Сабақ №11 Тақырыбы: Жүгері өсімдігінің құрылысы



бет5/5
Дата07.04.2023
өлшемі0,84 Mb.
#80264
түріСабақ
1   2   3   4   5
Агротехникасы. Жүгері ауыспалы егісте отамалы танапта орналасады. Дәнге және сүрлемге егілетін жүгерінің ең жақсы алғы дақылдары күздік бидай мен күздік қарабидай, жаздық бидай, арпа, дәндібұршақ дақылдары және отамалылар. Ылғал жеткілікті жағдайда жүгері көпжылдық шөптердің қыртысы мен оның аударымына да егіледі. Жақсы агротехника мен тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланғанда жүгері қайта егісті жақсы көтереді.
Жүгеріні сүрлемге және көк балаусасын пайдалануға сүрі жерге де егеді. Жауын-шашыны аз аумақтарда оны топырақты қатты құрғатып жіберетін күнбағыс және қант қызылшасынан кейін орналастыруға болмайды.
Жүгерінің өзі де жаздық және күздік дақылдарға жақсы алғы дақыл бола алады. Сүрі жер танабының дақылы болып сүрлем мен көк балаусаға егілген жүгері, келесі күздік бидайдың жоғары өнім беруін қамтамасыз етеді.
Жүгері өте ерте терең жыртуды қажет етеді. Күздіктер мен дәндібұршақ дақылдарын жинап болысымен, жүгері егетін танапты 6-8 см тереңдікке кеңалқымды сыдыра жыртқыштар - ЛД-10, ЛД-15 немесе БД-10, БДТ-7 тырмаларымен өңдейді, ал арам шөптер өсіп шыққаннан кейін екі қабатты ПЯ-3-35, ПНЯ-4-40 соқаларымен, 25-30 см тереңдікке сүдігерге жыртады. Отамалы дақылдардан кейінгі және арам шөптерден таза танаптарды алдын-ала сыдыртусыз-ақ сүдігерге жыртады. Жел эрозиясы болатын аймақтарда КПГ-250, КПС-2-150 және сыдыра қопсытқыштарды пайдаланып топырақты терең қайырмай қопсытады. Ылғал жеткілікті аймақтарда топырақты шала сүрі жер типінде өңдейді.
Топырақты көктемгі өңдеу ылғалды жақсы сақтауға, ұсақ түйіртпекті бос топырақ қабатын жасауға бағытталуы керек. Ол ертекөктемгі тырмалау, 2-3 қопсытумен бірге тырмалаудан тұрады. Бірінші қопсыту, ерте мерзімде арам шөптер шыққаннан соң 10-14 см тереңдікте, ал тұқым себералды қопсыту – тұқым себу тереңдігіне жасалынады.
Құрғақшылықты аумақтарда топырақты тұқым себералды немесе сепкеннен кейін нығыздау өте тиімді.
Жүгері жоғары агротехникада мол дән және көк балауса өнімін беретіндіктен, осы өнімді құрау үшін бірінші топ астықтарына қарағанда көп қоректік заттар жұмсайды. Өсімдік қажетті қоректік заттардың көп бөлігін вегетацияның екінші жартысында пайдаланады. Сондықтан, жаздық үстеп қоректендірудің жүгері үшін маңызы зор, ал кеңқатарлы және ұялы егу тәсілдері вегетацияның барлық кезеңдерінде тыңайтқыштар қолдануға қолайлы жағдай жасайды.
Жүгерінің тыңайтқыштар жүйесі негізгі, тұқым себу кезіндегі және үстеп қоректендірулерден тұрады. Негізгі тыңайтқыштарды сүдігер жыртқанда гектарына мына мөлшерде береді: қара топырақ пен қара-қоңыр топырақтарда 10-15 т көң, 20-30 кг-нан фосфор мен калий. Азотты көктемгі қопсытуда гектарына 20-30 кг, ал тұқым сепкенде ұяға гектарына 15 кг дейін фосфор береді. Үстеп қоректендіруде 20-30 кг-нан азот пен фосфор, 15-20 кг калий қолданады. Құнары аз топырақтарға гектарына негізгі тыңайтқыш ретінде 30-40 т көң, 45-60 кг фосфор, 40-50 кг калий, көктемгі қопсытуда – 50-60 кг азот, тұқым сепкенде ұяға 15 кг фосфор жұмсалады. Үстеп қоректендіруге 20-30 кг-нан азот пен фосфор қолданады. Қышқыл топырақтарға күзде гектарына 3-5 т әк қолданады.
Бұл тыңайтқыштар мөлшерлерін топырақ сапасына, алғы дақылдарға, бұрын берілген тыңайтқыштарға, климат жағдайлары мен топырақтың химиялық талдау нәтижелеріне байланысты нақтылайды.
Шаруашылықтарға жүгерінің тұқымы арнаулы зауыттарда іріктелген, яғни, себуге толық дайындалған күйінде келеді. Олардың өнгіштігі 96 % (1-ші класс) кем болмауы керек. Себер алдында жүгері тұқымын жылы ауамен 5-6 күндей қыздырады, себер кезде 34 %-дық витавакс 200 ФФ (1,5-2,0 кг/т) немесе дивиденд 030 (2 кг/т) өңдейді. Жүгері тұқымын топырақтағы зиянды микрофлорадан қорғау үшін себуге бес күн қалғанда инкрустациялайды – қосымша өңдейді. Инкрустациялау үшін құрамында хлороформ, фентиурам және полистиролы бар препараттарды пайдаланады. Жүгерінің 1т тұқымына препараттың 11 литрі (2 кг фентиурам, 16,5 кг хлороформ және 0,5 кг полистирол) жұмсалады. Инкрустациялау үшін жаңа «Уныш» (9 кг/т) пен NaКМЦ (0,2 кг/т) қабықтүзгіш препараттары пайдаланылады. Инкрустацияланған жүгері тұқымын нақты мерзімінен 5-6 күн ерте себуге болады. Топырақтың жүгері тұқымы себілетін тереңдігі 10-120С жылығанда, оны себуді бастайды. Тез қызатын жеңіл топырақты жерлерге тұқым себуді ауыр топырақтыдан ерте бастайды.
Жылынбаған топырақтарға өте ерте егуде жүгері көгінің шығуы кідіреді және оның тұқымы түрлі ауруларға шалдығады. Өте кеш егісте жүгері тұқымының көктеп шығуына ылғал жеткіліксіз болып, өнім мөлшері түсіп кетеді. Сондықтан жүгеріні уақытында сеуіп үлгіру керек.
Жүгеріні себудің негізгі тәсілдері - қатараралықтары 70 см, кең қатарлы және ұяаралығы 70х70 см, шаршы-ұялы. Шаршы-ұялы себу тәсілінде топырақты өңдеу екі бағытта да жүретіндіктен қатараралықтар жақсы қопсып, арам шөптермен күресу де жақсы жүргізіледі.Ұяаралықтар жағдайларға байланысты өзгеріп тұрады. Құрғақшылықты аумақтарда және жүгерінің ұзынсабақты сорттары мен будандарын егуде қатараралықтар 80-90 см және одан да үлкен арақашықтарға себіледі, ал аласа бойлы сорттар тұқымын себуде арақашықтық 60 см дейін қысқарады.
Жүгері тұқымының себілу мөлшері аймақ жағдайы, дақылды пайдалану мақсаты, себу тәсілі мен тұқым ірілігі, сортқа және тағы да көптеген жағдайларға байланысты. Шаршы-ұялы тәсілде бір ұяға 2-3 дәннен себіледі.
Құрғақшылықты аймақтарда жүгеріні дәнге еккенде 1 га жерге 20-25 мың, далалық тұрақсыз ылғалдылықта - 30-40 мың, ал ылғал жеткілікті аймақтарда 40-60 мың жүгері өсімдігі орналасуы керек.
Сүрлемдік жүгеріні дәнге арналған егіске қарағанда жиі себеді. Көк азықтық жүгері өсімдігінің жиілігі гектарына, құрғақшылықты аумақтарда 100-120 мың, ал ылғалы жеткілікті жерлерде - 120-200 мың.
Дәндік жүгеріні себу мөлшері гектарына 10-нан 25 кг дейін, ал сүрлемдік және көк азыққа арналғандарынікі 30-дан 100 кг дейін.
Жүгері тұқымын себу тереңдігі - себу мерзімі, топырақтың механикалық құрамы мен ылғалдылығына байланысты 5-6-дан 10 см дейін.
Топырақ ылғалы жеткілікті жағдайда жүгері тұқымы 7-8 см тереңдікке себіледі. Құрғақшылықты аумақтарда себу тереңдігін 10-12 см дейін ұлғайтады, ал ауыр топырақтарда 6-7 см дейін кішірейтеді. Біркелкі тегіс көктеу үшін жүгері егісін сеуіп болысымен кертікті немесе шығыршықты таптауыштармен нығыздайды. Жүгері егісін күтіп-баптау негізінен арам шөптермен күресуге және топырақтың физикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Тұқымды сепкеннен кейін 3-4 күн өткеннен соң, жеңіл немесе орташа тырмалармен топырақ бетіндегі қабыршақтарды жою мақсатында және өсіп келе жатқан арам шөптерді жою үшін тырмалау жүргізеді. Тырмалауды қатарларға көлденең жүргізеді.
Осындай өңдеуді жүгері өсімдігі көктеп шыққаннан соң, 2-3 жапырақ фазасында қайталайды.
Әрі қарай жүгеріні күтіп-баптаудағы маңызды шара - қатараралықтарды қопсыту мен үстеп қоректендіру. Ол үшін қопсытқыш-өсімдікқорекшілер қолданылады. Бірінші қопсытуды 10 см дейінгі тереңдікке 4-ші жапырақ пайда болу фазасында; екіншіні, егер қажет болса үшіншіні де 6-7 см тереңдікке жүргізеді.
Үстеп қоректендіруді қатараралықтарды бірінші қопсытумен біріктіріп берудің тиімділігі өте жоғары.
Танаптар көпжылдық арам шөптермен ластанған жағдайда 50 %-дық 2,4-Д амин тұзы (1,5-2,5 кг/га) және 40 %-дық диален (1,0-3,0 кг/га) гербицидтерімен жүгерінің 3-4 жапырақ кезінде егісті бүркеді. Гербицидтермен өңдеу үшін тек қана штангалы бүріккіштерді қолдану керек.
Жүгерінің дән мен көк балауса өнімдері суармалы егіншілікте көп мөлшерге көбейеді. Оның өнімі әсіресе топырақтың тамырлар әрекет ететін қабатындағы ылғалдылық 75-80 % кем емес жағдайды суару арқылы ұстап тұрғанда ғана өте мол болады. Бұл жағдай күздегі ылғал жинау үшін суару мен вегетациялық суарудың жақсы үйлесуінің нәтижесінде сақталады. Бірінші суару 5-7 жапырақ фазасында жылы ауа райында (150С), екінші - бас шығарудың алдында, үшінші – гүлдеу, төртінші және бесінші суару - дәнбайлау алдында және дәннің сүттеніп-балауызданып пісуінің алдында. Жүгері егісін суару «Фрегат», «Днепр» және ДДА-100 МА суару машиналарымен жүргізіледі.
Суармалы егіншіліктегі жүгері агротехникасының негізгі ерекшеліктері мынада: суарылатын учаскелерде берілетін тыңайтқыштар мен егілетін тұқым мөлшері көбейтіледі және ол жерлерде арам шөптер тез өсіп кететіндіктен олармен күресу күшейтіледі.
Сүрлемдік жүгеріні гүлдегеннен 35-40 күн өткеннен кейін сүттеніп-балауызданып піскенде жинай бастайды. Осы кезеңдегі көк балаусадағы ең көп мөлшердегі қоректік заттар мен оның 70 % ылғалдылығы, өте дәмді және сіңімді сүрлемдік мал азығы болып табылады.
Жинауды сүрлеморғыш СК-2,6А, КС-1,8 және «Вихрь» комбайндарымен атқарады.
Дәнге арналып өсірілген жүгеріні гүлдей бастауынан 50-55 күн өткен соң собықтағы дәннің толық пісер алдында жинайды.
Жүгері собықтарын 16 %, ал дәнін 13 % аспайтын ылғалдылыққа дейін кептіріп қоймада сақтайды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет