Атом энергетикасы объектілерінде қауіпсіздік
ережелерін бұзу (244-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-атом энергетикасы объектілерін орналастыру, жобалау, салу, жөндеу немесе пайдалану қауіпсіздігі тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты атом энергетикасын өндіретін зауыттар: атом қалдықтарын көметін көмбелер, атом сұйықтарын өндіретін зауыттар, радиоактивті нәрселермен жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу институттары. Қылмыс объективтік жағынан кісі өліміне немесе қоршаған радиоактивтік зақымдануына әкеп соқтыруы мүмкін, атом объектілерін орналастыру, жобалау, салу немесе пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу арқылы сипатталады. Қылмыстық кодекстің көрсетілген бабының диспозициясы бланкеттік болып табылады. Атом энергетикасы объектілерінде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың тәртібі арнаулы нормативтік құқықтық нормалар арқылы реттеледі. Атом энергетикасы объектілеріне-атом (ядролық) энергияны пайдалану арқылы жұмыс істейтін кез келген қондырғылар мен құрылыстар жатады. Заң бойынша атом энергетикасы объектілерінің қауіпсіздік ережелерін бұзу, оларды орналастыру, жобалау, салу, жөндеу немесе пайдалану кезінде болуы мүмкін. Бұл операцияларды жүзеге асырудың тәртібі арнаулы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Қылмыстың объективтік жағының белгісі-атом энергетикасы объектілерінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, кісі өліміне немесе қоршаған ортаның радиоактивтік зақымдануына әкеліп соқтыру мүмкіндігі болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық. Қылмыс заңда көрсетілген әрекеттерді істеген уақыттан және сол әрекеттер арқылы зардаптың нақты орын алу қаупі төнгенінен бастап аяқталған деп танылады.Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істелуі мүмкін. Қылмыстың субъектісі-арнаулы атом энергетикасы объектілерін орналастыру, жобалау, салу, жөндеу немесе пайдалану жұмыстары өзіне тапсырылған 16-ға толған адам.
Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу (245-бап)
Жалпыға мәлім, тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу әр уақытта да адамдарға, қоршаған ортаға, жануарлар немесе өсімдіктер әлеміне белгілі бір қауіп туғызуы мүмкін. Осы жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға ерекше мән берген жөн. Қылмыстың тікелей объектісі-тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын қауіпсіз жүргізуді реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізгенде қауіпсіздік ережелерін бұзу, егер бұл абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соғу арқылы сипатталады. Тау-кен жұмысына жер асты байлығын ашық карьерлерден, шахталардан, үңгірлерден алу, қазу, бұрғылау құрылыс жұмыстары, шахталарды жабдықтау, шахта құрылыстарын салу т.б. жұмыстар жатады. Құрылыс жұмыстарына-үйлерді, көпірлерді,жолдарды, кәсіпорындарды салу, оларды жөндеуге, тұрғызуға байланысты әрекеттер жатады. Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу тәртібі арнаулы нормативтік құқықтың актілерімен реттеледі. Бұл қылмыстың құрамы болу үшін іс-әрекет пен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланысты анықтау қажет. Қылмыс субъективтік жағынан кінәның абайсыздық нысаны (менмендік немесе немқұрайдылық) арқылы жасалады. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, кез –келген есі дұрыс адам.
Достарыңызбен бөлісу: |