Сағындықова шынар молдабаевна мұрат мөҢКЕҰлы шығармашылығындағы заман зары



бет8/15
Дата20.09.2023
өлшемі148,65 Kb.
#108897
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15
Байланысты:
Сагындыкова Ш. Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы заман зары

Жұмыстың жаңалығы. Зар заман өлеңдерінде азаттықты аңсаған қазақтың рухы сақталды. Бұл шығармалардың өзегінде ұлтты езгіден құтқару идеясының негізі қаланды. “Әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы” – деген академик З. Қабдоловтың тұжырымына сай зерделесек, зар заман – бұғауда бұлқынған қазақ ұлтының шерлі шындығы. Зар заман жырларындағы отаршылдыққа наразылық сарыны кейін ұлт қамын ойлаған ақындардың шығармашылығына түгел жайылды, рухты оятып, күрескерлік сананың қалыптасуына жол ашты.
Зерттеу нысаны. Жұмыстың негізгі зерттеу нысаны ретінде зар заман ақындарының, Мұрат ақынның шығармалары енгізілген “Бес ғасыр жырлайды”, “Ай, заман–ай, заман - ай”, “Зар заман” жинақтары пайдаланылды. Тақырыпты зерттеу барысында М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, С. Қирабаев, М. Мырзахметов, Бауыржан Омарұлы т.б. әдебиетші ғалымдардың еңбектеріне жүгіндік.
Зерттеу жұмысының әдістері мен тәсілдері: сипаттама жасау, лексика- семантикалық талдау, салыстыру, түсіндіру, этнолингвистикалық талдау әдістері.
Жұмысының теориялық және практикалық маңыздылығы.
Диссертация жұмысының нәтижесін осы тақырып қарастырылатын ХIХ ғасыр әдебиеті, арнайы курс сияқты пәндерде пайдалануға болады.
Сондай – ақ әдеби ағым, көркемдік әдіс сияқты мәселелерді тереңдете түсіндіру мақсатында әдебиет теориясы курсына да қажет болып табылады.
Жұмыстың жариялануы.
Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ЗАР ЗАМАН АҒЫМЫ – ЗАМАН ШЫНДЫҒЫ МЕН ХАЛЫҚ ТАҒДЫРЫНЫҢ


1.1 Ағымның зерттелуі және теориялық негіздері.
«Зар заман» атауын әдеби термин ретінде алғаш рет М. Әуезов қолданысқа енгізді. Ол өзінің 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде зар заман ақындарына арнайы бөлім арнап, күрделі кезең поэзиясына жан – жақты талдау жасады, зар заманның өкілдерін атады, бұл дәуірдің басы мен соңына дейінгі аралықты белгілейді. Сондай – ақ тарихи және теориялық негіздемелерін ұсынды. «Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «зар заман» ақындары деген ат қойдық» [1; 192], -деген М. Әуезовтың тұжырымды сөзі кейін әдебиеттану ғылымында нақты ұғым ретінде қалыптасқан.
М.Әуезов бұл кезеңнің әлеуметтік ахуалына, осы топқа жататын ақындардың әдебиеттегі орнына, өзіндік ерекшеліктеріне, ұсынған бағыт – бағдарына жан – жақты баға берді. Ол бұл еңбегінде өзі атап көрсеткендей, «Зар заман» деген бағыт неден басталып, немен бітті? Ақындары кім? Бұрынғы өлеңдерден басқалық жаңалық бар ма? Кейінгі заманға қандай сарқыт қалдырды? Одан соң әдебиетте бұл дәуір қандай орын алады? [2; 193] – деген сауалдарды берік түпқазық етіп ұстанды.
М.Әуезов зар заман дәуірін Абылай тұсынан басталып, Абаймен аяқталатын жүз жылдық кезеңге әкеп тіреді. Зар заман ақындарынан бастап біздің әдебиетіміз жазбаша сипат алатынын атап көрсетеді. Бұл еңбекте қазақтың зар заман ақындарының шығармашылығы әр қырынан алынып, талдап – таразыланады. Ұлы суреткердің алдымен баса назар аударғаны – олардың келешекке көрегендікпен назар жасауы. Заманның азған белгісін түстеп танытып, алдағы уақыттың кереметтерін көзбен көріп, қолмен ұстағандай айқындап беретін көріпкелдік қасиетті бөле – жара атаған ғалым ақындарды «келер күннің жұмбағын шешкен» деп сипаттайды.
М. Әуезов зар заман ақындарының сары уайымшылдық сарынына да, қайраткерлік роліне де айрықша тоқталады.
Сары уайымшылдық халықтың мұң – мұқтажымен сабақтастығына, қайраткерліктің ұлттық рухпен өзектестігіне назар аударады. Жазушы «зар заманды» бір жағынан елді бүліншілікке ұшыратып, мұңды жыр айтқызған шерлі дәуір деп санаған, екінші жағынан қайғы басқа түскенде, қайраткер ақындардың ой – пікірі ортақтасып, рух шақырған, салт – дәстүрді сақтап қалуға үндеген, бірлікке бастаған ұйысу кезеңі ретінде де бағалайды.
Зар заманнан бастап әдебиеттің жазбаша сипат алатыны жөніндегі М. Әуезов тұжырымына жоғарыда тоқталдық. Сондай –ақ бұл халықтың, ұлттық қоғамдық бір сатыдан екінші сатыға өту кезеңі еді. Бодан болудың басқа түскен қиямет – қайымын көрген жұрттың рухы оянды. Ұлттық намыс бой көтерді. Қарсыласу қозғалысы күшейді. Міне, осындай ахуал ел басына түскен нәубетті жүрегімен, жан–тәнімен сезінетін ақындарды тарих сахнасына алып шықты. Зар заман поэзиясы өкілдерінің жырларының мақсат – мүддесі алдыңғы жыраулардың шығармаларынан өзгешерек болды. Жазушы – ғалым бұл өзгерістердің де тамырын дәп басты: «Соңғы ақындардың заманында сол бұлт бір есептен қазақ даласының үстінен соғып өтті. Сондықтан бұл күннің ақындары баяғыдай шыққан бұлтты сөз қылмай, содан түскен бұршақты, үй жыққан дауылды, мал ықтырған соққынды сөз қылды. Дала жайлайтын елдің өмірінде бұлттан түскен қаза менен дерт қандай болды, соларды айтып, күңіренетін болды». [3; 213]
Қазақ әдебиетіндегі зар заманға ұқсас құбылыс қырғыз әдебиетінде де бар. Егіз елдің әдебиетін бір – бірінен бөле – жармай, елеп – екшеген М. Әуезов қырғыздың зар заман ақындары жөнінде де сындарлы көзқарас танытып, байыпты пікірлер айтқан. Екі жұрттың төлтума дүниелеріндегі сабақтастық заман ағымын жырлаудан көрінетініне баса мән берген. М. Әуезовтің «Зар заман дәуірі қазақ әдебиетінің тарихында жаңағыдай кезең асқан дәуір болғандықтан, қазақтың жазба әдебиеті осыладан бастап әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң – зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт – санасын құрай бастайды. Бұл уақытқа шейін болмаған әлеуметшілдік сарыны, азаматтық нысанасы шығады» [4; 194-195], - деген тұжырымы тағдыр талайы ортақ, тарих тағылымын бірге көріп келе жатқан екі елдің әдебиетіне де қатысты. Әсіресе қазақ пен қырғыздың зар заман ақындарының көрегендікпен айтылған болжамдары басқа айналып, ой – армандары орындалған қазіргідей ақтарылған кезеңде Әуезов қағидаларының құны арта түскені сөзсіз. Қандай мақсатпен, қандай көзқараспен болсын, бұл тақырыпқа бойлап көрген зерттеушілер ғалымның зар заман ақындары туралы пайымдауларын негізгі бағыт етіп ұстады. Тіпті кейін кертартпа әдебиет тұрғысынан бағалаған оқулықтарға енгізілгенде де жыр жүйріктеріне Әуезовтың берген атауы өзгерген жоқ. Бүгін де солай. Қай кезде де зар заман ақындары болып қала бермек.
Қазақтың ірі қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлы М. Әуезовтың бұл еңбегінен соң бір жылдан кейін жарық көрген «Год работы Казахского высшего педагогического института» атты жинаққа енген «Қазақ халық әдебиеті. Қысқаша очерк» деген ғылыми зерттеуінде өзі жіктеген поэзияның түрлерінің бірін «зар заман» деп атады (Скорбная поэзия).
Ы. Алтынсарин «горе киргиз» - «Қазақтың қайғысы; В. Радлов «Зар заман» мен «Заман ақыр» тәрізді ғибрат өлеңдер Ертістің шығысындағы дала қазақтарының молдалары шығарған қолтума дүниелер».
Шортанбай өлеңінен кейін «зар заман» тіркесі қалыптаса бастаған. Әлихан Бөкейхан – «зар заман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі. С. Сейфулин - әдебиетті (төңкеріске дейінгі) екіге бөледі: 1) «Билер дәірі», 2) «патша дәуірі» - «зар заман». С. Мұқанов «Қазақтың XVIII - XIX ғасырдағы әдебиеттің тарихынан очерктер» деген еңбегінде былай дейді: «Бас бостандығынан, жерден айырылған, кедейленген халық, бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенге тарпа бас салып, орнында езіп тастап отырды. Осындай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін біз «Зар заман» әдебиеті дейміз».
Ол Шортанбай орыс халыққа емес, орыс мемлекетіне қарсы емес, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы болды деген ойды айтады.
Әдебиет пен өнерге идеологиялық бақылау үстемдік құрып тұрған кезеңде зар заман ақындары шығармаларының жолы оңғарылмады. Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің 1997 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысы халық мұрасын архивке қайта тықты. Әрине, бұл қаулыдан кейін аталмыш ақындардың өлең жырлары жарыққа шықпайтын болды. Олардың шығармалары мектеп оқушыларына тәрбие беру ісінен аулақтатылды. Ол кезде қазақ әдебиетінің өкілдерін прогрессивті жәнекертартпа бағытқа жіктеп, қолда бар мұраның мән – мазмұнын екпінін біріне жатқызу үрдіс болғаны белгілі. Ал зар заман поэзиясыц ілгерілеуші бағыттың жүгін көтере қоймайтыны анық. Сол себепті зерттеушілеріміздің көбі идеологиялық мәжбүрліктің шырғалаңынан шыға алмады.
Алқалы бас қосуда «зар заман ақындары», «зар заман поэзиясы», «зар заман ағымы» деген сөз тіркестері көп қолданылған жоқ. Бұлар көбіне – көп «кртартпалық», «реакцияшыл бағыт» деген секілді ұғымдармен ауыстырылды. Бұрынғы зерттеулерінде Дулат, Шортанбайды жеріне жеткізе алмағандар аяусыз айыпталды . Сонан соң сынампаздар аталған ақындардың шығармаларына ауыз салды.
Мәселеге қазіргі көзқарас бойынша үңілсек, Дулат пен Мұрат, Шортанбай мен Әбубәкір жырлары өз заманын нағыз шынайы түрде сипаттап көрсете білгендігімен ерекшеленеді. Суреттемеске шарасы қалмағандықтан емес, саналы түрде көңілдегі сырын толғап, кестелі жыр төккен сөз зергерлерінің ой – арманын ғалымдар амалсыздан саясаттың талаптарымен бүркемелеуге мәжбүр болды. Әйтпесе, осы жазылғандардың бәрі ұлттық мұрамызды тереңдете зерттеймін деп басын дауға тігіп, сотты болған ғалымның нақты позициясы еді деудің жөні жоқ шығар. 1959 жылы 15-19 маусым аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты өткізген ғылыми теориялық конференцияда XIX ғасырдың 50-70 жылдарындағы қазақ әдебиетін зерттеу мәселелері жөнінде баяндама жасаған Ысқақ Дүйсенбаевтің пікірлерін бүгінгі көзқараспен қайта зерделегенде көп нәрсеге көз жеткізуге болады. Әрине, қай әдебиетші де қоғамдағы саяси ахуалдың ыңғайынан шыға алмағаны белгілі. Негізінен, Ы. Дүйсенбаевтің аталған ақын жыраулардың мұралары жөніндегі ой – тұжырымдары осы әлемнің төңірегінде өрбіді. Сол себепті әдебиетші – ғалым бас қосудағы жалпы сарыннан ауытқымай, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Әбубәкір, Кердері, Базар жырау сияқты ақындардың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының әлеуметтік өміріндегі жаңалықтарын түсінбей шошынғанын, патшалық отаршылықтан үрку нәтижесінде орыс халқының мәдениетінен де тартынып, жатырқағанын, кей сәтте қарсы шыққанын» атап өтті. Кейіннен осы кезең ақындарының мұрасын жан – жақты зерттеген ғылымның Дулат, Мұрат және басқа да заман күйін толғаған жыр жүйріктері жөнінде сүбелі дүниелер ұсынғаны ақындардың шығармаларының ақ – қарасын айырып, түсініп талдауы міндетті. Олардың мұрасының саясатқа қатыстылығынан гөрі, поэзиялық қуатына, көркемдік нәріне назар аудару керек дегенді астарлап болса да аңғартты.
Ы. Дүйсенбаев сынды ғалымдар жыр жүйріктерінің өлең – толғауларын жоғары оқу орындарында оқытуды табанды түрде талап еткенін атап көрсетуіміз керек [5,24].
Конференцияда бүгінгі күн тұрғысынан қарасаң да пәлендей мағынасы өзгермейтін, қай жағынан үңілгенімен ұстатпайтын байыпты байлам жасаған пікірлер орын алды. (Е. Ысмайылов, М. Хасенов – осы конференцияға қатысты).
Бұл ғылыми теориялық конференция аталған ақындар шығармаларының тағдырын шешетін алқалы басқосу еді. Сондықтан ірбір пікір, әрбір ұсыныс есепке алынды. Сөз сөйлеушілердің ішінде Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкірлердің өлең – толғауларының мазмұнына, идеялық сипатына, әдебиет тарихындағы орнына тоқталмағаны кемде – кем. Ал шығармаларының көркем ерекшеліетері, өлең өрнектері көп сөз бола қойған жоқ. Өйткені конференцияда қалдырған мұрасының идеялық мазмұны талас тудыратын ақындардың шығармаларын көп ұлтты әдебиеттің тарихына қандай дәрежеде жақындастыру жөнінде мәселе қаралып жатты.
Зерттеушілер «кертартпа бағыттың» ақындарына ұлы Абайды қарсы қойды. Олардың мұраларындағы қайшылықтарды салыстыра қарау үшін Абайдың өлеңдері өлшем ретінде пайдаланылды. Конференцияда аты ең көп аталған ақын – Шортанбай. Шортанбайдың шығармалары да, оны зерттегендердің еңбектері де сынға түсті. Солай болғанына қарамастан С. Талжанов ақын туралы баяндамасында жиындағы дәстүрлі талдау ауқымынан шығып, оң көзқарас танытты. Зерттеуші – ғалымның ұғымында, ол өмір шындығын айқын көрсетуші, отарлаушы ұлықтарға қарсы күресуші, ауыз әдебиетін жазба әдебиетке жеткізуші. Зар заман поэзиясын жабыла сынаған сол конференциядағы С.Талжановтың «Шортанбай- өз заманындағы әлеуметтік өмірді жетік білген, кем – кетігін сынай отырып, көргенін қаз қалпында айнаға түсірген шебер ақын» - деген шынайы бағалауы күні бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Оның Шортанбайды «ақтау жағына бейім болып, әрбір сыннан арашалап алуға» тырысқанын М.Әуезовтің өзі де атап өтті.
Дулат ақынның шығармашылығы жөнінде конференцияда әрқилы пікірлер айтылды. Х.Сүйіншәлиевтің арнайы баяндамасы өзіндік ұстанымымен, айқын поэзиясымен ерекшеленеді. Осыған орай оның көзқарастары конференция үстінде сынға ұшырады. Бәрі бір ғалым: «Дүние өзгерді, жер, су, адам, әкем – бәрі өзгерді. Олар азды, тозды, бұзылды, енді бұл дүниені өзгертпесе, қайтадан бірлесіп, ел болып, еркіндік тимесе, қазақтың бағы ашылмайды» - деп зар заман поэзиясының нағыз сипатын ашып, мақсат – мұратын айқын көрсетеді.
Конференция қаулысында Мұрат пен Дулаттың шығармашылығы бірге сараланды: «Дулат пен Мұрат творчествосы жоғары мектепте сол кездегі тарихи әдеби процестің күрделі сипатын, әдебиеттің қандай қиыншылық жағдайда дамығанын талдап көрсету мақсатымен аталуы тиіс. Жалпы білім беретін мектептердің ерекшелігін еске ала отырып, бұл ақындардың творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын». Әбубәкір мен Мұрат шығармашылығы жөнінде қосымша баяндамалар жасалған жоқ. Олардың ақындық таным – түйнектерін идеялық жағынан терістеуге көбірек мән берді. Бұлардың мұраларын жоғары оқу орындарында оқытып – үйретуге ұсынумен шектелді. Міне, мектеп жасындағы ұрпақтың аталған ақындардың шығармаларын жетік білмей өскені сондықтан. Аталған ақындардың бәрінің шығармаларын зерттеп – зерделеген әдебиет тарихының білгірі Ханғали Сүйіншәлиев. Ғалым қай кезде де зар заман поэзиясына арашашы болды.
Қазақ әдебиетіндегі зар заман поэзиясын қай тұрғыда түйініп – түсіну жөнінде салмақты пікір білдірген ғалымдардың бірі – академик С. Қирабаев. Ол мұнда өлең – жырлардың тууы, аталған жыр жампоздпрының ішкі күйзелісі мен үмітсіздігіне байланысты екендігі тұрғысынан ой толғады. Академик З. Ахметов зар заман поэзиясын Абай өлеңдерімен жақындатады, ал Е. А. Костюхин зар заман ақындарын Абайға қарсы қою тәсілін ұстанды.
Зар заман әдебиетін, оның тұлғалы өкілі Шортанбай шығармашылығымен байланыстыра зерттеп, бұл кезінен өзіндік ерекшеліктерін нақты көрсеткен әдебиетшілердің бірі Қанипаш Мәдібай. Оның ғылыми ізденістері М. Әуезов дәстүрі бойынша зар заман ұғымын жан – жақты байыптамалармен байытып, әдеби ағым ретінде түйсініп қабылдауға негізделген.
Соңғы уақытта әдебиеттегi зар заман құбылысына философ – ғалымдар да өзiндiк парық – пайымдары арқылы өзгеше, жаңаша сипат берiп жүр. Әрине, ұзақ жылдар бойы идеологиялық өктемдiк салдарынан пәлсапалық еңбектерде зар заман жырларының мән –мазмұны терiс түсiндiрiп келгенi рас [6, 247]. Мысалы, философ Қ. Бейсембиев зар заман ақындардың шығармашылығының идеялық мазмұнын көп сынға алып, оларды консерваторлық бағыттың жақтаушылары деп атады.
Сондай – ақ қазақ философиясының пайда болу, қалыптасу және даму кезеңдерiн зерттеп, ұлт мүддесiн көздеген ой – сананың бастау – бұлақтарын iздеген ғалымдар А. Қалабеков пен Ж. Алтаев зар заман поэзиясына арнайы тоқталады. "Қазақ философиясы" атты сүбелi еңбектiң бiр тарауын "зар заман ақындарының әлеуметтiк философиясы" деп атаған. Олардың тұжырымын түйiндер болсақ, "Зар заман ақындарының әлеуметтiк – философиялық дүниетанымы, ойлары, қазақ халқының, ұлтының қоғамдық сана – сезiмiнiң қалыптасуына, қоғамдық ойдың дамуына, кейiнгi ұрпақты гуманисттiк, патриоттық, ұлтжанды рухта тәрбиелеуге үлкен әсерiн тигiздi". [7; 157].
Қазақ философтардың iшiнен Х. Ақназаров зар заман поэзиясын алғаш рет қырғыз ақындарының шығармашылығымен тығыз бiрлiкте қарастырды.
Қырғыз зерттеушiсi Ж. Рақышевтың Қазақстанда қорғалған ғылыми еңбегiне негiзiнен Молда Қылыштың әлеуметтiк және философиялық ой – пiкiрлерi өзек болды. Ол қырғыз әдебиетiнде "заман" делiнетiн ағымның немесе бағыттың былайша аталуын Қалығұл Байұлының "Ақыр заман", Арыстанбек Буйлашұлының "Тар заман", Молда Қылыштың "Зар заман" шығармаларындағы өзара үндестiк мәселесiмен байланыстырады.
Зар заман сарынын қазақтың күй өнерiнен iздеу жөнiндегi ой – пiкiрлер арагiлiк айтылып жүр. Елдiң мұң – шерiн домбыраның тiлiмен жеткiзiп, өткен дәурендi сағындыру, көз алдыңа көшпендi өмiрдiң сән – салтанатын елестетiп, зарлата – сарната күй төгу арқылы бүкiл тарихыңды баяндап беретiн өрiстi өнерiмiздi зерттеушiлер бiр қатар тұжырымдар жасайды. Қазақтың арғы – бергi дәуiрiн бiрнеше зар заманға бөлiп, жiктеп тұрып талдаған Әбiш Кекiлбаев, өз ойын күйшiлiк дәстүрмен астастыра толғай келiп, "Құрманғазының сонау керi кеткен кер заманын өзiнде жер болып жентектелiп бара жатқан ұлттық санына желпiнтiп, қайратына қайта мiнгiзердей дауылпаз күйлер шалқытатыны да содан" [7. 65], - деп қорытады.
Бұл жөнiнде Тарақты Ақселеу әдебиеттегi антиутопиялық ағымның өкiлдерi ретiнде зар заман ақындарын атап өтедi.
Ендi зар заман поэзиясы туралы шетелде айтылған пiкiрге назар аударалық. 1958 жылы АҚШ – тың Оңтүстiк Каролина штатындағы Дьюк университетi Томас Густав Виннердiң "Орталық Азия қазақтарының сөз өнерi мен әдебиетi" атты кiтабын бастырып шығарды. Виннердiң еңбегi ауыз әдебиетi нұсқаларынан бастап қазақ әдебиетiнiң елуiншi жылдарға дейiнгi кезеңiн қамтиды.
Автор зар заман дәуiрi /“Time of Lament”/ ақындарының санатында Шортанбай мен Мұратты айтады. Базар, Әбубәкiр және Ақан Серiнiң шығармаларын да осы сарынмен байланыстырады. Виннер зерттеуiнде, Шортанбайдың “Зар заман” /" Time of Lament "/және “Алдаушы жалған” /"Faithless Lying"/, Мұраттың “Үш қиян”/"Three Epochs"/ толғаулары орыс тіліндегі аудармасы арқылы ағылшыншаға тәржімаланған. Бұл, әрине, түпнұсқаның бар бояуын сақтаған аударма емес. Автордың өзі айтқандай әлеуметтік көзқкркасты таныту мақсаты ғана алға қойылған секілді. Бұл зерттеу осынысымен де құнды. 1940 жылы Мәскеуде жарық көрген “Песни степей” атты қазақ поэзиясының антологиясында (құрастырған А.Соболев) зар заман поэзиясының бір қатар үлгілері енгізілді.
1978 жылы зар заман өкілдерінің (Дулат, Шортанбай, Мұрат) өлеңдері М.Мағауиннің құрастыруымен «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінен орыс тілінде жарық көрді.
Зар заман поэзиясының өкілдері саналған ақындардың шығармашылығы хақында әр жылдарда С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин, Ә. Қоңыратбаев, С. Талжанов, Х. Сүйіншәлиев, С.Қирабаев, Ғ.Мұсабаев, Т.Кәкішев, Р.Сыздықова, М.Локеев, Ә.Тоқмағамбетов, С. Садырбаев, Д. Ысқақов, Қ. Өмірашев, Б. Қорқытов, Қ. Саздықов, С.Дәуітов, Қ.Мәдібаева, Т.Тебегенов, Ш.Керімов, С.Бермағамбетов, Қ.Жүністегі, Б. Омарұлы т.б. ғалымдар мен әдебиетшілер арнайы ғылыми еңбектер және зерттеу мақалаларда өлеңдері төңкеріске дейінгі жинақтарда, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларында» (1931), «XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабында» (1933), «XVIII – XIX ғасырдағы қазақ ақындары шығармалары» жинағында (1962), «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман – ай, заман - ай» антологияларында, «Әлем» альманағында, «XIX ғасыр әдебиеті» (1991) хрестоматиясында жарық көрді.
Әдебиетіміздің беттерін қалпына келтіру қолға алынған жылдардан бастап зар заман ақындарының шығармашылығын арнайы зерттеуге нақты қадам жасалды. Мұрат Мөңкеұлы, Шортанбай Қанайұлы, Әбубәкір Кердерінің әдеби мұралары жөнінде ғылыми еңбектер қорғалды. Ал Дулат мұрасы тәрбиелік тағылымдары тұрғысынан педагогика ғылымының нысанасы ретінде зерттеледі.
Зар заман – отаршылдық қысымын көрген елдің әдебиетінде рухани құндылықтардың азып – тозуына налудан, қоғамның болашағына үміт артпай, ізгілікті өткен өмірден іздеп, халықтың салт – дәстүрлері салтанат құрған кешегі күнін аңсаудан, ежелден ұлттық танымына, көшпенділік табиғатына жат құбылыстарды қабылдамай, дәуірге наразылық білдіруден туған ағым.
Кеңестік дәуірдегі мектеп оқушыларына көнені көксеп, жаңаны жатсынған зар заман ақындары ретінде Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Шоқанұлының есімдері аталды. Әдебиеттанудағы «зар заман» ұғымы көбіне – көп осы төртеуінің атымен байланыстырылып келді. М. Әуезовтің зар заман ақындарының шығармашылығын талдаған «Әдебиет тарихы еңбегінде Дулат Бабатайұлының аты аталмайды» [8, 277]. Дулат шығармаларын егжей – тегжейлі зерттеген Құлмат Өмірәлиев пен Рабиға Сыздықованың еңбектерінде де ұлы жырауға қатысты «Зар заман ақыны» деген тіркес ұшыраса қоймайды. Бірақ бұдан Дулат Бабатайұлының өлеңдерінде зар заманның сарыны жоқ деген ұғым тумауға тиіс.
М. Әуезов «зар заман ақындары» деген тіркеске Асан Қайғыны, Бұқар жырауды, Найманбетті, Шерниязды, Досқожаны, Күдері Қожаны, Ыбырай Алтынсаринды, Базар жырауды, Ығылманды, Алама Байтоқты қосады. Бұдан шығатын қорытынды, М. Әуезов ақын – жыраулар шығармаларының зар заман поэзиясына ыңғайлас келетін жақтарын тілге тиек еткен.
Қазақ тұрмысына жат құбылыстарға шошына қарау – зар заман жырларының бір шарты ғана. Зар заман поэзиясының ең негізгі белгісі – көшпенді өмірдің салт – дәстүрлерінің отаршылдық дәуірде бұзылып – бүлінуін жырлау. Бұл өлеңдерде тозған қоғамның, азған адамның бейнесі жасалады. Осыған ақынның ішкі қарсылығы бой көтереді.
Заманның зары – Дулат өлеңдерінің негізгі желісі, онда өткенді жоқтап, зар илеу сарыны байқалмайды деп тұжырымдағанның өзінде оның замана ахуалын жырлағанда қазақтың бұрынғы тіршілігін, көшпенді өмірдің сән – салтанатын өлшем етіп алатыны көзге көрініп тұрған нәрсе.
Біздің әдебиетімізде қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсау сарыны да, алдағы сенімсіздікпен қарау үрдісі өте ертеден басталады. Ежелден еркіндік аңсаған қазақтың утопиясы өлең – жырларымызбен қатар дамыса, бұған қарама – қайшы антиутопиялық түсініктердің түп – тамыры да әріде жатыр. Яғни, антиутопия – утопияға кереғар ұғым. Утопия жоқ нәрсені іздейді, қиялдағы игілікті аңсайды. Антиутопия утопиялық дәстүрлерді қиялилықтан гөрі шынайылыққа бейімдеу ыңғайында өмірге келген.
1991 жылы жарық көрген «Әлем» альманағын құрастырушылар зар заман жырларын антиутопиялық поэзияның үлгісі ретінде құрастырды.
Келешектен үміт күтпей, өткен өмірді идеал тұту – қазақ зар заман поэзиясының негізгі түпқазығы екені белгілі. Утопия – ешқашан жүзеге аспайтын, қиялдағы нәрсе. Ендеше, қайтып оралмайтын кешегі күнді аңсау сарынына да осы тұрғыдан мән бергеніміз дұрыс болар еді.
Зар заман өлеңдері антиутопиядан гөрі дистопияға жақындайды (дистопия – грек тілінен енген сөз, «дис» - жаман; «топос» - орын, мекен). Антиутопия жағымды утопияға карикатура ретінде туған, сондағы идеяны сынап – мінеп, күлкіге айналдыру үшін жазылған шығармаларға өзек болады. Зар заман поэзиясы мұнда мақсат көздемейді. Қайта бұлар қазақ утопиясы – «Жерұйықты» аңсаған Асан Қайғыны өздеріне үндес, мұраттас санайды. Зар заман поэзиясында отаршылдық билеген дәуір мен елдің ілгеріректігі еркін тұрмысы тартысқа түсті. Халық енді қайтып мұндай заманның келеріне күмәнмен қарады. Көкіректегі ой – арманды сенімсіздік басты. Осы көңіл – күй Шортанбай толғауларына да ауысқан:
Айтып та айтпай немене,
Өткен заман келер ме?
***
Айғыр айтып сойсаң да,
Әуелгі заман келмейді.
Осылай өзара салыстыра бағалаған уақыттың өлшемдері (өткен дәуір, бүгінгі өмір, келер заман) тұтас күйінде әсер үстіндегі тіршілік ұғымын құрайды.
Көшпенді елдің отырықшылыққа айналуы да оның әдебиетіне ықпал етпей қоймайды. Ежелгі дәстүрден бірте – бірте ажырап, отырықшылыққа бой үйреткен кезең өтпелі дәуір саналса, бұл уақыт мерзіміндегі ахуал әдебиетте айқын көрінері хақ. Осы процесс барысындағы жаңа үрдістер мен дағдылар бұрын – соңды салт – дәстүрі бұзылмай келген еркін қазақтың ұлттық иммунитетін оятады. Зар заман құбылысын туындатқан негізгі факторлардың бірі – көшпенділік пен отырықшылықтың бетпе – бет келуі [9,147].
«Зар заман» алдымен, әдебиеттің еншісі. Қазақ өлеңдеріндегі жаңаша күйді, өзгеше әуенді, ерекше сарынды білдіретін анықтама. Кең даланың боз жусанының иісі аңқып, жауынгерлік рух асқақтап тұратын жыраулық өнерімізге зар заман поэзиясы арқылы қайғы – мұңға толы көңіл – күй мен елең – алаң заманның алуан түрлі пенделерінің іс - әрекетін танытатын ойлы образдар келді. Аталған ақындардың әрқайсысының шығармашылығы өз алдына бір әлем. Жеке тұлға ретінде олардың мұрасын әр қырынан қарастыра беруге болады. Мәселен, бірі – қазақ өлеңін түрлендіріп, жаңа сапаға жеткізуші, екіншісі – имандылықты, мұсылмандық шарттарын жыр тілімен уағыздаушы, үшіншісі – алдына жан салмаған айтыс ақыны. Бірақ зар заман ағымы осылардың шығармашылық бірлестігінен, ой – пікір ортақтығынан көрінеді. Бұлардың өлең – толғауларының бәрі бірдей зар заман жырлары болып табылмайтыны белгілі. Сондықтан идеялық – стильдік, тақырыптық – мазмұндық байланыстары бойынша іріктеп, топтастырғанның өзінде зар заман поэзиясы ауқымды дүниелерді құрайды. Керісінше, шығармашылық бағыт бағдары мүлде бөлек ақындардың жырларында зар замандық тұжырымдарға негізделген өлең үлгілері жүреді.
Зар заман поэзиясын зерттеп – зерделеп, теориялық мәселелерін талдап – таразылау әлі де жалғаса бермек. Мысалы, бұл сарындағы өлең – жырларды текстологиялық бірізділікке түсіру жұмысы толық аяқталған жоқ. Кейбір жинақтарда Шортанбайдікі делінген жекелеген шумақтар басқа бір зерттеулерде Дулаттікі болып ғылыми пікір нысанасына айналып жүр




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет