Еңбекті қорғау ережелерін бұзу (152-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-еңбектің қауіпсіздік шарттарын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объектісі жәбірленушінің өмірі, денсаулығы. Объективтік жағынан алғанда сөз болып отырған қылмыс қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария ережелерін немесе еңбекті қорғаудың өзге де ережелерін, осы ережелерді сақтауды ұйымдастыру немесе қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адамның бұзуы абайсызда денсаулыққа ауыр немесе орташа ауыртпалықтағы зиян келтіруге әкеп соғу арқылы көрініс табады. Көрсетілген қылмыс әрекет күйінде, яғни еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, өндірістік санитария ережелерін бұзу арқылы немесе әрекетсіздік күйде, яғни еңбекті қорғаудың өзге де ережелерінің талаптарын орындамау жағдайында жасалуы мүмкін.
Қылмыстың құрамы материалдық құрамдағы қылмыс болып табылады.
Қылмыстың зардабы-денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру.
Жеке құқықтар мен бостандықтарға қарсы қылмыстар.
Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу (142-бап)
Жеке өмірге қол сұғушылықты бұзу қылмыс болып табылады.
Қылмыстың тікелей объектісі жеке өмірге қол сұғылмаушылықты реттейтін қоғамдық қатынастар, қылмыстың жәбірленушісі-жеке өміріне қол сұғылған адамдар. Қылмыстың заты-жеке адамдар туралы немесе оның отбасы туралы әр түрлі мәліметтері (адамның денсаулығы, өмір сүру салты, дінге көзқарасы, жеке шығармашылық жоспары, басқа адамдармен қарым-қатынасы т.с.с.).
Қылмыс объективтік жағынан адамның жеке өмірі туралы, оның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау немесе тарату, егер осы әрекеттер жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделерінге зиян келтіру арқылы жүзеге асырылады. Адамның жеке өмірі, оның отбасы туралы құпиясын құрайтын мағлұматтарды жинауды заңсыз мәліметтер жинау деп айтамыз. Осы жиналған мәліметтерді үшінші жаққа хабарлауды оны тарату деп бағалаймыз. Мұндай хабарлау басқа жолдармен де жүзеге асырылуы мүмкін. Осы әрекеттерден жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілуі қажет. Келтірілген зиян мөлшері мүліктік немесе моральдық немесе басқа тұрғыда (отбасындағы келеңсіз жағдайлардың пайда болуы, жұмысқа орналаса алмау т.с.с.) болуы мүмкін. Зиян мөлшерін нақты жағдайға байланысты тергеу, сот, органдары анықтайды. Қылмыс заңда көрсетілген зардап-жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан бұл қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделік. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген есі дұрыс адам. Адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жеке өміріне байланысты құпияларды таратуы немесе пайдакүнемдікпен басқаға өткізуі мүмкін. Аталған мәліметтерді көпшілік алдында (жиналыстарды, жиындарда) сөйлеген сөздер, көпшілікке көрсетілетін шығармаларда (сурет, бейне фильм, жазба шығарма) немесе бұқаралық ақпарат құралдарында (газет, журнал, радио, теледидар т.б.) арқылы таратылса кінәлы адам 142-баптың осы тармағы бойынша жауапқа тартылады.
Достарыңызбен бөлісу: |