Мұғалімнің кіріспе сөзі: Оқушылар кіріктірілген сабақтың негізгі мақсаты – оқу материалдарын байланыстырып, сабақта оқушыларға терең білім беру, ойлау қабілетін дамыту. Оқу материалдарын бағдарламаларға сай пәндер бойынша біріктіріп беру оқушылардың жан-жақты тұтас, терең және берік білім алуына мүмкіндік жасайды. Сондықтан жыл сайын әрбір мұғалім пәндердегі ұқсас оқу материалдарын біріктіріп, яғни пән аралық байланыс принципін қолданып, интегралдық жоспар жасайды. Ондағы материалдарды дер кезінде сабаққа пайдаланып, тиімді етіп іске асырады.
Кіріктірілген сабақ информатика және пән мұғалімі бірлесе өткізетін сабақ түрі, сабақ кіріктірілген пәндер үшін бірге жасалады. Сабақ құрылымы жағынан стандартты сабақ, сабақ түрі ұқсас болып келеді, ерекшелігі үй тапсырмасын тексеру, жаңа сабақты баяндауды әр пән мұғалімі жеке ұйымдастырады.
Сабақты бекіту кезеңінде кіріктірілген пәннен тапсырма беріліп, компьютерде орындалады. Үйге тапсырма әр пәннен беріледі. Ал, бағалау кезеңінде 50х50 принципі ұсталады.
Математика пәнінен кіріктірілген сабақ калькулятор және Excel бағдарламасын пайдалана отырып, ұйымдастырылған тиімді.
Кіріктірілген сабақтар оқушының шығармашылық белсенділігін арттыруды міндеттейді. Бұл сабақтарда барлық пәндерінің мазмұнынан, ғылымның барлық саласынан, мәдениет, өнер, жалпы қоршаған өмір жайлы ақпарат беріледі. Кіріктірілген сабақтар басқа жеке пәндерден алған білімдерді байланыстырып, бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді.
Кіріктірілген сабақтарды ұйымдастырудың бірнеше себебі бар:
Біріншіден, қоршаған өмірді балалар тұтас қабылдайды, ал мектепте көбінесе әлем жайлы тұтастықты жеке пәндер арқылы оқып-танысады.
Екіншіден, кіріктірілген сабақтар оқушының өзіндік әлеуетін дамытады, әлемдегі өзгерістер мен құбылыстардың себеп-салдарын түсінуге, ақыл-ойы мен ойлау, сөйлеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Ауыл балаларының білім құзыреттілігін арттыру үшін, қаладағы өз құрбыларынан, қатарынан қалмауын қамтамасыз ету үшін, шалғайдағы балаларды оқытуды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін бастауыш мектептерде кіріктірілген сабақтар қажет. Бастауыш мектептерде кіріктірілген сабақтар оқушылардың пәннен алатын білімін ғана көтеріп қоймайды, топта жұмыс істеуге, топ ішінде бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуге, бір-бірінің пікірін тыңдауға, көптеген құбылыстарға кешенді түрде қарауға, оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әдістемелік және теориялық әдебиеттерді талдау барысында қазіргі кезде кіріктірілген сабақтарды ұйымдастыру шағын жинақты бастауыш мектептерде оқытуды жақсартудың бірден-бір жолы деп тұжырымдауымызға болады.