Қылмыс туралы хабарламау (364-бап)
Бұл қылмыстың объектісі алдын ала анықтама, тергеу және сот органдарының дұрыс қызметі. Объективтік жағынан дайындалып жатқан немесе жасалғаны анық белгілі аса ауыр қылмыс туралы хабарламау арқылы сипатталады. Аса ауыр қылмыс деп жасалғаны үшін осы кодексте он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе өлім жазасы көзделген қасақана жасалған әрекеттерді айтамыз. Аса ауыр қылмыстарға жатпайтын қылмыс туралы хабарламау үшін қылмыстық жауаптылық көзделмеген. Заң дайындалып жатқан немесе жасалған аса ауыр қылмыстарды хабарламағаны үшін ғана жауаптылық белгілеп отыр. Мұндай хабарлама жасамаған адам осындай қылмыстардың орын алғанын нақты біледі, бірақ әрекетсіздік жасап сот, тергеу, анықтама, прокуратура органдарына хабарламайды. Қылмыс құрамы формальдық және аса ауыр қылмыс туралы хабарламаған уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам дайындалып жатқан немесе істелген анық ауыр қылмысты хабарламайтынын сезеді және соны тілейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам. Лауазым адамдары осындай әрекеті үшін Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жауапты болады.
Адвокаттар мен өзге де адамдардың азаматтарды қорғау және оларға заңгерлік көмек көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау (365-бап)
Адвокаттар мен өзге де адамдардың (қоғамдық қорғаушы, заңды өкіл) азаматтарды қорғау және оларға заңгерлік көмек көрсету арнаулы заңдармен реттелген. Осы қылмыстың тікелей объектісі адвокаттар мен өзге де адамдардың азаматтарды қорғау, оларға заңгерлік көмек көрсету жөніндегі қатынастарын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан адвокаттар мен өзге де адамдардың қылмыстық процестерде азаматтарды қорғау, сол сияқты азаматтар мен ұйымдарға заңгерлік көмек көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау, не бұл қызметтің дербестігін және тәуелсіздігін өзге де бұзу, егер бұл әрекеттер азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, не қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соғу арқылы көрініс тапқан. Қылмыс құрамы әрекет арқылы, заңда көрсетілген зардаптың арасындағы себепті байланыстың орын алуы арқылы сипатталады. Адвокаттар мен өзге де адамдардың (қоғамдық қорғаушы, заң кеңесшісі, жәбірленушінің, жасөспірімдердің заңды өкілдері) қылмыстық процестерде азаматарды қорғау сол сияқты азаматтар мен ұйымдарға заңгерлік көмек көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасауға-ордері, тиісті рұқсаты бола тұра процеске қатыстырмау, іс материалдарымен таныстырмау, қылмыстық істің қаралатын уақытын хабарламау, азаматтар мен заңды ұйымдарды заңгерлік көмек көрсетуге жібермеу, әр түрлі тосқауылдар қою т.с.с. әрекеттер жатады. Осы қызметтің дербестігін және тәуелсіздігін бұзуға-осы адамдардың заңды қызметіне негізсіз араласу, оларға нұсқау, бұйрық беру, олардың жұмыс режимін, қызмет көрсету ақысын негізсіз өзгерту т.с.с. жатады. Қылмыстың зардабы-азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің, қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірілуі болып табылады. Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам адвокаттар мен өзге де адамдардың азаматтарды қорғау және оларға заңгерлік көмек көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасайтынын сезеді, одан көрсетілген зардаптардың орын алатынын біледі және соны тілейді немесе тілемесе де соған жанамалы түрде жол береді. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған кез келген адам, егер әрекетті лауазым адамдары қызмет бабын пайдаланып жүзеге асырса, онда оның әрекеті Қылмыстық Кодекстің 307-бабымен сараланады.
Достарыңызбен бөлісу: |