Біріккен Ұлттар Ұйымының 1984 жылғы арнаулы Конвенциясында жауап алуда азаптау тәсілдерін қолдануға тыйым салынған. Қазақстан Республикасы қол қойған азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалаулардың түрлеріне қарсы конвенцияның орындалуы үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде адамды қинап жауап алу амалдарын қолданғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Қылмыстық кодекстің 347-1-бабы бойынша: тергеушінің, анықтауды жүргізуші адамның немесе өзге лауазымды адамның қиналушыдан немесе үшінші адамнан мәліметтер алу немесе мойындату, не оны ол жасады немесе жасады деп күдік келтірілген іс-әрекет үшін жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды кез келген сипаттағы кемсітуге негізделген кез келген себеп бойынша қорқыту немесе мәжбүр ету мақсатымен әдейі тән зардабын және психикалық зардап шектіруі қинау деп танылады. Қылмыстың объектісі тергеу, анықтама органдарының бірқалыпты, заңды, дұрыс қызметі. Қосымша тікелей объект-жекелеген азаматтардың өмірі, денсаулығы, адамгершілік қасиеттері. Қылмыс объективтік жағынан алғанда тергеушінің, алдын ала анықтауды жүргізуші адамның немесе өзге лауазымды адамның қиналушыдан немесе өзге адамнан қинау арқылы жауап, мәліметтер алуы, оларға тән азабын және психикалық зардаптар шектіру арқылы сипатталады. Қылмыстық кодекстің 347-1- бабының ескертуінде лауазымды адамдардың заңды іс-әрекеті нәтижесінде келтірілген тән зардабы және психикалық зардап қинау деп танылады. Яғни қинаудың өзі екі түрлі іс-әрекеттің: тән зардабы және психикалық зардаптардың жиынтығы болып табылады. Тән зардабына әртүрлі жарақаттар келтіру жатады. Оларға жәбірленушіні немесе үшінші адамды ұрып-соғып, жеңіл, орта дәрежелі жарақаттар келтіру арқылы олардан мәліметтер алу немесе оларды мойындату немесе басқа бір адамдар жөнінде деректер жинау. Егер күш қолданудан жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірілсе немесе ол қағазға ұшыраса, онда мұндай әрекет қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады. Тән зардабын келтірудің тағы бір тәсілдері: жәбірленушінің денесін күйдіру, электр тоғын пайдаланып жауап алу, дене мүшелерін ауырту, саусағына ине тығу, ұзақ уақыт сусыз, тамақ бермей ұстау, ұйқы бермеу болып табылады. Психикалық зардап келтіруге жәбірленушілерді өзі туралы, туыстары туралы жалған немесе өмірде одан алған келеңсіз мәліметтер тарату, отбасылық, жеке өмірі ткуралы құпияларды таратамыз деп қорқыту, сондай-ақ олардан қажетті жауап, мәліметтер алу үшін оларға қарсы наркотикалық нәрселерді, басқа да дәрі-дәрмектерді олардың денесіне егу, гипноз қолдану, бопсалау әрекеттері жатады. Қылмыс туралы формальдық-материалдық. Дене жарақатын келтірумен ұштасқан әрекеттер материалдыққа, ал психикалық зардап келтірумен байланысты іс-әрекеттер формальдық құрамға жатады. Қинау әрекеттері тергеушінің, анықтауды жүргізуші адамның, өзге лауазымды адамның заңды қызмет құзыретіне байланысты жүзеге асырылады. Қинау тәсілдері заңда былай деп көрсетілген: қиналушы немесе үшінші адамнан тән немесе психикалық зардабын келтіру арқылы өзіне немесе өзге қарсы мәліметтер алуға мәжбүрлеу, істемеген іс-әрекетті мойындату; немесе істеген іс-әрекетті басқа адам істеді деп жала жаптыру; жәбірленушінің шын мәніндегі істеген қылмысын қинау тәсілі арқылы мойындату және т.б. Қинау арқылы жауап алынған адам-осы қылмыстың жәбірленушісі болып табылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстық ниет субъективтік жақтың қажетті белгісі емес, олар әртүрлі болуы мүмкін (қылмысты істі жылдам ашу, ашылмайтын қылмыстың болмайтындығын дәлелдеу, жасалған қылмысты іс-әрекетті басқаға қарсы бұру т.с.с.). Қылмыстық субъектісі-арнаулы заңда ол тергеуші, анықтауды жүргізуші адам немесе өзге лауазымды адам деп көрсетілген. Өзге лауазым адамдарына тергеу, анықтама органдарының бастықтары, оперативтік қызметкерлері және т.б. жатады.