Бассүйек қаңқасы – ми сауыты мен бет бөлімдерінен құралған. Ми сауыты бөлімі бір-бірімен берік (қозғалмай) байланысқан маңдай, төбе (2), самай (2), шүйде және т. б. сүйектерден құралған. Жаңа туған нәрестенің маңдай бөлімінде бүлкілдеп тұратын жұмсақ жері – еңбегі (родничок) болатынын байқаған шығарсыңдар. Пішіні ромбы тәрізді, тынысалу қозғалысының әсерінен бүлкілдейді. Ми сауыты бөліміндегі сүйектер бірден қатаймай бірнеше даму сатысынан өтеді. Алдымен жұқа жарғақты, содан соң шеміршекті, ең соңында сүйекке айналады
Бет бөліміне – үстіңгі және астыңғы жақ сүйектері, бет, мұрын, таңдай және т. б. сүйектері жатады. Астыңғы жақ сүйегі самай сүйегімен шықшыт буыны арқылы байланысқан (1-сурет).
1-сурет. Бассүйектің құрылысы: 1 – маңдай сүйегі; 2 – мұрын сүйегі, 3 – үстіңгі жақсүйек, 4 – астыңғы жақсүйек; 5 – бет сүйегі; 6 – шықшыт буыны; 7 – шүйде сүйек; 8 – самай сүйек; 9 – төбе сүйек; 10 – омыртқа жотасының мойын бөлімі
Кейбір бассүйек бөлімдерінде (маңдай, үстіңгі жақ және т. б.) ауа болатын қуыстар бар. Ол сүйектердің жеңіл болуын қамтамасыз етеді.
Қол қаңқасы – Қол сүйектеріне жататындар: тоқпан жілік, кәрі жілік пен шынтақ сүйегі (білек), қолбасы сүйектері. Кәрі жілік шынтақ сүйегімен байланысады. Тоқпан жіліктің ішкі қуысын жілік майы толтырып тұрады.
Қолбасы сүйектеріне– білезік, алақан, саусақ сүйектері жатады. Білезікте (запястья) 2 қатар орналасқан 8 сүйек, алақанда 5 сүйек, саусақтарда 14 сүйек болады. Саусақ сүйектерінің басбармақтан басқасының әрқайсысында 3 қысқа сүйек (фаланги), ал басбармақта екеу болады.
Аяқ қаңқасына – жамбас белдеуі мен аяқ сүйектері жатады.
Жамбас пен сегізкөз тұтасып жамбас қуысын құрайды. Жамбастың өзі бір-бірімен тұтасып кеткен 3 сүйектен (мықын, шат, шоңданай) тұрады.
Аяқсүйектеріне жататындар: ортан жілік, асықты жілік, шыбық сүйек, толарсақ, табан және башпай сүйектері.
Табан сүйектерінің дұрыс қалыптаспауынан көбіне жалпақтабандылық ауытқуы пайда болады. Оған аяқ бұлшықеттерінің әлсіз дамуы да әсер етеді. Бұл кезде табан сүйектерінің күмбезденіп орналасуы ауытқып, табан сүйектері жерге толық тиіп тұрады. Жүргенде, жүгіргенде аяқтың бұлшықеттері тез шаршайды. Жалпақ табандылықты болдырмау үшін өкшесі бар аяқ киім кию керек.
Сүйектер тығыз және борпылдақ дәнекер ұлпаларынан түзіледі. Сүйектің сырты – тығыз ұлпа, ішкі бөлімі – борпылдақ ұлпадан құралады. Сүйектің сыртында сүйек затымен тұтасып кеткен сүйекқабы болады. Сүйек қабының астыңғы бетінің жасушалары бөлініп сүйек затын түзеді. Сондықтан сүйек қабы арқылы сүйектер жуандап өседі. Сүйек сынғанда біртіндеп бітіп, қайта қалпына келуі де сүйек қабына тікелей байланысты. Сүйек қабында қантамырлары мен жүйкелер болатындықтан сүйекке ұдайы қоректік заттар жеткізіледі. Сүйектің екі шетіндегі шеміршекті қабаттағы жасушалардың бөлінуінен сүйек ұзарып өседі. Қаңқаның толық сүйектенуі 20–25 жасқа дейін жалғасады. Адам 25 жасқа дейін өседі. Ересек адамның сүйегінің үштен екі бөлігін бейорганикалық, ал қалғанын органикалық заттар құрайды. Органикалық заттар иілгіштік, серпінділік, ал бейорганикалық заттар мықтылық қасиет береді.