Мерездің жалпы дамуы, патогенезі
Француз ғалымы Рикорд мерездің дамуын бірнеше кезеңдерге бөлген: инкубациялық кезең, мерездің бірінші кезеңі, мерездің екінші кезеңі, мерездің үшінші кезеңі.
Инкубациялық кезең – орташа есеппен 3-4 аптаға, кейде бұл кезең 10-күннен 6 айға дейін созылуы мүмкін. Ол кездейсоқ басқа науқастарды антибиотиктермен емдегенде ұзарып, организмнің жалпы имунитеті төмендеген жағдайларда қысқарады. Негізінен олар лимфа тамырларымен жайылып көбейеді, өйткені лимфада оттегі аз, ал трепонема факультативті анаэроб. Лимфа бездеріне жиналып, олар көп уақыт сақталады. Сонымен бірге бірінші күндерінен-ақ трепонема аздап қанға түсіп,бойға тарайды.
Мерездің бірінші кезеңі: 3-4 аптадан кейін трепонема енген жерде бірінші белгі – қатты шанкр пайда болады, 5-7 күннен кейін оның айналасындағы лимфа бездері шошынады.Қатты шанкр эрозия не жара тәрізді ортасында өте қатты сіңбесі бар, шеті тегіс, шекараланып тұрады, беті аздап суланады, шанкр ауырмайды. Барлық лимфа бездері шошынып үлкейеді. Осы кезде кейбір науқастарда дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, буындары қақсап, ауруы мүмкін. Бұл екінші мерездің басталуы деп есептеледі. Бірінші мерез 6-8 аптаға созылады, өзі екі кезеңге бөлінеді: серонегативті және серопозитивті кезеңде- оң нәтиже көрсетеді.
Мерездің екінші кезеңі – орта есеппен 2-3 жылға созылады. Аурудың белсенді кезеңі жасырын кезеңімен алмасып отырады. Организмде ерекше иммунобиологиялық өзгерістердің пайда болуы және трепонемалар түгел жойылмай, оларға деген қарсыласу қабілетінің күшейе түсетіндігін көрсетеді. Бұны жұқпалық иммунитет деп атайды. Жұқпалық иммунитет мерездің бірінші кезеңінде де байқалады, бірақ екінші кезеңде ол өте жоғары дамиды, сөйтіп, жұқпаның белсенді халінің жасырын түріне ауысуына мүмкіндік туғызады. Әртүрлі себептермен жұқпалық иммунитет азайған кезде ауру қайтадан жаңғырып, трепонемалар көбейеді. Кейбір науқастарда мерездің екінші кезеңі бірнеше рет қайталанған соң ұзақ уақыт жасырын түрінде созылып, кейде жұқпадан арылған сияқты болуы да мүмкін. Ал кейбір кезде бірнеше қайталанған мерездің екінші кезеңінен соң үшінші мерез басталуы мүмкін.
Мерездің үшінші кезеңі - мерездің екінші кезеңіне қарағанда шектелген, әбден жетілген, ыдырауға жақын, зақымданған ағзалар мен ұлпаларды деструктивті өзгерістерге әкелетін қабыну сіңбелері дамиды. Үшінші кезең 3-6 жылдың арасында, кейде ондаған жылдардан кейін тууы мүмкін. Үшінші кезеңнің бөртпелерінде трепонема өте аз, сондықтан жұқтырғыш қасиеті төмен.
Шанкрсыз мерез
Егер бозғылт трепонема организмге қан арқылы енсе (қан құйғанда немесе операция кезінде тікелей қанға түссе) қатты шанкр болмайды. Бұл жағдайда трепонемалар бірден организмге тарап, 2-2,5 айдан кейін денеде мерездің екінші кезеңіне тән бөртпелер шығады. Әрі қарай дамуы әдеттегідей жүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |