Күні: 14. 02. 2017 Сыныбы: 8 «Ә» Сабақтың тақырыбы: Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесін талдау
Сабақтың мақсаты: Білімділік: оқушыларға көркем шығарманы оқыту арқылы әнгіменің мазмұнын аша білу, кейіпкерлер бейнесін жан-жақты аша білу;
Дамытушылық: озық технологияларды пайдалана отырып,оқушылардың өзіндік пікірін қалыптастыру, ауызша және жазбаша тіл байлығын дамыту;
Тәрбиелік: Оқушыларды халқымыздың мұрасын бағалай білуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ.
Сабақтың әдісі: талдау, салыстыру, іздендіру, шығармашылық жұмыс.
Сабақтың көрнекілігі: интербелсенді тақта, портрет, слайд
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, тарих
Сабақтың барысы: 1.Ұйымдастыру: (4 мин)оқушылармен сәлемдесу, түгендеу; оқушы зейінін сабаққа аудару.Сабақ ережесімен таныстыру. Балалар, біз өткен сабақта Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесімен таныстық. Сонымен қатар жазушының қаламынан туған «Сәуле», «Боран», «Ант», «Әке мен бала», «Махаббат мұңы» драмалары, т.б. шығармаларының бар екендігінен хабардар болдыңдар. Жазушының алғашқы әңгімесі - «Күй аңызы» әңгімесі екенін өткен сабақта айтқан болатынбыз.
Бағалау критерийімен таныстыру. («Алма ағашы» әдісі. Оқушыларға сабақ барысында екі түсті “алма” беріледі. Сабақ соңында оны алма ағашына ілу керек. Жасыл түсті алма – мен бүгін бәрін жақсы орындадым деп ойлаймын: менің көңіл – күйім көтеріңкі. Қызыл түсті алма – мен тапсырманы орындай алмадым, көңіл – күйім жоқ. Әр оқушы өзін жеке бағалайды.)
2.Үйге тапсырма: Т.Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесін оқып келу, Т.Ахтанов өмірімен танысу.
(Таспадан “Нар идірген” күйі қосылып тұрады) Абай атамыз өзінің күйге арналған бір өлеңінде:
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің әсері бар, — депті. Қазақ күйлерін тыңдаған адамды күй алдымен әуендік, дыбыстық тілімен бауриды. Адам өзінің сезімін, психологиялық күйін түрлі аспаптар арқылы сыртқа шығарады. Ендеше күй қазақтың домбырадан өзге қандай аспаптарында орындалған? (Шертер, сыбызғы, жетіген, дауылпаз, үскірік, қобыз, т.б.).
Күй— музыкалық жанр, қазақ халқының аспаптық пьесасы. Домбыра, қобыз, сыбызғыда шығарылып, тартылып келген. Музыка өнерінің дамуына байланысты, Күйлер халық аспаптары оркестрлерінің репертуарларында көп орындалады. Күй -қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының аспаптық музыкасына тән атау. М.Қашқариға сілтеме жасай отырып, күй сөзінің төркіні "көк" деген түркі сөзінен шығуы мүмкін деген болжамдар бар.
Тарихы.Күй XIV ғасырда жеке музыкалық жанр болып қалыптасты. Күйлер мазмұны аңыз-ертегілерге, нақтылы тарихи оқиғаларға қүрылып, көбіне бағдарламалы түрінде дамыды. Онда халықтың басынан өткен тауқымет мен әділетсіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезімі терең толғаныспен өрнек-бояуын тапты. Күйдің мелодиялық-формалық құрылысы, ырғақтық-орындаушылық әдістері сан алуан. Мысалы, Құрманғазының күйлері жігерлі, екпінді, ал Дәулеткерейдің күйлері терең толғауға, романтикалық-лирикаға негізделген, Тәттімбеттің күйлері әуейі әсем, тәтті мұң мен қоңыр сазға толы болса, Қазанғаптың күйлері құбылмалы, ойнақы, төкпе жыр іспетті болып келеді.Ойымызды жинақтай келе, «күй» сөзіне анықтама беріп көрсек қайтеді? Күй дегеніміз не? (Күй – пішіні жағынан әр түрлі, бірақ мазмұны жағынан біртұтас көшпелілер өркениетінің ішкі сұранысын тудырған заңды, тарихи-мәдени мұра. (А. Жұбанов). Кез келген күйдің шығу тарихы болады. Т. Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесінде «Нар идірген» күйінің шығу тарихымен танысамыз.