Ғылымиакадемиялық рецензия – қандай да бір ғылыми жұмысты сыни тұрғыда жазбаша талдап, бағалау [3, 178].
Ғылыми диссертация – магистр дәрежесін қорғауға арналған біліктілік жұмысы [3, 179].
Түйіндеме немесе аннотация – ғылыми жұмыстың қысқаша сипаттамасы. Әдетте халықаралық деңгейдегі журналдарға берілетін жұмыстар үш тілтік түйіндемені талап етеді [3, 179].
Бұл ғылыми жұмыстардың барлығының тілдік, құрылымдық, мазмұндық ерекшеліктері бар болғанымен, ғылыми ойлардың дәл болуы барлығына тән ортақ қасиет.
Мәтін – өзіндік ерекшеліктерге, заңдылықтарға ие аса күрделі семантикалық-құрылымдық жүйе. Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер іске қосылатындықтан, ол ерекше күрделі тілдік таңбаға жатады. Соған орай мәтінді талдау мен мәтінді тану, оның түзілімі мен құрылымын саралау, мәтінжасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр.
Кез-келген мәтін белгілі бір мақсатты көздейтін, белгілі бір адресатқа арналған ақпардан тұрады. Ғылыми мәтін де өз қабылдаушысын (адресатын) тапқанда ғана жұртшылықпен (социум) қабылданады. Сөйтіп қана ғылыми мәтін өзінің зерттеу сипаты жағынан генетикалық байланыстағы көптеген тұтас мәтіндермен қоян-қолтық араласады, солармен бір мәнмәтінге (контекске) енеді, соның бір элементі ретінде қалыптасады.
Ғылыми тілдің негізгі принциптері – ықшамдылық, дерексіздік, дәлдік болып табылады. Бұлар ойлаудың ғылыми типіне және мәтінді оны қабылдаушымен байланысына тән белгілер. Ғылыми мәтін авторы әрқашан өзі тақырып етіп алып отырған мәселені, яғни сөйлеу тақырыбын толық баяндап шығуға ұмтылады, алайда осы орайда авторлардың үддеден шығуы әр түрлі болып келеді. Ғылыми мәтінде рационалды бағыт үстем тұрады, ол өзінің кең көлемділігімен, талдап қорытушылығымен, логикалық құрылымымен ерекшеленеді.
Бірінші жақтық тұлға бейтараптанады, баяндауыш көбіне ырықсыз етіс тұлғасында болады: жасалды, көрсетілді, анықталды, айқындалды т.б. Бұлай болу себебі, ғылыми мәтіндегі сөз нақты ситуациядағы сөзден, я болмаса жалпы тілдік мағынасынан дерексіздену арқылы өзгешеленуге тырысады. Құбылыстың, заңдылықтың объективтілігін көрсету, өзінің ой-пікірін субъективті етіп көрсету үшін автор ғылыми мәтінде өзін-өзі шеттету тәсілін жоғарыда айтылған тілдік-прагматикалық құралдардың көмегімен жүзеге асырады. Сондай-ақ деп айтуға болады, деп бағаланады, осылай деуге негіз бар т.б. тәрізді тілдік құралдар автордың “тасада тұруының” өзін салғырт субъект ретінде көрсетуінің ғылыми дискурс прагматикасына тән тәсілдердің бірі [3,14].
Таза ғылыми мәтіндерде адресат факторы «маман-маман» деген формулаға сай жүргізіледі, адресаттың білім деңгейлері шамалас болады, екеуіне де ортақ білім қоры болады. Бұл мәтіндер қатарына монография, ғылыми мақала, диссертация, ғылыми-техникалық есеп, тезис, ғылыми баяндамаларды жатқызуымызға болады.
Ал ғылыми-көпшілік мәтіндер, ғылыми мәтіндерге қарағанда қатаң дәлелдеуді талап етпейді. Онда «идея» деңгейінде түсіндіру, қарапайымдылық рұқсат етіледі. Егер ғылыми мәтінде толыққанды дәлел қажет етілсе, ғылыми-көпшілік мәтінде материалдың түсінікті етіп берілуі жеткілікті болады. Ғылыми мәтіннің тақырыптық аясы шексіз болса, ғылыми-көпшілік мәтін тек оқырманға қажетті, көпшілікті қызықтыра алатын көкейкесті тақырыптарды қарастырады.
Ғылыми мәтіннің басқа мәтіндерден айырмашылығы: оның құрылымы, ұйымдастырылуы ерекше бір үндесуге, бірізділікке бағытталады.