Пән аты: Абайтану Сыныбы: 11 Күні, айы:жылы: 29.09.2017 ж.
Сабақтың тақырыбы: Отыз бірінші қарасөзі
Сабақтың мақсаты:
Абай қара сөздерінің тәрбиелік мәнін түсіну, адамгершілік тәрбие берудегі ақынның философиялық шолуларының маңызын түсінуге үйрету, отыз бірінші қара сөзінің мазмұнын меңгерту;
Оқушыларды өзінше ой қорытуға, ой түюге баулу, шығармашылық жұмысқа жұмылдыру арқылы таным - түсініктерін дамыту.
Сабақтың типі: Жаңа білімді меңгерту сабағы
Сабақтың түрі:Таным сабақ
Сабақтың әдіс - тәсілдері:Сұрақ - жауап, электронды оқулықпен жұмыс, мәтінмен жұмыс, ауызша тіл дамыту, шығармашылық жұмыс, талдау, бейнесюжет.
Сабақтың көрнекілігі: электронды оқулық, сызба, суретті парақша, т. б.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
• Оқушылармен сәлемдесу
• Сынып оқушыларының сабаққа дайындығын, қатысу деңгейін тексеру.
• Сабақ барысы туралы түсінік беру, топқа бөлу.
ІІ. Өткен сабақты еске түсіру
Он бесінші қара сөзін талдау Өзіңнен өзің есеп ал
ІІІ. Жаңа сабақ
Бүгінгі сабағымызда Абай шығармаларымен таныстығымызды ары қарай жалғастырамыз, соның ішінде Абайдың философиялық ойлары берілген қара сөздерімен танысамыз.
Дәптерге бүгінгі күн ретін, тақырыпты жазамыз.
1. Түсінік беру.
Қазақ әдебиеті тарихында ең алғаш жазба әдебиетінің негізін қалаған Ы. Алтынсарин болса, оны ары қарай жалғастырған Абай болған. Ыбырай Алтынсарин көркем сөз әдебиетінің атасы болса, Абайдың қара сөздері ғақлиялық даналық сөздері болған. Абай өз қара сөздерін 1890 - 1898 жылдар арасында жазған. Қара сөздерін жазуды бастағанда Абай 45 жаста болған. Ақыл - ойы толысып, жасы кемелденген, көрген - білгенін ой елегінен өткізіп, сараптар жасқа жеткен кезінде қара сөздерін жазуды қолға алған. Бұған дейін Шығыс ойшылдары Әл - Фараби, Фирдоуси, Бабыр, Батыс философ, ғалымдары Галилей, Коперник, Спенсер, Дарвин, Ньютон, Пифагор еңбектермен танысып, үлкен дайындықтан өтіп келеді.
Өзінің қара сөзді жазуды қолға алғандағы мақсатын Абай бірінші қара сөзінде атап көрсетеді: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде - кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».
Абайдың қара сөздерінің саны 46. Бірақ біз 46 - ншы қазақтардың шығу тарихы жайлы жазылған «Біраз сөз қазақтардың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген қара сөзін өз алдына жеке тарихи шығарма, очерк ретінде қарастырып жүрміз.
Абай қара сөздері - өмір тәжірибесінен туған ой толғамының қорытындысы.
- Абайдың қара сөздері туралы бауырына салып тәрбиелеген немересі, Мағауияның қызы Уәсила былай дейді:
«Әкем балаларын 7 - 8 - ге шыққанда оқуға беретін, балалармен қабат, қыздарын да оқытатын, қазақ тілінде кітап жоқ болатын. Сондықтан, балалардың ойы, дүние тануы кемшін болады деп әкем көп айтып жүрді. Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Молдаға қарап: «Балаларға мына кітапты әкелдім. Осыны көшіріп, көбейтіп бала басына бірден таратып бер, бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт» деді. Біз қуанып кеттік. Әкем үйден шыққан соң, молда әлгі кітапты алды да, бас салып оқыды, кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып оқи бастадық. Өйткені, бұл жаңа кітаптың тілі ұтымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейін байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қарасөзбен жазған кітабы екен».
Қара сөздерінде Абай әңгіме - сұхбат жанрының өзіндік ерекшелігін пайдаланады.
Абай қарасөздері туралы мүмкіндігіне орай батыл, ірі негізді пікірлер айтқан М. Әуезов еді. «... Абайдың осы қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған ертегі, мемуар да емес. Стиль мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді». (М. Әуезов. 20 - том).
Қара сөздері тақырып жағынан алғанда ақынның өлеңдерімен астасып жатады. Абай адал еңбек ету, егін салу, саудамен айналысу, өнер үйрену, білім - ғылымды игеру, қоғамдағы әр түрлі топтардың қылып жүрген харекеті, мінез - құлқы, адамгершілік, имандылық секілді, бірталай мәселелерді қара сөздерінде кеңінен толғайды, үлкен көрегендікпен көптеген құнды пікірлер түйеді.
Бүгінгі сабақта «Отыз бірінші» қара сөзімен танысатын боламыз. Барлығымыз назарымызды салып, тыңдайық
3. Электронды оқулықтан «отыз бірінші» қара сөзін тыңдату. (3 мин.)
4. Сұрақ - жауап:
- Қане, кім айтады, «Отыз бірінші» қара сөзінде ақын не нәрсені тілге тиек еткен?
- Есте сақтаудың, ұмытпаудың 4 түрлі себебі қандай?
1. - сену керек;
2. - үлгі алу керек;
3.- бірнеше рет қайталап отыру керек;
4. – ой кеселді нәрселерден аулақ болу керек;
Ой кеселдері: уайымсыздық, салғырттық,, ойыншы - күлкішілдік, қайғыға салыну, қызығу (құмарлану)
Достарыңызбен бөлісу: |