Жаңа Қылмыстық кодексте бұл қылмыстың мазмұны ашып көрсетілмеген. Заңда лауазымды адамға тікелей немесе делдал арқылы пара беру деп қана көрсетілген (312-бап) Объективтік жағынан пара беру:
1)лауазымды адамға пара затын немесе мүлік сипатындағы өзге де пайда беру;
2)пара затын адам тікелей өзі немесе делдал арқылы береді;
3)лауазымды адам өз қызметін пара берушінің мүддесіне белгілі бір әрекетті істеуге немесе істемеуге пайдалануы арқылы сипатталады. Пара беру немесе тапсыру әдістері қылмыстың құрамы үшін маңызды емес. Пара оны алушының тура өзіне немесе оның келісімімен жақын туыстарына берілуі мүмкін. Ол істелінбеген жұмысқа почта арқылы айлық түрінде берілуі мүмкін. Пара берудің жасырылған нысандары бар. Олар: заңсыз сыйлық беру, алдын ала ойластырылып пара алушыға картадан елеулі ақша сомасын ұтылу; пара алушыға бағалы, құнды заттарды өте арзан бағаға сату және тағы басқалар. Кейбір кезде пара-алушыға тегін қызмет түрінде көрсетіледі. Пара алушыға туристік, санаториялық жолдамалар берілуі, кемеге, поезға, ұшаққа басқа да көлік құралдарына жүруіне билет беруін-сот практикасы пара беру деп қарастырады. Лауазымды тұлғаға материалдық мазмұндағы емес пайда келтіру қарастырылып отырған қылмыс құрамын құрамайды. Мысалы: онымен жыныстық қатынаста болу; лауазымды тұлғаның сұрауы бойынша, ол туралы мадақтау үндеу тарату немесе оның жұмысы туралы баспасөз бетінде жақсы пікірлер жариялау пара беру ретінде сараланбауы керек. Пара беру формальдық қылмыс құрамы болып табылады. Лауазымды тұлға пара алған кезден бастап, яғни берушінің мүддесі үшін белгілі бір әрекет істелгені не істелмегеніне қарамастан қылмыс аяқталды деп саналады. Субъективтік жағынан пара беру тікелей қасақаналық арқылы істеледі. Пара берудің ниеті сан алуан болуы мүмкін. Олар кінәлы адамның заңсыз түрде жеке өзіне ғана емес, сонымен қатар туыстарының, жақын туыстарының, пара беруші істейтін ұйым немесе мекеме мүдделерін қамтамасыз етуге ұмтылуы арқылы көрінеді. Пара беру субъектісі боп 16 жасқа жеткен есі дұрыс тұлға танылады. Пара берудің ауырлататын түріне-заңсыз әрекет немесе әрекетсіздік жасағаны үшін лауазымды адамға немесе әлденеше рет немесе ұйымдасқан топтың пара беруі үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің 312-бабының 2-тармағында көзделген. Ауырлататын жағдайдың бірінші түріне лауазымды адамға заңсыз іс-әрекет жасағаны үшін пара беру жатады. Оның түсінігіне Қылмыстық Кодекстің 311-бабының 2-тармағын талдағанда тоқталып өткенбіз. Әлденеше рет пара беруге-кінәлының бір лауазым адамына немесе әр түрлі сондай адамға өз мүддесі үшін әр түрлі іс-әрекеттер істегені немесе істемегені үшін екі немесе одан да көп пара беруін айтамыз. Кінәлының бір лауазым адамына немесе бірнеше лауазым адамына өз мүддесі үшін әр түрлі әрекеттер істегені үшін екіден артық пара беруін әлденеше рет пара беру деп білеміз. Егер келісілген сома пара алушыға бөлшектеп берілсе, онда ондай әрекет әлденеше рет пара беру болып табылмайды. Егер пара беруші алдын ала сөз байласқан немесе ұйымдасқан лауазымды адамдар тобына өз мүддесіне бір әрекетті істеу үшін ғана пара берсе, мұндай ретте де оның әрекеті әлденеше рет пара беруге жатпайды. Пара бергені үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін пара затының құнын анықтаудың да маңызы ерекше. Заңға сәйкес лауазымды адамға оның бұрын жасаған заңды іс-әрекеті (әрекетсіздігі) үшін екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада немесе құны сондай алғаш рет сыйлық беру, егер лауазымды адам жасаған іс-әрекет (әрекетсіздік) алдын ала уағдаластықпен байланысты болмаса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды. Заңда пара бергені үшін қылмыстық жауаптылықтан босатудың негіздері де көрсетілген. Егер лауазымды адам тарапынан оған қатысты қорқытып пара алу орын алған болса немесе ол адам пара бергені туралы қылмыстық іс қозғауға құқығы бар органға өз еркімен хабарласа, пара берген адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Адам пара бергені туралы қылмыстық іс қозғауға құқығы бар органға ауызша немесе жазбаша, қандай ниетті басшылыққа алғанына қарамастан ерікті түрде хабарласа қылмыстық жауаптылықпен босатылады. Қылмыс жасағандығы туралы ерікті түрде хабарлағанда пара беруші ғана емес, сонымен бірге оның қатысушылары да қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Параны қорқытып алуы себепті немесе параны беруі туралы ерікті түрде арыз жазғаны бойынша пара берушілерді қылмыстық жауаптан босату бұл адамдардың әрекеттерінде қылмыс құрамының жоқ екенін білдірмейді, сондықтан олар жәбірленуші болып саналмайды және пара түрінде берілген құнды заттарды қайтарып беру туралы талап қоюға құқы жоқ. Параны қорқытып алу орын алған жағдайда және пара беруші параны бергенге дейін ол туралы құқық қорғау органдарына хабарласа, иесіне қайтарылуға жатады. Айғақ заттар болып пара ретінде алынған ақша мен басқа құнды заттар мемлекет кірісіне жатқызылады.