Ашық сабақ.
8-класс
Қазақ әдебиеті
Тақырыбы:
Мұхтар Әуезов
«Қараш-Қараш оқиғасы»
(хикаяттан үзінді)
Мақсаты: Хикаят бойынша алған білімдерін қорыту, жинақтау, кейіпкерлердің өмірдегі шынайы бейнесін таныту
Міндеттері.
Білімділігі: кейіпкерлердің өмірдегі шынайы бейнесін таныту, шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеттері арқылы сол заманның саяси құпиясын таныту; Дамытушылығы: кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне орай баға бере білуін дамыту, оқушы ойын белгілі мәліметтер арқылы дәлелдеуге үйрету;
Тәрбиелік: ұлтжандылыққа, адалдыққа, адамгершілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу.
Типі: қорытындылау
Түрі: проблемалық оқыту, жобалау
Қолданылатын әдіс-тәсілдер: проблемалық сұрақтар, пікірталас, конструкторлық жобалау технологиясы элементтері
Сабақтың барысы: І Ұйымдастыру
ІІ. Жаңа сабақ
Сабақтың мақсаты, түрі таныстырылады. Шығармамен танысқаннан кейін осы шығармада кездесетін оқиғаның қандай шығармамен ұқсас екені сұралады. (слайд №1)
ІІІ. Сұрақ-жауап
Тектіғұл өліміне не себеп болды? Оның өлімінде қандай саяси-әлеуметтік мән жатыр? Бұл өлімнің шығармадағы орны қандай?
Інісінің өлімі Бақтығұлға қалай әсер етті?
Бақтығұлдың барымтаға аттануына, ұрлық жасауына қалай қарайсың? Ақтайсың ба, қаралайсың ба?
Жарасбай болысқа баруын құптайсың ба, жоқ па?
Бақтығұлдың басты-басты қателіктерін, адасуларын ата.
Ол адасуларға тек Сәлмен, Жарасбайлар ғана кінәлі ме? Өзіне кінә қояр ма едің?
Жарасбай мен Сәлменге салыстырмалы мінездеме бер.
Неліктен Бақтығұл Сәлменді емес, Жарасбайды өлтірді?
Жарасбайды өлтіру қылмыс па? («Иә» десең де, «жоқ» десең де, ойыңды дәлелдеуге тырыс)
Билер алдындағы «Не болса да ақпын», «Менде айып жоқ» деген ойынан бастап, Бақтығұл монологын қайта оқып шық. Осы монологтың маңызы неде деп ойлайсың?
Билер Бақтығұлға қандай үкім шығарды?
Бақтығұл сол күннен бастап қандай өмір сүруге мәжбүр болды?
Қашқын болып жүріп қандай қауіп-қатерге ұшырады?
«Бәлем, осыныңды ұмытпа!» деген кектену, өшігу сезімі қандай жағдайда, неге байланысты туды?
Сол билер алдындағы «Егер осы Қоқыш сөзіндей Жарасбайдың айтқаны шын болса, ...» деп басталатын Бақтығұл сөзінің мәнін түсіндір. Осы абзацтың Бақтығұл бейнесін ашуда маңызы бар ма?
Ақылды, әрі күшті рухы бар Бақтығұл неге қол шоқпар, барымташы, сорлы малайға айналды?
«Қараш-Қараш оқиғасы» арқылы жазушы қандай мәселелерді көтерген? Шығарма неге «Қараш-Қараш оқиғасы» деп аталған?
Автордың бас кейіпкері Бақтығұлға деген сезімі, қарым-қатынасы қалай? (Мәтіннен үзінді оқи отырып дәлелдеу)
Қазақ даласындағы партия, съезд, қақтығыс, күншілдік, бақталас, ырду-дырду шығармада қалай берілген? Олардың бас кейіпкер тағдырындағы орны бар ма?
ІV. Дамыту. Шығарманың бас кейіпкері Бақтығұлдың прототипі тарихи тұлға Рысқұл екендігі айтылады. Сейіт – Тұрар Рысқұлов (слайд №2-3). Осы тұста 1968 жылы «Қазақфильм» мен «Қырғызфильм» киностудиялары бірігіп, «Выстрел на перевале» («Асуда атылған оқ») көркем фильмі түсірілгені айтылады, осы фильмнен кинокадрлар көрсетіледі, прототиптері таныстырылады. (слайд № 4-11)
V. Конструкторлық жобалау. Сызбамен жұмыс (слайд №12)
Әр оқушының алдына осы сызба бір-бірден үлестіріледі. Оқушы осы сызбаны толтыру арқылы жоба жасап шығады.
VІ. Жобаны қорғау
2-3 оқушы жасаған жобаны қорғап шығады. (слайд 13)
VІІ. Қорытындылау.
1. Үйге тапсырма.
2. Оқушыларды бағалау.
Достарыңызбен бөлісу: |