Көкіректің бұлшықеттері: 1) көкіректің үлкен бұлшықеттері – пішіні желпуіш тәрізді, кеуде қуысының алдыңғы жағын жауып жатады.
2) сыртқы қабырғааралық бұлшықеттер – қабырғалардың аралығында орналасқан. Жиырылғанда қабырғалар көтеріліп, кеуде қуысын кеңейтеді (көлемін үлкейтеді) де тыныс алуға қатысады.
3) ішкіқабырғааралық бұлшықеттер – сыртқы қабырғааралық бұлшықеттердің астында орналасқан. Бұл еттерде кеуде қуысының көлемінің кішіреюіне әсер етеді.
4) көкет (диафрагма) адам денесінің кеуде және құрсақ қуысының арасын бөліп тұратын күмбез тәрізді бұлшықет. Күмбез тәрізді дөңес жағы кеуде (көкірек) қуысына қарай бағытталған. Көкетте өңеш, қолқа қантамыры төменгі қуысты вена қантамыры өтетін тесіктері болады.
Құрсақтың бұлшықеттері:құрсақты қаптап тұратын бұлшықеттерге алдыңғы тіс тәрізді, сыртқы және ішкі қиғаш, тік және т. б. бұлшықеттер жатады.
Қолдың бұлшықеттері: Қол бұлшықеттері – иық белдеуі және қол бұлшықеттері деп бөлінеді. Иық белдеуінде өте жақсы дамыған көптеген бұлшықеттер орналасқан. Бұл бұлшықеттер жиырылғанда жауырынды және иықты (тоқпан жілікті) қозғалысқа келтіреді.
Аяқтың бұлшықеттері – жамбас белдеуі және аяқтың (санның, балтырдың, табанның) бұлшықеттері деп бөлінеді. Жамбас белдеуіндегі өте жақсы дамыған бұлшықеттерге – бөксенің үлкен, ортаңғы және кіші бұлшықеттері жатады. Аяқ бұлшықеттерінде санның төртбасты бұлшықеттері мен балтырдың үшбасты бұлшықеттері жақсы дамыған.
Санның төртбасты бұлшықеттері жамбас буынында аяқты бүгеді, ал тізе буынын жазады. Балтырдың үшбасты бұлшықеттері тізе буынын бүгу, жүру, жүгіру, аяқтың басын қимылдату қызметін атқарады.