнағы жалғанып, сөйлеушінің бір істі орындау туралы өзіне, туындаушыға және бөгде адамға не затқа қаратып, сыпайы тілек түрінде айтуын білдіреді (М.И. -ҚҚТ, 153): айтайын-шы, айтайық-шы, айт-шы, айтыңдар-шы, айтыңыз-шы, айтыңыздар-шы, айтсын-шы т.б. Әрине, олардың мағынасы бұл сөздердің айтылу сазына, интонациясына да байланысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет