Жауап беруге мәжбүр ету (347-бап)
Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакті (1966ж.), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясы алдын ала тергеу және анықтама жүргізу сатысында күш қолдануға мүлдем тыйым салады. Мұндай әрекеттерді қолданудың өзі қылмыс. Осы қылмыстың объектісі-тергеу немесе алдын ала анықтаушы органның бірқалыпты дұрыс қызметі. Қосымша тікелей объекті-азаматтардың жеке басына қол сұғушылық. Қылмыс объективтік жағынан алғанда тергеушінің немесе алдын ала анықтауды жүргізуші адамның тарапынан күдіктіні, айыпталған адамды, жәбірленушіні, куәгерді жауап беруге, не сарапшыны қорытынды беруге қорқыту, бопсалау немесе өзге де заңсыз іс-әрекеттер қолдану жолымен мәжбүр етуі арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың жәбірленушісі күдікті адам, айыптаушы, жәбірленуші, куә, сарапшы болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық, ол заңда көрсетілген «әрекеттерді істеген сәттен, кінәлының алға қойған мақсатқа жеткеніне не жетпегеніне қарамастан аяқталған деп танылады. Мәжбүр ету-өтірік жауап беруге немесе шындықты айтуға я болмаса сарапшыдан кінәлыға қолайлы қорытынды беруді талап ету арқылы істелуі мүмкін. Олар заңда көрсетілген көптеген тәсілдерді: қорқыту, бопсалау немесе өзге де заңсыз іс-әрекеттерді қолдану жолымен жүзеге асырылады. Жәбірленушіні немесе оның жақын туыстарын қамайтын, күш қолданып жанын қинаймын, жағдайын қиындатып, қылмыстық жауапқа тартамын, жақын туыстарыңмен кездестіруге тыйым саламын, тағы сол сияқты әрекеттер қорқыту деп танылады. Жәбірленушінің өзін немесе жақын туыстары жөнінде масқаралайтын мәліметтерді жариялау немесе олардың отбасының құпиясын (мысалы бала асырап алғаны туралы) жұртқа жаямын деген әрекеттерді істеу бопсалау деп танылады. Өзге де заңсыз іс-әрекеттерге жауап алудың арандатушылық тәсілдерін қолдану, жалған дәлелдемелерді ұсыну, жақындарымен кездестіруге жалған уәде беру, тұтқыннан босатамын деп өтірік уәде айту, гипноз, наркотикалық нәрселерді қолдану арқылы жауап алу сияқты амалдар жатады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет субъективтік жақтың қажетті белгісіне жатпайды, олар әр түрлі болуы (кек алу, пайдакүнемдік, қараниеттік т.с.с.) мүмкін. Қылмыстың субъектісі-арнаулы заңда ол тергеуші немесе алдын ала анықтауды жүргізуші адам деп дәл көрсетіліп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |