Атмосфераны ластау (282-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі атмосфералық ауаны қорғауға байланысты қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты- табиғи ортаның элементі атмосфералық ауа. Объективтік жағынан қылмыс:
а) атмосфераға ластайтын заттар шығару ережелерін немесе қондырғыларды, ғимараттарды және өзге де объектілерді пайдалану ережелерін бұзу;
б) бұл әрекеттер ауаның табиғи қасиеттерінің ластануына немесе өзге де өзгеруіне әкеп соғу;
в) бұлардың арасындағы себепті байланыстар арқылы сипатталады.
Қылмыстың объективтік жағының қажетті белгісі-ауаның табиғи қасиеттерінің ластануына және өзге де өзгеруіне әкеліп соғу (мысалы, жылу радиациясының зиянды әсерлері, атмосфералық ауаның физикалық, химиялық құрамы бұзылып, ол адамдардың өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне зиян келтіру қатерін туғызуы) болып табылады. Іс-әрекет пен зардаптың арасында себепті байланыс болуы қажет. Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыз-дықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-лауазымды немесе жай адам.
Теңіз аясын ластау (293-бап)
Қылмыстың объектісі теңіз-аясының экологиялық қауіпсіздігі. Қылмыстың істелу орны-ішкі теңіз сулары, Қазақстан Республикасы аумақтық теңізді және ашық теңіз сулары болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан құрғақтағы көздерден, не адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды, не теңіз аясын заңды пайдалануға кедергі келтіретін заттар мен материалдарды көму немесе оларды көлік құралдарынан немесе теңізде орнатылған жасанды құрылғылар-дан тастау ережелерін бұзу салдарынан теңіз аясын ластау арқылы көрініс табады. Теңіз суларына араласқан жағдайда адамның денсаулығына, теңіздің жанды ресурстарына, теңіз суларын мақсатты пайдалануға қауіп келтіретін, халықаралық шарттар бойынша бақылауға алынған заттар зиянды заттар деп танылады. Ластау көздері болып зиянды заттарды теңіз аясына тастайтын объектілер жатады. Заңда олар құрғақтағы көздер, көлік құралдары немесе теңізде орнатылған жасанды құрылғылар деп көрсетілген. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды, не теңіз аясын заңды пайдалануға кедергі келтіретін заттар мен материалдарды көму немесе оларды көлік құралдарынан немесе теңізде орналасқан құрылғылардан тастау ережелерін бұзу болып табылады. Көму-зиянды заттар мен материалдарды теңізге тастау немесе оларды теңіз суы аясында қалдыру болып табылады. Қылмыс көрсетілген заттар мен материалдарды тастаған уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Тастауға-зиянды заттар мен материалдарды белгіленген ережелерге қайшы түрде теңіз суы аясына әдейілеп лақтыру жатады. Теңізде орнатылған жасанды құрылғыларға-теңіз аясында белгілі бір жұмыстарды атқаруға арналған техникалық құрылымдар, бұрғылау қондырғылары, теңіздегі құрылыстар және т.б. жатады. Адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды заттарға-тірі организмді уландыруға, жоюға немесе оларға ауру жұқтыруға қабілетті улар, мұнай және мұнай өнімдері, спирт, сульфид, хлорлы заттар, тұз және басқа заттар, нәрселер жатады. Заңда көрсетілген «теңіз аясын заңды пайдалануға кедергі келтіретін» деген ұғымға теңіз жануарларын, балықтарды ұстауға, суды пайдалану үшін тұщыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін жағдайлар жатады. Қылмыстық кодекстің 283-бабының 1-тармағында көрсетілген қылмыс құрамы формальдық, қылмыс жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Жерді, құрлықтық шельф, жер қойнауын қорғау және тиімді пайдалануға қол сұғатын қылмыстар. Қазақстан Республикасының құрлықтық шельфі туралы және Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағы туралы заңдардың бұзылуы (284-бап)
Бұл қылмыс құрамы 1958 жылғы халықаралық құрлықтық шельф туралы конвенцияға сәйкес қабылданған. Қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасының құрылықтық шельфінде, айрықша экономикалық аймағында табиғат ресурстарын қорғау қатынастары болып табылады. Заңға сәйкес құрлықтық шельфке Қазақстан Республикасы аумақтық теңізінен белгілі бір қашықтыққа дейінгі жердегі теңіздің үсті және су асты аумағындағы кен байлықтары жатады. Айрықша экономикалық аймаққа аумақтық теңізден тыс орналасқан, оларға түйісетін теңіз аудандары жатады. Қылмыс объективтік жағынан:Қазақстан Республикасының құрлықтық шельфінде заңсыз құрылыстар тұрғызу, олардың айналасына немесе Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағына қауіпсіздік аймақтарын заңсыз құру, сол сияқты салынған құрылыстардың және теңіздегі кеме жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарын салу, пайдалану, күзету мен жою ережелерін бұзу арқылы сипатталады. Қазақстан Республикасы құрылықтық шельфінде немесе айрықша экономикалық аймағында заңсыз құрылыстар тұрғызу деп кез келген құрылыс ғимараттарын қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық актілерге қайшы, рұқсатсыз немесе рұқсатта көрсетілген талаптардың шарттарын бұзып іске асыруды айтамыз. Қазақстан Республикасы айрықша экономикалық аймағында қауіпсіздік аймақтарын құру, теңіздегі кеме жүрісінің қауіпсіздігін қамтамсыз ету құралдарын салу, пайдалану күзеті немесе жою ережелері арнаулы заңдармен немесе құқықтық-нормативтік актілермен реттеледі. Осы көрсетілген заңдармен нормативтік актілердің талабын бұзу қылмысты іс-әрекетке ұрындырады. Қылмыстың объективтік жағының қажетті белгілерінің бірі қылмыс жасалу орны: Қазақстан Республикасының құрылықтық шельфі немесе айрықша экономикалық аймағы болып табылады. Құрылысы жағынан бұл қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс Қылмыстық кодекстің 284-бабында тізбектелген іс-әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен (тікелей немесе жанама) істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам. Кейбір жағдайларда жауаптылыққа лауазым адамдары тартылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |