Заңсыз аңшылық (288-бап)
Қылмыстың объектісі-жануарлар дүниесін қорғау және тиімді пайдалану жөніндегі қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-табиғи бостандық жағдайында мекендейтін жануарлар дүниесі болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан заңсыз аңшылық әрекетін жасау арқылы көрініс табады. Қылмыстық кодекстің 286-бабына сәйкес: а) ірі зиян келтіріп; б) механикалық көлік құралын немесе әуе көлігін, жарылғыш заттарды, газдарды және құстар мен аңдарды жаппай қырып-жоюдың өзге әдістерін қолданып; в) аулауға толық тыйым салынған құстар мен аңдарға қатысты; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен төтенше экологиялық ахуал аймақтарында жасалған әрекет заңсыз аңшылық деп саналады. Механикалық құрамдарға-мотоциклдер, автокөліктер, өздігінен қозғалатын жол, құрылыс, ауылшаруашылық машиналары, моторлы қайық, қатер, ал әуе көлігіне-кез келген түрдегі және бағыттағы ұшу аппараттары жатады. Аңшылықта қолдануға тыйым салынған қарулар мен әдістердің тізбегі аңшылық ережелері туралы нормативтік актілерде көрсетілген. Аңдарды қырып-жоюдың өзге әдістеріне-улы химикаттарды қолдану немесе өрт қою, басқа да қауіпті тәсілдер қолданулар жатады. Аулауға тыйым салынған құстар мен аңдардың тізімі Қазақстан Республикасы арнаулы нормативтік актілерінде көрсетілген. Қазақстан Республикасы қызыл кітабына енгізілген. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыс субъектісі-16-ға толған адам.
Өсімдіктер дүниесін қорғау және тиімді пайдалану ережелеріне қарсы қылмыстар. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу (291-бап)
Қылмыстың объектісі-ормандар мен бұталарды қорғау және тиімді пайдалану аясындағы қатынастар. Қылмыстың заты-барлық топтағы орман ағаштары мен бұталары, орман қорына кірмейтін немесе кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталар. Орман қорына ауыл шаруашылық жерлерін қорғайтын орман қондырғылары немесе басқадай ағаштар мен бұталар; темір жол, автомобиль жолы және каналдарды қорғап тұратын орман белдеулері, елді мекендер мен қалаларды көгалдандыратын ағаштар, үй іргесіндегі, саяжайлардағы және саяжай учаскелеріндегі ағаштар кірмейді. Қазақстан Республикасында атқаратын экологиялық, генетикалық, әлеуметтік-экономикалық қызметтері мен орналасқан жерлеріне қарап орман қорлары екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа суды қорғайтын ормандар (өзен, көл, бөгет және басқа су қоймаларының жағалауларын қорғайтын орман белдеулері); санитарлық-гигиеналық және сауықтыру орындары, қорықтар мен қорықтық аймақтар, ұлттық және тарихи табиғи парктердегі ормандар, ерекше құнды орман алқаптары, ғылыми маңызы бар ормандар, генетикалық резервтер мен табиғи ескерткіштер, жаңғақ кәсіпшілігі аймағының ормандары, жеміс-ағаш екпелері, биік тауарлардағы ормандар жатады. Екінші топтағы ормандар қатарына таулы аудандардағы пайдаланылу маңызы шектеулі ормандар жатады. Қылмысты іс-әрекет объективтік жағынан алғанда барлық топтағы ормандарда ағаштар мен бұталарды, сондай-ақ орман қорына кірмейтін немесе кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталардың заңсыз кесу сол сияқты өсуін тоқтату үшін зақымдау, бұл әрекеттер елеулі зиян келтіру арқылы сипатталады. Орман ағаштары мен бұталарын, сондай-ақ оларға кірмейтін басқа да ағаштар мен бұталарды немесе кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды кесу арнаулы рұқсат құжаттардың: лицензияның, ағаш кесу билетінің, ордердің, орман билетінің негізінде жүзеге асырылады. Ағаштар мен бұталарды рұқсатсыз кесу заңсыз деп танылады, сондықтан тиісті рұқсат құжаттары болғанның өзінде рұқсат етілмеген жерден, рұқсатта көрсетілген санға және сапаға сәйкес келмейтін түрде ағаштар мен бұталарды кесуде заңсыз деп саналады. Қылмыс құрылысы жөнінен материалдық құрамға жатады. Ол заңда көрсетілген әрекеттер елеулі зиянға әкеліп соққан жағдайда аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың объектісі-16-ға толған адам.
Достарыңызбен бөлісу: |