Ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға
мәжбүрлеу (153-бап)
Қылмыстық кодестегі бұл бап мүлдем жаңа норма болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі заңмен белгіленген азаматтардың ереуілге қатысу немесе қатысудан бас тарту құқығы. Қылмыстың қосымша тікелей объектісі азаматтардың өмірі, денсаулығы, адамгершілігі.Қылмыстың жәбірленушісі-ереуілге мәжбүрлеу арқылы қатысқан немесе соған қатысудан бас тартқан адам. Қылмыс объективтік жағынан адамның өз қызмет бабын пайдаланып не күш көрсету немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуі арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың істелу тәсілі-күш көрсету немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартқызуға мәжбүрлеу болып табылады. Мұндай мәжбүрлеу лауазым адамы немесе жай адамдардың тарапынан орын алуы мүмкін. Ереуіл өткізу арнаулы нормативтік-құқықтық актімен реттеледі. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңның диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың мақсаты-заңсыз ереуілге қатысуға немесе заңды ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған жай немесе арнаулы субъект (лауазымды адам).
Қоғамдық бірлестіктердің қызметіне кедергі жасау (150-бап)
Қазақстан Республикасында қоғамдық бірлестіктердің қызметі арнаулы заң-қоғамдық бірлестіктер туралы заңмен реттеледі. Қоғамдық бірлестіктердің қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар осы қылмыстың тікелей объектісі болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан алғанда қоғамдық бірлестіктердің заңды қызметіне лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдаланып кедергі жасауы, сондай-ақ осы бірлестіктердің заңды қызметіне олардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соғатын лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып араласуы арқылы жүзеге асырылады. Яғни көрсетілген қылмыс екі түрлі тәсілмен:
лауазымды адамның өзінің қызмет бабы пайдаланып осы бірлестіктердің қызметіне кедергі жасауы (олардың жарғысын бекітпеу, заңды қызметіне шек қою, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңсыз тоқтатып қою);
лауазымды адамның осы бірлестіктердің заңды қызметіне заңсыз араласуы (қоғамдық бірлестіктерге заңсыз нұқсаулар беру, олардың қызметін бақылауға алу т.б.) арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және әртүрлі ниеттермен (пайдакүнемдік, қара-ниеттік, кек алу, қызғаныш т.с.с.) істеледі.
Қылмыстың субъектісі арнаулы-мемлекеттік аппараттың лауазымды адамы.
Достарыңызбен бөлісу: |